Қажығұмар Шабданұлы. Сиқырлы таң (жалғасы)
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
СИҚЫРЛЫ ТАҢ
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Күлән Нәзипаның үйінен соны естіп келе сала, өз бөлмесінде отырған маған күлімдей қарады. Ажары, ынтызарынан хат әкеліп берген құрбысына қараған қалыңдықтай лап ұрып, жалт-жұлт етеді. Өзім алғаш көрген 1933 жылдан бері күлімдеп тұратын, бірақ, салқын мұң араластыра күлімдейтін өткір қара көзінің аса ыстық та тұнық нұрлы отын көргенім осы тәрізді. Ал, алқызыл ақ жүзінің ерекше сұлу көрінуі де осы болса керек. Тосын, жаңа бір бейнемен келгеніне жалтақтап қарай беріппін.
- Тауға қайтамыз! - деді маған қиыла қарап.
Шешесінің шырайынан шексіз қуаныш байқаған Сайра соңынан ере кіріп, ол да таңдана қарап тұр еді.
- Аға Күнеске шығатын болса, осы жерден автобуспен шыққаны тыныш шығар! - деді.
- Күнеске шығуды жөніне қарай көрерміз. Қазірше өз маңымызда да тасалана тұратын орын бар! Екеуіңнің бірің велосипедпен барып, екі адамдық автобус билетін әкеле қойыңдар!
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
СИҚЫРЛЫ ТАҢ
І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Күлән Нәзипаның үйінен соны естіп келе сала, өз бөлмесінде отырған маған күлімдей қарады. Ажары, ынтызарынан хат әкеліп берген құрбысына қараған қалыңдықтай лап ұрып, жалт-жұлт етеді. Өзім алғаш көрген 1933 жылдан бері күлімдеп тұратын, бірақ, салқын мұң араластыра күлімдейтін өткір қара көзінің аса ыстық та тұнық нұрлы отын көргенім осы тәрізді. Ал, алқызыл ақ жүзінің ерекше сұлу көрінуі де осы болса керек. Тосын, жаңа бір бейнемен келгеніне жалтақтап қарай беріппін.
- Тауға қайтамыз! - деді маған қиыла қарап.
Шешесінің шырайынан шексіз қуаныш байқаған Сайра соңынан ере кіріп, ол да таңдана қарап тұр еді.
- Аға Күнеске шығатын болса, осы жерден автобуспен шыққаны тыныш шығар! - деді.
- Күнеске шығуды жөніне қарай көрерміз. Қазірше өз маңымызда да тасалана тұратын орын бар! Екеуіңнің бірің велосипедпен барып, екі адамдық автобус билетін әкеле қойыңдар!
Сайра шығып кетісімен Күлән дереу қимылға келіп, өз үйінен алып қайтатын нәрселерін жиыстыра бастады. Сандығынан су жаңа жібек кілем мен ұсталмаған екі көрпе, бір жастық, жаңа төсеніш көрпе, кірлік алып, алашаға орай ойланды да, тағы бір сандығынан жаңа киімдер алып қосып орады. Көк, қызыл гүлді жасыл жаулық алып, мойнына салды да, күліп жіберді. Ішімнен білген мен де күліп жіберіп, тастамай жүрген ескі қоңыр жаулығын үлкен сандығының ең түбіне тығып едім.
- Керек болатын шығар! - деп жымиып, жол сумкасына салды. Сандықтан құлыптаулы құрым сумкасын да алып, былай қойды. Мұнысы безену бұйымдары екендігін де сездім. Жіңішке арқанша жіп әкеліп, тауға әкетпек мүлкін таңбақшы болғанында, мен түрегеліп нығыздап орап, мықтап таңуға кірістім. Күлән аппақ шашымды қос қолымен уқалап-уқалап жіберді.
- Үй, жеңге, келіншектерге қырындайтын шашымды бүлдірдің ғой! - дегенімде сақылдап күлді.
- Келіншегіңнің мұндайға кешірімшіл екендігін білемін!
- Өзің көшеден бір түрлі мінезбен қайттың ғой, не естідің?
Күлән үнсіз жымиып, жасыра күрсінді. Салмақтана қалды.
- Ауқанның мына құқайынан құтылайық, тезірек байлай сал, тамақтанып шығамыз!
Өзі дастарқан жасап, отаудан қуырдақ әкелді де, арақ құйды. Қуырдақтан обырлана асады сонсоң. Сайра дастарқанға келіп, шешесінің тамақ жесіне аңыра қарап отырды.
- Же, Биғаш, сен де менше асасаңшы! - Өзін көптен бері кемпір санап келген Күләннің бұл сөзі де ерке қыздың қылығындай көрінді. Жымия қарап қойып, мен де асадым. Өткір арақ ішпейтін шешесі, ыдысын менің ыдысыма үнсіз сүзістіріп жіберіп, бір-ақ жұтқанда, Сайра күліп жіберді. - Бізге күлме ботам, жалғызым! - деп қалып, көзінен тұп-тұнық қос тамшыны ытқытып жіберді. Сайра екеуміз бір-бірімізге қарасып ап күлгенімізге Күлән да қарап қойып, жауап айтты. - Қорқыныш үстінде жылаудың мүмкіндігі аз ғой. Тек, қуаныштың көз жасы осылай болғай!
Күйеу автобус билетін әкелгенін айтып кірді. Енесі дастарқанға шақырып отырғызып, екі рюмкаға тағы да арақ құйды да, бірін менің алдыма, бірін күйеу баласының алдына қойды.
- Ал, екеуің бір-бір рет қағыстырып жіберіңдер!
Сайра қызғыш тарта қарап, басын шайқап қалды күйеуіне. Байқай қойдым да, рюмканы алдымен өзім ұстадым.
- Сайраш, апаң - иба жөнін білетін апа. Бір жайтпен ұсынып отырғаны шығар, алып жіберсін!
Күйеу жүгіне қалып, рюмканы қос қолымен алды да, «амандық болсын, аға!» -деп менің ыдысымның төменгі жағынан түйістіріп қана ішті.
Жүгімізді күйеу велосипедіне бөктерді. Кішкене жиенге өз шешесінің бетінен сүйдірдік. Сайра жүрелеп отыра қалып, тұңғышының құлағына бірдемені сыбырлап тапсырып түрегелді. Күлән екеуміз жиеннің екі қолынан жетектей жөнелдік. Күлән менің жүзіме қарап қойып жымия берді. Менің ештеңе сезбегендей Нәзипадан алыстап бара жатқаныма көңілсізденгенсіп, арт жағыма қарағыштаб келе жатқаныма күлкісі келетін сияқты. Автобусқа шыққан соң жиен қызын ар жағына отырғызып, маған тізелесе тақала отырды. Ып-ыстық нығыз жамбас менің жамбасыма бұрын бұлай жабысып көрмеген, тіземіз тосыннан түйісе қалғанда шоқ тигендей тез алыстайтын. Суық ұстаған жеріме басылған грелкадай сүйсіндіргенін сездірмеуге тырысып, сұлық «көңілсіз» шыраймен отыра бердім. Жұқа көйлекшең ғанамыз. Мықыны мықыныма, мығым, нығыз омырауы білегіме жабысты. Автобус жүрісінің ырғағымен тұла бойымдағы желқұзды шымырлата сорғандай, іші-бауырымды балқытып, ерітіп бара жатса да, міз бақпайтын тас болып сіресіп отырмын. Көз қырымен қарап қойып жымияды. Бұлауға түскендей самайымнан тер бұрқырағанын көріпті. Өз жүзі де албырап, балқып алған екен.
- Сені қысып қойдым ба? - деп сәл ығысыңқырадым.
- Жоқ, жоқ... қозғалма! - Жұп-жұмсақ сықылықтап күліп жіберді де, алды-артымыздағы сапарластарға бір-бір қарап қойды.
- «Анауым» қалды-ау, ә! - деп күбірлей күрсіндім.
- По...о... күйзеліп-ақ келесің! - Күлән төмен қарап жымиды.
Бір-бірімізге лезде қайта жабысып қалғанымызды сезбей де қалыппыз.
Соңғы бекетке екінтіде жетіп автобустан түстік. Асудан қарлы жоннан желпіген салқын лебіне алқымымызды тосып, жаңа танысқан адамша қараса қалыппыз бір-бірімізге. Күлән өз бешпетін кие сала жиенін киіндіріп жатқанда, автобус төбесінен түскен жүкті арқалай жүруге ыңғайлап едім. Күлән лып еткізіп көтере жөнелді де, бекет іргесіндегі бір үйге кіргізіп, тапсырып шықты.
Бір қырқадан асқанымызда кішкене қыз құшағымнан бұлқынып түсіп, жүгіре жөнелді, гүл термек екен. Күлән бас жаулығын желкесіне түсіре сала алдымды кескестеп тұра қалды.
- Ал... сенің талассыз менікі екеніңді естіп қойдым! - Мойнын иығына жыға, еркелей қарады маған.
- Кемпірмін деп безінуші едің ғой?
- Жоқ, кемпір емес, камалатқа енді толған ынтазарың екенмін!
- «Сені ұнатпаймын» дегенің қайда?
- Ие, 1932 жылдан бері теңіңмін деуге арым жетпей, ынтықтығымды білдіруден ұялып, жақындасам мерт қып кетердей күдіктеніп те келгенмін! Маған деген көңіліңді алдыңғы жылы Ақиядан естіп едім. Дәл сол сөзді Нәзипаға да айтыпсың! Енді... келші, қане! - Күлән осылай батыл сөйлеп тұрып, құшағын сонда да тартына ашты.
- Мені енді тағы біреуге ұсынбақпысың! - Құшақтай алдым өзін. Мойныма асыла кетті де, жабыса түсті ерніме. Мен де жабыстым. Көтеріп алып үйіре жүріп өптім.
- Енді сені, - деп қалды ернін әрең босатып, - ешкімге де, - деді екінші рет босатып, - ешкімге де бермеймін! Сені... сенен аяйтын нем бар еді менің? Тек, өзіңді аяп келе жатқаным ғана болатын! Жолыңдағы... жолыңдағы бар қатерге дайынмын! Іштен сүйіп, іштей күйіп, опықтан маңайыңа баса алмай... басқан ізіңе жасырын табынып, міне 32 жыл өткізіппін. Тәлейім енді теріс бақса, қанымыз бірге төгілер, оңға бақса жанымыз мәңгі жабысып жасар... Тосын ажал келе қалатындай халге түссем, басым тізеңде болса арманым жоқ! Сенің алдыңда көрген тозағым - ұжымақ! Сен жылағанда мен де жылап, мен жылағанда сен жылап өткізбедік пе жастық дәуірді! Ендігі кәріліктің өзін жастыққа айландырып, қалыңдығың-келіншегің ғана болып өтермін! Бұл жігер маған бүгін ғана бітті, өзіме деген сенімім бүгін ғана толықтанды!
Аймаласып жүргенімізде кішкене қыз екі қолына екі уыс гүл ұстап, айқайлай жетті. Құшағымызды жазып қарай қалыстық. Нағашы шешесіне бір қолындағы гүлін, маған бір қолындағысын ұстатты да, сақ-сақ күлді. Мен көтеріп алып, бетінен сүйдім. Күлән да ұмтылып келіп сүйіп алып сұрады:
- Бұл ақылды кім үйретті саған, томпағым?
- Үйінен шығарда тәтем айтты ғой, тауға шығысыңмен апаң мен атаңа гүл теріп бер деген ғой!
- Сайраш менің көңілімді біліп алыпты, қу қыз! - Күлән күлімдей қарады маған. - Міне елуден асқан «қыз» бен «жігіттің» көңіл қосуына немереміз гүл ұстатып құттықтады!
«Қалыңдығыммен» тағы бір сүйісіп алып, жүре сөйледім:
- Ие, ұмытпастай-ақ жақсы ырым болды.
- Сен, ырымға сенбеуші едің ғой? - Күлән қатарласа жүрді.
- Аузымыз талай күймеді ме!
- Әсіресе мен... жар махаббаты дегенді тіпті аз көріппін! - Ұзақ жылдық жесір күрсіне жымиды. - Назыкенге өзіңнің айтқаныңдай... ыңғай қаңсып өткізіппін ғой, ха-ха-ха-һа-һа..а...
- Екі бірдей сіңліңе қосылып менің де мүйізім қарағайдай болған. Меншіктеп берген кәусар бастауларыңның біріншісінен нәр татпай қураппын да, екіншісінің жағасында төрт-бес жыл түрегеп тұрып қана өткізіппін!
Сақылдап күліп ап сұрады Күлән:
- Түрегеп тұрып?
- Ие, түрегеп тұрған болмай не, оқу жолындағы талабына сүйініп, мезгілсіз шермиіп қалмай армансыз оқып алсын дегенмін!
Күлән тағы да сақылдап күлді:
- Олай болғанда шөліңді қандырған Ақия болыпты да?
- Оның көз жасы, немді болса да аямай төктіретін көз жас болды ғой, ха-ха-һа-һа...а... «Қартайғанда баласыз, жалғыз қалатын болдым» деп егілген соң еңіремеймін бе! Сонда да, бекер обалы қане, «Мақпалыңа жігіт қалпыңда қосамын» деп тежей берді мені!...
- Ха-ха-ха-һа-һа...а. Некелі ерін өзіне сүздіргенге дейін жеткеніңе қарағанда... тежеген ғой сол!
- Ол екеуінде неке бар ма! Құлжекең Құмардың некелі төсегінен қорқытып айдап апарып, «қалыңдық көрімдігіне» арақшы достарынан арақ ішкен. Олардың ішкен неке суы, сол делбе суы ғана екен. Сонан соң өз жаялығына зорлап апарып жатқызғанша жұлқысып жүріп, әлі құрығанда «келіншегінің» қарнына басын қойып ап қорылдаған... Сөйтіп жүріп, неге бала тауып бермейсің» деп ұрған жері де бар Ақияны. «Сендей немеден жынды бала табайын ба» деп ақаң тіпті ерегесіп, кеудесінен итеріп тастайтын болған.. Онысын арақ жеңіп, кәрден шыға бастағаннан маңайына барудан да жиреніп, жеке жасайды екен. Қатты зарығып, өзіне сау бала керек болғанда жеттім мен... Арақкешін сүзе жату бірқанша әйелде болған ғой. Ақия бұл қылықты Құлжандағы барлық кегіміз үшін істеді. Онысын кешіргенмін. Тек, қорқақтық істеп Құмарынан бет бұрғандығын ғана кешіре алмадым, көңіліме келе берді. Ізбасарым болмаса ойыма да алғым келмейді.
- Дұрыс! - деп күрсінді Күлән. - Ізбасар ешқайда кетпейді. Енді ойыңа мүлде алмауың қажет! тегінде, бір орайы келе қалса, маған жасырын абысын етіп қойма! Қорқақтан үлкен жау жоқ. Мен мұнан соң сені қатты қызғанамын!
- Мақұл, мені неғұрлым барлық әйелден қызған!.. Махаббат деген өзінің сенімімен - пәктігімен ғана махаббат болады ғой, жаным!
- Соңғы бір сөзіңді қайтадан айтшы! - жолымды бөгеп тұра қалды Күлән.
- Жаным! - дедім елжірей қарап.
- Күнім! - Күлән мойныма тағы да асылды. Құшағымдағы немересі екеумізді екі қолымен құшақтады да, екі сүйіп ап күлді. Күлән оған жай ғана бір қарап қойып шөпілдетті мені. - Күнім, күнім, осы сөзіңді ұмытпашы! «Махаббат деген, өзінің пәктігімен ғана махаббат!» - Екеуміз бір-бірімізден көз алыспай қадалысып, кезектесе сүйістік.
- Бәле! - деп күлді немереміз. - Өздері кішкене баласы сияқты сүйеді! - Күлән екеуміз қатар сақылдап күле айырылысып, жүре жөнелдік. Құшағымдағы кішкене қыз тағы күлді. - Апам атамды кішкене баласынша сүйеді!
- Ей, томпай, мұндай сөзді ешкімге айтпа, ә! - Нағашы шешесі оны менен өз құшағына алып, сыбырлап ақыл айта ілесті.
Үйге ымырт жабыла жеттік. Жол үстіндегі қылмысым шам жарығымен оттай басылды көзіме. Күләшімнің екі беті мен иегін қып-қызыл қып талап тастаппын. Ерні, тіпті шие жегендей. Өзі ет ұрлап жеген мысықша қарайды. Екі көзі от шашып, жалт-жұлт етеді маған. Тегі өзі мені көбірек «жеп қойғанын» енді көрді білем. «Үйбай!» деді төмен қарап. Мен де түсіне қойып, балдызбен сүзеген бұқаша тұқыра отырып сөйлестім.
Күлән бекетте қалған жүкті таңертең атпен әкелуді Ыбырайға тапсырып, келіннің дайын көжесінен ғана әкелдірді. Тамақты бірге ішкен бауырына Ауқанның астыртын тексеруіне ілініп қалған жайымыз бен қалалық сақшыдан «Назарбек» атына кепілдік қағаз алғанымды асыға сөйлеп берді.
- Қайтарымызда «Назарбектің» бу арасанға түсу алдында Нылқы, иә, Күнес жайлауына шықпақ болғанын жариялап қайттық, - деді соңында.
- Ағаны енді Күнеске қаңғытудың жөні жоқ, қанша жыл жасырынса да өз ауылымыздан пана табылады!
- Қалған жайды ертең сөйлесерміз, ағаң бүгін қатты шаршап келді, ұйықтасын! - деп Күлән сөзді несиеге қалдыра түрегелді. Кешкі күзеттерің жақсы шығар? Мал-жандарыңа мұнан соң біраз күн қастандық көбейер ме екен!
- Қарасанақ тонаушыларға қарсы күзетті күшейтіп болғанбыз! - Ыбырай да түрегелді орнынан. - «Шет ел шпиондары бар» дейтін сылтаумен шарлаушы-тінтушілер келе қалса қарауылшыларымыз хабарлайды. Аға ол шақта мына іргедегі тоғай арасына шыға тұрады!
Ыбырай шығысымен ыдыс-аяқ дастарқанын жиыстырып келін де шықты. Дәреттен қайтып кіргенімде Күлән маған арналған кереуеттің көрпе-жастығына иісмай бүріккішін ысқыртып тұр екен. «А, Құдай, бере гөр!» дегеніме мойынын сырт бұра жымиды да, бүріккішін жастық тұсындағы орындыққа қойып, жүріп кетті. «Ал, ұйықтай ғой, тып-тыныш, жақсы ұйықта!» деп томсара кеткеніне жүрегім зу ете түсті. Асыға шешініп жатып, аңыра қарап отырып қалыппын. Күлән табалдырыққа жете жалт қарап, сықылықтап күле шықты сыртқа. Біраздан соң құман мен леген ала кіріп, есігінің екі күршегін де салды да, шырақты өшірді. Жиен қызы жатқан кереуеттің алдына барып, асыға шешінді өзі. Тыр жалаңаштанғаны аппақ денесінің жарқырай қалғанынан көрінді. Қараңғы үйге жап-жарық нұр шашқан толық ай сәулелі тұлға. Сусылдатып іш киімдерін ауыстыра сала бұрыштағы айнаның алдына жағасыз ақ көйлекпен барып, шашын сылай таранды. Бірдемесін жағынып тұрып қалды. Көз алмай бақырайып, тағатсыз күтіп мен жатырмын. Аздан соң кішкене қызына үңілді. Ұйқысын байқай сала жалт қарап, өзі де асыға ұмтылды маған қарай. Бүкіл дүниенің жастық жігері маған жүгіріп келе жатқандай, көрпені серпіп тастап, құшағымды кең жайып едім, төсегімнің алдына келіп тұра қалды. Белінен бұрай тарттым. Ырқыма көнбей иісмай бүріккішін алды.
- Мен үшін сен неге жасанбайсың? Мынаны алдыңа әдейі қойып кетсем! - Тұла бойыма ағытты сол назбен. - Қартайдық, мұны қайтеміз дейсің бе? Сен әлі де бозбаласың, мен енді тіпті жаспын! - Лап ұрып алқына кірді құшағыма. Тұла бойымызбен тұтаса жабыстық....
Екінші рет ес жиғанымыздан соң ғана тілге келді Күлән:
- Баяғыда Нұрияшты іздеп, біздің үйге жүгіріп кіретінің есіңде бар ма? - деп сұрады. - Асыққандығыңнан менімен соқтығысып қалушы едің ғой. Сонда іштей... мас болып жүрген менің сезімімнің де ойран-топырын шығарып кететінсің. Бір рет маған, төр үйден шашымды тарап іш көйлекшең ғана шығып келе жатқанымда соғылдың. Кеудең омырауыма тиді...нәпсі деген, күні бұрын сақтанып қатты тежемесе, ұры иттей сұғанақ, жексұрн ниет қой... тарағым қолымнан түсіп кетті. Не болғанымды білмей күле беріппін.
- Ие, қатты қызарғансың. Сол соқтығысуымыз менің көңілімде орнығып қалған. Ал, бірақ 51-ші жылы Үрімжіге қайтып барғанымда алдыма Ақияны тоса бергенің не?
- Онда гомендаңның кәрі жендетінен бүтіндей кеміп-қорланып қалған жайым бар. Келісіңмен айтқамын ғой өзіңе. Және бір жағынан ажарлы таза қыз Ақияға ақыр бір күні ауып түсер деп ойлағанмын.
- Ақияны маған қосақтап келе жатқаныңда өзіңді ғана таңдайтынымды білдіріп едім ғой?
- Ол шақта да мені шын сүйетініңнен үмітім жоқ, көрсе қызарлық қана деп тұспалдағанмын. Және де бір сұлуға өзім қоспақ болып келе жатып, саған өзім жабыса қалайын ба! - Күлән қолтығыма тығыла сықылықтады. - Іле-шала Мақпалың келіп қалды. Нұрияшқа аумай ұқсайтындығынан сонымның өзі тіріліп келгендей қуандым. Бір жылап-бір күле қарсы алғамын ғой!
- Ал, бұл жолы жесір қалып, екеумізге ешкім бөгет бола алмайтын орай пайда болған шағымызда Нәзипаны неліктен қамап бердің маған?
- Айтқамын ғой, Мақпал жөніндегі бұл аса ауыр күйіктен сені сақтап қаларлық, тарту қуаты күшті жар тауып беруім қажет болмады ма! Мені жақсы көретініңді айтып жүрсең де, мұншалық ерекше таңдайтыныңа қисын таба алмайтынмын! Жан біткенді жалт қарататын сұлу, асқан тартымды Нәзипадан аттап өтіп, тағы да мені таңдағаның есімнен тандыра жаздады бүгін. Олай болатыны, жер шарынан асырып, мені аспан перизаты дәрежесіне көтергенің ғой бұл! Әлі де ақылыма симайды. Мені мүсіркегенің ғой деймін... Әлі де ойланып көр! Олай жанашу-мүсіркеу арқылы қосылған жар да жар бола алмайды. Әлде, көрсе қызарлықпен құмартқан болсаң... бірер апта көр, ұзақ замандық ең жақын досымсың ғой, саған жол қояйын, ақылыңды сонан соң табарсың. Нәзипаны қайта көндіріп алуымызға болады!... Ондайыңа мен енді тіпті де қорланбаймын, жол бердіңдер ғой, болды дей саламын! Күйремейтін-күйзелмейтін, ақылға сиымды-сауатты теориялық қисыным бар!
- Өйдемеші, қайта таңда дегенді айтпашы, жаным! Мені ақыл тоқтатпаған бала көремісің, құмаршы көремісің! - қатты қыса құшақтағанымда ол да құшырлана-ыңырана қысты. Есімізден тағы айырылдық...
- Ал, «ақылға сиымды қисыныңды» түсіндірші, маған да бір мықты қазына болып қаларма екен! -деп сұрадым аздан соң.
- Жаны толықсынбайтын жарға жабысқан жұбай, күн өте келе жартасқа жабысқандай сорланатындығын білетін шығарсың, - күрсіне сөйледі Күләшім. - Қызығу мен құмарту бір басқа да, махаббат байлау бір басқа. Қызығу мен құмарту да - ынтығу ғой. Бірақ, ол лезде өте шығатын, аса қатерлі құйын екен де, махаббат деген-тұтас бір өмірдің шырағы екен. Ол шырақты, күңгірт кінеретін толық анықтамай, қызығу-қызумен ғана қабылдай салсаң, күн өте келе тұрмысыңды зұлымат қара түнекке айналдырады. Бір-біріне қызығумен ғана байланысып, тұрмыстана қойған жастардың аз уақыттан соң-ақ жақтары солып, көздері өшкіндеп үңірейе қалатыны, сол құйынның үйіруімен бірін-бірі мұқият сынай алмай, асығыс қосақталған өкінішінен болады.
- Ал, мені отыз жылдан бері сынамай, қызығып қана келіп пе едің?
- Жоқ, талай сыннан өткізіп көргемін ғой. Сені тіс қаққан, ақылым толып, тұлғам жетілген, келіншек болып қалған кезімнен бері көрмедім бе. Қандай адам екендігіңнен қалт жіберген жерім жоқ. Ал, сенің сыртқы түр-тұлғама ғана қарап, әйел сыры жөнінен сауатың аз, сәби кезіңде қызығып қалған жайың бар болса керек. «Қыран ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» дегендей, ақылды, мінезді қас сұлу Назыкештей келіншектен аттап өтіп, сол ұяда көргеніңді ғана алып жатырсың. Ішкі жайымды енді толық көрген шығарсың. Әлі де кеш емес, ойлан!
- Жаным, сен менің жөнімде әсіре сезімтал болып қалған сияқтысың! - деп күліп жібердім. Мен, бақаларды ғана емес, (бақа сөзі шыққанда екеуміз қатар күлдік) пәк қызды да көргемін ғой. Дүниеде сенен таза, сенен артық қыздың тым аз екендігін, қазір тіпті айқын біліп жатырмын. Ал, басқа жайың маған отыз жылдан бері сыналып, миыма орнап болған. Ендігі аспаным өзің ғанасың! Махаббат туралы жаңағы анықтамаңның өзі-ақ аспаным екендігіңнің айқын айғағы, жаным! -деп маңдайынан сүйдім.
Күлән жауапсыз күрсіне елжірей құшты мені. Арқамнан сылап аймалай түсіп сөйледі:
- Қандай шырақ екеніңді сынап білмесем, отыз жыл бойы қызығармын ба! Бірақ, бір-бірімізден жиырма жыл көз жазып қалдық қой. Әсіресе, алғашында, қыз кезінде бойыңа тоғытпаған, қазіргі опасыз салдақыға айналған Ақияның жайлауын жарым жыл жайлағаның мені қайтадан ойландырмай ма... Ақияға арнаған ендігі көңіліңді анықтамасам, айрықшы сұлу Нәзипаға қосақтап көрмесем, ежелгі құштарымның ендігі жайын түсінбейтін болып қалмадым ба. Менің әсіре сезімтал болып қалған жайымды сөкпе, күнім! Енді сендім. Ондай күдікті енді мүлде қойдым. Енді менікі ғанасың!... Сонау заманнан бері ерлі де, ерсіз де жүріп сені аңсайтыным бекер емес екен! Көрсеқызар жынды көбелек емес екенмін, ту бастан-ақ жаңсақ бағаламаппын! Әрқандай қара құйын, көк нөсерде де өшкіндемеген, суынбаған, айнымаған, қалыпы құрамаған жан шырағым, көңіл күнім - өзің ғанасың! - Аймалай түсті Күлән.
- По, мені қайда апарасың, жаным-ау! Пырағың неткен жүйрік, лебің неткен тілсім! - деп жабыстым енді. - Маған сыйлаған осы теңеуіңнің барлығы-өз қасиетің, өз бейнең! Өшпесі де,айнымасы да, он сегіз жастан қалпы құрамағаны да өзің ғана екенсің... өзің ғана!
Ағарған шашымыз, ұзақ азапқа түскен басымыз, елуден асып қалған жасымыз мүлде ұмытылып, жар махаббатына жаңа ғана бөленген - алғаш көрген тың жастық қызығымыздай қыза аймаласып, жана-күйе айқаса беріппіз. Таң атқанда жұмылған көзіміз, сәскеде оянғанда таңырқаса жайнап, тағы да ынтыға қарасып қалды. Күлісе-сүйісе түстік. Құшақтаса түрегеліп жуындық. Қызарақтап күле тұрып, менің иегім мен алқымыма май пенсилин мен опа жақты.
Ал, өзі бүгін ағы-ақ, қызылы-қызыл болып, тіпті құлпыра қалыпты. Ерні мен бетіне бұрыннан-ақ гримнің қажеті жоқ еді. Сол табиғи бояуы бүгінгі жарақатымен сәл қоюланып қана көрінді. Алқымы мен тамағына қазірше шипа қонбайтындығын өзі де білгендей, қызыл-көк гүлді жасыл жаулығын мойнына орай салып, маған тексертті:
- Қарашы, мойын бұрғанымда көріне ме екен?
Мен екі жағына кезек қаратып тексеріп, көрінетін іздерді өзінше дәрілеп өшірдім. Шұға жіптен тоқылған гармон етек, қынама бел, қима омыраулы көгілдір көйлек шығыңқы кеудесіне де, ішіне де, жаясына да, топ-тоқ ақ балтырына да үйлесіп қана кетіпті. Көзім көп түсетін қос омырауы дәл қалыбын енді тапқандай. Жанарлы қара көзі ұшқын атып, от шашады.
- Мына көйлегің тіпті жарасады екен!
- Сенің аспан түстес,тұнық көгілдірді ұнататыныңды білемін ғой!
Нұрия мен Мақпалдың көзін тұспалдап тұрғанын түсіне жымидым да мойнына ораған жаулығын ала үңілдім. Аппақ бөтегелі алқымы жарқ ете түсті. Алдына қарағанда аққудың көгілдір ұлпалы балапанындай, артынан қарағанда күйлі құлындай көрінді бүгін. Өзі неше рет айтқан немерелі кемпір жоқ. Түнде қыздай сезіліп еді, күндіз дәл сол қыздың өзі!
- Осыдан да сұлу әйел тауып бермек болдың-ау маған! Көрсетпек болған жақсылығыңда титтей нысап болсашы,жаным! - деп күлімдей қарағанымда ұялыстан сәл бұралып қап, кеудеме басын сүйей қойды.
- Қойшы енді, бурыл шаш көрінбей ме көзіңе!
- Басыңның өзі тұтасымен көк зеңгір көрінбей ме, мына киіміңе тіпті жарасады екен! Асылдығыңның дәл өз куәсі!
Мойнына жаулығын қайта орай сала жеңіл туфлиімен лып етіп шыға жөнелген Күлән, біраз уақыттан соң отаудан дастарқан көтеріп, құлағына дейін қызара, тілін шығара кірді:
- Сұм келін бүгінгі жайымызды сезіп қойды, жүзіме қарап жымияды. Күлкісін әрең тежеп, «бәсе, осылай киінсеңші, әпкетай!» - дей салды!
- Тілеулестік, қуаныш білдіргені ғой. Әркім осылай қарайды енді саған, именуші болма!
Келін, шай шәугім, бал мен қаймақ әкеліп, алдымызға қойып шыққан соң, тағы да жабыса отырып шай іштік.
- Түн ортасында-ақ шөлдеп едім! - деп құныға ұрттады Күлән.
- Көлігіміз қалай шыдады екен, жүрісіміз қабағат қатты болды ғой! - дегенімде күліп жіберіп, бетімнен шымшып қалды да, тағы да қызартып қойдым ба дегендей, алақанымен сипай үңілді бетіме. Шымшыған орнын ептеп қана сүйді сонсоң. Қайтадан аймаласа кеттік...
Терезе сыртынан Ыбырай өтіп келе жатқанын көріп, алыстай отырдық бір-бірімізден. Күлән алқымын жаулығымен қымтай салып, менің жағамды да көтеріп қойды.
Ыбырай сақтықпен есік қағып, рұқсатпен кірді. Бекетте қалған жүгімізді әкелген екен. Бізге қарамай дастарқан шетіне отыра сөйледі. Бір «джип» машина үлкен жолдан бұрылып, алдымен осы қапталдың етегіне қарай беттепті де, кілт бұрылып, сай тағанындағы «әтірет ауылына» барып тоқтапты.
- Ауқан болса керек! - деді Ыбырай салмақпен хабарландырып. Ұзын мұртын сылаған болып екеумізге бір-бір қарап қойды. Күлән менің иегіме көз қиығын тастай жауап қатты:
- Олай болса тімтініп жүргені, осында келмей қоймайды!
- Күдіктенбей-ақ қойыңыздар, - деді бауыры төмен қарап. - Ол жендеттің «төңкерісі» белінен шойырылып қалды ғой, ендігі қаһары белгілі! Және сенімді қағазыңыз бар, «Назарбек» қалпыңызбен отыра беріңіз!
- Жоқ, - деді Күлән. - Кеше Күнеске жүретіні жарияланған «Назарбек» бұл үйден көрінбей тұра тұрсын, сақтықта қорлық жоқ!
- Олай болса тоғайға жасырынбай-ақ, бие байлаған үйімізге бара тұрсын, оңаша! Ферма бастығының көзінен тасарақ болсын деп мына қыр астындағы тұйық сайға байлағанбыз. Автомобиль бұл қырдан аса алмайды!
Ыбырай ерттеулі атын маған мінгізіп, жалғыз аяқ жол сүрдегін көрсетті де, өзі жақын маңға тұсалған құнанға мініп, соңымнан ерді. Қожыр-қожыр қия тасты тік жотадан қиялап асып барып, самырсын тоғай шетіне жеті-сегіз бие байлаған жалғыз киіз үйге түстік. Ферма бастығының төлді күйлі сақтаймыз деп, мал сауғызбайтын тәртібі бұл районда әлі сақталып келеді екен. Желісін жасыра алмаса да сабасын жасыратындай сырлары бар көрінеді. Үй иесі имек тұмсық сары шал қысқаша амандық сұрасқан соң:
- Әлгі алыстан келген мейманымыз осы кісі ғой? - деп сұрады Ыбырайдан.
- Ие, Назекең осы кісі!
Шал «Назеке» деп атап еселеп амандасты да таңқы мұрын қара кемпіріне ым қақты. Үйдің жарымын алып тұрған өреше ши ішінде бірнеше торсықтың тізіліп тұрғаны, кемпірдің соларға аңыра қарап қалғанынан көрінді. Бізге арналғаны сол торсықтардың қайсысы екендігін айыра алмай тұрыпты. «Түпкісі» деп қалған шалдың нұсқауымен өрешенің түп жағынан әрең сүйреп шығарды. Әтіреттің ат үстіндегі бес-алты пысығының қанжығасына ғана байланатын мына үлеске аңыра қарап қалыппын. Еңбекшілері бұл ұрлық желіден нәр тата алмайтын болғаны ғой!
Торсықтан тегенеге құйылған қымызды шал сапырды да, «куайжи[1], мынау сіздікі, атыңыз жазылған» деп күбір ете түскен кемпір, торсықты қайта сүреп апарып, өрешеге қайта қамады.
Ыбырай қымыздан екі кесе ғана ішті де, маған асықпай ішіп отыра беруді тапсырып қайтты... Сағат бірлер шамасында шай құйылып жатқанда екі бала кіріп ентіге хабарлады:
- Әскерге ұқсаған сары киімді, ұзын бойлы жаяу біреу жотадан түсіп келеді!
- Ой, әлгі Ауқан жауыз келді деп еді, сол болмасын! - Есікке еңкеңдей ұмтылған шал босағадан баспалай қарады. - Бәсе, сол! Бұл иттен жаралғанның тұмсығындай иісшіл тұмсық жоқ! - Алақ-жұлақ қарады кемпіріне. - Желіні көріп қойды-ау, ә!
- Е, оған жареукеленіп, әтірет бастығының өзі айтып қойған шығар! - деді кемпірі. - Қымызды кім жек көрген, мейлі тойғызған соң жөніне келіп қалар, келсе келсін!
- Үй, бұл, Ауқан ит екені рас болса, тойып алып-ақ арсылдай береді! - деген шалдың сөзіне күліп жібердім. - Ферма бастығын шідерге сигізеді-ау енді! - Шалдың түйілген қатпарлы қабағы дірілдеп кетті.
Ауқанның атақты салпаң құлағы көзіме алдымен түсіп, кеңсірікті ұзын танауына зер салмаған екенмін. Онысы тіпті күдірейіп, үйге өзінен бұрын кіріп болыпты. Ежірейіп, пәле қайда деп тұратын секемшіл сары көзі маған атыла үңілсе де, ернін жымқыра жымиып, түрегелген маған қол беріп амандасқан болды. Төрге отыра бере-ақ тінте қарады маған. Құйылып алдына қойылған шайдан бір ұрттап қойып, шашыма, құлағыма, киіміме, бөтенсініп бас салғысы келген ауыл төбетінше өктемси үңілді. Мұндайда шеттен келген, иесіз бұралқыша құйрықты борбайға жиып, сәл жиырылып ығыңқырасаң-ақ желкеңнен алғызасың ғой. «Иттік көрсетпек болсаң, жолбарыс бола қояйын» дегендей мен де кеудемді көтере, жаймашуақ бейғамсып күлімсірей қарадым өзіне. «Аласы-бересіміз болса, адамша сөйлеспесек алқымдаса түсерміз» деп ескерткенім еді. Ауқан ондай дипломатиядан алыс кеткенін шу дегенінен көрсетті:
- Назарбек деген сен бе едің?
- Мен!.. Ал, дөңбектен жасалған адамша дүңкілдей жеткен өзің кім, таныса отыралық!
- Менің кім екенімді білмей отырсыз ба? - деп, «сіз» деген сыпайылық жұрнағын сыздана көрсетті. - Аздан соң біліп те қаларсыз. «Танысаң қызайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» дейтін мәтел де бар ғой! Ха-ха-ха-һа-һа...а.. ал, сізді Күнеске кетті деп еді ғой?
- «Қымырлаған қыр асар» дейді. Күншығысқа қарай ауыл аралап ілби берсек, Күнес қайда қашар дейсің!
- Ғажап, сіз Күнеске бару үшін Құлжадан сексен-тоқсан келеметр шегініп алып жүрмексіз бе?
- Күнеске Құлжадан кете берсем, «дәл іргеме келіп аттай жөнеліпсің дейтін, бұл жақтағы туыстарымның өкпесіне қалмаймын ба. Осыдан бастап құда-анда, жиен-нағашы, туыс-туғандарыма көрініп, амандаса өтпекпін.
- Рас, сіз бұл жақты көрмегелі көп болды. Лаужяуға алынғаныңызға да жиырма жылдан асып қалды ғой, солай ма?
- Есеңгіреп отырмысың, көсе қария? - Күліп жіберіп, суына жалғастырдым сөзімді. - Сенің мына дөй-дала сұрағыңмен әлгі «Құдайыңмын» деп қоқия қалған жөніңнен мөлшерледім, сен атышулы Ауқан болдың ғой! Кісі өлтірмегені болмаса, Назакең де тергеушіліктен қалыса қоймай келе жатыр. «Лаужяу» болу, Үрімжіде оңшыл-ұлтшылдар мен көше сотқарларымен ғана кеткен! Өзің болмасаң, бізден жазаланатындай қылмыс өте қойған жоқ, Құдайекем!
- А-ха-ха-һа-һа...а.., менің қалжыңдарымды тізіп отырыпсыз ғой! Ал, бұл жақтағы құда-анда, нағашы-жиендеріңіз кімдер?
- Оны тергеп қайтпексің?
- А-ха-ха-ха-һа-һа...а.., жеткізіп қояйын дегенім ғой!
- Еріккен Құдайсыз-ақ елімнің өзі тауып береді. Саған менің бұл жақтағы бұйымтайларым жөнінен қызмет қала қойған жоқ. Рахмет пейіліңе!
- Олай болса, жолқағазыңызды көрейінші!
- «Ел жатса да енекем жатпайды» дегендей, заңсыз тіміскілеуді әлі қоймадым деші!
- Шекара бойына қашып келген қашқынды тергейтін құқығым бар шығар!
- Жолқағазсыз мен де жүрмеген шығармын. «Шекара бақылаушысы», иә, жолаушы тергейтін сақшылық құқық документің болса, алдымен өзің көрсет! Болмаса Құдайыңмын дегеніңе құрша жорғалап, Ілені сасытқан қандықол құныкерге тексертетін аңқау қазақпен сөйлесіп отырған жоқсың!... Қане документің? Енді тергеу мәдениет жендеттерінің үстінен жүрілмек!
- Бекер адам көңкемен қуып келе ме сені, документ деген, міне! - Жан мылтығын суырып алды Ауқан.
- Асқындама, жендет! Бұл «документің» қан қатқан қолдарыңнан аз күн ішінде-ақ тартып алынады! Әрбір тал оғы үшін тұмсығыңнан жеп тұрып есеп бересің! Ал, қазір-ақ осы жаңа қылмысың үшін қолға алынып, сүйреліп барғалы отырсың! Таста! - деп зекіріп жібердім. Ауқан көзіме қарап, ішкі белдігіне сыздана қыстырды мылтығын.
Сырттан тасыр-тұсыр ат шабысы естілді де, төрт-бес жігіт үстімізге кіріп келді. Алдында Ыбырай. Қарайып-түтігіп, көзі қызарып алыпты.
- Біздің үй неңді алды сенің! - дегеннен басқа сөз жоқ, ыршып тұрған Ауқанның тұмсығына қойып жіберіп, қанын сау еткізді. Ауқан тұмсығын қос қолымен баса қалғанда ышқырындағы мылтығын мен жұлып алып, оқтан тазарттым. Кіжініп тілдей жеткен жігіттер лап қойып ұмтылғанда, Ауқанның қан тамшылаған қолы ышқырын сипалады. Мылтықпен жауап қайтармақ екендігін біліп, оқсыз алтыатарын ұстата қойдым өзіне. (Күнәсін зорайта түсіп басуым жөн ғой.) Қылмысты көсеуі қолына қайдан ілінгенін сезбеген қанішер, алқымдап тұрған жігіттің басынан кезенгенде кемпір-шал баж-баж ете түсті. Мылтық масасын басып-басып қалды Ауқан. От алмаған мылтықтың енді өзімен соқпақ болып көтере бергенінде, ұстай алдым да қолын қайырып жіберіп, жұлып алдым. Біреуінің бір жұдырығынан-ақ омақасқан Ауқанды кекті жігіттер кергілеп, тепкілеп, сыртқа сүйрей жөнелді. Оғы болса атып тастамақ болған жауын, мұндай факт тұрғанда аясын ба. Мойнына қыл шылбырды салып жіберіп, есіктен сүйреп шығарып тепкілеп бара жатты.
Соңынан ілесіп шыға бере Ыбырайдан үйде не болғанын сұрадым.
- Әпкемнің қолын қайырып шығарып кетіпті! «Биғабіл қайда, тап!» деп сүйреп жүріп, үйіміз бен мал қораларымызды шошқаша қопарыпты!
Жігіттердің қатерлі тепкісінен Ауқанды Ыбырай екеуміз әрең айырдық. Атып тастамақ болғанына жігіттер тіпті өшігіпті. Екпеттеп қалған жендетті желкесінен басып тұрып байлады да, аттарына міне сала сүйреді.
- Сақшы пайшысорына сүйреп апарып тапсырамыз, мені атқан мылтығын өзіме беріңіз! - деді қатерден қалған жігіт.
- Мен де ере барып, сені бастан атып өлтірмек болғанына, мына үй иесімен бірге куәлік айтып, сақшыға өз қолыммен тапсырып берейін! - Ашулы жігітке соны айттым да арт жағымыздағы шалға қайырылдым. - Сіздің қорқарлық ешқандай мәселеңіз жоқ. Қымыз жөнін ауызға алмаңыз. Жендеттің бие желісімен де, қымызбен де ісі болмады, мені ғана іздеп келген. Үйіңізге келгеннен кейінгі Ауқан екеуміздің айтысқан сөзімізге, маған мылтық суырғанына куә болып беріңіз де, кейінгі көрген оқиғаңызды сөйлеп беріңіз!... Үйіңізде адам атпақ болып, бала-шағаны шулатқанына, әрине қатты наразылық көрсететін жөніңіз бар!...
Үй иесі шал екеуміз бір атқа мінгесіп, Ауқанды сүйретіп бара жатқандарды қуып жеттік. Ісіміздің заңды болуы үшін аттан түсіп, жау мойнындағы арқанды шештім де, аяғынан тік тұрғызып айдаттым. Талтаңдап-қиралаңдап әрең жүрді. Шал екеуміз қайта мінгесіп, олардан оза жөнелдік.
Текшедегі үйдің алдына көп адам жиналып тұрғаны қырдан асып шыққанымызда көрінді. Жуан атты семізше әтірет бастығы мен құралды бөлім бастығы аттарына мініп, бері өрлеп келеді екен. Бізді көріп тоқтады. Жетіп амандастым да, жайды артымыздағылар келген соң баяндалық дей сала шал мен атты тастап, Күләннің ахуалын біліп шығу үшін үйге қарай жүгірдім. Күлән отауда, төрдің терезе жақ шетіне салынған жер төсекте жатыр екен. Оң білегімен шынтағы қалың дәкімен таңылыпты. Кіріп барған маған жалт қарап, амандығымды сұрады.
Ауқан сай тағанынан жеңіл автомобилмен бері беттегенде-ақ, киімін бұрынғы ескі киіммен ауыстыра қойған екен. Ауқан «джипін» сайдың етегіндегі тоғай шетіне қалдырып, жалғыз өрлеп жеткенше жасыратынның бәрін жасырып болыпты.
- Аманмын, күнім, қолымның сүйегі сау! - деп жымия сыбырлады. - Ештеңе болған жоқ. Өз бөлмеме баспалап келіп кіріп, мені бас салмақ болғанында соңынан қуа кірген келін арт жағынан өзін бас салды. Келінді шынтағымен қағып тастап қайта ұмтылғанында, мен сыртқа шығып алдым. Қуа шығып, мына қолымды артыма қайырып, бір қолына мылтығын алды. Келінді жолатпай үй мен қораларға мені итермелеп айдай жүріп үңілді. «Биғабіл қайда, тап!» дейді. Бүйтіп жүріп тінте алмайтын болған соң білегімді қатты қайырып жіберді де, итеріп тастай сала қопарыстырды. Сені іздеп тоғай аралай жөнелді сонсоң...
Мен сыртқа қайта шыққанымда, көпшілік бұлақ бойында жығылып жатқан Ауқанды қоршап, даурығысып тұр екен. Ыңырсып жалынған «Құдекеңнің» де үні естілді. Қастарына келгенімде ауыл иелері маған қарап, көк майсаға отырыса бастады. Мен де отырып, Ауқанның мылтығын жанқалтамнан алдым да, ортаға қойдым. Одан шығарып алған алты оқты тізіп қойып, қалалық сақшының берген кепілдік қағазын әтірет бастығы мен құралды бөлім бастығының алдына жая сөйледім:
- Анау қандықол жендет екеуміз енді сөйлеселік. Әкеліп маған бетпе-бет отырғызып тыңдаңыздар! Бір-бірімізге жаңсақ жала жабылмауы үшін бүгінгі мәселені сіздердің тергеп анықтауларыңызды сұраймын!
Суға салынып қаннан тазартылған Ауқанды аяғымен жүргізе алмаған жігіттер қол-аяғынан қаумалап әкеліп, қарсы алдыма жатқызды. Мына қырдан «өзі жүріп асып келген» Ауқанның осында келіп жатып алғанына айдап келген жігіттер қатты кіжінді. «Тергегендігі өзінше» қинап тұрғызбақ болғандарына мен жөн айтып тоқтаттым:
- Жігіттер, бұл қандықол жендеттің көретін қинауы да, өлім жазасы да алда. Қазірше, сұрақтарыңызға жатып-ақ жауап бере берсін. Ал, жауап бермей қойса сөйлетудің шарасы табылады! - деп алып, оқиғаны баяндауға кірістім. Ауыл мұғалімі хатшы болып жазуға сайланды. «Мына қарттың үйіне амандаса барып, шай ішіп отырғанымда» Ауқанның кіргенінен, тіл қатысуымыздан бастадым сөзді. «Танымасаң Құдайыңмын» дегенін айтқанымда құралды бөлім бастығы Ауқаннан зекіре сұрады:
- Рас па өзіңді осылай таныстырғаның?
- Рас! Рас! Мені дөңбектен жасалған адамға теңегеніне қарай... айтқанмын. Сол сөзім дұрыс шықпады!
- Үй, мына «Құдайдың» есі дұп-дұрыс, тұрғызыңдар! - деп көпшілік дүр ете түсті.
- «Шұнақ Құдай» деп кемпірлерден естігенім бар еді. Сенің құлағың тебінгідей екен ғой, қайтіп Құдай болмақсың! - деп ақыра жеткен бір жігіт, Ауқанның екі құлағынан тік көтеріп отырғызды. Қатыншыл жендет құйрығын қоярға жер таба алмағандай қибыжық қағып қыңсылап, екі қолымен жер тірей қалды да, шатын кері жіберіп, бір жамбастап отырды. Бақылдаған текенің тартылғандығын сездім. Қымызшы шалдың үйінен сүйреліп шыққанда ажалдан қалған жігіттің, шаттан ала келістіріп бір тепкені, жендеттің баж ете түсіп, үні бір сәт өше қалғаны есіме түсті.
Шалдың үйінде болған оқиғаны жалғастыра баяндадым. Ауқанның маған мылтық суырғаны айтылғанда құралды бөлім бастығы жендеттің өзінен тағы да сұрап анықтады. «Соңынан қуып келген жігіттер кіріп қоршай қалғанда Ауқанның мұрнынан қан сорғалағанын» ғана көргенімді айттым. Қанқұйлының енді оқ шығаратындығын біліп, ышқырындағы мылтықтан оғын тазартқанымды, сонда да алдында тұрған жігіттің маңдайынан көздеп, масасын едел-жедел екі рет басқанын айтып бір тоқтаттым сөзді.
- Рас па? Басынан көздегенің рас па? - Құралды бөлім бастығы тағы да сұрағанында Ауқан жауапсыз ыңқылдай берді де, сондағы көріп тұрған адамдар жарыса айғақ болып растады бұл мәселесін.
- Үй ішінде болған оқиғадан менің көргенім осы! - дедім мен. - Өз заңсыздығына қарсы сөйлеген адамға ыңғай мылтық жұмсайтын шегінен асқан қанішерді көргенім де осы! Ал, қалғаны болса, оқиғаның басы қасында болған үй иелерінен сұраңыздар!
Ауыл тергеушілері кезек берісімен сары шал куәлігін сөйлей жөнелді. Менің жауабымды толық қуаттай келе, «бүгінгі оқиғада Назарбек жолдас болмаса, мына құтырған иттің үйімізді қанжоса қып қырып кететіндігін, өзінің де кемпірінің де мына азаматтардың да қазір о дүниеге барып болып, балаларының шулап отыратындығын» айтып жылады.
- Үй, ынжық-ау, тым болмаса Назекеңнің қалай құтқарғандығын айтып жыласаңшы! - деп қалды бір шал.
- Е, Назекең бірінші рет өзіне кезелген мылтықты «таста!» деп ақырып қайтарды. Ол атылып кетсе, бұл кісінің ығында отырған мені де өлтіріп кететін еді. Екінші рет сол мылтық, соңынан қуып келген жігітке кезелгенде Назекең Ауқанның қолын қайырып жіберіп тартып алды. Қарақтарым-ау, алты оқ бар екен о немесінің ішінде. Назекең бүктеп жіберіп, ол ажалдарды уысына төгіп алды да мылтығын қайтарып берді өзіне. Мына жендет сонда да кезеніп, алдындағы Қанапияның дәл басына екі рет атып, атылмаған соң мылтықтың өз кө...імен ұрмақ болып көтере бергенінде, Назарбек жолдас тағы да жұлып алып, жанқалтасына салып алды. Мінеки, осылай құтқарды бізді! Құдай біледі ғой, мылтығы бар Ауқаннан қорықпайтын адамды көргенім осы! Мына неме Құдайыңмын деп қорқытып келіп еді. Назарбектің қолында қуыршақ болып ойнады!
- Бұдан басқа айтатыныңыз бар ма? - деп сұрады шалдан құралды бөлім бастығы.
- Жоқ, бар мәселесі осы ғана!
- Ой, жаның шықсын, қайтып «осы ғана»! - Сары шалды ынжық атаған қара шал, ежірейе қарап сөйледі. - Бұл үйге келіп... иен үйдегі әйелдерге зорлық істемек болғанын қайда қоймақсың!
- Ол мәселені толық жазып алдық, - деді құралды бөлім бастығы. - Күн кешкіріп қалды, басқа пікірлерің бар ма?
- Бар! - деп бірнеше жігіт жарыса үн қатты да, бір-біріне иек қағыса келе біреуі сөйледі. - Ауқанның басқа қылмыстарын сөйлей берсек бір-екі күнде бітпейді. Дәл бүгінгі сапарындағы осы екі үйде өткізген қылмыстары-ақ бір басына жетерлік! Алдымен келіп иен үйде жалғыз отырған әйелге басқыншылық істемек болды. Бұл, заңда ең ауыр қылмыстың біреуі. Бұл есектікті «ұлы мәдениет төңкерісінің» саяси басшылық орынында тұрған Ауқан істегендіктен дереу атып тастауға лайық қылмыс. Қалада да, далада да мылтығымен қорқытып істеп жүргені осы. Сондықтан дәл осы жерде өз мылтығымен ғана атып тастау қажет! Екінші қылмысы, сақшыға мәлімделіп куәлік қағаз алған жолаушы Назарбекті атпақ болып, заңсыз қорқытуы мен Қанапияның басын көздеп екі рет атқан қылмысы үшін құтырған итке қолданылатын жазаны қолдануға тиістіміз! Демек бұл да қолма-қол өлтіруді шарт ететін қылмыс! Бұл кесімім қалай, жолдастар?
- Дұрыс! Дұрыс! Дұп-дұрыс! - шу ете түсті көпшілік.
- Ағатайлар-ай! - деп баж ете түсті Ауқан. - Қаным бір қызаймын ғой, өз бауырларыңмын ғой.
- Қаныңды с..н, өшір үніңді! - бірнеше қызай атып тұрды орындарынан. - О, қызай болғаныңды сенің! Басыңды табаныммен мыжып тастайын ба! Намысымызды қоздырмай үнін өшірелік енді тездетіп!
Әтірет бастығы ым қағып, құралды бөлім бастығын жетектей жөнелді де оңаша барып күбірлесіп, Ыбырай мен мені тағы бірнеше кісісін шақырып алды.
- Көпшіліктің мына ыңғылы қорқынышты! - деді әтірет бастығы. - Үкімет адамын сотсыз-заңсыз, өз ауылымызда өлтірмек болып отыр!...
- Ағатайлар-ай, қылмысымды жууға мұрсат беріңіздер! - деп аңырап жіберген Ауқанның үні дереу өшкіндеп умасын қолымен баса кеңкілдеді. - Не бұйырсаңыздар да орындайын!
- Дүйжаң, сіз неден қорқып отырсыз? - Екі жігіт қатар зекіді әтірет бастығына.
- Үкімет рұқсатын алмай кісі өлтірсек, өз ауылымызға құтылмас кесір болады! Қалай жазаласа да заң орынының өзі жазаласын, үкіметке тапсырып берелік деймін!
Бірнешеуі өре тұрып қарсылық білдірді бұл жауапқа:
- Қазір үкімет қайда, заң қайда!
- Бұл сойқан солардың өзін қорқытып алған! Осыдан кешіріп қоя берсең, өз ісін дұрысқа шығарып, бізді соттатады!
- Үкіметсіздік билеп отырған шақта заң не істей алмақ!
- Қазіргі көзқарас соғысында кімнің шоқпары бұрын тисе сол ғана есе алып отырмай ма! Беріңіздер өзімізге!
- Сендер қорықсаңдар үйлеріңе кіріп отыра беріңдер, оны шектен асқан қылмыстары үстінен түскен біз, сақшыға сүйреп апара жатқанымызда өзі-ақ өледі! - деді тағы біреуі.
- Бұл өлмей бізге, тіпті бүкіл халыққа бейғамдық жоқ! - десіп сыбанған бірнеше жігітке құралды бөлім бастығы жаутақтай қарады.
- Сендер, «партия жолымен төңкеріс жүргіздік, заупан көтердік, оқыста өзі өліп қалыпты» деп құтыларсыңдар, - деді ол. - Ал, біз құралды күш өз қолымызда отырып тападай тал түсте көріп отырып, үкімет адамын айырып алып, тиісті орынына өзіміз тапсырмасақ, сендерге беріп өлтірткен бас қылмысты болып шықпаймыз ба! Ойланыңыздар, жолдастар!
- Осы қанқұйлы істерін істеп болмады ма, тергеуде ұрып өлтіргені де, сүйреткізіп жүріп өлтіргені де жетерлік еді ғой! «Төңкеріс» екпіні баяулап, партия комитеттері өзімен өзі болып, енді ақыл іздеп отырғанында бұл құтырған иттің әлі де қан сапыра беруіне жол қоюға бола ма! Партияның рұқсатынсыз басқыншылық істеуге, қан ішуге келгенінде өзі сол қанға тұншығып өлсе, бұдан сіздерге не сөз келмек! - деген екпінді кектерге жалына қарады екі бастық.
- Жолдастар, осы шекара өңірінде қазақтан құралды бөлім бастығы болып отырған мен ғана екенмін. Ал, ханзу комиссарынсыз өзі басқару құқығын алып отырған көп малды әтіреттің бастығы мына кісі екен. Қазірше осы екеуміздің пәлеге қалмауымыз үшін осыған не істеу билігін бізге бере тұрыңыздар!
- Солай, бужаңның[2] осы пікірін жүз де жүз құптаймын! - деді әтірет бастығы. - Сіздерді біз осы екеуміз қорғап келе жатқанымызда бізді де қорғаңыздар, жолдастар!
Өздерінің жайлы бастықтарының бұл шыншыл жалыныштарына көпшілік сына қалжыңдады:
- Байлатқан биелеріңізді Ауқан сойқан көріп қойды ғой, сол үшін де оған кешірім етіп қоя беріп, аузын жаппақсыздар ма, қалай? - деп мырс-мырс күлісті.
- Жоқ, бие желісін де, қымыз иісін де, Құдайға шүкір, бұл жендет біле қойған жоқ! - деді биеші сары шал. - Өзі енінен айырылып, есі шығып қалды ғой, осы жазада жетер ме екен деймін!
- Көрешегін көріп болыпты! - Әтірет бастығы да күңк ете түсті.
- Үй, бұл немеде ен деген бұрыннан жоқ. Онысы болса отыз жылдан бері бойдақ жүре ме!
- Өшір үніңді! - деп тиды біреуі кейінгі сөйлеушіні. - Қаншалаған әйелге істеген содырлығынан ақтамақ болып отырмысың мұны!...
- Жолдастар, сол ақылмен барып енді өзімен сөйлеселік, - деп құралды бөлім бастығы. - Енді қылмыстан мүлде бас тартып, тәубаға келер-ақ! Егер қайтадан бас көтерсе, сіздерге тағы да сойқан тудыратындай болса, бар күшімді жиып, мен де қосылайын қатарларыңа! Мұны ұстап, қолдарыңа қайта түсіруге уәде берейін!
Осы уәдесін жаңалап айтып, Ыбырай екеумізге қарады. Ыбырай қайталап сұрады өзінен:
- Бұл ант атқан өзіңізді де, бізді де алдап соқса қайтеміз?
- Ар алдында ант болсын осыным! Алдап құтылып, қайтадан құтыратындай болса, қолымдағы құралымды да жауынгерлерімді де құтқару үшін шығарайын!
Құралды бөлім бастығы әтірет бастығына күбірледі де, Ауқанға түйіле барып тұра қалды. Әтірет бастығы сөйледі тұтқынға қарап. Қатты қорқытып алып тәубаға келтірмек сияқты:
- Ауқан тонжаң, біз сенің мына бадырайып тұрған қылмысыңа ара түсе алмадық! Жұртшылықтың билігіне бердік. Халықтың жаңағы үкімі - үкім. Бұл үкімді тойтарсақ, біз де сөзсіз халық жауына айланбақпыз!
Ауқан әтірет бастығының бұл сөзін ести сала қатты бақырып қалды да, шатына екі қолын соза беріп сылқ түсірді. Талып кетті, тер бұрқ ете түсті жүзінен. Ауыр зақымдалған ені оқыс бақырудан мүлде үзілгені сезілді.
Әтірет басшылары мен білікті мүшелері тым-тырыс жалтақтасты бір-біріне.
- Есін енді жия алса мықтап ант алалық та, қоя берелік! - деп күбірлесті.
- Өлтірмек болды, енімді тартты деп қожайындарына барып шағынып, бәрімізді жазалатады ғой! - десті бірнешеуі.
- Бұл ауылға келіп, әйелдерімізге басқыншылық істемек болғаны мен ол хайуандығына қарсылық көрсеткендерді атпақ болғаны жауап бола алмай ма оған! - деді біреуі.
- Оғы алынбаған болса, дәл бастан көздеп атып өлтірмек болғаны анық! - деп түзете қуаттады құралды бөлім бастығы. - Бұл қансұйықтың осыншалық басынғандығына қарай намыстары қозған халық ұрмай ма оны! Құса кернеген көпшіліктің қайсысынан болғанын қайдан білелік, абайсызда біреуінің аяғы оқыс тиген шығар дей салмаймыз ба! Расында да солай ғой. Бұл қанішерге ант жаздырғанда сол қылмыстарын да айқындап атап жаздырсақ ұрғандарға жаза келмейді!
Көпшілік осы пікірді түгел құптады да өз қылмысын толық әшкерелеп тұратын сондай ант жаздырып алып қоя беруге келісті. Мен Ауқанның ана уақытта қала халқының қолына бір түскен оқиғасын, сондағы мойындап жазып берген зор қылмыстары мен антын сөйлеп бердім де сол антына қарсы сол қалада кейінгі істеген қылмыстарын әшкерелеп ескертіп қана қойдым.
Ауқан, есіне жарым сағатта келіп, күбірлеп жалынды көпшілікке. Қылмыс жолынан енді мүлде қайтып, халықтан кешірім алу жолына түсетіндігін, «Алла-тағала атымен» ант ете жалынды. Құралды бөлім бастығы Ауқанның өзінің қанды мылтығын өзіне білеп, өткенде қала халқына жазып берген қылмыстары мен антын екі-үш күнде-ақ ұмытып, қайталап істеген қылмысты әрекеттерін көзіне шұқи отырып мойындатты да, сол ант, сол қылмыстарымен қосып түгел жазып беруге изектетті. Жуан самырсынға сүйеп талтайта отырғызып, рет-реті бойынша есіне түсірісе жаздырған қылмыстары мен анты жазылып болғанда күн батты. Халыққа қарсы қимылдан енді бір көрінсе сұрақсыз, кез келген жерде өлтірілетіндігі көп аузынан аса қатал ескертілді.
Жігіттер қол ұшын да бермей, екі қолтығынан сырғауылға асып көтермелеп автомобиліне жеткізгенде қытай шоферы кабинкада қаннан қаперсіз ұйықтап жатыр екен. Бөкседен айырылған қожасы екі қол, екі иық, иек, маңдайын түгел жұмсап, қалтырап әрең шықты «джипіне».
- Мына қылмыскер мылтығың менде тұрады. Алмақ болсаң, саған құрал берген қожайының келіп сөйлессін! - деп осы тау районның құралды бөлім бастығы зеки ескертті.
- Сол сіздерде-ақ қалсын, ағатайлар, екі дүниеде дауым жоқ! - дегенді Ауқан ыңылдап жылай айтты. Ыррр ете түскен көлігі ала жөнелді өзін.
Әділетті тергеушім, ноқтасыз арқыратып қоя берген әңгіңіздің шатынан айырылып, мәді болып қайтатындығы түсіңізге де кірмеген болса керек, кешірерсіз! Иесін қапқан осындай иттің тісін шағу мен маңына тыныштық бермейтін осындай шақар айғырды пішіп тастау - төңкерістің бас міндеті екендігі есіңізге енді түсетін шығар. Нағыз төңкерістік мақсаты зорекерлік пен жауыздықты жою емес пе еді. Мұндай зорекер әңгілік қылмысты өзгеден іздеп, өздеріңізге қарамай арқырай беруден қаншалық қылмыс өрбігендігін есептеп көрелікші, бәріңізді пішсек те төлемі толар ма екен?!
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»
[1] Куайжи (ханзуша) - бұғалтыр.
[2] Баужаң (ханзуша) - бөлім бастығы, орталық үкіметте министр.