Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Ақмылтық 3305 27 пікір 30 Қыркүйек, 2022 сағат 13:12

Біздің орыстар бізге ұқсайды

Менің Дима деген орысым бар. Екеуміз көршіміз. Өзі бір жайсаң жігіт. Балпаң-балпаң басады. Көре қалсаң, күліп амандасады. Жүзінде адалдық па, аңғалдық па – әйтеуір бір тазалық бар. Тазалық оның жүзінде ғана, әйтпесе өзі барып тұрған салақ неме, идиот. Май-май боп жүреді. Шашы да май-май. Дима келе жатқанда сонадайдан солидолдың ба, керосиннің бе – бірдеңені исі бірге еріп келе жатады. Көршілік парызымыз – тоқтап амандасамыз. Дима мені көргенде кейде езуіндегі орталап қалған шылымын лақтырып тастап, және біреуін тұтады. Онысы менімен әңгімелескісі келген түрі. Маған жасаған подходы. Өй, Дима қайбір әңгіме айтып жарытады ғой дейсің, оның әңгімесі – темір-сұмыр, мәшине, жол кептелісі. «Воцапқа қарап отырып бұрылмайтын жерден бұрылып кетіппін» дей ме, «Ит алатын кәріс таныстарың бар ма, болса, айтшы, біздің Бука әбден семіріп, тамаққа тоймайтын болды, сатып жіберейін деп едім, йобмайтты» дей ме, сондай бірдеңелерді айтады.

Мен оны Шукшиннің кейіпкерлеріне ұқсатамын. Аңғал-саңғал, жақсы жігіт. Көк машинасының соңынан көк түтітінін құстырып күнде жұмысына кетіп бара жатады. Сөйтіп жүреді, жүреді де бір күні жақсылап монша жағады. Моншаға әкесінің інісі, сосын бір немере інісі, сосын тағы бір інілері жиналып түседі де, әй да кеп ішеді. Дарылдап ән айтады. Бір бірін мақтайды, артынша боқтайды. Жат та кеп төбелеседі. Сөйте тұра өздері сондай ізетті жігіттер. Жандарынан өтіп бара жатсаң, «Е-е, подожди-подожди, человек идет, пусть он проходить» деп шығарып салады.

Дималарға араша түсудің қажеті жоқ. Өздері төбелеседі, өздері татуласады. Артынан «Ой, мороз, мороз!» кетеді.

Сол Дима бүгін маған бұрылып кеп амандасты, жөн сұрасты. Қорабынан темекісін алып тартты да құшарлана сорып жіберіп: «Дәке, в Алмате чо просиходит вашше», – деді. Мен тіксініп қалдым.

– Не боп қалды? Мен оған әдетте қазақша сөйлеп бастаймын. Қысқасы, екеуара әңгімеміз былай болды:

–Мына біздің туған қаламызға орыстар қаптап кетіпті ғой?

– Е, қаптаса не бопты? Жүрсіңдер ғой қаптап.

– Ой, бізді қойшы, ана Ресейден қашып келген дезертир орыстарды айтамын. Араларынан бұрынғы таныстарымның балаларын көріп қалдым. "Сыболыштар, неғып жүрсіңдер біздің Алматыда" десем? «Ана жақта жағдай қиын боп кетті» дейді. Жағдайларыңды... (деп келіп біздің Дима қандастарын келістіріп тұрып бір сыбап алды.-Д.Қ.). Кеше осылыр құтырып Ресейге кетті емес пе? Кетті де, бізді жерден алып, жерге салып жамандады емесе пе?. (Ескерту: Диманың «біз» деп отырғаны – бәріміз: қазақтар, орыстар, т.б.) «Қазақтар бізге күн көрсетпеді, қазақтар бізді сөйлетпеді», – деді. Қайдағы-ы? Жүрмін ғой мен, міне, аузыма келген сөзді боратып. Боқтап сөйлеймін. Арақ ішемін. Ой, бірақ, жұмысты да өгіз сияқты жасаймын ғой. Оны өзің білесің. Айналам толы қазақ. Біреуі бірдеңе демейді. Жұмысым – табысты, тұрмысым – жайлы. Әне, еңгезердей үйім тұр. Бау-бақшам қандай менің! Дәке, айтшы, бақшам қандай менің? Жұмақ емес пе? Надья екеуміз күзде жеміс-жидекті жинап тауса алмаймыз. Балаларым шұнаңдап өсіп қалды. Достарының бәрі қазақ. Вовам менің мынандай жігіт болады ертең! Өзі үйде қазақша сөйлеп жүреді.

Ал енді мыналар келіпті. Қашқындар. Өңкең-өңкең еткен өгіздей пәлелер екен өздері шетінен. Тамаққа тоймайды-ау – түрлері жаман. Қазақстанды жамандап бізді күнде жерге қаратушы еді, енді несіне келді ұялмай-қызармай? Бұларды бар ғой, Дәке, құйрыққа теуіп қуып шығу керек елден. Шын айтамын. Бұлар бізді лаңдай ма деп қорқамын. Қуу керек иттерді!

Мен Диманың соңғы сөзінен іш жиып қалдым. «Бұлар бізді лаңдай ма деп қорқамын».

Біздің орыстар отыз жылдың шегінде болсын, болмасын бізге ұқсап қалып еді. Тілі сынып, қайсыбірі болмаса, көбінің жүрегі жібіп, шовинистік пиғылдан арылып дегендей... Енді сол жақсы орыстарымызды мыналар расымен лаңдап кетпесе жарады...

Дәурен Қуат

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1513
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5825