Сәрсенбі, 12 Қараша 2025
Жаңалықтар 662 0 пікір 12 Қараша, 2025 сағат 17:42

Жүйелі бақылаудағы бұзушылықтар ма, әлде басқарушылық біліксіздік пе?

Соңғы айларда Шымкент қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесіне қатысты бірнеше даулы және қоғамда үлкен резонанс тудырған деректер анықталды.

Бірі – әлеуметтік төлемдерді ұрлау, екіншісі – жүргізуші куәліктерін заңсыз сату, үшіншісі – шетелдік азаматтың атына рәсімделген электрондық қолтаңба.

Барлық бұл фактілер бір орталыққа — Шымкенттегі филиалдың бақылау мен жауапкершілік жүйесіне барып тіреледі.

Әлеуметтік төлемдерді ұрлау схемасы

Кеше ғана Шымкентте жалған жұмысқа орналастыру арқылы жүкті әйелдердің атына әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасы әшкереленді.

Тергеу мәліметінше, айыпталушы жалған еңбек келісімдері мен бөгде тұлғалардың ЭЦҚ-сын пайдалана отырып төлемдерді алып келген. Олар кімдердің қолтаңбасы, кім көмектескен соларға ие болуға?

Мемлекетке келтірілген зиян көлемі – 217 миллион теңге.

Бұл оқиға кездейсоқ емес. Өйткені ЭЦҚ рәсімдеу және верификация процестері — дәл осы «Азаматтарға арналған үкімет» жүйесі арқылы өтеді.

Яғни мұндай көлемдегі алаяқтық ішкі бақылау тетігінің істен шыққанын көрсетеді.

«Жүргізуші куәлігін сату» – қауіптің екінші қыры

Бірнеше ай бұрын дәл сол Шымкентте жүргізуші куәліктерін заңсыз сату фактісі бойынша ірі қылмыстық іс қозғалған еді.

Агенттіктің ресми ақпаратына сәйкес, 500-ден астам адам емтихан тапсырмай-ақ куәлік алған.

«Қызметтің» құны – 150–400 мың теңге, ал ұйымдасқан топтың табысы 150 миллион теңгеден асқан.

Бұл жағдай да дәл сол жүйенің ішінде орын алған.

Бір жерде – ЭЦҚ арқылы әлеуметтік төлемдер ұрланып жатса,

екінші жерде – жүргізуші куәліктері ақылы түрде «сатылып» келген.

Демек, мәселе — жеке қызметкерлерде емес, бақылау мен басқару жүйесінің әлсіздігінде.

ЭЦҚ шетелде жүрген адамның атына берілген

Ең сорақысы – ресми тергеуде көрсеткендей, Шымкент филиалында шетелде жүрген тұлғаның атына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімделген,

және бұл ЭЦҚ кейін Қазақстан аумағында белсенді пайдаланылған .

Бұл қолтаңба:

  • компанияларды тіркеу мен салық есептерінде,
  • бухгалтерлік құжаттарда,
  • мемлекеттік органдармен хат алмасуда,
  • тіпті сот бірнеше саты істерінде қолданылған.

Яғни иесінің жеке қатысуынсыз, тіпті елден тыс жерде жүрген тұлғаның атынан заңдық күші бар құжаттар жасалған.

Бұл — мемлекеттік қызмет көрсету саласында қауіпсіздік пен заңдылықтың ең басты қағидаларының өрескел бұзылуы.

Ал филиал басшылығы не істеп отыр?

Осының бәрі бір өңірлік құрылымда – Шымкенттегі «Азаматтарға арналған үкімет» филиалында болып отыр.

Сонда сұрақ туындайды:

Филиал директоры бұл процестерді басқарып отыр ма, әлде жағдай толықтай бақылаудан шығып кеткен бе?

ЭЦҚ иесінен тыс рәсімделіп, әлеуметтік төлемдер ұрланып, жүргізуші куәліктері сатыла бастаса —

бұл енді жеке кемшілік емес, жүйелі басқарушылық дағдарыс.

Не істеу керек?

Филиал басшылығының кәсіби жарамдылығы мен жауапкершілігін толық тексеру;

ЭЦҚ рәсімдеу, жүргізуші куәліктерін беру және әлеуметтік төлемдермен жұмыс істеу процестеріне тәуелсіз аудит жүргізу;

Соңғы 3 жылдағы барлық ЭЦҚ, әсіресе шет ел азаматтарына берілімі бойынша мониторинг жүргізу;

Әрбір анықталған бұзушылық бойынша жеке қызметкерлермен қатар, басшылық деңгейінде жауапкершілік белгілеу.

«Азаматтарға арналған үкімет» халық сенімін ақтағысы келсе —

бақылау мен қауіпсіздік қағидаты формалды емес, нақты тетікке айналуы керек.

Қазір мәселе жүйеде емес,

сол жүйені басқарып отырған адамдардың кәсібилігі мен бақылау қабілетінде.

 

Осы деректер мен фактілердің барлығы бойынша мен Үкімет басшылығына депутаттық сауал жолдаймын.

Сауалда Шымкент қаласындағы филиалда анықталған жүйелі бұзушылықтар, ЭЦҚ рәсімдеу кезінде жіберілген заңсыздықтар, әлеуметтік төлемдер мен жүргізуші куәліктеріне қатысты тергеу нәтижелері жан-жақты қаралуы тиіс.

Мақсат – кінәлілерді ғана емес, жүйелік әлсіздікті анықтап, оны түбегейлі жою.

 

Abai.kz

0 пікір