Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Ақиқатқа қиянат 3183 16 пікір 30 Қыркүйек, 2022 сағат 12:32

Тәуелсіздігіміздің «төте» жолы

1991-жыл. Желтоқсан айының 7-күні. Беларуссияның ұлттық паркі – Беловеж қорығы. Мемлекет басшыларының сондағы демалыс орталығы – Викули шипажайы. Осында: Ресей президенті Б.Ельцин, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Г.Бурбулис;  Украина президенті Л.Кравчук, Премьер-министрі В.Фокин; Беларуссия Жоғарғы кеңесінің төрағасы С.Шушкевич, Министрлер кеңесінің төрағасы В.Кевич нөкерлерімен жиналып, кеңесіп, 8-күні, таңертең, Совет Одағының ыдыратылғанын ресми жариялады (үшеуінің оған дейін бірнеше кездесіп, ортақ «әңгіменің иін қандырғандары» сөзсіз).

Ельцин сол күні АҚШ президенті Д.Бушқа 13 сағат 08 минөтте телефон соғып, 28 минөт сөйлесіп, «батасын» алған. Шушкевич КСРО президенті М.Горбачевтан «cүйінші сұраған». Горбачев Бушқа желтоқсанның 25-күні 10 сағат 03 минөтте телефон соғып, 22 минөт сөйлесіп, КСРО-ны ыдыратуға қосқан үлесі жайында «есеп берген». Бұл деректер А.Буштың құпия құжаттар мұрағатынан ол қайтыс болғаннан кейінде жарияланған. Көшірмесі «Ельцин Орталығында» («Ельцин-Центрде») сақтаулы.

Үштіктің үкімімен СНГ (Союз независимых государств) құрылып, Ельцин: «Суверенитетті әлі алмағандарың алыңдар, қанша керек  болса, сонша ала беріңдер!» - деп күжілдеді.

Суверенитет – мемлекеттің өзіндік ішкі еркіндігі ғана. Одақтас республикалар оны Балтық бойы республикаларының талаптары нәтижесінде 1990-жылы ала бастаған. КСРО құрамында болған қалпында. Біздің Жоғарғы кеңес (төрағасы – Е.Асанбаев) 1990-жылғы сессиясында (16-желтоқсан) суверенитеттігімізді, ал 1991-жылы желтоқсанда болған кезекті сессиясында Жоғарғы кеңес (төрағасы – С.Әбділдин) Қазақстанның тәуелсіздігін жариялады. 25-күні. Жаңа Конституция қабылданып, онда мемлекетті өкімет пен үкімет басшылығы демократия негізінде, ұжымдық сипатта басқару болатыны атап айтылды. Алайда президент Н.Назарбаев 1995-жылы Конституцияға өзгеріс енгізіп, презденттік билікке жол ашып  алды. Еліміздің тәуелсіздік күні заңды жарияланған 25-желтоқсан емес, 16-желтоқсан болып белгіленді. Тәуелсіздік емес, суверенитет алғанымыз маңызды болғандай. Меніңше, олай емес. Билік өзі ұйымдастырғанына шәк жоқ 1986-жылғы 16-желтоқсанда Алматыда басталған, қантөгіспен аяқталған оқиғаны көмескілеу айласын жасады. Солай екеніне жастарымыздың ол жанкештілік қимылына  ресми дұрыс баға әлі күнге берілмегені дәлел.

...«ГазетаRU» тілшісі Д.Тельманов Шушкевичпен сұхбаттасып, мән-жайды біліп, соңында кеңеске Назарбаевтың келмегенін естігенін айтып, оның себебін сұрағанда Шушкевич былай депті: «Келіссөзге Қазақстан президенті Назарбаевты қатыстыруды жөн көрдік те, досы Ельцин оны телефонмен дереу іздестіріп, тауып алып, бізге қосылуға шақырды: «Нұрсұлтан, кел, біз мұнда маңызды мәселелерді шешпекшіміз», деді. Дауыскүшейткішпен сөйлесті, біздің тыңдап отырғанымызды ескертті. Назарбаев: «Иә, барамын! Ұшағыма жанармай құйып жатыр, қазір ұшамын, жетемін!» деді. Бірақ бізге емес, Горбачевқа жетті. Ол жалпы жағдайдан хабардар еді. Біздің бе, Горбачевтың ба, – қайсымыздың жығарымызды болжай алмай сасқалақтады. Михаил Сергеевич оны қайткенде өзіне қаратып алуды көздеп, Анатолий Лукьяновтың орнына КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы етуге уәде берген. Шығыстың қу қайраткері, мен «ақылды»  демей, «қу» деп отырмын, Назарбаевтың бізден сырт айналғаны сондықтан».

А.Лукьянов Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті – ГКЧП – бүлігімен байланысы үшін тұтқындалған-ды.

«Тәуелсіз мемлекеттер одағын» (СНГ-ны) құптаған Горбачев кейін бәрін қайтадан жиып, жаңа Одақ  құрып алуды көздеген көрінеді, бірақ ол пиғылы қауашағында қала берді. Ниеттесі Назарбаевтың оған сенуден, дәмелі үлкен лауазымын күтуден күдері үзіліп, ақырында тәуелсіздікті ең соңында алды. Ол 1993-жылы «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен сұхбатында: «Тәуелсіздікті басқалар алған соң, біз де алдық» десе, 1994-жылы Мәскеудің мемлекеттік уиверситетіндегі (МГУ) кездесуінде: - Совет  Одағын сақтап қалу үшін менің соңғы патроным қалғанша соғысқанымды, құрметті  мәскеуліктер, өздеріңіз білесіздер, - деді.

Назарбаев кейінде: «Біз тәуелсіздікті ата жолымен алдық, ақылмен алдық», деп шықты. Пәлі десеңші!.. Ата жолымыз Беловеж қорығынан басталған болды ғой? Ақыл – Горбачевтан күдер үзіп, үйге қайтқаны екен ғой?

Біздің «сарапшылар» Н.Назарбаевтың: «тәуелсіздікке қол жеткізгені; тұңғыш Қазақ мемлекетін құрып, шекарасын белгілегені; халықаралық пәленбай шартты бірінші болып жасағаны; ядролық қарусыздануға үлкен үлес қосқаны; Семей полигонын жапқаны, т.б. «әлемдік  тарихи еңбектері көп» екенін «әләуләйім бітсе, хәләуләйім бар» етіп «жырлады».

«Бәрінбілгіштеріміз» Назарбаевтың алғашқы «тарихи қадамы» ауыл шаруашылығын «реформалағаны», яғни қазақтың азық-түлік қоймасы  емес, алтын бесігі болған ауылды астаң-кестең еткені жайында жақ ашпады. 30 жыл бойғы жеке билігімен Қазақстанды тұралатқанын «білмеді». Сондай-ақ, олар Англия парламентінің мүшесі Маргарет Ходждың  биыл, ақпанның 3-і күні, парламент мәжілісінде «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ресми мәлімдеме жасап, Қазақстанның арамақшалы 28 олигархына санкция салу керектігін айтып, аттарын тізіп бергенінен де «мүлдем хабарсыз болыпты».

Қазақстандық 28 шылқабайдың теңжартысы – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті. Олардың бір ғана Лондон қаласында сатып алған ғимараттардың құны 330 миллион фунт стерлиг екені атап айтылғанын да «естімепті». Ол жылдары 1 фунт стерлинг 626 теңге екен, ал есептеп көріңіздер!

«Ғасыр ғұламасы, ұлт лидері, ұлы, кемеңгер Елбасы Нұрекеңді» мадақтауда шек болмады. «Әбден білетіндердің» алдыңғы қатарындағы «қасқа-жайсаң» Мырзатай Жолдасбеков:

«...Нұрсұлтан Әбішұлы – ұлттың көш басшысы. Көріпкелі. Ұлт намысының қамшыгері... Қазір әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Президентке тең келетін адам жоқ!.. Назарбаев Ұлы далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалыптастырып, дамытып, әлемге танытып, әлемдік қауымдастыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа, қазақстандық мектебін қалыптастырды. Өзі де әлем қауымдастығы мойындаған кемеңгерге айналды!.. Нұрсұлтан тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы. Н.Назарбаев – әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі. Көк түріктің кіндігінен жаралғандардың ішінен озып туғаны да, түрік тектес халықтардың  лидері де –  Н.Назарбаев!.. Ол – Алланың қазаққа берген сыйы. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам!» («Тәуелсіздік тағылымы» мақаласынан. «Егемен Қазақстан» гәзеті).

Келесі «табанды танымпаз» Олжас Сүлейменов:

«...Трудно назвать человека, который сделал бы для своей страны больше, чем Нурсултан Назарбаев. Народ Казахстана верит в него и связывает с ним свои надежды и чаяния. Нурсултан Назарбаев – истинный лидер нации...», «...в Казахстане построена успешная современная экономика, основанная на рыночных принципах и названная в мире «Моделью Назарбаева»  («Свобода слова» гәзеті).

Әлемдегі бір де бір елдің басшысына бұйырмаған бұл мадақты естіген, оқыған  Нұрсұлтанда, әй, арман жоқ шығар! Ал мына екі «өмірбаяншысы» оның, мысалы, еліміздің  экономикасын қайтіп «дамытқанын» қашан, қалай білді екен? Барша мағлұмат тоғысатын мекеме – Республика есеп-қисап агенттігінен менің білгенім:

1994-жыл. 1 кило еттің бағасы 7,4 теңге; 1 литр сүт – 1,5 теңге; 1 бөлке нан – 53-58 тиын (қалып түрлеріне қарай).

2021-жыл. 1 кило еттің бағасы 3500–4000 теңге; 1 литр сүт – 280-300 теңге; 1 бөлке нан – 180-320 теңге (қалыбына қарай).

2022-жылдың қорытындысы қалай болар екен? Бәрінің еселеп қымбаттап жатқанын көріп отырмыз.

Киім-кешектің, дүние-мүліктің, пәтерақының, оқу мен емделудің...  жыл сайын қымбаттауы – өз алдына «хикаят».

Республика бойынша барлығының бағасын жинақтап, орта есепке айналдырғанда бұл мерзімде (30 жылда) жалпы баға 78 есе өскен. «Арзандады» деген сөзді ұмыттық, еститініміз – «қымбаттады».

1994-жылы АҚШ-тың 1 доллар – 4,5 теңге болса, бүгінде – 483 теңге.

Билік жүйесіндегі шенеуніктердің, әсіресе: «жайлаудағы» парламент, арбаның 5-дөңгелегіндей ассамблея депутатарының айлықақысын қатардағы қызметкерлердің айлықақысымен салыстырсақ, біріншілер тау басында тайраңдап жүр де, екіншілер етекте сүрініп-қабынып жүр...

Назабаевтың «Ядролық қарусыздануға қосқан үлесі» – Қазақстанда қалған советтік қару-жарақтың бізге керек  емесін айқаны. Тәуелсіздік алған республикалардың бәрінде (бірі ерте, бірі кеш) солай делінді.

Ал «Семей атом полигонын жапқаны» десек, полигонға қарсы күресті 1989-жылы 20-ақпанда жанпидалықпен ресми бастаған Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевты жасы 60-қа толуымен (1993-жылы, 25-шілде) құттықтаған Н.Назарбаев  жеделхатында былай деді (түпнұсқасынан үзінді):

«...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия...» («Безъядерный ХХ1 век». Материалы международной научно-практической конференции, г. Семипалатинск, 11 июля 2003 г.).

Ақиқатты  айтты!

Сол күнгі және бір құттықтаухаттың түпұсқасынан үзінді:

«...Уважаемый Кешрим Бозтаевич!

...Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения...

В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера.

Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко и на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный  путь и сделать немалый личный  вклад («немалый» деп екіұштылағаны тегін емес, ә? - Ғ.Қ.) в  долгожданную  победу – закрытие Семипалатинского ядерного полигона...

В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо!  Олжас Сулейменов».

Дұрыс-ақ!

Осы ақынның мынадай да сөзі бар:

Кешірім 1999-жылы марқұм болғаннан кейінде, «Казахстанская правда» гәзетіндегі сұхбатында: «...Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели».

Астапырал-ла- а!..  Имансыздықтың бұдан өткен түрі болмас!

Олжастың онысы несі?.. Полигонды жаптыру күресі тарихынан ол күресті Кремль төріндегі М.Горбачевқа  полигонды жабуды, басқа жаққа әкетуді батыл талап қоюмен бастаған, бүкіл қазақстандықтардың, ядролық қару-жарақ шығаруға қарсы халықаралық ұйымдар мен әлемге әйгілі қайраткерлердің қолдауымен мақсатына жеткен Кешірім Бозтаевты жалпы полигон тарихынан өшіріп тастауды көздегені. Пасықтық бел алды. Арғы-бергі орыстілді гәзет-журналды, ресейлік интернет-сайттарды шолсаң, екісөзді ақынның аты-жөні аталған тұста: «Ол – Семей атом-ядролық полигонын жапқан мемлекет және қоғам қайраткері!», дегенді оқисың. Ол «шындық» шет елдерге де жетіп жатыр. «Атақты» ақынның біздегі «концерттерінен» хабар-ошарсыз шетелдіктердің оны мадақтап, марапаттап  жүргендері сондықтан.

Олжастың марқұм Кешіріммен «есеп айырысу» себебі –  «Кешірім БОЗТАЕВ. Семей полигоны» атты кітаптағы мына мағлұмат:

«...Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда: - Еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі! - делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ  жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты».

Кітап 1992-жылы шыққан-ды. Авторы 1999-жылы көз жұмды. Кешірім барда үндей алмаған, ақиқаттан жалпы аулақ О.Сүлейменовтің «көсілуі» содан кейін.

Кешірім көз жұмғаннан беріде Семей полигонына қатысты үлкен- кіші жиындарда оның аты аталған емес. Бұл әділетсіздікті дерекпен айта президент Н.Назарбаевқа хат жаздым. 2009-жылы. «Кешірімнің кінәсі не?» деп. Мемлекеттік хатшы Қ.Қалмырзаевтан «...ол жәйт алай ғой, былай ғой... Олжас Сүлейменовтің еңбегі бар... өткенді қозғай бермелік» дегендей сырғытпа жауапсымақ  келді. «Олжастың аруақтан ары-бері аттап кете беретіні дұрыс екен ғой?..», деп қайыра жауап жібердім. Одан кейінде, 2017-жылы, тағы да наразылық хат жібердім. Жауап болмады. «Менің Досым – Олжас» деген Назарбаев оны үсті-үстіне марапаттай берді. Ақиқаттан досы қымбат екен.

К.Бозтаевтың Кремльде дүрбелең тудырған хатымен танысып, 1989 және 1990-жылдары Семейге екі рет келіп, жағдайды біліп қайтқан Евгенй Павлович ВЕЛИХОВ (КСРО Ғылым академиясының вице-президенті, физик-академик) Горбачевқа хат жазып, К.Бозтаевты қолдады. Ал Семей полигонын «жапқандар» көбейіп, «Мен! Біз!» деп аттандау асқына бастағанда былай деді (Ресейдің «Мәдениет» телеарнасындағы кездесуде қойылған сұраққа жауабы):

«...Олжас Сулейменов к закрытию полигона имеет крайне незначительное отношение. Так, мимоходом – артикуляция и шумиха...

Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе... Все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел я и высшие офицеры КГБ и ГРУ. И никакого Олжаса Сулейменова там не было. То есть всё решалось на оси Москва – Вашингтон, а движение «Невада-Семей» было не больше чем цветок на обочине дороги...».

Евгений Павловичтің: «...всё решалось на оси Москва–Вашингтон» дегені – Семей полигонын жабудың келісілгенін айтқаны. КСРО президенті Горбачев  құзырындағы Назарбаевқа   нұсқау берді де, Назарбаев полигонды жабу жарлығын шығарды, деу шындыққа саяды. «Тәуекел деп жарлық шығардым!» дегені – әдетіндегі «ғажап» сөздерінің бірі. «Бай бай болады, кедей болады», «Өз күніңді өзің көр», «Екі сиыр сатып ал, тіршілігіңе жетеді»...  дегеніндей.

Ой-хой, «Нұрекеңнің нұрлы жолымен» жүрген 30 жылымыздағы мәнсіз мақтан «рухани азығымыз» болды, жалбақай жағымпаздық көбігі көпірген  сөзжарысымыз болды...

Уа, Тәуелсіздік! Бізге оңай бұйырсаң да, Н.Назарбаевтың жеке басына табынғандар «жауырды жаба тоқымдап», ойларына келген озбырлықты жасап, елдің берекесін кетірсе де, еріксіз төздік, ертеңімізден түңілмедік. Бүгінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға: Халқымыздың өмір-тірлігін оңалтар деп сенім артып отырмыз. Қашан, қалай боларын уақыт көрсетер.

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5839