Жұма, 26 Сәуір 2024
Енді қайттік?.. 4554 114 пікір 23 Қыркүйек, 2022 сағат 11:07

1,6 млн Ресейлік: "Қош бол, Ресей, кірлеген!"

2022 жылдың басынан бері Қазақстанға 1,6 миллионнан астам Ресей азаматы келген. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жазылды.

"Биыл Қазақстанға 4,3 млн-ға жуық шетел азаматы келді, 4,1 млн-ы кетті, оның ішінде Ресей Федерациясының 1,66 млн азаматтары кірді, 1,64 млн-ы кетті. Олардың әрқайсысының уақытша Қазақстанда болу мерзімі, паспорт деректері, келген күндері туралы толық ақпарат бар. Көші - қон процестеріне мониторинг жүргізілуде", - деді ІІМ көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Оның айтуынша, ішкі істер органдары иммигранттардың елде жүру уақытын ережеге сай қадағалап отыр. Егер шетелдік азаматтың елде болу уақыты аяқталса, оған қатысты заңнамада қарастырылған шаралар орындалады.

"Бақылау барысында 45,7 мың көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 4,2 мыңы Қазақстаннан тыс жерлерге мәжбүрлі түрде шығарылды. Сонымен бірге, 3,2 мың Ресейлік көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, бұл Ресей Федерациясының азаматтары санының тек 0,2% -ын құрайды. Бұл оларға Қазақстанда жүргенде көші-қон заңын сақтауға жауапкершілік жүктейді. Олай болмаған жағдайда, Қазақстаннан мәжбүрлеп шығарып жіберу және біздің елге бес жылға дейін қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкциялық шара қолданылады", - деп нақтылады Аслан Аталықов.

Ол «ішкі істер органдары келіп жатқан шетелдіктердің елде уақытша тұру ережелерін қатаң сақтауын қамтамасыз етуде» деп мәлімдеді.

"Заңда көзделген жағдайлар бойынша еңбек шартымен жұмыс істеуге, оқуға, емделуге уақытша келген шетелдіктердің көші-қон қызметінде тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үй иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат болады, бұл көші-қон бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп толықтырды Аталықов.

Оның айтуынша,"шекарадан заңсыз өтуге, тіркеуге құжаттарды беру регламентін бұзуға байланысты кез келген жағдай ҚР заңнамасына сәйкес тоқтатылады".

"Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істейді. Шетелдіктердің уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңнамасын сақтауына бақылау жүргізілуде", - деді ол.

Қазір Қазақстанға Ресей азаматтарының көптеп келуіне байланысты ел ішінде алаңдаушылық күшейген.

"Қазақстанда көшіп келушілер үшін Қазақстан Республикасына келуінің және осында тұруының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары мен көші-қон бақылауын жүргізу қағидалары негізінде жүзеге асырылатын көші-қон бақылауының тиімді жүйесі жұмыс істейді. Заңнама шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібін толық реттейді. Бірде-бір шетелдік азаматтың көші-қон заңнамасы талаптарын елемей, біздің мемлекетімізде рұқсат етілген мерзімнен артық тұруына құқығы жоқ. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің азаматтары үшін көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында тұруының рұқсат етілген мерзімі жалпы ереже бойынша ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 90 күн өткен соң аяқталады. Көшіп келушілерді есепке алуды ішкі істер органдары қабылдаушы тұлғалардың ақпараты, сондай - ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен шетелдіктердің кіруі мен шығуын есепке алудың бірыңғай дерекқорына уақтылы келіп түсетін ҰҚК деректері негізінде жүзеге асырады", - дейді Аталықов.

Айта кетейік, Ресей 21 қыркүйекте жартылай мобилизация жариялағаннан кейін Қазақстанға келуші Ресейліктердің саны күрт өсті. 23 қыркүйекте ҰҚК Шекара қызметі шекарадағы жағдайды ерекше бақылауға алғанын хабарлады.

Abai.kz

114 пікір