Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4086 0 пікір 16 Қаңтар, 2013 сағат 08:37

Темірғали Көпбаев. Қазақстандағы қытайлар – қолайсыз қонақтар немесе «не істеу керек?»

«Ақырзаман боларда дүниені қара қытай қаптайды».

Бабалар сөзі

 

Жақыныңа жүргенде жаттай налып,

Жылмиған жұрт жеріңде қаптайды анық.

Қолайсыздау қонағың төрге шықты,

Үлгіргенше кермеге ат байланып.

Кер ат байлап қазақтың кермесінде,

Күн айналып жеткенше кең бесінге,

Алдарқатып рухыңды жеңбесін де.

Қарағай басын шортан шалар деген,

Асан шал көңіл айтып келмесін де.

Бұл өлеңді мен бес жыл бұрын жазғанмын. Түрткісіз ой қозғалмайды, толқусыз өлең жазылмайды. Республикамыздағы мегежіндей мекіренген орыс тілді бір басылымның болмағыр болжамы онсыз да көкірегімді сыздатып, сүйегімді сырқырата бастаған сыздауықты аша тұяғымен жаншып өткендей теңселтіп кетіп еді. Сондағы болжамының сықпыты мынау: «Қазақстанда қазір бес жүз мыңдай қытай бар. Енді он бес жылдан кейін мұндағы қытайлардың саны қазақтардан әлдеқайда көп болады». Бұл не?  Бұл болжам. Демек, жан шошытарлық болса да біздің елімізде осындай болжам жасауға негіз бар болғаны ғой.

«Ақырзаман боларда дүниені қара қытай қаптайды».

Бабалар сөзі

 

Жақыныңа жүргенде жаттай налып,

Жылмиған жұрт жеріңде қаптайды анық.

Қолайсыздау қонағың төрге шықты,

Үлгіргенше кермеге ат байланып.

Кер ат байлап қазақтың кермесінде,

Күн айналып жеткенше кең бесінге,

Алдарқатып рухыңды жеңбесін де.

Қарағай басын шортан шалар деген,

Асан шал көңіл айтып келмесін де.

Бұл өлеңді мен бес жыл бұрын жазғанмын. Түрткісіз ой қозғалмайды, толқусыз өлең жазылмайды. Республикамыздағы мегежіндей мекіренген орыс тілді бір басылымның болмағыр болжамы онсыз да көкірегімді сыздатып, сүйегімді сырқырата бастаған сыздауықты аша тұяғымен жаншып өткендей теңселтіп кетіп еді. Сондағы болжамының сықпыты мынау: «Қазақстанда қазір бес жүз мыңдай қытай бар. Енді он бес жылдан кейін мұндағы қытайлардың саны қазақтардан әлдеқайда көп болады». Бұл не?  Бұл болжам. Демек, жан шошытарлық болса да біздің елімізде осындай болжам жасауға негіз бар болғаны ғой.

Қытайлар дүниені басып барады. Әлемде бүгін қытай жүрмеген жер жоқ. Бұлар өте көп халық. Қытайлардың атамекеніндей болып кеткен Азия елдерін айтпағанда Америка, Еуропа, Ресейдің шығыс аймағы түгелдей Қытай экспансиясының астында қалды. Соңғы отыз жыл көлемінде дамудың даңғыл жолына түскен қытай экономикасы айды аспаннан бір-ақ шығарғаны шындық. Түрлі салалардағы өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы аса қарқынды дамыды. Ғарышты кеңінен игерді. Заманауи технологияларды ерекше менгерді. Қуатты ядролық державаға айналды. Дүйім дүние Қытаймен санасатын болды. Оның сыртында құмырсқадай құжынаған халық өзге елдерге қаптап қоныс аударып, бар әлемге қанатын жайды. Бұл үдеріс жыл өткен сайын күш алып келеді. Өзге елге аяғы жеткен қытайлар амалдап сол елдің азаматтығын алып, кері қайтпаудың қилы жолдарын қарастыруда. Мысалы, қытайлар АҚШ-ты жартылай басып алды десе де болғандай. Азаматтық-құқықтық ел болғандықтан Америка заңдары олардың мақсатын жүзеге асыру үшін өте қолайлы болып отыр. Қытайдағы Америка консулдықтарына лажы болса қытайларды мухиттан асырмау туралы іштей тапсырма берілген. Бірақ көптің аты көп. Миллионнан біреу өткенде де жыл сайын біраз қытай Американың жерін басады. Ендігі мақсат қайткенде де кері қайтпау, табан тіреп, тамыр байлап қалу. Америкаға жетісімен-ақ қытайлар әйелінің жатырына ұрық салады екен. Тоғыз ай, тоғыз күнде өмірге сәби келеді. Дәрігерлер мұқият тексереді. Ұрық Америка жерінде салынған. Демек туылған бала заңды түрде АҚШ азаматы болып саналады. Туған баласы АҚШ азаматы болғандықтан екі-үш жыл ішінде оның ата-анасына сол елдің азаматтығы беріледі. Ал АҚШ азаматы болу деген сөз сенің азаматтық құқығыңды Америка заңдары қорғайды дегенді білдіреді. Міне, есеп!

Бұл тұрғыдан алғанда шеттен келген тірі пендеге азаматтық бермейтін Араб Әмірліктерінің ұпайы түгел. Бірақ мұнда да уақытша жұмысқа жалданған қытайлар өріп жүр.

Қазақстанда жоғарыдағы болжамның негізсіз еместігіне күн өткен сайын көз жете бастағандай. Топ-топ болып Көктөбеде жайраңдап жүрген қытай, Шымбұлақта сайрандап жүрген қытай, барахолкада ойрандап жүрген қытай, мейрамханамызда тайраңдап жүрген қытай. Шүлдір-шүлдір етеді. Күлмең-күлмең етеді. Жылмиып, жымсиып, өзара түсініксіз бірдеңені шүлдірлеп жырқ-жырқ, тырқ-тырқ күлісіп жатқаны. «Бұл байғұстар бөтен елде жүріп неменесіне жетісіп күледі екен?» деп ойлаймын. «Бақсам бақа екен» дегендей, аңдасам менікі әншейін ой сияқты. Бөтен жер деп айылын жиып, қысыла қоятын бұлар емес. Мектептерінде саналарына сіңіргендей «ата-бабасының ежелгі  жерінде» алшаң басып жүруді армандап жеткенге ұқсайды. Түрлерінде титтей қысылу, қымсыну болсайшы. Жоқ. Керісінше, олардың кеудемсоқ қылықтарын көрген қазақтар біртүрлі жасып, өзін қораш сезіне түсетіндей. Талай ғасыр орыстың езгісінде болып, «ауызы түкті кәпірдің» қабағын бағып (әлі де солай), жалтақ, жәркеш күнге еті өліп кеткен қазақтың ми қуысына дендеп еніп, айықпас кеселдей жабысып алған құлдық сана белгілері қайтадан қау ете түсетіндей. Еренқабырғаның арғы жағынан айбар сездірген алты басты айдаһардың мысы баса түсетіндей.

Өмір болған соң әртүрлі жағдайда әртүрлі адамдармен кездесесің. Былтыр дағдарыс діңкелете бастаған соң Алматыдағы бір пәтерімді сатпақ болдым. Өзіміздің қаракөз қарындасымыз пәтерді көруге келді. Жап-жас. Жүзіктің көзінен өткендей сұлу. Еліктің лағындай ойнақтап тұр.

- Мен әзірге қарай тұрайын. Күйеуім жұмысбасты кісі. Жарты сағаттан кейін келеді,-деді. Жылжымайтын мүліктің бағасы құлдилап, өтпей жатқан тұсы. «Сатып ала қойса жақсы болар еді» деймін іштей. Сарғайтып күйеуі де келді. Мәссаған! Жасы алпысты алқымдаған қытай азаматы екен. «Міне, нағыз еркек!» Қырдың қызыл киігіндей боп ойнақтап тұрған қарындасымның мұрнынан су кетіп, мінәйі күйге еніп, мүләйім бола қалғаны. «Шалының»  асты-үстіне түсіп өліп барады. Сақау орысшасымен міңгірлеген қытай аяғын шешпей төргі бөлмелерді аралап кетті. Үй егесі деп мені көзіне де ілер емес. Ашуым келді.

- Сиколко просте?- деді қытай. Ызаға булығып тұрғам. Жарылып кеттім.

- Я вам квартиру не продам. Уходите!- деп есікті нұсқадым. Аңырып қалған қытай: «Шито с вами? Шито с вами?» деген күйі көзін жыпылықтатып шыға беріске беттеді. Көресіні қарындасымнан көрдім. Долданып, айтпағаны қалмады.

- Сатпасаңыз сатусыз қалсын. Алматыда өтпей тұрған пәтер көп, біреуін алармыз. Енді мына кісі қазақтарды «отсталый» халық деп ойлайтын болды ғой. Сіз білесіз бе, оның кім екенін? Ол дүние жүзін аралап жүрген адам. Сіз оның тырнағына да тұрмайсыз.

- Айналайын, оның кім екенін білгім де келмейді. Дүниені араласа солай қаңғырып жүре берсін. Бар білгенің сол болса, соңынан сен де кет! Мазамды алма. Бар!

Есік қатты жабылды. Намысым қайнады.

Жаздыгүні жоқ іздеп Алматыдағы «Барахолкаға» бара қалдым. Қаптаған қытай. Тілін түсінбеймін. Бірдеңе сұрасаң өзара шүлдірлесіп, мазақ қылғандай күледі. Заттарына көз жүгіртіп тұр едім ыңыршағы айналғандай, желкесіне ала қап өңгерген екі қазақ жігіті келді. Қаптарын түсіріп, қытайлардан екі жүз теңге алды. Үсті-басы алба-жұлба. Әбден қажыған. Екеуін сөзге тарттым.

- Бауырым, қай жерденсіңдер?

- Мен Семейден, мына бала Арқалықтан,- деді тарамыстау біреуі.

- Мұнда көптен бері істейсіңдер ме?

- Екі жылдай болды. Мынау менен бұрын келген.

- Күніне қанша табасыңдар? Күнкөріске жете ме?

- Өлместің күні ғой, аға. Тамағымызды әрең ажыратамыз. Жатар орынға төлеу керек. Киім алу керек дегендей. Кейде қарызға кіріп кетеміз.

- Мына қытайлар еңбектеріңе дұрыс төлей ме?

- Өй, бұлар тиынға тісін сындырады. Көріп тұрсыз ғой. Бір жүкке жүз теңгеден ғана береді. Одан артық бермейді. Бүкіл базарда сондай. Қарап отырамыз ба? Ала қапты арқалай жөнелеміз. Конкуренция көп. Сен апармасаң, басқа апарады. Жан бағу керек. Қайбір жетіскеннен жүр дейсіз.

- Оқып, жоғары білім алмаған соң көрген күнің осы болады. Намыстанбайсыңдар ма? Жап-жассыңдар. Неге оқып алмайсыңдар?

- Ой, аға-ай! Ақыл айту оңай ғой. Базарда  «дипломированный грузчиктер» де толып жүр. Жұмыс таппағасын осында келген. Менің оқығым келмейді дейсіз бе? Мектепті жақсы-ақ бітіргем. Оқудың бағасы аспандап кетті. Біз сияқты кедей-жарлының баласына ендігі оқу қайда? Оған қаржымыз жоқ. «Басқа салса баспақшыл» деп басқа түскенін көреміз дә.

- Қытайлар қаптап кетіпті. Көптен мұнда келмеп едім. Мұншалықты көбейіп кетті деп ойламаппын,- дедім ішкі күйінішімді шығарып. Самбырлап тұрған қара бала:

- Олардың көп болғаны бізге жақсы,- деп салды,- Қытай көп болса, жұмыс көп. Табысымыз көбейеді. Арғы жылы көктемде қытай жақты бір ай жауып қойып еді, қандай болдық? Нанға ақша таппай тентіреп кеттік қой. Сіздердің қарындарыңыз тоқ. Ештеңе білмейсіздер. Ал біз аштан қата жаздадық. Сондықтан бізге бәрібір. Қытай келе ме, шүршіт келе ме, әйтеуір жан бағатын жұмыс табылып тұрса болды. Аш адамға намыстың не керегі бар?

Түпсіз шыңырауға құлап бара жатқандай теңселіп кеттім. Аш адам ертеңін ойлай алмайтынын біліп тұрсам да «Бәрібір ертеңгі күнді ойламай болмайды» дегеннен әріге бара алмадым.

Намыс! Намыс! Қайран намыс!

Атилланың қылышының жүзіндегі намыс!

Томирис патшайымның көзіндегі намыс!

Бейбарыс бабамыздың кегіндегі намыс!

Күлтегіннің тасқа ойған  сөзіндегі намыс!

Қалмақтың басын сүйреткен намыс!

Жоңғардың қабырғасын күйреткен намыс!

Алаштың ардағына алау болған намыс!

Желтоқсанда жастарға жалау болған намыс!

Сен жасып қалғанбысың,  нар қазақтың намысы?

Жоқ, жасыма! Сілкін! Беркін! Даланың жас барысы!

Намыссыз өмір тұл. Дер кезінде қайрат қылып, намыс танытпаған сібірдегі ұсақ ұлыстар не күйге түсті? Заты түгіл атын ұмытып кеткен жоқ па?  Алып империялар ешкімді де аямайды. Қап тауларын қан қақсатқан қасірет неден болды? Алланың өзі өр етіп жаратқан шешен халқының намысы аяққа тапталмады ма? Көптің аты көп, мықтының аты мықты. Аз халық жеңілмейді, аз халық қырылады. Бірақ намыс жолында өлгенге не жетсін! Шешендер солай етті де.

Біз аз халықпыз. Намысшыл, өр халықпыз. Ал қытайлар көптен де көп. Көп халық көптігін жасап намысымызды аяқ асты етпес пе? «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деген бар. Оларға құшағымызды айқара ашақанда қалың нөпірдің астында намысымызбен бірге жаншылып қалмаймыз ба? «Бізге шекараны емес, есікті ашсаңыздар болғаны» дейді екен қытайлар. Есігімізді шалқалата ашып тастадық. Айналдырған он жылдың ішінде елімізге жарты миллионға жуық қытай кіріпті. Оларға етіміз үйрене бастаған сыңайлы. Қызымыз да, ұлымыз да солардың сөзін сөйлеп қалыпты. Бірте-бірте заман сондай болды деп, зиялыларымыз да солардың сойылын соқпас па екен? Бәрі мүмкін.

Шыңғысханның тұсында мұңғұлдар Қытайға шапты. Басып алды. Қытайды Шыңғысханның немересі Құбылай хан билеп тұрды. Ол туралы атақты жиһангез Марко Полоның жазбаларында көптеген деректер келтіріледі. Құбылайдың Қытайды неше жыл билегені, ол өлгеннен кейін мұңғұлдар ол жерде қанша уақыт тұрғаны белгісіз, әйтеуір жарты ғасыр өтпей-ақ Алтын елінде Шыңғыс ұрпақтарының ізі де қалмады. Қытайлар оларға қарсы соғысқан жоқ, мұңғұлдар көпке сіңіп ғайып болды. Жұтылып кетті. Көптің аты көп деген осы.

Бір жақын танысым Шанхайдың іскер қытайларымен ортақ жұмыс бастапты. Қытайға жиі барады. Барған сайын ауызының суы құрып, тамсанып қайтады. Оның әңгімесін бәріміз ауызымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдаймыз. Шанхай - ертегі қала сияқты. Таңдай қағар дүниесі көп. Бірде әзілге айналдырып әлгі қытайлардан:

- Осы сендер бізге қарсы соғыс ашып жүрмейсіңдер ме?- деп сұрадым дейді танысым. Сөйтсе қытайлар:

- Біздің халқымыз жер көкке сыймай жатыр. Соғысып қайтеміз. Отыз миллион әскерді тұтқынға берсек он алты-ақ миллион халқы бар Қазақстанның өзі де бір жақты болмай ма? Сонда сіздің адамдар бір-бірін таппай адасып қалмай ма? Содан кейін қазақтың қыздарының туғаны түгелдей қытай болмай ма?  - деп күліпті. Бұл әзілдің астарында талай бәле жатыр. Көптігін бұлдап отыр ғой.

Ой тыным бермейді. Көкірегімді шерге бөлеп, өлең келеді.

 

КҮРІШ ПЕН БИДАЙ

 

Еңку-еңку еңсерген,

Ер үстінде теңселген,

Ел едік-ау еңселі.

Елім, биік еңсеммен

Сүйіп өтем мен Сені.

 

Кетпесін деп кері күн,

Айға ұлыған бөрімін.

Уысында ұяттың,

Қайрап намыс-көрігін,

Дүбірінен тұяқтың

Түн  ұйқымнан жерідім.

 

Қыр астында құрысқан,

Қар талмауға тырысқан,

Қара ниет зымыстан,

Қол келеді шығыстан.

Қорасынан жай ұшқан,

Қол келеді қайысқан,

Құбыжықтай назары,

Құбылаға ойысқан,

Қасиеті құлтандай,

Қожасына майысқан,

Қыбыр-жыбыр тірлігі,

Қаласа жүз шайысқан,

Қой басының орнына,

Құрт-құмырсқа қойысқан,

Қалжасына қатынның,

Қақтап жылан сойысқан.

Қырсық күннің хабары,

Қысық көзді нойыстан.

 

Сайтан пиғыл секілді,

Сұм келеді не түрлі.

Көптің аты көп деген,

Көремісің нөпірді.

 

Бір қап күріш ішіне,

Бидай салып бір кесе,

Не болады замана

Диірменін үрлесе.

 

Бір қап күріш сезінем,

Бидай болмас бүрлесе.

Бидайыңның көзінен

Күріш шығып жүрмесе.

 

Күндердің күні болғанда бір қап күріш ішіне салынып, диірменнің тас қайрағына тартылған бір кесе бидайдай бар-жоғымыз білінбей кетпес пе екенбіз? Мұны айтсам, жау келмей жатып асан қайғыланып, ақырзаман төндірді демессіздер. Қауіптенбей болмайды. Қашанғы сырық мойын керіктің (жираф) күйін кешіп жүре бермекпіз. Жұмекен Нәжімеденовтің «Жираф» атты өлеңі бар еді. Қазақты - жираф дейді. Керіктің мойынының ұзындығы өзінің соры екен. Сауырынан бастап жеп жатқан айдаһар бел омыртқасына тіс тигізгенше «Ойбүй! Мынау мені жеп жатыр екен ғой» деген ой басына жетпейді дейді. Өйткені мойын ұзын, бас алыс. Жыртқышқа жем боп жатқаны миына кеш кіреді.   Ертерек қауіптенген ел ертерек қамданады. Әлгі газет болжағандай қытайдың қаптайтыны анық болған соң елдігімізді, егемендігімізді сақтап қалу үшін нендей қарекет, амал-айла қарастырған жөн? Тек қытай ғана емес, өзге де елдердің тәуелсіздігімізге көз алартпауы үшін, қазақтың жаншылған еңсесін көтеріп, құлдық санадан азат ету үшін не істеу керек? Тағдырдың теперішін көп көрген, әз басынан талай сынды өткерген асыл халқымызды бақытты ету үшін не қажет?

Меніңше келесі он жыл ішінде нақты мақсатқа бағытталған, сөз күйінде қалмай, іс жүзінде қолға алынатын шұғыл шаралар қолданылмаса біз кеш қаламыз. Уақыт - алтыннан да қымбат. Уақыт қытайларға қызмет етіп тұр. Уақыт төренің бетін өзімізге бұру үшін аса шұғыл шаралар ауадай қажет. Ол қандай шаралар?

Бірінші - ел басқарған ұлт шенеуніктері халықшыл болуы керек. Министрлер, әкімдер және солардың маңайындағы атқамінерлер қоғамдық мүддені жеке басының мүддесінен жоғары қойып, елдің рухы мен әл-ауқатын көтеруге барынша адал қызмет етуге тиіс. Обырдай опырып, жебірдей жей беретін әдетті қоятын кез келді. Мемлекеттік басшы қызметке барғандар баю үшін емес, халыққа қызмет ету үшін баруы керек. Коррупцияны өздері қоздатып, өздері күрескенсігеннен ештеңе шықпайды. Шұғыл түрде ел басқарудың жаңа тұжырымдамалары жасалып, басқарушы кадрлар қысқа мерзімдік қайта даярлау мектептерінен өткізілуі тиіс. Мұндағы басты мақсат - барлық деңгейдегі басшыларды  халыққа жақындатып, ұлттық мүддеге аянбай, адал қызмет етуге бағыттау, олардың көкірегінде ХХ ғасыр басындағы тәуелсіздікті жан жүрегімен аңсаған «Алаш»  қозғалысы көсемдерінің ұлтжандылықты бірінші кезекке қойған асқақ рухын ояту;

Екінші - шұғыл түрде мемлекеттік  ағарту бағдарламалары түзіліп, барлық деңгейдегі басқару тетіктері бұқара арасындағы үгіт-насихат жұмыстарына бір кісідей жұмылдырылуға тиіс. Мемлекеттік ағарту бағдарламасының негізгі мақсаты - Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттар мен ұлыстарды құрметтей отырып, олардың наразылығын тудырмайтындай ізгі әрекеттермен бес- он жыл ішінде қазақ жерінің шын иесі қазақ ұлты екендігін саналы түрде мойындату болуы керек. Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасында айтылғандай «қазақстандық» ұлт емес, керісінше тек қазақ ұлтының мемлекетқұраушы негізгі ұлт екендігін, сонымен қатар жергілікті ұлттың үлес салмағы 60 пайыздан асатындықтан Қазақстан Республикасы моноұлттық мемлекет екендігін, қазақ халқының қиын кезеңдерде көптеген ұлыстарға аяушылықпен қарап, құшағын айқара ашып, қамқорлық көрсетіп, төрінен жай бергендігін, сөйте тұра солақай саясаттың сойылына ілігіп, қызыл қырғын мен ашаршылықтың кесірінен қынадай қырылып, өз жерінде азшылыққа айналғандығын, олай болмаған күнде бүгінгі Қазақстанда қазақ ұлтының үлес салмағы ең кемінде 80 пайызды құрауға тиіс екендігін белгілі бір тарихи - саяси себептермен қазақ жеріне сырттан келген диаспоралар өкілдерінің санасына мықтап сіңіру керек;

Үшінші - Қазақстанның барлық жерінде, қоғамдық өмірдің барлық саласында ешқандай кедергілер мен қиындықтарға қарамай тез арада іс қағаздарын түгелдей қазақ тіліне көшіріп, ана тіліміздің мәртебесін ерекше көтеру керек. Өйткені тілді сыйламаған ұлтты сыйламайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды енді сандыққа салып қоюға уақыт жоқ. Мемлекеттік ағарту бағдарламасының негізгі саласы тіл мәселесі болуға тиіс. Түпкі мақсат - қазақ тіліне қажеттілік тудыру;

Төртінші - қазақ жерінің, қазақ мемлекетінің шын мәніндегі нағыз иесі қазақ ұлты болғандықтан оған Алманиядағы алмандардай, Араб Әмірліктеріндегі арабтардай, ең болмаса Америкадағы үндістердей ерекше азаматтық статус берілуі керек. Қазақты өтірік мақтап, алдап-арбап, құрғақ сөзбен құрсағын толтырудың енді түкке қажеті жоқ.  Ел басқару мәселесінде көзбояушы, алдамшы (показуха), жәдігөйлік пиғыл жалғаса берсе біз анық кеш қаламыз. Халқымыз көзбен көріп, қолмен ұстайтындай нақты көмекке, қамқорлыққа зәру болып отыр. Таңертеңнен кешке дейін көпірте беретін бос сөзден май түспейді. Қасаң сөз қазанда қайнамайды, қарынды тойдырмайды. Ашқұрсақ адамның еңсесі езіледі. Тектілікке арқа сүйей алмаған жанның армандары аласарады. Қорсыз,  қоңсыз кісі қорланғыш, жалданғыш, жасқаншақ болып, жер ұшық ұрғандай төменшіктеп қалады. Жайшылықта «Біз текті халықпыз!» деп кеудемізді соққанда алдымызға жан салмаймыз. Оның бәрі әзірше өткен тарих пен ауыздағы сөз ғана. Өкінішке орай тектілік бүгін жүректегі жалынға айналмай тұр.

Қазақстанда қазақтың шын мәніндегі текті халық екендігіне іс жүзінде ерекше акцент жасайтын мүмкіндік тәуелсіздік алған тұста-ақ туған еді. Белгілі себептермен ұлт рухының қайнары болып саналатын ана тіліміздің өркен жайып, мемлекеттік тіл ретінде салтанат құруы үнемі кейін шегерілді. Жаттың қабағына қараумен келеміз. Соның нәтижесінде ана тіліміз әлі күнге өз жерінде өгей баладай күн кешуде. Бұл мәселеде көрші өзбек ағайындар құрлы бола алмадық.

Ат төбеліндей топтан басқа қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен деңгейде. Тәуелсіздіктің аты бар да заты жоқ. Территориялық, экономикалық, рухани, ақпараттық тәуелсіздік ақсап жатыр. Тағы бес-он жыл әрекетсіз өткізіп алсақ қазақты шын мәніндегі текті, бақытты халыққа айналдыру мүмкіндігінен мәңгі айырылу қаупі төніп тұр. Онда тәуелсіздігіміз де ауызекі сөз күйінде қала бермек. Өйткені қытай қаптап келеді. Бүгінге дейін шала орыстанып, шала европаланып, шала америкаланып үлгірген жас ұрпақтың санасы енді шала қытайлана бастады. Қытайлану бәрінен де қауіпті. Себебі қытайдың шеңгелі қатты. Қарысқан жерінен ажырамайды. Сананы бір жауласа мәңгі жаулайды. Оның ықпалынан құтылу мүмкін емес. Жаттың ықпалына тез бейімделгіш халқымыздың (о бастан солай) қытайлану жолында да өзгелерден оза шауып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан, қазірден бастап, ұлтымыздың санасын қорғауға көшпесек болмайды. Ұлттық сананы қорғау мәдени мұраны, тарихи шежірені түгендеумен шектелмейді. Тарихты білген дұрыс. Зерттеу керек. Бірақ ол бүгінгі халықтың әлеуметтік жағдайын түземейді. «Бабаларымыз анадай болған, аталарымыз мынадай болған!» деген құр мақтан қазір ұлттың рухын тұтастай көтере алмайды.

Түрік халқының ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік: «Әрбір түрік азаматы өзге емес, түрік болып туғандығын бақыт деп санауы керек» деген қанатты сөзімен, сол мақсатқа жету жолындағы қажырлы күрескерлік істерімен тарихта қалды. Бүкіл түріктің рухын оятты. Дәл бүгін әрбір қазақ азаматы өзге емес, қазақ болып туғандығын бақыт деп санай ала ма? Әй, қайдам? Ұлтымыздың санасын өзге елдердің теріс ықпалынан қорғау үшін осы мақсатқа жетуге әрекеттену керек. Ол әрекеттің ең әуелгі көрінісі қазақ жерінде қазақ ұлтына ерекше азаматтық статус беруден басталуға тиіс. Бұл игі бастама төмендегідей нақты іс-әрекеттермен тиянақталғаны дұрыс:

1. Қазақстан Республикасының азаматтығы қандай мақсатпен келгендігіне, қандай әлеуметтік топтың өкілі екендігіне қарамай, шеттен келген адамдар арасынан тек қана қазақ ұлтының өкілдеріне берілуге тиіс.

2. Мемлекеттік қызметке немесе өндіріс орындарына жұмысқа қабылдау барысында ең әуелі тұрғылықты қазақ ұлтының өкілдеріне айырықша басымдық берілуі керек;

3.  Қазақстанда өмірдің барлық саласында қазақ ұлты өкілдерінің жеке куәлігі жеңілдіктермен теңестірілуі керек. Қазақ ұлты үшін білім алу, медициналық қызмет, жол ақы, коммуналдық төлемдер, салық көлемі өзге ұлттармен салыстырғанда жеңілдетілуге тиіс. Өйткені ол - ҚАЗАҚ! Бұл тұрғыдан алғанда америкалық үндістердің жағдайы бізден әлдеқайда жақсы. Тұрғылықты халық болғандықтан оларға білім де, медициналық жәрдем де, тұрғын-үй де көп жеңілдіктермен беріледі.

4. Өмірге келген әр қазақ сәбиі үшін берілетін бір реттік сыйақы мөлшері ұлғайтылуы керек. Ерекше жағдай жасалмайынша демографиялық дүмпу болмайды. Оның үстіне қазақтар жыл сайын миллион бала туып жатқан жоқ қой. Ұлтымыздың жылдық өсімі елеусіз ғана.

5. Бала күтіміндегі қазақ аналарына төленетін жәрдемақы көлемі көбейтілуге тиіс. Ананың жағдайы жасалса ғана ұрпақ өсімі артады. Қазіргі таңда қазақ ұлтының негізін құрап тұрған 30 бен 60-тың арасындағы адамдар. Өйткені сол тұста бала бағуға қолайлы кезең болды. Ауылдық жерлердегі әр отбасында жеті-сегіз, тіпті он екі баладан өсті. Соңғы  25 жылда қазақ жанұяларындағы бала саны күрт азайды. Жан бағу, күн көріс мәселесі қиын болған нарықтың өтпелі кезеңі ұлттық өсімге кері әсерін тигізгені анық. Бұл олқылықтың орынын толтыру үшін шара қолданар кез келді.

6. Шаңырақ құрған қазақ жастарына белгілі көлемде бір жылдық жәрдемақы тағайындалуы керек. Бұл шара жас отау иелерінің ертеңіне сенім береді. «Отан отбасынан басталады» десек жаңа көтерілген шаңырақ жастардың отанға деген сүйіспеншілігі мен ризашылық сезімін еселей түсетін, шаттыққа толы махаббат пен ізгі ниеттердің ордасына айналуға тиіс. Бүгінгі таңда жастар арасында ажырасу жиілеп, некесіз, уақытша бірге тұру құбылысының белең алып бара жатқаны ащы да болса шындық. Оның себебі мен салдарына үңілетін болсақ ажырасуға итермелейтін басты фактор - тұрмыс деңгейінің төмендігі. В.Маяковскийдің «Любовная лодка разбилась о быт» деуінің мәнісі де осында. Қосылмай жатып қиындыққа тап болған жас жұбайлар ауыр тұрмыстың дертесіне жұптаса жегілгенімен  қысқа жіп күрмеуге келмей діңкелетеді. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз шындыққа айналып, қиындықтан үміті қиылып, Мұқағали айтқандай «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген» тағдырлар қаншама? Тірі жетім бала, жалғызбасты ана осыдан шықпай ма? Өз азаматтарының тағдырына араша болып, әкелік қамқорлық таныта алмаған мемлекеттен, ығы жоқ таудай үкіметтен не қайыр?

Қазақстан Үкіметінің бүгінгі таңға дейін республика халқына жасауға тырысып жатқан жақсылығын жоққа шығаруға болмас. Біраз амал, әрекеттер қарастырылуда. Бірақ ол шаралар жалпы қазақтың еңсесін көтеруге мүлде жеткіліксіз екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Кейде ол ұмтылыстардың балаға ойыншық ұстатып алдағандай әсер қалдыратыны да өтірік емес. Дүниежүзілік дағдарыстың үкімет үшін алға тартып отыратын жалған бетпердеге айналғаны тағы бар. Қит етсе «жалғыз бізде емес, бүкіл әлемде дағдарыс болып жатыр ғой» деген сылтауды бетке ұстап үйренген үкімет елбасының өзі жиі айтатындай «Жұмыс істегісі келетін адам мүмкіндік іздейді, жұмыс істегісі келмейтін адам желеу іздейді» деген қағиданы көңілге тоқымаған сияқты. Шынтуайтына келсек, үкімет бүгінгі Қазақстан жағдайында қазақ ұлтының еңсесін көтеруге қолайлы ұшан-теңіз мүмкіндіктердің бірін де пайдаланбай отыр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371