Жұма, 29 Наурыз 2024
Пікір 3634 66 пікір 17 Қыркүйек, 2022 сағат 14:26

Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!

Соңғы отыз жылда Қазақстанда қалыптасқан бір үрдіс пайда болды. Бір мәселенің түбіне жетпей, байыбына бармай асығыс шешім қабылдап, артынан соны түзетуге бар күш-жігерімізді жұмсап, уақыт жоғалтып, артық шығынға батып жатамыз. Ол «Назарбаев заманындағы» «данышпандықпен орнатып, кемеңгерлікпен қайта жасауға» саяды.

Әлеуметтік, саяси-экономикалық сала өз алдына бір күрделі мәселе. Ол ешбір экономикалық және қоғамның даму заңдылықтарына сыймайтын ерекше «Қазақстандық даму жолыме» жүріп келді. Соның арты Қазақстанда «революциялық жағдайды» тудыра жаздаған жоқ па? Ал, революциялық жағдай қай уақытта туатынын В.И. Лениннің сөзімен айтсақ: «революционная ситуация создается тогда, когда верхи не могут, а низы нехотят!».

Бірақ біздің көтерейін деген мәселе бұл емес. Қоғамдық өмірде болып жатқан кейбір үрдістерге баға беру.

Бүгін қоғамның даму заңдылықтарына сәйкес елімізде «еікнші республика» немесе жаңа Қазақстан ұстанымдарын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-саяси реформалар бастау алып отыр.

Қош көрдік!

Әділдік, ұлт тұтастығына негізделген өзгерістер қазақ елінің рухын асқақтатып, дамуына үлкен екпін беретіні сөзсіз. Сондықтан да халық мүддесіне сай кезек күттірмейтін бірқатар мәселелер күн тәртібіне қойылып жатыр. Соның бірі бүкіл халытың назарын алып, әртүрлі әңгімелерге арқау болған тақырып Қазақстан астанасының «Нұр-Сұлтан» деген қазіргі атауын бұрынға «Астана» деген атқа қайта ауыстыру.

Жалпы, әлемдік тарихта астаналардың орнын  ауыстырып, атын да өзгертіп жататыны жаңалық емес. Орта ғасырларда да, бүгінгі заманда да бір Қазақстанның өзінде сондай үдерістер көптеп саналады. Мысалы, түркі заманы мен ұлыстар кезінде билеушілердің бір емес бірнеше орда тікені белгілі. Тіпті Ақ Орда билеушілері өз мемлекетінің орталығын Ертіс өңірінен Сыр бойына ауыстырған болатын. Ал ХХ ғасырдың басында Қазақ өлкесінің орталығы бірнеше рет ауысқан жоқ па?! Орынбор – Қызыл-Орда – Алматы – ХХ ғасырдың аяғында Ақмола.

Жә, астаналардың орын ауыстыруы мемлекеттің ішкі-сыртқы әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайына байланысты. Ол қажеттіліктен туады. Ал, астана атының өзгеруі ерекше құбылыс. Ол ел ішіндегі жағдаймен, саяси ахуалмен тікелей байланысты.

Мысалы, Ақмола – Целиноград – Астана – Нұр-Сұлтан – бәрі бір қаланың өзгерген аттары. Әр атаудың артында Қазақстанның жүріп өткен тарихи жолы мен ұлт тағдыры жатыр. Отарлық кезең, тоталитарлық, валюнтаристік жүйе жылдары, тың науқаны, тәуелсіздік, автократия мен диктатура...

Мына бір қызық фактіге назар аударайықшы. 1922 жылы Перовск қаласы атауы орнына бұрынғы Ақмешіт деген өзінің тарихи атауы берілді. Ал,  1925 жылы оның аты Қызылорда болып қайта өзгертіліп, 1929 жылға дейін ол ҚазақАКСР-нің астанасы міртебесіне ие болды. Бұл атаулар да Қызылорда қаласы мен өңірінің тарихынан сыр шертеді.

Әсіресе Қызылорда деген атты алайықшы. Бұл 1920-жылдары қазақ зиялыларының арасында үлкен идеялық талас-тартыстың болғанын аңғартады. (Айтпақшы, осындай таластардың салдарынан қазақтың тағы бір орталығы болған Ташкент қаласынан айырылып қалдық). Ақыры революциялық интеллигенция «қызыл» деген сөзді, ал Алаш интеллигенциясы «орда» деген сөзді қосқанына разы боп, екі жақ бір бітімге келген сияқты.

Қазақ не нәрсеге ат қойса да ырымдап, қисынмен, ақылмен қойған. «Қазақтар ат қойғыш» дегенді талай естіген шығарсыздар. Ондай қазақтар қазір қайда?! Өкімет жанынан ондайлардың қарасы да көрінбейді.

Әйтпесе, бүгін ел астанасының атын қайтадан бұрынғы ескі «Астана» атауына өзгертуің қандай қисын бар. Атауын өзгерту қажет екенінде дау жоқ. Бірақ басқа, заман талабына сай жаңа ат таба алмағанымыз өзімізге сын емес пе?! Баяғыда Ақмоланы Астана деп өзгерткенде «баланың атын бала қойдық» деп әкеміз күлүші еді.

Жаңа Қазақстан – Екінші Республика өмірге кеп жатқанда ескі атауда не мән қалды десеңізші?! Ол да өтпелі кезеңде кездейсоқ қойылған атау емес пе? Бірер жылдан кейін оның атын қайтадан мол шығын шығарып қайта өзгертетініміз сөзсіз! Одан да жаңа Қазақстанға біржолы мән-мғынасы асқақ, мәңгі орнықты етіп жаңа атау тауып өзгерткен дұрыс емес пе?!

Білесіз бе, ел астанасына «жұртта қалған» ескі атауды қайталап қою  ырымға жаман! «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деген бар. Өзімен кетсін! Егер қазаққа сенбесеңдер орыстың «старое тяет» деген де сөзі бар.

Содан мынандай сұрақ туады. Біз неге ескі-құсқыға соншалықты әуеспіз?! Бізде  өкіметте тарихтан сабақ алатын, болашақты болжайтын азаматтардың қалмағаны ма?

Бұл үрдіс бір-ақ нәрсені аңғартады. Бұл Қазақстан өкіметі қабілетсіз деген сөз. Сондықтан да жаңа Қазақстан құрып жатқанда одан жаңа бастама шығады деп күту әбестік. Неге? Өйткені олар кеше ғана атын «Аманат» деп өзгерткен бұрынғы чиновниктер партиясының өкілдері. Олардың мемлекет бюджетіне қалай ие болғанын, қаржыны оңды-солды қалай жұмсағанын бәріміз жақсы білеміз. Әсіресе жиын-тойлар  өткізуде, қала-көше атауларын өзгертуде  олар алдына жан салмайды.

Сондықтан да егер біз өзімізді мемлекетшіл азамат ретінде білсек, онда Қазақстан астансының атауын зиялы қауым талқысына салып, бұдан былай өзгермейтіндей етіп бір-ақ рет қойуымыз керек.

Біздің билік еліктегіш қой. Әсіресе билік жанында жүрген косополит-глобалистер АҚШ қалаларының қосарланып дефис арқылы жазылаты атауларына қатты әуес көрінеді. Ондай қосарланған атау керек болса жаңа астана үшін ондай атау бізден де табылады. Өкіметке, ел талқысына астанаға екі жаңа атау ұсынып отырмын:

- Сары-арқа (қазақ даласының екінші атауы)

- Алаш-Орда («Алаш» қазақ мемлекеттігін жаңғыртқан атау)

Арман Жұмаділ, т.ғ.к.,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ин-ың жғқ., ҚБТУ профессоры

Abai.kz

66 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563