Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3225 0 пікір 11 Қаңтар, 2013 сағат 09:24

Әбдіуақап Қара. «Бұл мүмкін емес. Бізде араб тілін білмейтін араб болмайды»

1-сурет - Франция астанасы - Париж қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы саябақтағы Мұстафа Шоқайдың ескерткіші

2-сурет - Мұстафа Шоқайдың ескерткіші жанындағы бір топ азамат: тарихшы, мұстафатанушы Әбдіуақап Қара, Қазақстанның Франциядағы елшісінің кеңесшісі Ғабит Сыздықбеков, Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық қоғамының төрағасы Яшар Дініш, оның орынбасары Самитдин Балабан, Азербайжандық Доған, Париждік қазақтар Түркістан және Толға

3-сурет - Еуропа қазақтарының құрылтайы және жастар арасындағы футбол жарысы. Сыйлық табыстап тұрған - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алғашқы төрағасы, жазушы Қалдарбек Найманбаев

4-сурет - Еуропа қазақтарының үйлену тойынан көрініс

5- сурет - Садық Жігіт пен құдасы алжирлік Ращит

 

(Париж жолжазбасы)

1-сурет - Франция астанасы - Париж қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы саябақтағы Мұстафа Шоқайдың ескерткіші

2-сурет - Мұстафа Шоқайдың ескерткіші жанындағы бір топ азамат: тарихшы, мұстафатанушы Әбдіуақап Қара, Қазақстанның Франциядағы елшісінің кеңесшісі Ғабит Сыздықбеков, Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық қоғамының төрағасы Яшар Дініш, оның орынбасары Самитдин Балабан, Азербайжандық Доған, Париждік қазақтар Түркістан және Толға

3-сурет - Еуропа қазақтарының құрылтайы және жастар арасындағы футбол жарысы. Сыйлық табыстап тұрған - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алғашқы төрағасы, жазушы Қалдарбек Найманбаев

4-сурет - Еуропа қазақтарының үйлену тойынан көрініс

5- сурет - Садық Жігіт пен құдасы алжирлік Ращит

 

(Париж жолжазбасы)

Қазақ "той десе қу бас домалайды" дейді. Париждегі туысымыз Садық Жігіт 29 желтоқсанда келін түсіріп той жасайтын болғаннан кейін жолдасым Тайра екеуміз 27 желтоқсан күні Ыстамбұлдан солай қарай аттандық. Парижге алғаш рет 1985 жылы барған едім. Содан бері өткен 27 жылда 6-7 мәрте Парижге сапар шектім. Олардың көбі Мұстафа Шоқай туралы зерттеулер мен 2007 жылы ірге тасы қаланған Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық қоғамының іс-шараларына бағытталды. Белгілі болғандай, 1921-1941 жылдары Мұстафа Шоқай осы қалада 20 жыл өмір сүрген еді. Сондықтан оның атында бір қоғамның құрылуы Қазақстан мен Францияның байланыстарының дамуы тұрғысынан оңды құбылыс болса керек.

Париждегі Мұстафа Шоқай атындағы саябақ

Мұстафа Шоқай арқылы Франция Қазақстанның тәуелсіздік тарихында Еуропа елдері ішінде айрықша орынға ие. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай да Францияны өзінің екінші отаны ретінде көрген. 1940 жылы нацистік қауіп-қатер Францияға төніп тұрғанда, сондағы Ресейдің саяси эмигранттары, ішінде А.Керенский пен П.Милюков сынды атақты орыс саясаткерлері жан сауғалап АҚШ-қа қашып жатқанда Шоқай "Қиын қыстау кезде мені құшақ жайып қарсы алған Франция менің екінші отаным,  отанымды тастап кетпеймін" деп Парижде қалған еді.
1941 жылы, 27 желтоқсанда Шоқай Берлинде беймәлім түрде кенет дүние салуында осы шешімі себеп болды. Егер Керенский - Милюковтарға еріп АҚШ-қа кетіп қалғанда, мүмкін ол тағы ұзақ өмір сүрер ме еді? Сондықтан Мұстафа Шоқай әрі Қазақстанның әрі Францияның абыройлы ортақ азаматы. Ол сонымен бірге жанын тек Түркістан халықтары үшін қана емес, Франция үшін де пида етті десек артық айтқандық бола қоймас. Міне, осыны білгендіктен, қазіргі таңда Франция Шоқайға құрмет көрсетіп, 2010 жылы оның атында саябақ ашып мүсінін орнатып отыр. Сан ғасырлық тарихы бар Францияда осындай паркі және мүсіні болған басқа ел азаматтарының саны саусақпен санарлық қана.

Біз Парижге барғаннан кейінгі алғашқы жұмыстарымыздан бірі - осы саябаққа барып, дүниеден қайтуына 71 жыл толуына байланысты Мұстафа Шоқайды еске алып, аруағына Құран оқып сауабын бағыштау болды. Еске алу жиынында Қазақстанның Франциядағы елшісінің кеңесшісі Ғабит Сыздықбеков, Мұстафа Шоқай Француз-Қазақ Достық қоғамының төрағасы Яшар Дініш, оның орынбасары Самитдин Балабан, Азербайжандық Доған, Париждік ағамыз Түркістан жәнеТолға деген азаматтар болды.
Еуропа қазақтары үшін той мен құрылтайдың маңыздылығы
Біз арнап барған Садық ағамыздың 29-ы күнгі келін түсіру тойына Парижде тұратын 300 отбасынан көптеген адамдар қатысты. Одан тыс Германиядан, Голландиядан, Швециядан және Түркиядан да қонақтар болды. Тойда беташарды Париждік қазақтардың атынан Абдуақап Түркөз жасады.

Еуропа сынды елдерде той және құрылтай сынды жиналыстардың ең маңызды жері халықтың басын қосуы болса керек. Өйткені жайшылықта Париж секілді Еуропанын үлкен қалаларына барсаңыз, қазақтардың көбін көре алмай қайтасыз. Мұның басты себебі қазақтардың саны аз және олар әртүрлі үлкен қалаларда өмір сүреді. Кейде екі үй арасында бір қаланың өзінде машинамен екі сағат жүруге тура келеді. Сонсоң Еуропа елдерінде жұмыс тәртібі қатаң. Ондағы азаматтар таңның атысы мен күннің батысына дейін жұмыста болады. Кездесіп, әңгімелесіп отыруға көп уақыттары болмайды. Ал, той-құрылтай секілді бас қосуларда сол қаладағы және көрші елдердегі қазақтардың басы қосылады. Сонда көптеген жылдар көрмеген ағайынды, дос-жаранды көріп, әңгімелесіп көңілің өсіп марқайып қаласыз. Шіркін, туыс-туғанды көріп сәлемдесіп, жағдай сұрасып амандық біліске дүниеде не жетеді!
Міне, сондықтан Париж қазақтарының мәдени қоғамының төрағасы Әли Гүлен биыл Еуропа қазақтарының жыл сайын өтетін құрылтайларының кезектегісінің биыл 18-19 мамыр күндері Парижде өтетінін және осыған қызу дайындалып жатқанын айтқанда ерекше қуандым. Осындай құрылтайларға Еуропаның түрлі елдеріндегі 10 қазақ мәдениет қоғамы атсалысуда. Сонымен қатар, Қазақстаннан қоғам және мәдениет қайраткерлері де қатысып құрылтайлардың деңгейін көтеріп Еуропадағы қандастарымызға ерекше ұлттық рух беріп көңілдерін өсіруде.

Еуропа қазақтары құрылтайы 2013 жылы Парижде өтпек

Осы құрылтайлардың алғашқы қадамы 1994 жылы Мюнхенде басталған еді. Ол кезде Азаттық радиосында жұмыс істеп Мюнхенде тұратынмын. Осы іс-шараның басы-қасында болу бақытына ие болдым. Мақсатымыз - Еуропа елдерінде шашырап жүрген қазақтардың, әсіресе жастардың басын жылына бір рет де болса, Еуропалық жастар жақсы көретін футбол арқылы қосу еді. Сөйтіп, жастардың қазақтық қалпын сақтау және Еуропаның түрлі қалаларындағы жастардың бір-бірлерімен танысып, достас болуларына жағдай жасау еді. Сол ізгі шара халық пен жастардан қолдау тапты. Содан бері Еуропалық жастардың футбол сайысы жыл сайын Еуропа елдерінде өткізіліп келеді. Осы футбол сайысының ауқымы 2002 жылы Қалдарбек Найманбаев басшылығындағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қол ұшын беруімен кеңейіп Еуропа қазақтары құрылтайына айналды. Содан бері футбол сайысы құрылтай іс-шарасының маңызды бір бөлегі ретінде атқарылып келеді.

Қазіргі жаһандану кезінде өкінішке орай, Түркиялық және Еуропалық қазақтар бұрынғыдай үй-үйді қыдырып әңгімелесуден қалды. Балалық шағым есімде, ол кезде ата-аналарымызбен екі-үш күнде бір туыстарды қыдырушы едік. Немесе туыс-туғандар бізге күн сайын соғып тұратын. Қазір ондай жиі араласу жоқ. Енді тек көгілдір экран мен сыйқырлы интернет бар. Бала-шаға демей барлығымыз, туыс қыдырғаннан гөрі үйде отырып соларға телміргенді жақсы көретін болдық. Бұл - бүкіл дүниеде солай. Сондықтан қазақтың дәстүрлі туыстық, достық сезім, өкінішке орай, ендігі ұрпақта жоғалып кете ме деп алаңдаймын.
Қазақтар мен араптар арасындағы тарихы байланыстар
Садық ағамыздың түсірген келіні Алжирлік араб қызы екен. Құдамыз Рашит бұрын қазақты онша білмейді екен. Тойдан кейін екі күн бойы Садық ағамыздың үйінде дастарқандас болып әңгімелестік. Алжирде тұратын оқымысты, инженер Рашит қазақтың салт-дәстүрлері, мәдениеті мен тарихы туралы айтқандарымызды ынтамен тыңдады. Қазақтың дастарқанының ұнағанын айтты. Бізбен бірге үйде Қаражорға биін биледі. Арап құдамызға қазақша шапан да жаптық.

Араб құдалармен әңгімеде арабтарман қазақтар арасындағы тарихи қарым-қатнастар сөз болды. Біріншіден, қазақтар араптарды, пайғамбарымыз арабтан шыққан деп сыйлайды. Екіншіден, Мәмлүктер, әсіресе Бейбарыс Египетті билеп тұрғанда қазақтар мен арабтар арасындағы тығыз байланыс болған. Үшіншіден, Кұтейбе бин Мүслім уақытынан арабтар Орта Азияға келе бастады. Солардың ұрпақтары бүгінде қазақ болып "қожа" деген руды қалыптастырып отыр. Енді осы туыстық қарым-қатнастар Еуропада жалғасын тапқан сияқты. Осы күнде Париждегі қазақтар арасында арабтан бес келін бар екен.
Құда Рашит өкінішке қарай Алжирде қазақтардың, түркі халықтарының, тіпті өздерін қаншама ғасыр билеп тұрған Осман мемлекетінің тарихының дұрыс оқытылмайтынын, өйткені бүкіл оқулықтардың кезінде француздар тарапынан жазылғандығын атап өтті. Сондықтан мұсылман халық бола тұра, қазақтар туралы ешнәрсе білмейтіндіктерін тілге тиек етті.

Алжирліктер арап және француз тілдерінде бірдей сөйлейді

Құданың айтуына қарағанда, 1962 жылы Франциядан тәуелсіздіктерін жариялаған Алжирде халық екі тілде, атап айтқанда араб және француз тілдерінде еркін сөйлейді екен. Мектептерде әлі де болса француз тілі үйретіледі.
Біз оған "Алжирде француз тілін білетін, бірақ ана тілі арабшаны білмейтін халықтың мөлшері қанша?" деп сұрақ салғанымызда, Рашит құда бетімізге таңданыспен қарады. "Бұл мүмкін емес. Бізде араб тілін білмейтін арап болмайды" деді.
Бұл жауаптан кейін біз таңданыспен : "Қалайша? Сіздер 1830 жылдардан 1962 жылы егемендік алғанға дейін 130 жылдай Францияның қолы астында бодан болып келдіңіздер. Ал біз қазақтар, Кеңес Одағының қол астында 70 жылдай қана тұрдық. Соның өзінде халқымыздың шамамен 30 пайызы ана тілін ұмытып тек орыс тілінде сөйлейтін болды. Сендер қалайша арап тілін сақтап қалдыңдар? Мұның сыры неде?" деп сұрадық.
"Бізді дініміз сақтап қалды. Дұрыс, Франция өзінің тілі мен мәдениетін біздің ұрпақтың санасына толық кіргізуге тырысып бақты. Мектептерде көбінде сабақтар француз тілінде болды. Бірақ, бізде мектептерге қоса діни медреселер үзілген жоқ. Біз сол діни медреселер арқылы араб тілін сақтап қалдық. Бүгін Құдайға шүкір Алжир азаматтары ана тілінде де, француз тілінде де еркін сөйлейді. Араб тілін білмеген арапты Алжирде кездесіре алмайсыз" деп жауап берді.
Сонда қалай болды? Әлемде бодандыққа душар болған елдер ішінде тек Қазақстан мен Қырғызстанның ғана өзінің туған елінде, төл мемлекетінде ана тілінде сөйлей алмайтын азаматтарының болғаны ма?
Бұл ойлантарлық жәйт екен. Негізінде бодандыққа түскен басқа әлем елдерін жіті зерттеуіміз керек сияқты. Әлемде осындай бақытсыздыққа ұшыраған қанша ел бар? Олар бодандық кезеңде жат жұрттар жоюға тырысқан ұлттық ерекшеліктерін қалай қалпына келтіруде? Бұларды зерттеу керек. Сөйтіп солардың тәжрибелерінің тиімді жақтарынан пайдалану қажет.

Ислам елдерінің ортақ тарихы жазылса

Тарих мәселесінде құдамызбен болған әңгімеде, түркі халықтарының арасында оқулықтарда бір-бірлерінің тарихтарының дұрыс жазылмай келе жатқандығын атап өттік. Соны қалпына келтіру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша, Астана қаласында "Түркі академиясының" құрылғандығын, сол академияда түркі халықтарының мәдени және тарихы құндылықтарының зерттеліп қайта жазылатынын айттық.
Осы тұрғыдан алғанда Ислам Конференциясы Ұйымының осындай іс-шараға бет бұруы бүкіл мұсылман елдері ғалымдарының басын қосып, Ислам елдерінің ортақ тарихын жазуының маңызды екенін көрсетті. Алжирде түркі халықтарының, Қазақстан мен Түркия сынды елдерде арап елдерінің тарихының дұрыс оқытылмайтындығын, осылайша мұсылман елдердің бір-бірлерінің тарихынан бейхабар немесе жаңсақ үйреніп жүретіндігін атап өттік. Құдамыз мұның аса қажет және игі шара болатынын қуанышпен білдірді.
Бес күндік Франция сапарымызда той және қаладағы жақын туыстарымызды қыдырудан Париждің тарихы көркем жерлерін аралауға көп уақыт қалған жоқ. Жұбайым Тайра екеуміз бұған көп өкінген де жоқпыз. Өйткені бүгінгі таңда, атап айтқанда жаһандану кезеңінде туыстық қарым-қатнастар барлық нәрседен қымбат және құнды. Сондықтан туыстарымыздың, құдаларымыздың, дос-жарандарымыздың қадірін білейік ағайын.

Ыстамбұл-Париж-Ыстамбұл
«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329