Арыстардың ату жазасынан аман қалуы мүмкін бе?
1. Тарихшылар Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллиннің қай жылы қайтыс болғанын әлі де нақты біле алмай отыр. Оған соңғы жылдары айтылып жүрген әңгімелер себеп болуда. Кейбір көзкөргендердің айтқанына сенсек, арыстарымыз 1938 жылы атылмаған. Қылышынан қан тамған кезеңде НКВД-ның оларды тірі қалдырып қоюы мүмкін бе? 2. Бауыржан Момышұлы өзінің естелігінде 1948 жылдар шамасында Сібір жерінен Мағжанды көргенін жазады. Ал Мағжанмен айдауда бірге болған Абдулла ақсақалдың айтқанына сенсек, ақын 1951 жылдың қаңтар айында қайтыс болған. Сондай-ақ Сәкенді Магадан жерінен көргендер де бар екен. Дұрысы қайсысы?3. Олардың қай жерде жерленгені анықталды ма? Хамит Болатұлы, Батыс Қазақстан облысы
Оқырманның бұл сауалына белгілі сәкентанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев жауап береді.

1. Мағжан мен Сәкеннің өліміне қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер бар. Меніңше, ауыз толтырып айтарлық нақты дерек болмаса, мұндай әңгімелерді құр даурықтырудың реті жоқ. Кез келген ғалым дәйексіз айтылған сөзге дерек деп қарай алмайды. Яғни тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз, өзге де сала зерттеушілері нақты фактімен сөйлеуі тиіс. Өйткені тарихта қазақтың «дейді екеніне» және «солай болған екен» деген сөзіне құрылған екіұшты әңгімелер көптеп кездеседі. Мұндай ауызекі әңгімелердің көптігі сондай, тіпті соңында шыны мен өтірігін ажырата алмай қалып жатамыз. Сондықтан бұған сақтықпен қараған жөн. Мұрағаттағы жазбаларға сенбей, ауызекі әңгімелерге бой алдыруға болмас. Дұрыс, біз өзіміздің ардақтыларымыздың тарихтан сызылып қалуын іштей қаламаймыз, оларға қимастықпен қараймыз. Ел тұлғаларының сүйегінің қай жерде қалғанын біліп, лайықты құрмет көрсеткіміз келеді. Мұндай ниетіміз әбден дұрыс-ақ. Бірақ қанша қимағанымызбен, шолақ режим олардың өмірін қиды. Көзін жойып, ардақтыларымыздың артында тұяғы да қалмады. Тарихтан сызды, халық жауы етті. Олардың өзі тұрмақ, жазған туындыларын да жапты, өртеді. Атын атағандарды соттады. Яғни рухани тұрғыда өлтірді емес пе?! Олардың қай күні дүниеден озғаны тарих үшін қажет. Бірақ бүгінгі қоғамның тіршілігіне қажет пе? Одан да арыстарымыздың Кеңес өкіметі өшірген туындыларын қайта тірілтейік. Зерттеп, әдебиеттегі беделін көтерейік. Кейінгі ұрпаққа олардың мұрасын қалдыру бүгінгі күннің басты парызы емес пе?! Кез келген зерттеуші қағазға түскен дерекке шындық деп қарайды. Ал репрессия жылдарындағы құжаттарға сенсек, екі арысымыз да ату жазасына кесіліп, бұл қатал үкім көп кешікпей орындалған. Мысалы, Сәкен Сейфуллинді 25 ақпан күні небары 20 минутта соттап, ату жазасына кескен. Шығарылған үкім екі сағаттан соң іске асқан. Бұдан НКВД жаналғыштарының зиялыларымызды тірі қалдыруға мүдделі болмағанын анық көруге болады. Осы ресми құжаттарда «халық жауы» деген жала жабылған жандардың қай күні атылғаны және қай сағатта үкімнің орындалғанына дейін көрсетілген. Ғалымдар көбіне сол дерекке жүгінеді.
2. Негізі, Сәкен мен Мағжанды «көрдім» деушілер көп. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, нақты дәлелсіз бірдеңені болжап білу мүмкін емес. Сол бір қиын жылдары қазақ жерінен айдауға кеткендер, ауыр жұмысқа жегілгендер аз болған жоқ. Дерекке жүгінсек, біздің елден 105 мың адам ұсталған. Соның 22 мыңы ату жазасына кесілген. Мүмкін, сол қазақтың арасынан өзін «мен мына ақынмын», «осындай жазушымын» деп таныстырғандар болды ма, кім кім білсін? Ол жағы бізге беймәлім. Ал осындай беймәлімсіздіктің жанында ылғи да үлкен күмән қатар тұрады. Сондай-ақ арыстарымыздың есімімен жұрт жақсы таныс болғанымен, ол кезде көпшілік олардың түрін түстеп білген жоқ. Демек, арыстарымызды жұрт дұрыс танымауы да мүмкін ғой. Міне, сол себепті де бұл әңгімелердің ақиқатына жету қиын. Ескеретін тағы бір жайт, олардың тірі жүргеніне дәлел болатындай Сәкен мен Мағжанның 1938 жылдардан кейін жазылған тың туындылары да табылған жоқ.
Тарихи шындыққа негізделмеген сөз ешуақытта пәтуәлі болмайды. «Мен көрген едім», «білген едім» деушілердің сөзіне нақты дерегі болмағандықтан, ақиқат деп қарай алмаймыз. Иә, Сәкен мен Мағжан біз үшін қымбат адамдар. Бірақ қалай болғанда да оларды Кеңес өкіметі қоғамнан аластатты. Содан кейін тұлғаларымыз әдебиетке қайта айналып соққан жоқ.
3. Арыстарымыздың қай жерде жерленгені беймәлім. Кеңес өкіметі оларға ақын екен немесе жазушы екен деп қарамады. «Халық жауы» деп атылған оларды шұңқырларға тоғытып тастай берген ғой. Сол себепті де бүгінгі күні олардың нақты қай жерде жатқанын анық білу мүмкін емес.
Дайындаған
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
"Айқын" газеті