Марченко бастап, Қасымов қоштап...
"Рейтинг.kz" зерттеулер агенттiгi пайдасыздар мен пайдалылардың тiзiмiн жасады. "Рейтинг.kz" агенттiгiнiң бұл тiзiмiн жаңалық деп қабылдауға келмейдi, әрине. Өйткенi кiмнiң кiм екенiн жұрт жақсы бiледi. Тiзiмде келiспейтiн тұстар да бар. Дегенмен де, зерттеулер агенттiгi деген аты болған соң, назардан тыс қалған кейбiр шенеунiктердi құлағынан тартып, су бетiне шығарыпты. Сонымен, пайдасыз жиырма шенеунiк кiм?
Бiрiншi орында Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко тұр. Марченконың әйелдердiң зейнет жасын өсiру туралы бастамасы қоғамда дүрбелең туғызды. Бұрын-соңды жұртқа мұнша жеккөрiнiштi болған шенеунiк жоқ шығар, сiрә. "Төбесiнде тесiгi бар" Марченко ғой бұл, өзiнiң қаншалықты сүйкiмiн кетiрiп алғанын түсiнсе керек, зейнет жасына қатысты мәселеден қашатын болды.
Марченконың мәнiн кетiрген бұл ғана емес, жинақтаушы зейнетақы қорларының мүшкiл жағдайы, БТА мен Альянс банктiң ес жия алмауы бас банкирдi ұйыққа батыра түстi.
"Рейтинг.kz" зерттеулер агенттiгi пайдасыздар мен пайдалылардың тiзiмiн жасады. "Рейтинг.kz" агенттiгiнiң бұл тiзiмiн жаңалық деп қабылдауға келмейдi, әрине. Өйткенi кiмнiң кiм екенiн жұрт жақсы бiледi. Тiзiмде келiспейтiн тұстар да бар. Дегенмен де, зерттеулер агенттiгi деген аты болған соң, назардан тыс қалған кейбiр шенеунiктердi құлағынан тартып, су бетiне шығарыпты. Сонымен, пайдасыз жиырма шенеунiк кiм?
Бiрiншi орында Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко тұр. Марченконың әйелдердiң зейнет жасын өсiру туралы бастамасы қоғамда дүрбелең туғызды. Бұрын-соңды жұртқа мұнша жеккөрiнiштi болған шенеунiк жоқ шығар, сiрә. "Төбесiнде тесiгi бар" Марченко ғой бұл, өзiнiң қаншалықты сүйкiмiн кетiрiп алғанын түсiнсе керек, зейнет жасына қатысты мәселеден қашатын болды.
Марченконың мәнiн кетiрген бұл ғана емес, жинақтаушы зейнетақы қорларының мүшкiл жағдайы, БТА мен Альянс банктiң ес жия алмауы бас банкирдi ұйыққа батыра түстi.
"Мәртебелi" екiншi орын iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымовқа бұйырды. Өткен жылғы кезектен тыс аттестациядан IIМ жеке құрамының 10700 қызметкерiнiң өтпей қалуы, IIМ-нiң жемқорлыққа белшеден батуы, Жаңаөзенде халыққа оқ атылуы, Арқанкерген мен Iле Алатауы бөктерiндегi қанды қырғын, терроризм мен экстремизм Қасымовтың бұған дейiн жиған-терген абыройын аяқасты еттi. "Қасымов министр болса көгеремiз" дейтiндердiң үмiтi ақталмады. Қасымов аса қауiптi қылмыскерлердi iздеумен жүр әлi.
Үшiншi орындағы Асылжан Мамытбеков - анекдотқа таптырмайтын кейiпкер. Ауыл шаруашылығы министрiнiң шетелдiк құнажындардың "құйрығын аңдып" жүргенiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiзшi. Мамытбековтiң сөзiнен түсiнгенiмiз, отандық бұқалар шетелдiк құнажындарға жақындаудан бiртүрлi ұялатын сияқты. Әлде статусы сәйкес келмейдi, әлде тiл бiлмейдi...
Төртiншi орынға табиғи монополияны қорғау агенттiгiнiң төрағасы Мұрат Оспанов жайғасыпты. Қайбiр жылы Ораз Жандосов осы агенттiктi басқарғанда президенттiң өзi агенттiктi монополистерге жығып берген едi. Содан берi бұл агенттiк бас көтере алған жоқ. Баға күннен-күнге өсiп жатыр, коммуналдық төлемдердiң құны құйрығын ұстатпайтын болды. Осының бәрi Оспановтың еңсесiн көтертпей тұр.
Бесiншi орын құрылыс iстерi және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық агенттiгiнiң төрағасы Серiк Нокиннiң еншiсiнде. Басқасын былай қойып, Қарағанды қаласының "Бесоба" ықшамауданындағы құлап қалған үйдi айтсақ та жеткiлiктi. Бұрын-соңды iргетас құймай-ақ үй салғанды кiм көрген? Оны да көрдiк. Серiк Нокиннiң арқасында.
Алтыншы орындағы Салидат Қайырбековаға бәрiбiр сияқты. Өткен жылдың басында президент Н.Назарбаев әбден сынады. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасын дұрыс iске асыра алмағаны үшiн. Одан кейiн үкiмет басшысы К.Мәсiмов жер-жебiрiне жеттi. Еш өзгерiс жоқ. Медициналық қызмет көрсету сол баяғы таз қалпында.
Жетiншi орындағы Бақытжан Жұмағұловтың да терiсi қалың екен. Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң у-шуы Жұмағұловтың ұйқысын бұза алмады. Баласы төмен баға алып келген күнi Жұмағұловтың құлағын шулататындар бұрынғыдан да көбейдi.
Бар-жоғы бiлiнбейтiн министрлер бар бiзде. Солардың бiрi - экономикалық интеграция iстерi жөнiндегi министр Жанар Айтжанова. Сегiзiншi орында осы Айтжанова тұр қасқайып. Кедендiк одақ пен бiрыңғай экономикалық кеңiстiкте елiмiздiң ұлттық мүддесiн қорғау Жанар Айтжанованың шаруасы едi. Бiрақ Айтжановаға "екi қойың - бiр сом".
Тоғызыншы орынға Алматының әкiмi Ахметжан Есiмовтi қойыпты. Есiмов өкпелейтiн болды ендi. Оның орны кем дегенде "үздiк" бестiктiң iшiнде едi. Есiмовтi "үздiк бестiкке" сүйреп апаратын себеп жеткiлiктi. Есiмов дегенде баяғы ауыл шаруашылығы министрi Кәрiбжановтың түбiне жеткен шегiрткелер еске түседi. Шегiрткелер Кәрiбжановтың тағын кемiрiп құлатса, Есiмов қарға малтығып қалар дескен жұрт. Есiмов қу екен, аудан әкiмдерiнiң мойнына мiнiп алып, белуардан келетiн қарды кешiп өте шықты.
Бұдан кейiнгi орындарды облыс әкiмдерi өзара "бөлiсiптi". Оныншы орында Ақтөбе облысының әкiмi Архимед Мұхамбетов, он бiрiншi орында Қостанай облысының әкiмi Нұралы Сәдуақасов, он екiншi орында Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Серiк Бiләлов, он үшiншi орында Ақмола облысының әкiмi Қайрат Қожамжаров тұр.
Бұдан әрi тiзiм былай түзiледi: он төртiншi орын - премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаев, он бесiншi орын - бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң төрағасы Ғабидулла Әбдiрахимов, он алтыншы орын - бас прокурор Асхат Дауылбаев, он жетiншi орын - есеп комитетiнiң төрағасы Аслан Мусин, он сегiзiншi орын - парламент сенатының төрағасы Қайрат Мәми, он тоғызыншы орын - қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков, жиырмасыншы орын - ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев.
Асхат Дауылбаев, Аслан Мусин және Әдiлбек Жақсыбековке де "обал" болды. Тiзiмнiң соңына сырғытып тастапты бұларды.
"Әдiлбек Жақсыбеков қорғаныс министрi ретiнде елге қандай пайдасын тигiздi?" деген сұрақты кез келген адамға қойып көрiңiзшi, күмiлжiп қалады. Қалмұхамбет Қасымовтың iзiн ала Асхат Дауылбаев жайғасуы керек едi. Билiктi сынайтын БАҚ-тың талайын жапқан "ерен еңбегi" үшiн.
Аслан Мусиннiң де көш соңында қалатын жөнi жоқ. Соңғы бiр-екi жылда басы әбден дауға қалған Мусиннiң мемлекетке пайдасынан гөрi зияны көп тидi. Жетектеп әкеп отырғызған әкiмi iшiп-жеп, тайып тұрды. Осының өзi-ақ Мусин үшiн үлкен минус. Мемлекет үшiн тиiмсiз шенеунiк екенiнiң бiр дәлелi.
Ал ендi Талғат Мұсабаев туралы әңгiме басқа. Оның Байқоңырға қатысты соңғы мәлiмдемесi Ресейге ұнамағанымен, жұртқа жақты. Ресей ресми түрде наразылық нотасын жолдап, әбiгерге түсiп жатыр. Байқоңырды мемлекетке қайтарып алғысы келген адамды пайдасыз шенеунiк деуге бола ма? Мемлекетке пайдалы он екi шенеунiктiң тiзiмiнде бiрiншi орынға президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Кәрiм Мәсiмовтi қойыпты. Мәсiмовтiң кiмге қандай пайдасы тигенi өзiне аян. Екiншi орындағы Серiк Ахметов облыс әкiмi ретiнде ел үшiн бiраз пайдалы iс iстедi. Премьер-министр ретiнде өзiнiң бiлiктi басшы екенiн бас-аяғы жүз күннiң iшiнде дәлелдеп шықты.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбiқаевты пайдалы шенеунiктер тiзiмiнде үшiншi орынға қоюдың еш жөнi жоқ. Мемлекетке пайдасы тиюi үшiн шенеунiктiң ең алдымен өзi басқаратын органға пайдасы тиюi керек емес пе? Әлде Әбiқаевтың ҰҚК басшылығынан басқа мiнсiз атқарып жүрген лауазымды қызметi бар ма?
Төртiншi орыннан бастап он екiншi орынға дейiнгi сатыға облыс әкiмдерi мен агенттiк басшылары жайғасыпты. Вице-премьер Қырымбек Көшербаевтың, Астананың әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң, Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың, Батыс Қазақстан облысының әкiмi Нұрлан Ноғаевтың шаруашылыққа тастай екенiн бiлемiз.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Өмiрзақ Шөкеевтiң, мәжiлiс спикерi Нұрлан Нығматуллиннiң және индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешевтiң, спорт агенттiгiнiң төрағасы Талғат Ермегияевтiң есiмдерi жұрттың аузында жүр. Ал ендi пайдалы шенеунiктер тiзiмiне мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiктiң төрағасы Әлихан Бәйменовтiң қалай кiрiп кеткенiнен таңымыз бар? Бәйменовтiң "Ақ жолды" ыдырату арқылы жүйеге пайдасы тигенi рас, бiрақ елге пайдасы тиген жоқ.
Мiне, зерттеулер агенттiгiнiң тiзiмiне бiз осылайша бiрқатар "түзетулер" енгiздiк. Тиiмдiлердiң де тиiмсiздердiң де тiзiмiнен табылмай қалғандар бар. Тiзiмнен тыс қалғандар өз аттарын қай сапқа қосарын өздерi шешсiн.
Е.Биеке.
«Жас Алаш» газеті