Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2555 0 пікір 17 Қаңтар, 2013 сағат 07:40

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Ауқанның тауда соққыға жығылып, ант беріп қайтқан күнінен бес күн өткен күні таңертең, шай үстінде екі ұйғыр сақшы келді. Сып-сыпайы сәлем бере кіріп, бір-бір шыны шай ішті. «Аудандық сақшыдан келдік. Сізден сұрастыратын біраз ісіміз бар еді!» деп мені ертіп шықты да, етекте тұрған жеңіл машинасын нұсқады. Киініп шығу сылтауымен үйге қайта кірдім. «Назарбек атым өзгермейді» дегенді Күләнға сыбырлап ескертуге ғана мұрсам жетті.

Машинасының есігін ашып, қос алақан жайған құрметпен отырғызды да ала жөнелді. Назеке-Назеке атап келген құрметтері аудандық сақшының қақпасына кірісімізбен шор өзгерді. «Былай жүр!» деп шақ ете түсті біреуі. Абақтысына апарып кіргізіп, шойын құлпын сақ еткізді.

Түстен кейінгі сағат бесте мұндағы қыз-күйеудің әкелген тамағы тінтіліп кіргеніне қарағанда, сырттағылардың ешқайсысымен тілдестіре қоймайтындай. Тергеу ауыр болатын сияқтанды. Тамақ әкелген адамды маған білдірмей жолға салыпты. Кім әкелген тамақ екендігін де айтпады. Бірақ, менің таудан қолға алынып келгенімді естімесе, (ол маңда телефон жоқ болатын) қыз-күйеу хабарланып, тамақ кіргізбеген болар еді. Бұл жеделдікке қарағанда, Ауқанның таудағы қылмысын әшкерелеп, мені ақтау үшін қуа келгендер бар болса керек. Кешке жақын Күләннің мұндағы үйіндегі маған төселген жаңа төсеніш пен көрпе-жастық та кірді.

ІІІ

Ауқанның тауда соққыға жығылып, ант беріп қайтқан күнінен бес күн өткен күні таңертең, шай үстінде екі ұйғыр сақшы келді. Сып-сыпайы сәлем бере кіріп, бір-бір шыны шай ішті. «Аудандық сақшыдан келдік. Сізден сұрастыратын біраз ісіміз бар еді!» деп мені ертіп шықты да, етекте тұрған жеңіл машинасын нұсқады. Киініп шығу сылтауымен үйге қайта кірдім. «Назарбек атым өзгермейді» дегенді Күләнға сыбырлап ескертуге ғана мұрсам жетті.

Машинасының есігін ашып, қос алақан жайған құрметпен отырғызды да ала жөнелді. Назеке-Назеке атап келген құрметтері аудандық сақшының қақпасына кірісімізбен шор өзгерді. «Былай жүр!» деп шақ ете түсті біреуі. Абақтысына апарып кіргізіп, шойын құлпын сақ еткізді.

Түстен кейінгі сағат бесте мұндағы қыз-күйеудің әкелген тамағы тінтіліп кіргеніне қарағанда, сырттағылардың ешқайсысымен тілдестіре қоймайтындай. Тергеу ауыр болатын сияқтанды. Тамақ әкелген адамды маған білдірмей жолға салыпты. Кім әкелген тамақ екендігін де айтпады. Бірақ, менің таудан қолға алынып келгенімді естімесе, (ол маңда телефон жоқ болатын) қыз-күйеу хабарланып, тамақ кіргізбеген болар еді. Бұл жеделдікке қарағанда, Ауқанның таудағы қылмысын әшкерелеп, мені ақтау үшін қуа келгендер бар болса керек. Кешке жақын Күләннің мұндағы үйіндегі маған төселген жаңа төсеніш пен көрпе-жастық та кірді.

Сұраққа ертеңіне сағат онда шақырды. Тергеуші, ұйғыр хатшысымен үшеу екен. Бір ханзу бір қазақ тергеушінің сәлемдесіп, орындыққа шақырып отырғызуларына қарағанда жуастау көрінді.

- Биғабіл мырза, сен алдымен Шаяр Тарым майданынан шыққаннан бергі жүрген жолыңды сөйлеп бер! - деп төтесінен қойып қалды ханзу тергеуші. Екіншісі оның сөзін аударды. Заң тергеуіндегідей алдымен аты-жөн, жас, ұлт дегендей танысу сұрауларымен ісі де болған жоқ.

- Алдымен менің аты-жөнімді сұрауларыңыз қажет еді ғой! Менің атым Назарбек, шыққан жерім Үрімжі. Жол қағазым Құтыбидың қатынас бекеті асханасында тамақ ақшасын төлегенімде түсіп қалып жоғалған. Түсі таныс шофер куәлік еткендіктен жолдағы тексерулерден автобус билетімді көрсетіп қана өтіп келіп, Құлжаға қалалық сақшы мекемесіне кіріп мәлімдегенмін. Тексеру арқылы анықталған соң ол мекеме кепілдік қағаз берген. Сіздердің менен сұрамақ болып шақыртқан істеріңіз сол жолқағаз жөнінде болса керек?

- Әкел сол кепілдік қағазды! - Ханзу тергеуші шираққандай шыраймен тосын сұрады. Омырау қалтамнан суырып ұстата салдым. Оны ешқайсысы оқымай, сақтап қой деген ишарамен хатшыға бере сұрады:

- Егер Назарбек болмай, Биғабіл болып анықталсаң қайтейік?

- Үкімет заңы қайт десе сөйтерсіздер.

- Енді шыныңа келгенің дұрыс, Биғабіл мырза! - тергеуші күлімсірей қарады, аңырғанси қалған маған. - Факт толық, сіз - Биғабілсіз! Жөніңізге тез келмесеңіз, қылмысыңыз ауырлап кетеді!

- Мынауыңыз, аса күлкілі түсінік! «Факт толық» дейсіз тағы да! - Жүзіне қарап күліп жібергенімде қызарғандай болды. Факт деп отырғанның барлығы жорамал екендігін осы батылсыздығынан байқадым. - Факт деген ойдан шығарылатын құр сөз емес, жанқалтадан шығарылатын ақша да емес қой, Биғабіл кім, мен кім!

- Биғабіл дегенді өзіңіз, тіпті, танымайтын да болып шыққыңыз келіп отыр ма? -тергеуші де аңди қарады маған.

- Рас айтасыз, танымаймын, онымен көріспегенмін! Әйтеуір, бүкіл Шыңжанға суық аты тараған қатерлі оңшы екендігін еститінбіз!

- Биғабіл емеспін дейсіз ғой сөйтіп? Хы-хы-хы-һы-һы...ы.

- Күлкіңіз, Биғабілге айналдырып болғанбыз дегендей шықты ғой, қане айтып көріңізші, менен Биғабілді қалай жасап шыққандықтарыңызды түсінейін!

- Оны естірсіз, асықпаңыз! Ал, Назарбек болсаңыз, қазір не істейсіз?

- Автоном райондық банкіде едім. Сырқатты болғанымнан бергі көбірек уақытым Баркөлдегі үйімде емделумен өтті. Біраз жеңілдеген соң осы жазда туысқаншылап Іле жайлауында болып, бу арасанға түсуге келдім.

Үшеуі қатар күлді бұл жауабыма.

- Сөздің шындығына келмеуіңе ешқандай мүмкіндік жоқ! - деді ханзу тергеуші. - Сенің Назарбек емес екендігің, міне өз жауабыңнан да анықталды. Назарбек деген, автоном райондық банкіге 67-ші жылы келіп, 68-ші жылдың соңына таман қолға алынып кеткен. 70-ші жылы өлген. Ал, сен еңбекпен тәрбиеленуге 59-шы жылы кеткенсің. Сені де өлді деп естіп едік. Тірі екендігіңді, қашып кеткендігіңді Тарым майданы хабарлады!

Мен туралы Тарым майданының «қашып кетті» дегені өтірік жалаға арқаланып, қасақана қатты күлдім:

- Назарбектің де тірі екендігін енді түсінгендеріңіз жөн шығар! Назарбек өлген емес, қолға алынған да емес, қатты ауру болып, 68-шы жылы Үрімжіден үйіне қайтқандығы, ұзақ аурудан жеңілдеген соң бу арасанға түсемін деп келіп, абақтыларыңызға түсіп, алдыларыңызда отырғаны сіздерді өзінің тірілігіне сендіре алмай ма! Мені Биғабіл деп отырғандарыңыз Ауқанның жаласына сенгендіктеріңізден ғана! Оның не үшін осыншалық бетсіз жала жапқандығының себебін де тыңдап көріңіздер енді. Ауқанның әнеу күні Күләнді іздеп тауға шыққанында не қылмыспен соққыға жығылғандығын естідіңіздер ме? Ол...

- Сен, біздің бұл тергеуімізді Ауқанмен байланыстырма! - Ханзу тергеуші столды зекіре шапалақтап жіберді. Нақтылы тергеушімнің, осы біреуі ғана екендігі, қатарындағы қазақтың тілмәш екендігі тергелгенімнен бастап байқалып еді. Менің кейінгі жауабыма оның хатшы ұйғыр жігітпен аңыраса қарасып қалғандығынан, тіпті көп істен бейхабар, қарапайым тілмаш екендігі айқындалды. Ал, тергеушінің өзін де Ауқанның аты аузымнан шығысымен арс ете түскенінен тани қойдым, сол қандықолдың қайрап салып отырған жемтіктес қорғаушысы екен. - Партия мен үкіметіміздің саяси кадрын бұлай иянаттауларыңа жол қоя алмаймыз! - деп жіберді тағы да. - Сенің алдамшы қалтаңа түскендер кешеден бері соған жабысып жатыр! Бұл тергеумен біздің кері төңкерісші шпион ұстауымызға Ауқан жолдастың ешқандай байланысы жоқ! Ол - басшы кадр!

- «Басшы», «саяси кадрыңыздың» ешқандай байланысынсыз қолға алдыңыздар ма мені! - деп мен енді қадала қарадым өзіне. Таудағы жауынгерлерімнің қуа жетіп, Ауқанның жаңа қылмыстарын әшкерелеп, мені құтқару үшін айтысып-тартысып жатқандығы тергеушінің мына сөзінен толық әйгіленді. Енді бұған қорғана жауап берудің қажеті қалмады. - Жиырма жылдан бері «кері төңкерісші», «оңшы», «ұлтшыл», «шпион» деп қаматып, айдатып, өлтіртіп келе жатқан кәсіптік жалақор Ауқанның қатысы жоқ па бұл іске? Хатшы жолдас, мен анықтап асықпай сөйлейін, мына факттерімді қалдырмай жазуыңызды өтінемін! Осы Құлжаға келгенімнен бері мені маңайымдағы жесір әйелдерден күндеп, «қашқын», «кері төңкерісші», «шпион» дейтін жалаларымен қолға алдыра алмай ізіме түсіп жүрген болатын. Жасырын жендет жұмсап, пышақ салдырып өлтірте алмай қалған түндері де бар. Бұлай өшігуіне айғақ, куә болатындар көп. Сол Ауқанның қатысы жоқ па бұл іске! Жолхатымның жоғалғандығын анықтап, кепілдік қағаз беріп отырған қалалық сақшы мекемесіне шақырта алмай, менің жөнімнен бейхабар осы аудандық сақшыға айдатып әкелдірген де сол Ауқан! Сол «саяси басшы кадрыңыз», осы үш-төрт күннің алдында ғана тауға шығып, үйінде мен жоқ уақытта немере қарындасым Күләнға басқыншылық істемек болған. Мақсатына жете алмаған соң қолын қайырып шығарған! Оған ара түскен ауылдастарын оқтаулы алтыатарымен атпақ болғанында мылтығын мен жұлып алып, оқтан адалап қайтарғанмын. Алысып жүріп оғынан айырылғандығын білмей қалған Ауқан, сонда да бір жігітті маңдайынан екі атып от алдыра алмаған соң дүмімен ұрды. Осыншалық басынғандығы себепті сол жердегі ферма мүшелері түгел тепкіледі. Сол «саяси басшыңызды»! Ашынған кекті халықтың өлтіріп тастауынан қорқып, әтірет бастықтары және мен жігіттерге жалынып жүріп, әрең тоқтаттық. Әтірет бастықтары Ауқанға мұнан соң зорлық-зомбылық  істемеу жөнінде ант жаздырып алып қоя берді. Ал, сол ең қатерлі кезеңде мылтық атқызбай қойған маған, сол «саяси басшы кадрыңыз» бұрынғыдан да қатты өшіккен. Өзінің дағдылы жалақорлығымен мені шпион деп айдатып әкеліп қаматып-тергетіп отырған - сол өшіккен бастықтарыңыздың бұйрығы. Ал, мен рас шпион болсам, сол саяси басшыларыңыз соншалық көзіккеннен бері қашып жоғалмас па едім? Мұнда қарайлайтын ата-анам да, бала-шағам да жоқ, салт басыммен ғана келген жалғыз жолаушымын ғой! Мұндай ахуалда бой тасаламай, алаң-ашық бейғам жүре беретін шпион бола ма екен! Тергеудегі мәселені Ауқан мен оның көмекші жемтіктесінің бұйрығы емес, істің шындығы шешеді!

- Ақ болсаң, өзіңді ғана ақтап алмай, басшылыққа жармасып, қылмысыңды ауырлата беретіндей, денің сау ма өзіңнің? - деп су жұқпас тергеуші тағы да зекіді.

- Ауру болсам да ақылым сап-сау екендігін әлі де білмей отырсыз ба? Лай судан балық аулап, қырып-жойып келе жатқан Ауқандай атышулы қандықолды қорғаштауды, есі дұрыс, дені сау өздеріңіз қашан қоймақсыздар? Бижінде, тіпті одан бергі Үрімжіде тоқтағалы жылдан асқан «әлем күресі», «мәдениет төңкерісі» аталған лайсаң сайқалдықтар Құлжада әлі тоқтамай, жала жауып адам аулау науқаны әлі жүргізіліп жатқанына кім жауапкер болмақ? Осындай есерсоқ, тәуекелшіл, басқыншы, зорекер қандықолды әлі де «саяси басшы» атап отырған өз басыңыздың денсаулығы қалай? Мұнан соң сіздер емес, халықтың тергеп, жауап алуға тиісті болып қалғандығын әлі түсінбедіңіз бе! Жолдастар, егер заң кадры екендіктеріңіз рас болса, бұл жолы мақсатына жете алмай қалған басқыншы, қатыл[1] Ауқанды бұрынғы аса ауыр қылмыстарымен қосып, халық алдында енді өздеріңіз жазалап берулеріңіз шарт! Егер Ауқанның қылмысты істеріне ортақтықтарыңыз болмаса, оған қарсы ымырасыз күрес ашатын уақыттарыңыз әлдеқашан жеткен. Ертең-бүрсікүні не болатындығын ойлап қорғаштаңыздар оны! Назарбек, тіпті тірі болса Биғабіл да табылады. Ешқайда кетпейді. Ал, мына Ауқанды жазалау-жазаламау мәселесі өздеріңізге ең зор сын болмақ!

Осыны сөйлеп бола бергенімде, ауыз үйден разылық-сүйінішті дыбырлар естілді. Бір-біріне жалтақтаса қарасып отырған тергеу қызметкерлері хатшыға ым қақты. Хатшы шығып, ауыз үйден айқайлап қуды, көп адам тыңдап тұр екен. «Біз, осындағы тергеушілерді іздеп, арыз айтқалы келіп тұрмыз, пікірімізді айтпай, тыңдатпай кетпейміз!» дегендей өткір даурықтар естілді. Нәзипаның дауысы айқын танылды маған. Хатшының «арыздарыңыз болса да, пікірлеріңіз болса да анау бөлімге барып айтыңыздар, бастықтар сонда!» деген жұмсақ жауабымен шыққандықтары естілді.

Үкімет пен қоғамның қазіргі ахуалы жөніндегі менің түсінігім дұрыс болмаса, Ауқанның тергеушілері дүрсе қоя беріп, бұл сөйлеген үгітім түгіл өзімді де үгіп жіберетін позиция көрсетер еді. Ойланысып қалды. Нығая түстім. Бірақ тергеуші, біраз ойланыстан соң жұмсақ та бәсең үнмен үрейді аларлық зілдей ауыр түсінік беруге кірісті:

- Бұл тексеруіміз, мәдениет төңкерісі де, Ауқанның ісі де емес. Соны ұғып алыңыз, шекара мәселесі! Шужұңжуидың бұзғыншылығына қарсы күресіміз ешқашан тоқтамайды! Сіз, Биғабіл болсаңыз да, Назарбек болсаңыз да бізге бәрі-бір, екеуіңіз де көрінбей кеткендіктеріңізге көп уақыт өткен. Ал, бүгін Үрімжі де емес, дәл шекара түбіне қалай пайда бола қалдыңыз, соған жауап беріңіз! Тіпті, Назарбек-ақ болыңызшы, тексеріп анықтауымызша сіз жоғалғалы он жыл болған. Содан бері сізді көрген ешкім жоқ. Қайда болғандығыңызды сөйлеп беріңіз! Енді шындығыңызды сөйлемей құтыла алмайсыз! Бекер қиналмаңыз, сіз үшін ендігі ең оңай жол, Совет шужұңжуишыларына қай шекарадан өтіп кеткендігіңіз бен мұнда олардан не міндет алып келгендігіңізді шыншылдықпен сөйлеп беру ғана. «Мойындағанға кеңшілік, қасарысқанға қаталдық»  - біздің қылмыс өткізгендерге қаратылған бұл саясатымыз мәңгі өзгермейді!

Мысқылды жымиыспен қарадым тергеушінің жүзіне:

- Ауқан тағы да қандай түс көріпті, бәрін айтыңызшы!

- Бұл - Ауқанның түсі емес, өз қылмысың! Біздің тексеріп табуымызбен қойылып отырған факт! Қылжақтамай жауап бер!

- Жиырма жылдан бері қылжақтап дағдалған ауыздар ғана қылжақтап отыр. Бұл айтып отырғаныңыз факт емес, есі кеткеннің епсіз-қисынсыз жаласы! Менің қайдан келгендігіме шынайы факт мынау! Бұл, ұяты бар тергеушінің тілін буатын заттық факт! - Күләннің берген Үрімжі автобус билетін алдына қоя сөйледім. - Он жылдан бері үйімде, төрт балам мен кемпірімнің қасында болдым. Бұларды тастап, ауру басыммен басқа мемлекет шекарасына өтіп кете алмаймын, бұл да факт!

- Ешқайда шықпадың ба? Он жылдан бері сені ешкімнің көрмегендігі де факт емес пе, бұрынғы қызметтестеріңнің біреуіне көрінбегендігің, басқа мемлекетте болғандығыңның факты емес пе!

- Содан бері әлденеше рет Үрімжіге келіп дәрі алып қайттым. Мені көрген адам көп. Бірақ, мәдениет төңкерісі дейтіндеріңіздің алғашқы кезіндегі жақын қызметтестерім жоқ. Қамалып-айдалып кеткен бе, иә, көше-көшеде қарсы көзқарастағылармен соғысып жүр ме, немесе үйлерінде тығылып жата ма, білмеймін. Әйтеуір мен іздеп келгенде қақпалары да берік тұрады. Ал, көбі, мен түгіл бірін-бірі танымайтындай, ұмытып та кеткен. Естерінде өздерін қорғаудан басқа ештеңе қалмаған. Сіздер қазіргі Үрімжіні бұрынғыдай деп білсеңіздер, мәдениет топалаңының, тіпті өздеріңіздің де не істегендіктеріңізді білмейді екенсіздер!

- Жә, уақыт деген бір жерге барып қалыпты, - деді қолсағатын қараған тергеуші. - Енді былай болсын, сен айдалып кеткеннен бергі, өзіңше айтқанда ауырғаннан бері қайда барып, қайда болғандығыңды, жыл-ай күн числосы бойынша жазып шық! Шыныңа келмесең қылмысың тіпті ауырлап кететіндігін ұмытпа!

Мені хатшыға айдатып, абақтыға қайтарды. Жалғыз жатқан өз нөміріме кіріп келсем, менің орын төсегіме қатарластырып жайылған шапан үстінен тегістелген қырма қара мұртты қызғылт сары жігіт секіріп түрегелді. Қолына қыспақ, аяғына кісе салынған екен. Мен тергелуге кеткен соң келіп қамалған бейтаныс жаңа «мейман», маған пәле көтере түрегелді орнынан:

- Ассалаумағалайкум, Биғабіл аға! - деп барлық жасырып жүрген атымды әшкерелей салғанына жүрегім зу ете түсті. Айдап келген хатшы да жаңа «мейманға» тікірейе қарап тұра қалған екен.

- Уағалайкумассалам! - деп сәлемін оншалық бөгелмей қабылдасам да, үрейлене үңілдім жүзіне. Осы Құлжада ғана сырттай көрініп жүрген бейтаныс жігіт екендігін шырамытқандаймын. Бірақ, мұртынан емес, қасының үстіндегі кішкене тыртығы мен қызылсары арық жүзінен, алағайлау бір көзінен шырамыттым. Мына әдемі қара мұрты болмаса, сыртымнан екі рет көрініп күдіктендіре өткен сол сүркей жігіт сияқты. Сонда да толық айқындала қоймады, күлімдей қарап, жылы шырай көрсетті.

- Сәлем беруің теріс емес, жігітім, - дедім, сәл ғана кідірістен соң. - Бірақ, маған қойған атыңда мүлде жаттық бар! Сен кімсің?

- Үйбай-ау, танымай қалдыңыз ба, Биғабіл аға, Тарымда әтіретіңізге іргелес әтіреттен келіп, сәлем беріп жүруші едім ғой, рас, онда мен семіздеу едім. Ауру айландырып арықтағандығымнан танымай қалдыңыз-ау деймін. Атым Жарылқасын еді ғой!

- Сен Тарымда болғаныңмен, ол майданда мен болмасам, мен қайдан танымақпын, сен қалай танымақсың!

- Сені кім әкеліп қамады мұнда? - деп хатшы тергей жөнелді оны.

- Мені сақшылар әкеліп қамады!

- Не қылмыспен қамады?

- Тарымнан келген бейшараларға ойда жоқ жала жабыса береді екен. Қашып келдің деп қолыма қыспақ салып әкеліп, осы бөлмеге кіргізді де мына кісенді де салды!

- Тарымнан қашан келіп едің?

- Алдыңғы жылы күзде майданның өзінің кешірімімен, жолдау қағазымен келгенмін. Бірақ, ол қағазым осы жазғытұрым жоғалған. Үйіме келіп алған соң майданның ол қағазы күн өткен сайын керексіз сияқты көрініп, жанқалтамда тозып жүретін.

- Үйің қайда?

- Үйім осы қалады. «Айранбақ» жақтағы шет көшеде! Тарым майданынан кешірім қағаз алып келгенімді семьямдағылар да, қошналарымыз да көрген!

- Ал, мына адамды қайдан көрдім дедің? - Хатшы мені нұсқап сұрады одан.

- Биғаң ағаны ма? Тарымда, бұл кісінің әтіретімен қошна әтіретте болатынмын. Екі жыл көрісіп тұрғанбыз!

- Сен өзің ол майданның қайсы әтіретінде болып едің?

Бұл сұрауға қара мұрт пәле ойланып қалып, әрең жауап қатты:

- Тың игеретін үлкен әтіретте.

- Биғабіл де сонда болып па еді?

- Соған іргелес, жақын әтіретте екі жыл тұрған.

- Онан соң қайда кетіп еді?

- Білмеймін, басқа әтіретке ауысып кетті деп естігенбіз!

Менің тұрған әтіретімді бұл пәленің білмегендігінен, Тарым майданында мені көргендігі түгіл, ол майданда өзінің де болмағандығы айқындалды. Қауіптен жеңілдей қалдым.

- Сіз көріп пе едіңіз мұны? - деп хатшы менен сұрағанда жымия қарап жауап қаттым:

- Өзім Тарымды көрмесем, ол майданнан мұны қайтып көрмекпін! Осы қала көшелерінен ғана көрініп жүрген! Қазір мұның мені «Биғабіл аға» деп атымды өзгертіп атап, өтірік танып тұрған себебін айқындап алып жауап берейін!

- Сені бұл нөмірге әкеліп қамаған кім? - Хатшы одан тігіле қарап сұрады.

- Аттарын білмеймін!

- Түрін танисың ғой?

Бейтаныс мұртты бас изеген соң, хатшы мені жеңімнен есік сыртына тартып, «аз уақыт қана сақтана тұрыңыз!» дей сала қайта итермелеген болып кіргізіп, құлып салды. Мен бейтаныс жігітке тағы үңілдім. Өз шырайына шымқай қара мұрт та үйлеспейтіндей, жасама мұрт сияқты. Оны анықтаудың алдында сылтауын тауып, өзін тінтіп алуды ойластырдым. Өтірік қамалған жасос болса, құр қол да емес шығар. Қатер төндіруі мүмкін. Өз төсегіме қарай сала сұрадым:

- Үй, менің орнымды кім тінткен?

- Мен келген соң тінткен адамды көрмедім, аға! - дегенінше өзім аударыстырып, ақтара тінттім көрпе-жастығымды.

- Мынаның астына қойып кеткен елу юан ақшаны кім алды? - Қадала түстім өзіне.

- Құдай біледі, Алла біледі, мен алмадым, ағатай! - Азар да, безер болды мейманым. Астынан іздеген болып, шапанын жұлып ала сілкігенімде, бір жеңі ауырырақ сезілді. Қолымды сұғып жіберіп, жең астарынан жарқылдаған қанжарды суырып алдым.

- Абақтыға мынадай құрал алып кіруге кім рұқсат етті? Мақсатың не? - Білегінен тартып, былай шығарып алдым да жауап бермесе де тергей жүріп, үстіндегі киімін тінттім. Асау жылқыны алдағандай өрлете сипап келіп, мұртын жұлып кеп алдым. Теп-тегіс қырқылған қара ешкі терісінен жасалған мұрт екен. Өң-түсінен айырылып, қалтырап кетті қаскөйім.

- Жә, мен алдымен өз шынымды айтайын, ақшам жоғалғаны өтірік! - дедім мен. - Сенің мені «Биғабіл аға» атап, жала жапқаныңнан-ақ, осында Ауқан мен оның көмекшілерінің тапсырмасымен келгеніңді білгенмін. Соларға тыңшы болып, менің соңыма бұрыннан түсіп жүрген тыртық маңдай болатынсың! Қай кеште қайсы үйге барып мейман болғанымды да Ауқанға сен жеткізіп жүргенсің! Менің алдымда сенің өткізген қылмысың екеу. Бірі менің атым Назарбек екендігін басқалардан сан рет естіп жүріп-ақ, қожаларыңның бұйрығымен Биғабіл атап, жала жапқаның! Екінші, тағы да солардың берген қанжарымен мені өлтіріп, ертіп келген сақшыңның көмегімен осы абақтыдан қашып шығып кетпек болуың! Менің өзіңе титтей жазығым болмай-ақ осыншалық зор қастық сайлағаның үшін мен сені де енді аямаймын! Тек, шындығыңды маған толық сөйлеп берсең ғана жеңілдік табасың! Енді өздігіңнен сөйлеймісің, болмаса мына қанды қанжарыңмен мұртыңды жайып тастап, өлгеніңше тепкілей берейін бе? Егер менің тепкімнен өліп кетсең, «маған қанжар жұмсағандығыңнан» өлген болып дәлделенесің!

- Сөйлейін, ағатай, сөйлейін!

Ол жүгініп отырып алып сөйлей берді де, мен жаза бердім. Өзінің Тарым майданына барып көрмегендігін, мені бұрын танымайтындығын мойындады. Мені Биғабіл деп атаудағы мақсатын сұрағанымда, бірінші көзқарастың «Әбдірейім атты бір топ басшысы сізді Биғабіл атап сынап көруге жіберген» деп қана қойды. Ауқан штабының, иә, мені тергеп жатқан прокуратура тергеушісінің тапсырмасымен келгендігін мойнына алудан қорқып, бас тартты. Бұған да мойындатудың дәлелін сөйлеп отырғанымда хатшы бір офицерді бастап кіріп келді. Түсі жылы қызылкүрең хатшының сұрланып, суық шыраймен кіруінен екеуінің қатты айтысып, ызаланып кіргендігін байқадым. Қаскөйді менің қасыма осы офицер абақты кілтшісін алдаумен әкеліп қамаған тәрізді. «Бұл адамды біз ешкіммен тілдестірмей тексеру үшін жалғыз қамағанбыз!»  деп хатшының кіре сөйлеуінен ұқтым бұл жайтты.

Қанжар мен жасанды мұртты қолыма ала түрегелдім де, өтілген оқиғаны екеуіне кезек қарап мәлімдедім. Бұл жасосының қолына қыспақ, аяғына кісен салған болып, қылшылдаған қанжармен құралдандырып әкеліп, жасанды мұртпен менің қасыма жатқызғандағы қаматушының мақсаты сөзімде ашық әшкереленді. Қанжарға қолын бұрынырақ созған офицерге бермей, тергеу хатшысына міндеттеп ұстаттым:

- Абақтыға жасырын кіргізілген қанжар түгіл, адам өлтіре алмайтын теміртек кездік те тексерілуге тиісті! - деп анықтап тапсырдым хатшыға. - Ал, мына жасанды мұрт, жауабыма факт болу үшін өзімде қала тұрсын!

- Жүр! - деп зекіген офицердің бұйрығы бойынша жасос, шапанын қолтығына қысты да, кісенін шалдырлата жөнелді. Хатшы маған қарап тұрып қалды да, тексеріп жазған қағазыма үңіліп күлді:

- Сіз, аса қабілетті тергеуші екенсіз! Жарайды, бұл материал да өзіңізде тұрсын! - дей шыққанына ішім жылынып қалғандай болды. Хатшы абақты құлпын асыға салып, әлгі екеуінің соңынан қуа жөнелгенін есік саңылауынан көріп қалдым.

Екінші рет тергеуге ертеңіне сәскеде басқа бір сақшы айдап апарып кіргізді мені. Тергеуші, кеше түстен кейінгі абақтыда болған оқиғаны бастан-аяқ «естігендігін» алдымен сөйледі.

«Ол жігіттің басқа бір көзқарастағы топтың бірінші көзқарас штабын арандату үшін жіберген жасосы болып анықталғандығы, оның үстіндегі  тергеуге өзінің де қатынасқандығын» айтты.

Сен шет ел жасосы болғандықтан біздің ішкі ісімізге араласпайсың! Ол оқиға жөнінде қарсы сұрау қоюыңа, оны дәлел-факт етіп, бізге қарсы шабуылдауыңа рұқсат жоқ! - деді соңында. -Себебі, біз осы үшеуміз де прокуратура жағынан тағайындалған, ешқандай көзқарас тобында болмаған қалыс тергеушілерміз! Ұқтың ба?

- Қаншалық қалыс екендігіңді ұғып болдым! - деп күле жауап қайырдым мен. - Сол «арандату үшін» абақтыға кісендеп кіргізген жсосыңызды қанжары мен жасанды мұртын өз алдына жайып қойып, мен де тергеп үлгергенмін. Оның абақтыға сіздерді емес, бірінші көзқарас штабы жағынан мені арандату үшін келгендігі өз мойындауымен анықталды. Қылмыспен кісенделіп, қолға алынып кірген күнәһарға қанжарды да ұстатып кіргізген сақшы мен прокуратураны көргенім осы болғандықтан ғажапсынып тергедім, айыпқа бұйырмайсыз, ол менің өз күнәһәрім! Өзіне жасырын қастық істемек болған жауды өз қолына түскенде әрқандай адам әрқандай жағдайда да тергеуге тіпті, жазалауға да хақылы! Менің сөйлеуіме рұқсат етпейтін мәселеңізді сөйлемей-ақ қояйын. Бірақ, оның таңбақ болған «Биғабілін» сіз де таңбаңыз маған! Себебі, оның өзі мойындады! Бірінші көзқарас штабының жіберген жасосы екендігін тіпті айқын сөйлеп берді!

- Айттым ғой мен саған, ол басқа көзқарастағы бір топтың арандату үшін жіберген жасосы деп! Үкіметті арандату үшін келген жасос, әрине біздің саған қойып отырған мәселемізді алдыңа қоймай, сөйтіп, біз жақта болып алып қанжар жалаңдатпай арандата алмайды. Осыны да түсінбеймісің?

- «Осыны да түсінбеймісің» дедіңіз бе, ха-ха-ха-һа-һа...а.. Өте түсінікті екен! Түсінейін-түсінейін, маған қоятын сұрағыңызды енді қоя беріңіз! - деп тағы күлдім.

- Неге күлесің? - Зекіп қалды маған.

- Күлкі жөніндегі жауабым айтылар, менен сұрайтын мәселеңізді сұраңызшы алдымен!

- Сен, Назарбекпін дейтін қалжақты қойып, шыныңа кел, сенің Биғабіл екендігіңе фактымыз көп!

- Міне, бұл қалжаққа күлмей қайда күлерміз! Бұған фактыңыз «көпті» былай қойып, мүлде жоқ! Мен, өзімнің атым Назарбек екендігіне сенімім кәміл болғандықтан, ол жөнінде факт қоя алмайтындығыңызға да сенімім кәміл! Кешегі жігітіңізге мені «Биғабіл аға» дегізіп, мүлде өтірік танытпақ болғандағы мақсатыңыз да мені осы сұрағыңызға мойындату үшін емес пе еді!

- Араластырма ол оқиғаны дедім мен саған! Түзу жауап бер! - деп ақырды тергеуші!

- Өзі араласып кетіп тұрмай ма, ха-ха-ха-һа-һа...а.., тергеушінің өзі артына қарамай, маған Биғабілсің деп қайта қадалғанда, бетсіз қара мұрт килікпей қайтпек! Өздеріңіздің мен туралы жалаларыңызды іске асыратын факт таба алмағандықтарыңыздың ең айқын дәлелі сол жасанды мұрт оқиғасы болғандықтан, оны айтудан мені шектей алмайсыз!

- Сені Күләнді қалай таптың?

- Назарбек болсам Күләнді таба алмай ма екенмін?

- Назарбек деген тірі болса да, Күләнді танымайтындығын білеміз!

- Назарбектің Күләнді «танымайтындығын» қалай білдіңіз? Оның жақын жүрген досы ма едіңіз?

- Назарбек Үрімжіде тұрғанда Күләннің үйіне бармаған, сұрастырып та көрмеген! - деп ақырды тергеуші. - Сен қылжақтамай дұрыс жауап бер, прокуратура мен сақшы орындары сенің қылжақтайтын кісің емес!

- Бұл жолы шыныңызды айттыңыз, кісі емес екен! Ып-рас, солай болып кетіпті! «Назарбек деген өліп қалған» деп өзінің көзін бақырайтып қойып көкіген ол бетсіз, Назарбек өзінің немере қарындасы Күләнмен «таныс емес» дегенге де жетіп отыр. Сондай «кісі» бола ма екен! Ол шақта оңшы Күләнді қып-қызыл төңкерісші Назарбек әшкере іздей ме! Бұл сіздерге қарсы қылжақтауым емес, осыншалық қараңғы үкіміңізге қарай айтылып отырған шынайы фактты жауап!

- Өзің прокуратураның тергеу құқығына, заңға бағынасың ба, жоқ па?

- Заңға бағынбасам аудандық сақшының шақыртуына келіп, абақтыңызға кірем бе! Тек, сұрау-тергеудегі көрсетіп отырған факттеріңіз бен пейілдеріңізден өздеріңізді түсінбей отырған жайым бар. Менің қылжақтағандай болып көрінбеуім үшін алдымен мынаны түсіндіріңізші. Сіздің заң қызметіне тағайындалғаныңызға неше жыл болды?

- Аш көзіңді, мен сені тергеп отырмын, сенің мені тергейтін құқығың жоқ!

- Рас айтасыз, менің қарсы сұрау қоюға да құқығым жоқ екен. Солай болса да заңды кімнен үйренгендігіңізді білуге мұқтажбын. «Стиль түзету» науқанының алдындағы заң қызметкерлері болмаса, кейінгі қызметкерлер заң дегенді Ауқандардың бұйрығы деп қана түсініп келген. Заң қызметкерлерінің заң бойынша қызмет істемегеніне жиырма жылдан асты. Сондықтан заң дегенді өзіңіздің қайдан үйренгендігіңізді білмей жауап бере берсем қателеседі екенмін. Мәселен, мен өзімнің шындық жауабымды фактпен қаншалық дәлелдеп тұрсам да оны құлақпен тыңдаудың орнына танаулап, «заңға бағынасың ба, жоқ па» деп сұрадыңыз. Мұныңыз, «Ауқанның бұйрығына бағынып, шпиондыққа мойындайсың ба, жоқ па?» деген масқара мағынадағы сұрақ болып қалмады ма! Мен Ауқанның жаласына әрине мойындамаймын. Ол, заң емес, Ауқаныңа сондықтан бағынбаймын! Бұл жайымды сіз «заңға бағынбағандыққа» шығарып, қатты өшігіп отырсыз. Фактке құлақ аспай, Ауқандардың бұйрығын қайтсем де орындаймын деп қасарысып, заңға бағынбай отырған өзіңіз бе, мен бе?

- Апар, жап! Қама! - тергеуші ақырып жіберді хатшыға.

Хатшы есіктен шыға бере менімен қатарласа жүріп күлді:

- Бүгінгі жауапта тіпті келістірдіңіз өзін! - дегеніне мен таңырқай қарадым. Хатшы өз жайларын төмен қарап күбірлей түсіндірді. - Біз, осы үшеуміз бір қызметте отырғанымызбен үш орыннан өкіл болып сайланып шыққанбыз. Сіздердің бұл дело - үлкен таластағы дело. Бір жақтың тергеуіне бір жақ сенбейтін болғандықтан ынтымақ үшін үш орыннан үшеумізді қосып тағайындаған. Сонда да мынау тергеу бастығы болып сайланды да, «мәдениет төңкерісінің» көне сүрдегіне түсіп, құқық тағы да Ауқан жақта болып қалып отыр. Үстіңізге кешегі кірген жасосты қалған екеуміз, расында да, білмейміз. Қатерлі оқиға туылатындығын сезген соң әйтеуір айтысып жүріп қуып шықтық. Факт үшін қанжарын алып қалдық.

- Рахмет бұл қорғауыңызға! Олардың әлі де қан төгу ниеті барын жоғары жаққа сол қанжар арқылы мәлімдерсіздер!

- «Жоғары жақ» дегендеріңіз де қазір табылмайды. Қолымыздан келісінше...

Қарсы жағымыздан бір сақшы қарап тұрғанын көрген хатшы, сөзін шорт тоқтатты да, мені абақты есігінен «желкелеп» кіргірді.

Тергеуші үшінші реткі сұраққа ертеңіне тағы да сол уақытында шақыртты.

- Тұр солай! - ақырып қалды кіріп барғанымда. - Кешегі сұраққа жауап бер алдымен!

- Кешегіңіз сұрақ па еді, «сен Назарбек емес, Биғабілсің» дегеніңіз сұрақ емес, үкім еді ғой. Сондықтан мен сізден факт сұрағанмын, солай емес пе? Ал, фактыңызды қойыңыз, құлағым сізде!

- Биғабіл екендігіңнің факты толып жатыр! Біз сонда да өзі сөйлеп, өзі мойындасын деген кеңшілік бойынша Күләнмен болған байланысың жөнінде сұрағанбыз. Анық Биғабіл екендігің Күләнға бұрыннан сыбайлас жақындығыңнан да көрініп тұр!

- Міне, кешегі менің қойған қарсы сұрауым да осыдан шыққан. Мен сол сұрауымды тағы да қайталап сұрауға мәжбүрмін: Назарбек болсам Күләнді таба алмас па едім? Бұған сіздің кешегі қайтарған жауабыңыз, тек өзіңізді масқаралайтын ғана жауап. Бетіңіз бүлк етпей, «Назарбек Күләнді танымайды» дедіңіз! Назарбек өз қарындасын танымай ма!... Күләнді Биғабіл ғана таниды деген есалаң түсінік, сізге Ауқаннан жұққандығында дау жоқ. Факт былай: сіз өзіңіз мені де, Биғабілді де, Күләнді да бұрын көрмегенсіз, білмейсіз, солай емес пе? Сондықтан Үрімжінің кәрі бойдағы - Ауқан айтпаса, «Биғабіл екендігіңді Күләнмен жақындығыңнан таныдық» дей алмайсыз! Бұл факт, мені таудан айдатып әкеліп, жала жабуға сол «саяси басшыңыздың» қатысы жоқтығын көрсете ала ма! Бұл жалалар, өзіңізден емес, басқа көмекшілерінен де емес, тек Ауқаннан ғана шыққан жалалар! Бұрын таныстығы болмаған, білмейтін ісіңізге бүйтіп сізді әурелегенше, мені сол «саяси басшыңыздың» өзі келіп тергесін! Өзіне осыны айтып қана құтылыңыз мұндай сорлы тергеушіліктен!

Тілмаш қазақ бұл сөзімді толық аударып еді, маңдайы бұрқырай қалған тергеуші екеуі бір-біріне қарасып қалды да, маған хатшы жауап қайтарды.

- Ауқан туанжан облыстық доқтырханада емделіп жатқан. Ендігі жазылып та қалған шығар! - дегенінде тергеуші сүзіп жіберердей түйіле қарады оған. Бастығының қайда емделіп жатқандығын, жазылып қалғанын әшкерелеп қойғанына өшіккен тәрізді.

- Сенің тергеуші таңдайтын құқығың жоқ! - деп маған ақырды соноң. - Шпионды тексеріп анықтау біздің ғана міндетіміз! Біздің алдымызда сенің былжырамай жауап беретін ғана міндетің бар!

- Соңғы сөзіңіз дұп-дұрыс! Сіз тағы да былжырап қоймасаңыз, мен де былжырамайын! Менің Күләнмен жақындығым, Биғабіл болатындығымның факт емес екендігін әлі де мойындамадыңыз ба? Күләнді Ауқан да бұрыннан таниды екен. Соған қарап, сол бастығыңыздың өзін де Биғабіл екен деп тергеуге бола ма? Нағыз былжырақ, дәл осы фактысымағыңыздың өзі! Ал, мені Биғабіл деудегі басқа факттеріңізді айтшы, қане?

- Сенің фактпен көмеміз әлі, асықпа! Биғабіл емес, Назарбек болсаң, алдымен соныңды дәлелде! Ешкімге көрінбей өткізген он жылыңның әр күніне жауап жаз! Факт түгіл тіршілігің сонымен белгіленеді, ұқтың ба?

- Маған қарсы факт қоюды, фактпен көміп тастауды тағы да несиеге қалдырдың ғой! Өзіне құр әуре табуға ғана құмартатын тергеуші болмақ емес! Демек, менің Биғабіл екендігіме де, Совет одағынан өтіп келген шпион екендігіме де фактың жоқ! Ыңғай пәле іздеп, көр қазып жүрген сендер таба алмаған ондай фактты мен қайдан тауып бермекпін! Ауқанның әдетімен қамап-қинап, былжырап жүріп мойындатамыз деген дәмемен ғана тергеп отырыпсыздар, солай болмады ма! Мұндай жалақорлық мұнан соң...

- Апар, жап, қама! - деп ақырды тергеуші. - Бір минут та босатпай жаздырыңдар! Мұндай немелердің уақытымызды жеуі жетті, тез болсын!

- Рас! - дедім мен. - Тірі қалғандар өздеріңнің тіршіліктеріңді де жеп болды! Ауқандарыңның дәурені өткендігі осы сұрақтарыңнан да дәлелденген шығар! - деп күле шықтым.

Хатшы абақты төбесіндегі күзетшіге ым қағып қойып, мені күле қамады. Түстен кейін материал жазатын қағаз әкеліп, абақты есігінің жалғыз көзінен беріп, үнсіз қайтты.

Ертеңіне түске жақын тағы да сол көздің қақпағын ашып сығалап, «бірдеңе жаза жатарсыз. Жазған-жазбағаныңызды тексеруі мүмкін!» деді. Қақпақты жаба салып қайта ашты. «Шекара мәселесінен болмаса, сіздерге мұнан соң басқа тергеу жүргізе алмайтын болып қалды!» деп күбірлей сала қайта жауып бекітіп қайтты.

Тергеу жағдайындағы сол өзгерісті келте ғана естіген соң, күннің түс ауған шақта сырттан Нәзипаның тамақ әкелген дауысы естілді: «Назарбек ағаға мен өзім кіргізіп қайтайын, суып кетеді!» деп маған естірте дабыстап сөйледі әдейі. Оған кілтші бәсең үнмен бірдеме деп еді, Нәзипа тіпті саңғырлады: «олай болса суытпай тез апарыңызшы!»

Мен жатқан нөмірдің құлпы іле-шала шақылдап, есік тез ашылды да, аллюмин мескей табалдырықтан өтісімен сақ ете қайта жабылды. Шөшіре екен. Балдыздың қудалап, тездетіп кіргізген осы тамағына жасырынған бір хабар да бар шығар деген үмітпен шөшірені аузыма байқап өткізіп отырғанымда шикі біреуі ілінді қасығыма. Ішінен жұқа суляумен[2] оралған кішкентай қағаз шықты. Дым еркін өте қоймаған екен. «Әпкем де осында қамақта. Сіздің соңыңыздан іле-шала келген. Оңшылардың қалпағы алынатыны жөнінде жоғарыдан айырым қолданба материал келіпті, көрдік! Ертең болмаса бүрсікүні... оғанға дейін сақ жатыңыз!» деген ұп-ұсақ әріптер алаулаған оттай жарқырап көрінді көзіме.

Күн батып күңгірт тарта бастаған кезде хатшы есік ашып, ханзу тілінде ақыраңдай кірді:

- Назарбек, материалды жазып болдың ба, жоқ па? - деп аса зейіл үнмен сұраған себебін, төбедегі ханзу күзетшіні өзінің бейуақытта кіргендігінен күмәндандырмау үшін көрсеткен қыры екендігін түсініп, мен де ханзуша дыбыстай жауап қаттым:

- Қалай бітеді, он жылдық доклад! Енді он күнде бітсе де тез болғаны! - дей түрегеліп, үңіле қарадым хатшының жүзіне. Сырттан суық бір хабар естігендей, ширап, сұрланып тұр екен. Көзі жарқ-жұрқ етеді. Сым белдігіне бір жағын қыстырып, қолтығына бешпетінің ішінен қысып әкелген оқтаудай темір сүйменді суырып алды. Маған үнсіз көрсетті де, там пеш пен дауалдың арасына сүйеп қоя келіп сыбырлады:

- Түнде «көтерілісшілер» келіп басып кірмек болса, аянбай қорғаныңыз! Сыртқа шығарып әкетіп, зиянкестік істеуі мүмкін! Қорғаушылар келгенше қолдарына түсіп қалмай, кіргенін ұрып жыға бер! Өлсе де, абақтыға шабуылдап кіргендіктері үшін өздері жауапкер болады! Сіздің ісіңіз дұрысқа шығады. Мына сүйменді менің әкеліп бергенімді ешкімге айтпаңыз, қарақшылардың бірінің қолынан жұлып алдым дей саларсыз, ұқтыңыз ба?

Осыны қазақша тілде сыбырлай сала, ханзуша тағы да ақыраңдады хатшы: «Бүгін бір күнде жазғаның осы ғана ма? Ертеңгі тергеуге дейін қайтсең де жазып бітіресің, түсіндің бе, жоқ па?»

«Көтерілісшілер кіретіндігін біреуден естідіңіз бе, өз ойыңыз ба" деп сұрағанымша ақыраңдаған күйі шығып, есікті құлыптады.

«Маған қамқорлық істеген болып жүрген осы ұйғыр хатшының өзі қастық сайлап, ауыр фактты қылмысқа итермелеп жүргені болмасын!» деген күмән да пайда бола қалды басыма. Бірақ, Нәзипаның шөшіресінен шыққан «сақ жатыңыз» деген ескертуі қарақшы кіретін қауіпті растай қалды. Көптен бері көріп жүрген құлжалықтар Ауқан штабының сырына қанық та, осындай бір сыбысты естіген де болар деп қорыттым. Жасырын қастығын іске асыра алмай келе жатқан жау, жаналқымға келгенде қолынан келгенін істеп қалмай ма! Бар сырларын біліп болғанымды кекті қандес те біліп болған ғой. Тіпті болмағанда сырттан атып кететін бір жансызын да сайлап қойған шығар!

Биіктегі электр шырағы жанысымен төсеніш орнымды терезе-есік көздерінен қалтарыс, төр түкпіріндегі бұрышқа апарып жайдым. Сүймен соның оң жақ шетіне жасырылды. Ұйқым келер емес, киімшең аунақши бердім. Дыбысы сыртқа естілмей соғатын үрей дауылы көкірегімде тас домалатқандай күркіреп, ысқыра берді.

Түн ортасына таман абақтының көше жағынан сөйлеген бір үн естілді. Жатқан нөмірімнің көшеге қараған жалғыз терезесі сом темірмен мықтап торланған. Екі қабат әйнегі де бүтін болатын.

- Ей, сақшылар, - деді көшедегі бір ұйғыр дауыс. -Мына бергі шеттегі абақтыларыңда жалғыз жатқан адамды шығарып беріңдер, ол мүлде нақақ қамалған адам!

- Сендер кімсідер? Мұндай талапты күндіз келіп бастықтарға қойыңдар!

- Қазір өздерің де бастықсыңдар, қан төгіспей тыныштықпен ғана шығарып беріңдер! - деді бастап сөйлеген ұйғыр. - Бір ғана адам үшін зор шығын тартып қалмаңдар!

- Сендер кімсіңдер, бері келіп, жөндеріңді айтыңдаршы!

- Біз, халықпыз. Бүкіл қала халқының талабын айтып тұрмыз, дереу босатыңдар мына адамды!

- Біз босата алмаймыз, күндіз келіп үкіметтен сұраңдар дедік қой!

- Қазір халықтан үстем тұратын үкімет жоқ, босат деген соң босат!

- Халық кері төңкерісшілерді, шужұңжуишыларды, шет ел шпиондарын босатуды сұрамайды, үкіметсіздікті қойып, тарап кетіңдер дереу!

- Біздің сұрап тұрған адамымыз, бүтіндей нақақ қамалған адам. Өздерің босатпасаңдар тартып әкетеміз де жауабын ертең қайырамыз!

- Ондай қарақшылық істегендерің оқ жейсіңдер! Үкімет абақтысына шабуыл жасағандарды табанда атып тастайтын құқығымыз бар!

- Халықта да мылтық барын біліп қой! - Алғашқы сөйлеген ұйғыр, жан мылтықтан бір тал оқ шығарды. - Адамымызды шығарып бересіңдер ме, жоқ па!

Сақшы жақ деп аталып, абақты қорғап тұрғандар ұйғырша да, ханзуша да жауап қайтара берді. Ал, халық аталып, талап қоя келгендерден бастан-аяқ бір ғана ұйғырдың дауысы естіледі. Мені босатуды талап етуге тиісті қазақтардан ешкім жоқ сияқты. Тіпті, басқа ұйғыр дауысы да шықпады. Бұған қарағанда да, мені «нақақ қамалған» ретінде бір ұйғырды ғана сөйлетіп талап етушілердің өздері аса жат ниеттегі көтерілісшілер екендігі белгілі бола қалды маған. «Жәдігөйлік пен қарақышлықты бірлестіріп келген тілсіз жау!» тітірене ойландым...

- Қоршалуға айналдық. Көп екен, қайтеміз!» -деді үй төбесіндегі сақшының бірі, ханзу тілінде.

- Шегінбеңдер! - деп бұйырды біреуі. - Оқ та шығармай қорқыта беріңдер, кісі өліп, үлкен соғысқа айналып кетпесін!

- Оқ шығармасақ өлгеніміз ғой?

- Армия жағынан көмек сұрауға кожаң[3] кетті!

Өз арасында күбірмен ғана сөйлескен осы сөздері де маған айқын естіліп жатқанына ғажаптандым: төбедегі булыққа ауыздарын төсеп сөйлескендері несі?

Бір сәтте абақты төбесі тапыр-тұпыр бола кетті. Қарақшылардың төбедегі күзетке шабуылға өткені белгілі болса да, төбеге шабуылдап шыққандар мен күзеттегі сақшылардың күбірлесе қалғандай дыбыстары да тым көмескі, жұмбақ болды маған. Лезде жұдырықтаса кеткендей болды, ыңқ-ыңқ ете түсті бір-екеуі. Сөйтті де дыбыстары өше қалды. Күзетшілерді түсіріп әкеткен сияқты.

Көшеден қоршап келгендердің біреуі абақты терезесін шақты. Бір-екеуі жуан сүйменмен темір решеткаларын қайыруға кірісті. Бұрыштан сығалап мен отырмын. «Назарбек жолдас, мына екі темірдің арасынан енді өте аласыз, бері шық! Сізді құтқаруға келдік!» деп әлгі жалғыз ұйғыр бастап, қазақша, ұйғырша шала тілдерде қауқалақтады. Мен көрінбей отырып алдым.

Терезеге топталғандардың сыртынан (көшенің қарсы жақ дауалының үстінен болса керек) айқайлаған екі адамның дауысы іркес-тіркес естілді:

- Шықпа, Назарбек аға, шықпа!

- Назеке, терезеден көрінбеңіз, жақындамаңыз! -нағыз құтқару тілегіндегілер осы екеуі екендігін түсіне қойдым. Терезе сыртындағы топтан төрт-бес адам оларды қуа жөнелгендей болды. Демек, мына «құтқарушыларым» - Ауқанның өз жендеттері. Осындағы күзет сақшыларының бастығы, «қарақшылар тартып әкетті» деген сылтаумен бір оқ шығармай-ақ жауапкерліктен құтылып, мені осылардың қасабына беріп жібермек! Әлгі жұмбақтардың шешімі осылай табылды.

- Назарбек жолдас, шығыңыз, шығыңыз! - деді сырттан қоршаушылардың жалғыз ұйғыры. - Тез! Тез! Тез құтқарып әкетпесек, осы түнде сұйықастқа[4] ұшырайсыз! Зиянкестікке дайындалып отырғандар барын естіп келдік, шығыңыз, тез шығыңыз! Төсек-орныңыз қала тұрсын, тез, тез! Тез шығың! Бол, бол тез! - сөйтіп жабыла қаудырлады бірнешеуі.

- Назарбек жолдас! - деді жалғыз ұйғыр, енді асықпай анықтап сөйледі. - Бізден күмәнданбаңыз, сізге ешқандай мәселе келтірмей құтқарамыз! Бізді Қабылтай жолдас жіберді! Бүгін кеште сіздей бірнешеуді жоғалтуға дайындалған құралды лүкшектер барын сол айтты! Тез шығыңыз!

Менен ешқандай дыбыс шықпаған соң шала тілді біреуі арт жағына қарап сөйледі:

- Аузын бекітіп қойған! Қолын-аяғын байлап қойған! Солай болған. Өзіміз кіріп алып шығалық!

- Назеке, шықпаңыз! Көрінбей отыра тұрыңыз! - деп айқайлаған қазақша дауыс сәл алысырақтан тағы естілді.

Қарақшылар темір кесетін арамен терезе решеткасының көлденең темірін аралап жатыр еді. Арттарынан «тез-тез!» деп күбірлеп бір бастығы дығырлатты. Решетканың сом темір қадаларын қосақтап тұрған көлденең темір үзілісімен лом салынып, қатар орнатылған екі қаданы екі жаққа майыстырып болғаны көрінді.

- Назарбек жолдас, енді қысылмай еркін өте аласыз, тез шық! - деген үйғырдың сөзі тағы да жауапсыз қалған соң, біреуі абақтыға кіруге ыңғайланды. Мен, ханзу тілінде зекіре жауап қаттым:

- Абақтыны бұзып кірмек болсаңдар, қылмыс өздеріңде, бері өткендерің өлесіңдер!

- Өз құтқарушыңа дұспандық істемеңіз, Назарбек жолдас, Құда һақы, тез шығыңыз! Қарақшы лүкшектер келгенше алыстап кетелік! Тез шығыңыз!

Екі қада темір майыстырылып кеңіген аралықтан бір сирақ өтті. Мен сүйменімді ыңғайлай бұғып, іргемен терезе алдына жақындадым. «Құтқарушымның» бір иығы мен жалбыраған шашты басы бері өте бергенде сирағынан қырқа дәлдеп періп жібердім де, далдаға шегіне қойдым. Шыңғырып қалды жендет. Артында тұрғандары дереу тартып шығарып әкетті. Олар абыржып күбірлесіп жатқанда абақтының дарбаза жағынан шу көтерілді. Бір-екі мылтық атылды. Шоқпар шақылдап, қашқан-қуған тапыр-тұпыр аяқ дыбыстары естілді де, дарбазадан алыстай берді. Терезе сыртындағы қарақшылардың бір тобы күншығыс жақ бұрыштағы дәретханаға қарай жүгірді. Лезде мен жатқан нөмірдің есігіне жеткендей болды сол топ. «Тез, тез! Терезеден шығарып әкетеміз!» деп алқынған бір ханзуша үн де естілді. Қалтырап кеттім.

Есікті шақылдатып, шағуға кірісті. Бір тақтайы шарт етіп сынғанда, ыршып барып, пештің босағаға жақын бұрышына отыра қалдым. Бұл бұрыш терезеден сәл қиыстау еді. Көшедегі шабуылшылардың тағы біреуі кеңіген решеткадан басын сұғып, төр бұрыштағы менің төсек орныма үңілді. Мен күндізгі жатқан орнымның іргесімен ыршып барып, тағы да періп жібердім. Жалбыр бас жалт беріп шегінгенде сүйменім решетка теміріне тиіп, шақ ете түсті. Басын көздеп қатты ұрылғанынан шошынған шабуылшы ыршып ары түсіп кетті. Ол жайын өзім босағаға қайта барып ап көрдім.

Қайратты қолмен түйгіленген үлкен ломнан есік қақ жарылды. Есік шаққан сол лом алдымен кіріп шайқалып, екі босағаға кезек ұрылды. Мен келе салып жүрелеп отыра қалғанмын. Бұға түстім де, тағы да сирақ аңдыдым. Лом ұстаған мықтысының аяғы табалдырықтан аттай бергенде тағы да қырқай соқтым. "Айялап" бақырып жіберіп, сырт жағына шалқалай құлағанында ұзын ломы қолынан шығып кетті. Оны жұлып ала сала сыртқа қарай мен шайқағанымда, бүкіл аула шу көтерді, Қорғаушылар тұс-тұстан басып кірген екен. Есік бұзған топ шегіне жөнелді. Сыртқа қуа шықтым. Абақтыны қоршап аулаға кіріп алған қарақшылар жеңдеріндегі қызыл шүберектерін жұлып-жұлып тастап, алды-алдыларына қашты. Есіктен де, төрден де, бүйірден де кіріп жамырасқан халық арасына олар да сіңе жөнелді. «Ұстаңдар мына қашқындарын!» деп айқайлағанымды тыңдаған, естіген ешкім жоқ. Менен де қатты айқайлағандар көп екен. Айғайды, айғай жұта берді.

«Қуыңдар, ұстаңдар!», «тосыңдар алдынан!» деген бұйрықтармен араласып, бірін-бірі жазғырулар естілді. «Үй, сендер неге кешіктіңдер!», «күншығыс жағынан бұрынырақ қоршалса тырп етпей қолға түсетін еді, қайткендерің бұл!», «бәрің қуыңдар, бәрің!», «өлмейтін жерлерінен соғып, қолға түсіре беріңдер!», «ауруханадан алдымен Ауқанды ұсталық деген талас туылып, сонда бұрылдық, қорғаушылары оны біз жетуден сәл бұрын әкетіп қалыпты!», «өй, әттегенай!» десті бірнешеуі.

Мен абақтыма қайта кірдім. Өлтіре кетпек болып тығылып тұрғандары бар ма екен деген қауіппен баспалап, тінте кірдім.

- Назеке, бармысың, аманбысың? - деді есік сыртынан біреу келіп.

- Бармын, аман қалдым, әйтеуір!

- Күләш апай бармысың? - деген бірнеше дауыс, нөмірімнің қарсы жағынан, дарбаза босағасы жақтан естілді.

- Бармын, бармын! Мені әкетіп бара жатып, тастай қашты!

Жарыса күлген бірнеше әйелдің дауысы естілді Күләннің қасынан.

- Назекең абақтысында жатып-ақ қарақшының екеуін соқты ғой деймін. Екі рет шырқыратты! - деді ауладан біреу.

- Әббәле, жақсы істепті, көбін сол екеуінен-ақ анықтаймыз!

- Ол мертіккендерін алдымен құтқарып әкетіпті қарақшылар!

- Өй, әттегенай!

Ақиқат құмар тергеушім, көп заманнан бергі халық төңкерістерінің әттегенесіз өткені бар ма. Сол өкініштердің барлығы сіздейлердің өнерінің үстемдігінен таусылмай келе жатқан өкініштер ғой. Жеңіс кезеңіне жеткен халық өз арман-тілектерін ұрандатқанда сіздер жаулық белгілеріңізді жұлып-жұлып тастап, сыбанып, өздеріңізге қарсы сол ұрандарға қосыла ұрандатасыздар. Халық шақырған бір «жоғалсынды» мың құбылтып айқайлап үлгересіздер. Сөйтіп, жауға қарсы нағыз халық қаһарманы болып көріне қоясыздар да халық төріне шыға қоясыздар. Төрге шығып алған соң-ақ халықтың төл қаһармандарын көрге итеруге кірісесіздер. Төңкерісшілерден төгілген қып-қызыл қаннан қап-қара қылмыс қаулайды. Салдақылықтан туылған алдамшы ақиқат құмарлық халықты қара албастыша қайта басады сөйтіп. «Әттегене» қалай таусылсын. Ал, сол таусылмас «әттегенелердің» әрқайсысы бір соғымдық семіз мал болып кіре береді көмейлеріңізге. «Әттегене» деген - таққа қайтадан шыққан сіздейлер үшін тыр жалаңаш кері төңкеріс екендігі түсінікті ғой!

(Жалғасы бар)

Abai.kz


[1] Қатыл (ұйғырша) - кісі өлтіруші, қандықол.

[2] Суляу (ханзуша) - пласт масса

[3] Кожаң (ханзуша) - бөлім бастығы.

[4] Сұйықаст (ұйғырша) -жасырын қастық.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371