Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3235 0 пікір 21 Қаңтар, 2013 сағат 07:56

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Содан жым-жырт екі тәулік өтті. Тергеу комиссиясынан ешқайсысы көрінбеп еді. Үшінші күні таңертең дарбаза жақтан шыққан дабырды естіп, есік саңылауынан сығаласам, Қабылтай мен Ыбырай бастаған бір топ келген екен. Мен тергелуге барып жүрген саяси бөлімге емес, сақшы мекеме бастығының кабинетіне қарай беттегені көрінді. Көп өтпей дабырласып қайта шықты:

- Өздері қолға аларын алса да, құтылудың бабын таба алмай қалған екен-ау!

- Бірнеше күннен бері тергеушілер өзара айтысқа түсіп жатыр деген!

- Факт жағынан жеңіліп, қайтару құқығын аудандық сақшыға бере сала жоғалған екен ғой!

- Солай екен! - деді Қабылтайдың дауысы, - Мені осы жұйжаң[1] шақыртқан, Ауқанның дау иелерінен ешкім жоқ!

Олар бастық кабинетінен қайтып шығып, осылай сөйлесе бастағанда құлып шақылдап, мен жатқан абақтының есігі ашылды. Бір ұйғыр сақшы күлімсірей қарап иек қақты да мені сол жаққа бастай жөнелді. Келгендер Күләннің туыстары мен әменгерлері екен.  Маған түгел ұмтылып, қол берісті. Амандасудан басқа сөз болмады. Бастап келе жатқан сақшының ишарасымен мекеме бастығының кабинетіне жалғыз кірдім. Ұйғыр бастық маған жылы шыраймен ғана амандасып, терезе жағындағы орындықты нұсқап отырғызды.

V

Содан жым-жырт екі тәулік өтті. Тергеу комиссиясынан ешқайсысы көрінбеп еді. Үшінші күні таңертең дарбаза жақтан шыққан дабырды естіп, есік саңылауынан сығаласам, Қабылтай мен Ыбырай бастаған бір топ келген екен. Мен тергелуге барып жүрген саяси бөлімге емес, сақшы мекеме бастығының кабинетіне қарай беттегені көрінді. Көп өтпей дабырласып қайта шықты:

- Өздері қолға аларын алса да, құтылудың бабын таба алмай қалған екен-ау!

- Бірнеше күннен бері тергеушілер өзара айтысқа түсіп жатыр деген!

- Факт жағынан жеңіліп, қайтару құқығын аудандық сақшыға бере сала жоғалған екен ғой!

- Солай екен! - деді Қабылтайдың дауысы, - Мені осы жұйжаң[1] шақыртқан, Ауқанның дау иелерінен ешкім жоқ!

Олар бастық кабинетінен қайтып шығып, осылай сөйлесе бастағанда құлып шақылдап, мен жатқан абақтының есігі ашылды. Бір ұйғыр сақшы күлімсірей қарап иек қақты да мені сол жаққа бастай жөнелді. Келгендер Күләннің туыстары мен әменгерлері екен.  Маған түгел ұмтылып, қол берісті. Амандасудан басқа сөз болмады. Бастап келе жатқан сақшының ишарасымен мекеме бастығының кабинетіне жалғыз кірдім. Ұйғыр бастық маған жылы шыраймен ғана амандасып, терезе жағындағы орындықты нұсқап отырғызды.

- Туысқандарыңызды шақыртып, сізді қазіргі жағдай бойынша кепілдікке бермек болдық. Тергелген мәселеңізді басқа ешкімге әшкерелемейсіз! Сол үшін тілхат жазып беріп, қайта тұрыңыз!

- «Қайта тұрыңыз» дейсіз бе? Олай болғанда белгілі уақытта қайтып келіп, тергеуге қайта түспекпін ғой?

- Жоғары жақ солай десе, солай болады да! - деп күле жауап қатты сақшы бастығы.

- «Солай болса» мен кепілдікке шықпай-ақ қояйын. Жалғасты тергеліп, мәселем анықталғанда бір-ақ шығармын!

- Олай демеңіз, олай демеңіз, бір күн болса да күн жарығын көре тұруыңыз жақсы шығар!

- Жоқ, мұндай жалақор күннің қисық көзін көрмей-ақ қояйын! Сіздің осы мекемеңізге мен қамалғаннан бергі бір айда болған оқиғадан хабарыңыз бар шығар?

- Көзқарасқа бөлініп көрінген әрекет жағынан хабарым бар, көрінбеген жағын білмеймін. Бірақ, ол істер біздің еркімізбен болған істер емес!

- Ол жағы түсінікті «ұқықдар»[2] болып кетпеу жолымен ғана жүріп тұрған екенсіз. Бірақ, қаскүнемдік сипат жағынан қаншалық ауыр қылмыстар өткендігін де білесіз! Олар мені осындай аласапыранда сіздердің абақтыда өлтіру үшін келіп, бүкіл сақшылық қызметтеріңізді халық алдында қаражүзге айналдырып кетті. Сенімдеріңізді жойып кетті. Халық сіздерге сенбей, абақтыны өздері күзетуге шықты. Бұл, сіздер үшін аз масқаралық емес! Мұның  үстіне менен тілхат алып, кепілдікке шығармақ болып отырғаныңыз ғажап іс! Тілхат алмақ болғаныңыз, халық жауларының соншалық қаскүнемдігі мен жалаларын әшкерелетпеу, ашығын айтқанда, жасыру деген сөз. Кепілдікке бермек болуыңыз, мені ағартпау, құйрығыма қалжуыр байлап шығару деген сөз! Солай емес пе? Маған қойылған мәселе жөнінде тергеу комиссиясы қазір кімнің ақ, кімнің нақақ екендігін айырып болып қалды. Жалақорлар факт жағынан құралсызданды. Тергеудің тоқырап қалғаны содан. Ал, екінші жағынан айтқанда, егер мен шетелдің радциялы шпионы болсам, бұлай кепілдікке шығаруларыңыз, мендей жауды құтқарп жіберу болып есептелмей ме! Сөйтіп өзіңіз сотталмайсыз ба!... Мәселе шешілер сатыға жеткенде мені мұндай пәлелі кепілдікке шығармаңыз! Халық алдында, иә, сол қандықол қаскөйлер ағарсын, иә, мен ағарайын! Бұл үшін енді халық алдында ашық тергеу жүргізсеңіздер, мәселе тіпті тез шешіледі! Мен енді тілхат беріп, кепілдікке шықпаймын!

Қызарақтай тыңдаған сақшы бастығы менің сөзім аяқталғанда қарқылдап күле жөнелді:

- Менің де екі бүйірімнен бірдей қысып, шын пікірімді шығарып алмақсыз, ә! Ха-ха-ха-һа-һа..а.., сізді біз қазіргі саясиымыз[3] бойынша осылай шығара тұрмақпыз. Соңынан бүтіндей ағарып, өз қызметіңізге орналасатындығыңызға сенуіңізге болады!.. Сізді жоғарғы жақ шақыртып отыр, сол жерде, Үрімжіде ағарасыз! - Осы сөзімен аудандық сақшы бастығы да арбай қарады маған. Биғабіл екендігімді абайсызда анықтай қоймақ:

- Жоғары жақтың қазірге іздейтіні мен емес! - дей салдым. - Ауыр мәселе артып отырған орынның өзінде ағармай, жоғары жақта нем бар!

- Алдымен осы абақтының өзінен құтылып алсаңызшы! Іс деген бірте-бірте орындалмай ма! Мәдениет гымеңінде мұндай былықпалық көп болды. Соның бәрін бір-ақ бітіру мүмкін емес. Қазіргі саясиымыздың негізі  соның бәрін тыныштықпен бітіру!

- Бұл жерден мен құтыла алмай кепілдікке шығатын мәселе жоқ. Тек, мына тергеу комиссиясының көлемін кеңейтіп, халық алдында әшкере тергеу сипатында тағы да тереңірек тергетсеңіздер, тіпті тез ағаратындығыма күмәнданбаймын! Лай судан балық аулап әдеттенген жалақорлармен көп алдында сөйлесіп, халық сарабына салуыма мұрсат беріңіз!

- Сізді тергетіп отырған мен деп ойлайсыз ба?

- Сіз емес болсаңыз, өзіңіз араласпаған істі әшкере сөйлетпеу үшін тілхат алып, кепілдікке беруші де сіз болмаңыз! Жасырып қалмақсыз ба бұлардың ісін? Бүтіндей нақақ жаламен қамалғандығы айқындалып отырған тұтқынның тілхат беріп кепілдікке шығатын жөні жоқ! Сақшының шынжырына сонда да құйрығыңнан байлатып шық дейтін «қалжыңды» қойыңыз!

Сақшы мекемесінің бастығы күліп жіберді де ұйпа-тұйпа шашты басын қасып, арлы-берлі жүріп кетті. Өсіп кеткен қырма сақал-мұрты кірпінің түгіндей тік-тік. От пен судың арасында қалғандай сасқалақ жайы бар. Сонда да маған қаратқан шырайы бұзылған жоқ. Кепілдікке әкету үшін сыртта тосып тұрған адамдарды таласымызға шақыру үшін болса керек, есікті бір ашты да қайта жапты. Орнына қайтып келіп отырды.

- Мақұл, олай болса... Бірақ, сіз көбірек жатып қалсаңыз, менен көрмеңіз! Осы жауабыңызды байланысты басшылыққа мәлімдеп, жол-жорық сұрайын!

- Сізге, өз қарауыңыздағы абақтыға жауапкерсіздікпен қарап келгендігіңізден басқа кінә артпаймын, «еркіңізден тыс» істеліп отырған іс екендігін өзіңіз де айттыңыз ғой. Жалғыз-ақ мен жатқан абақтыға мұнан соң қасқыр кіргізбесеңіз болғаны!

Тағы да қарқылдап күліп, абақтыма жөнелтті мені. Есік алдында күтіп отырғандарға дауыстап сөйлей кеттім:

- Берген кепілдік қағаздарыңызды қайтарып алыңыздар, менде кепілдікке шығатын мәселе жоқ. Жалаларын індетіп болғанмын!

Абақтыма жақындап барып қайырылып қарасам, олар бастық кабинетіне қайта кіріп барады екен.

Есік құлпы бұрынғыдай шақылдап жабылса да, онысы абақты деген осылай зейіл болады дегендей ғана жабылуы екен. Кешке жақын әлгі бастық қайта шақыртты да, жүген-ноқтамды сыпырып, қоя бере салды. Осы реткі жауабымның өзі-ақ нақақтығымды дәлелдеп болған сияқты. Сөйтсе де, сақшы бастығының таңертеңгі «мәдениет төңкерісіндегі барлық былықпалықты тыныштықпен бітіру - қазіргі саясатымыздың негізі» дегендей тұжырым жасауы ойымнан шығар емес. Қырғызып-қырғызып алып, қасқырларым сен де, қойларым сен де енді тынышталыңдар дей салар ма екен дегенге тіреле бердім.

Сегізінші ай соңының тымырық, желсіз кеші. Көкшіл буалдыр ыспен күреңітіп батып бара жатқан күн, жайбарақат қана жылы шырай көрсеткісі келсе де түтігіп шаршаған бейнеде. Көз қиығымен ғана қарап қойып өтіп бара жатқан жолсоқты жолаушыдай ықылассыз, пейілсіз, көңілсіз көрінді маған. Ойы басқа жақта, басқа қамда сияқты. Осы көлгір күңгірт тымырықтан кең тыныс ала алмай, көйлекшең ғана болсам да пысынай жеттім үйге.

Отау есігінің алдында тұрған Сайра мені көре сала лып етіп үйге кіріп еді. Алдымен кішкене жиен, онан соң Күлән мен Ыбырай, күйеу жігіт бәрі де үдере шықты сыртқа. Бүгіннен қалмай шығатындығымнан хабардар болып отырған сияқты. Кішкене қыздың құшағында үш бума гүл бар екен. Тәлтіректей жүгіріп, «ата-ата» лап жеткенінде гүлімен өзін қоса құшақтап көтеріп алып сүйдім. Тынысым осы кішкентай жиеннің аталап алдымнан шығуынан кеңігендей сезілді.

- Тұра тұршы, ата! - деп құшағымнан түсуге ұмтылды. Жерге аяғы тиісімен балдырақтап сөйлей жөнелді. Гүлді бір-бірден ұсынды маған:

- Мынау менікі, мынау апамдікі, мынау Сайра дейтін тәтемнің гүлі!

Гүлдерін қарқылдап күле қабылдадым да, бәрінің қолын алып амандастым. Күләшімнің жүзі албырап, ағы ақ, қызылы қызыл, тіпті құлпырып көрінді көзіме.

Бұрынғы жұпыны жесірдің бір бөлмелі жүдеу ғана үйін жайнатып жасап қойыпты. Мұны жасаған Күләннің өзі де емес, Сайра да емес, Нәзипа екен. Балаларының отауының қасына ата-анасының «отауын» тіккендей жарастыра жасаудан арлы Күлән қаншалық тартынса да Нәзипа билеп кетіпті: «балаларың саналы, бәрін біліп жүрген балалар. Сайрашың шексіз қуанышын айтты. «Бүкіл жастық өмірі азапта, қорлықта өткен теңдессіз асыл шешемнің осылай қайта жасаруын мен тілегелі қашан!» деп жылап жіберді!» депті. Ал, күйеу баласының пікірі тіпті тамаша екен: «өз қайын атамнан Биғаңды бөлек адам деп есептемеймін. Меніңше, екеуі жағдай қазанында біте қайнасып тұтасып шыққан бір адам. Ал, уыздай жастық шағынан енемнің етене ең жақын досы, тілектес-жүректес жан досы екен. Өзінің атын қойған әкесін Сайраш та, мен де алабөтен қуанышпен, өз әкеміз тіріліп келді деп есептейміз, үлкен той жасаймыз» депті. Бұл пікірді Ыбырай ыстық ықыласпен қуаттаған екен. Ол, «әменгерлік таласта жүрген құдалардың да, басқа зорекер сұқ көздердің де жолын кесу үшін тезірек әшкере той жасайық!» деп келісіпті.

Нәзипа Күләнді екі баласы мен жалғыз бауырының осы пікірлерін жеткізу арқылы жеңіп жасандырған екен. Үйді енді келіп көріп тұрғанымда сол ерке балдыздың өзі де келді. Ол күлімдеп қана маған қол беріп амандасқанда, соңынан ере кірген Гүлсім үн сала жылап жіберді. Жалт қарағанымда иығымнан асыла түсіп еңіреді. Артымда тұрған Күлән «жылайтын жөні бар екен!» деп күбір ете түсті маған. Гүлсімнің арқасынан сылай қағып, таңырқап тұрғанымда, Нәзипа ашығырақ күбірледі. «Қарақшылар алып қашып әкеткен, алдыңғы күні ғана қайтып келді. Қашып құтылыпты» деп күрсінді. «Мұндай аласапыран жағдайда адамның басына не келмейді, сабыр ет!» деп Күлән айырып, жекерек шығарып ақыл айтып жатты оған.

- Келіп амандасатындар көп болуы мүмкін, -дедім мен Ыбырайға. - Жұрт аяғы саябырлағанша отауда болайық!

Отаудың кең төріне барып отыра қалып, алдымен мына үй жасауын жиып ала тұруды айттым балдызыма. Менің сырт көзге әлі де «Күләннің ағасы» Назарбек болып көріне тұруым жөн ғой. Осы Құлжада тұрғанымызда Биғабіл мен Күлән болып ашық той жасасақ, біріншіден үкіметке беріп келе жатқан жауабымыз бүтіндей өтірікке шығады. Біздің жөніміздегі күмән құтыра бас көтеруі мүмкін. Үрімжіге қайтсақ та артымыздан қаралау материалы еріп барады. Мұның ағарып қалпағымызды алдыруға кесір болуы ғажап емес. Ал, екінші жағынан, Күләнға көз сүзушілердің күндестігі, іштарлығы қозып, жауымыздың қатарын көбейтіп қояды. Сөйтіп, ашыққа шығамыз деп жасырын қастықшылардың азығы болып кетпеу үшін Үрімжіге жеткенше бұрынғы қалпымызда тұра тұрудың қажеттігін қуаттадым.

- Сіздерге жасырын қастықтан сақтану қашан да қажет қой, - деді Ыбырай. - Ауқан өлсе де оның қолшоқпарлары мен қожайыны бірге өлмейді. Әсіресе оның жемтіктестері өздерінің әшкереленіп қалмауы үшін жанталасады. Бұл жақтан кеткендеріңізше ондай зиянкестіктен сақтауды ойластырдық. Ал, мен, екеуіңіз ашыққа шығып, той жасап алсаңыздар, көбінің үміті үзіліп, қастандық істеушілердің саны азаяды деп қана мөлшерлеппін. Олардың соңдарыңыздан қара материал жолдау мүмкіндігін елеусізірек қалдырыппын. Әпкем де осындай күдігін айтқанда «тайынша тулап ыңыршақ қирата алмайды» дей салғанмын. Мақұл, өздеріңіздің айтқандарыңыздай бослын! Сөйтсе де екеуіңізді шағын ғана той жасап ұзатуымыз қажет. Көпшілікке «аға мен әпкемнің соңғы жаладан құтылғандығын құттықтауымыз» деп жариялармын!

Ыбырай екеуміз осыған келісіп, Нәзипаны көндірдік те, үйіміздегі жаңа жасауларды өзіне жиғыздық.

Алғаш көріскенде сөйлей алмай жылаған Гүлсімнің қолды болу жайын, қарақшылар жағынан қорланғанын сол іңірде Нәзипа мен Күләннан толық естідім Бірақ, ол оқиға түгелімен Ауқанның қожайын «көмекшісінің» ойыны екендігін Гүлсім әпекелеріне айтпапты. «Қарақшылардан сол көзәйнектің қамқорлығымен құтылдым» десе де шашын жұла еңіреп жібереді екен. Оның қарақшылардан «құтқарған» болып, Ауқанмен сөйлестіру сылтауымен жасырын үйінде бірқанша күн сақтағандағы жайы әшкереленбей, құпия күйінде қалды. Гүлсімнің бұл жасырын күйігін осы жүйрік әпкелері көзәйнекті қарақшының қатты қорқытып қойғандығынан, әшкерелей алмайтындығынан деп межелепті. Кейінгі қамалған үйінде не іс болғанын өзінен ептеп сұрап мен де айтқыза алмадым. «Ол маған жамандық істемеді» деп тұқырып қана құтылды.

Той ырымы соның ертеңіне кештік отырыс ретінде шақырылды. Күләнмен ақылдаса келе шақыратындарымызды тіпті шағындатқанбыз. Бұрынғы дастарқандастарымызға Қабылтай мен әйелін бас етіп, Күләннің аға-жеңге, бауырсымақтарынан, әменгерлері мен олардың әйелдерінен біліктілерін ғана таңдап шақырттық. Дастарқан сөзін Ыбырай, «аға мен әпкемнің ағарып шыққандығын құттықтау» деп атап бастағандықтан некелену тойымыз екендігі құпия күйінде қалды. Іштей білетіндері тосттарын «ағарған үстіне ағарсын» дегендей жабық тілеулестік білдіре көтерді. Менің жеңіс-үстемдігім де айтылды. Мен бұл жеңісті жұртшылық-халықтың жеңісі екендігін айтып түзетіп, оның Қабылтай сынды азаматтарына өмір тіледім.

Күлән екеумізді, ән мен би сауығы басталарда ғана қосақтағандай, «ағасы мен қарындасы бірге ән орындап берсін» деген талап қойылды. Бұл талап алдымен «майбас» әменгер жағынан қойылғанын байқап, бұрыннан машықты жарастығы бар әндес-дәмдес екен дейтін сезігінен сақтану үшін бірге ән салудан тартынып едім. Майбас зорлап көтермелеп апарып, Күләннің қатарына тұрғызды. «Той екеуіңдікі» дегенінен Күлән да қауіптене қалды.

- Аға, сіз бұрын әнге қалай едіңіз? - деп менен сұрады әдейі.

- «Әу» деп те көрмегенмін, қарғам! Тек, ұзақ ауруда «тізем-тізем!», «белім-белім!», «құймышақ, сегіз көзім!», «жіліншік, асықты жілік, томпайым-ай!» дейтін «әндерді» ғана шығарған әншімін!

Көпшілік ду күлді бұл «әншілігіме».

- Осы әндерін айтып берсе де болады! - деп қарқылдасты бірнешеуі.

- Соңғысын айтып берсін, соңғысын! - Майбасы тағы өкірештеді.

- Жә, олай болса ағаны әнге зорлап қайта ауыртып әурелемей-ақ қойыңыздар, бұл кісі үшін де мен орындап берейін! - Күлән осы сөзбен менің орныма Нәзипаны қосып алып, талап еткен әндерінің бәрін орындап берді. Екеуміз стакан қағыстырмай, биді де бір-бірімізге жақындаспай өткіздік.

Сөйтіп, неке тойымызды жат көздерге ешқандай секем-күдік алдырмай өткізсек те, Күләнға әрқайсысы өз күндесіндей суық қабақпен қарайтын абысындары түгел үйіріліп, «Күләш» атап, ұзататын қыздарынша ортаға алып тойласты. Той тарқап, қайтар шақтарында төрт-бесеуі жеке шығарып алып кезекпен құшақтап сүйгендерін, жыласқандарын да байқап едім. Үйлеріміз қонақтан арылып күтушілер қайтқан соң өз үйімізге кіргенімізде, Күләшімнің «үйбайи» деп қалғанына жалт қарасам, кастюмінің жанқалталарынан алтын жүзік, гауһар көзді алтын сырға, алқа шығарып, таңдана қарап тұр екен.

- Арнап әкелген тойлықтары ғой мынау! - деп аңыра қарады маған. - Қайдан білген? Бұларын менің алмайтындығымды да білгендей, құшақтаған болып жанқалтама сала беріпті!

- Әйелдер еркектерден әлдеқайда зерек жұртшылық қой! -десем де ойланып қалдым. - Неке тойымыз екендігін Нәзипаның сыбырынан да естіген шығар!

- Жоқ, ол айтпайды, тіпті ең жақын жүретін Гүлсімге де білдірмегендігін байқадық қой!

- Олай болса, сыншыл абысындарың сенің аса өңейіп алғандығыңнан білген!

- Соншалық өңейіппін бе мен? Кеше сен қайтып келгенше жүрегім титтей де тыныштық тапқан емес, көңілім әлі орнықпай жүр!

Сырт киімдерімізді шешінісімізбен қолынан тартып стол қасына апардым да әлгі асыл тойлықтарды бір-бірден алып, аппақ кемпіріме өз қолыммен тағындырдым. Шырақ жарығында тұла бойы өз көзіндей жарқырап, балбұл жанып тұра қалды. Елу жылдық ыс-түтекте кір шалмаған алтын жүрегі де осы алқа-сырғадай жарқ-жұрқ етіп соғып тұрғаны көрінгендей болды. Аса зауықпен телміре қарап тұрып қалған екенмін.

- Қойшы енді! - деп басын сүйей қалды көкірегіме.

Ертеңіне таңертең Күлән екеуміз өз үйімізде шай ішіп отырғанымызда, Шайзада бастап, Қапас пен Қапия кіріп келді. Біз қатар ыршып түрегеліп құшақтаса кеттік кейінгі екеуімен. Күлән мен Қапия жыласып көрісті. Үрімжіден жынданып қайтқан Қапияны Күлән көп ескеретін. Мақпалды оңғақ деп кіналамаса да, оны ескергенімізде Нұрия мен осы Қапияның махаббатын дәріптейтін. «Тым күйреуіктігі болмаса» деп қана қоятын Қапия жөнінде. Қазір сол «күйреуігінің» маңдайынан, қас-көзінен, беті мен иегінен шөпілдете төкті көз жасын.

- Тойларыңыз құтты болсын! - деп Шайзада бастады да, Қапас қостап құттықтау айтты.

- Бар ахуалдарыңызды естідік, - деп Қапас жалғастырды сөз соңын. - Тағдырдың сынағына өте дұрыс жауап қайтарыпсыздар! Бұл дүниеден кеткендеріңіздің де, араларыңыздан жаттық болып кеткендеріңіздің де алдыларынан жарылқасын! Қалған екеуіңіздің аман табысып, үлкен шаңырағымызды бірлесіп қайта көтергендіктеріңізге қатты қуандық!

- Қапас пен Қапияның бұл таудағы үйлеріне келгеніне екі апта болыпты, - деді Шайзада. - Қалаға алдыңғы күні келді. Бұларды әрине естімей қалған шығарсыздар. Ал, мені, тілеулеріңізде бірге болуға шықыртпағандықтарыңыздың, тек, елеп-ескермегендіктеріңізден болғаны талассыз шығар?

- Күлән екеумізге жала жабылмай өткен күні бар ма, Шәкен! - деп күлдім мен. - Соның ең жеңілі ғой бұл өкпең! - дей сала есік-терезеге қарап қойып күбірледім. - Мен әлі де Назарбекпін. Егер Қапас пен Қапия келгенін естісек те кешегі отырысқа шақырмай, танымай қоя тұрар едік. Биғабіл екендігіме дәлел бола қалатын сен үшеуіңдей «пәлені» кешегі пәлелерге қосып шақырсам, менің артымда булығып тұрған шұрқан шу көтерілер еді! - Үшеуі қатар түсініп, қатар күлді бұл сөзіме.

Мен Қапияның жүзіне бағдарлай қарап, денсаулық ахуалын тәптіштеп сұрадым. Келін жолымен төмен қарап, ұяң үнмен, ибамен жауап қайтарды. Бидай өңді аққұба жүзі сәл қызғыш тартқанынан нерв жүйесінің қалпына келіп, сауыққанын байқадым. Қаны толық ет-жеңді тұлғасынан да, қимыл-әрекетінен де, киім киісі тәртібінен де пәлен жыл жынданып ауырғандығынан белгі қалмапты. Бұрынғыдан да өңді көрінді.

Табысқан жөндерін былай әңгімеледі Қапас:

- Мен құм шетіндегі ауылына жақындағанымда тарқатылған шашын жалбыратып, иен даладан үйіне қарай жүгіре жөнелген әйел сияқты біреу көрініп еді. Мен жаққа жиы қарап, желбегей жамылған шапанының бір жеңін сұғынса да, бір жеңін таба алмай түртпектеген күйі жетіп кірді үйіне. - Қапастың бұл әшкерелеуінен ұялған Қапия жамбасынан, бүйірінен түрткеніне күйеуі шектелмей сөйлей берді. - Жынды Қапия екендігін сонысынан таныдым! - дегенінде «жындысы» сақылдап күлді бізбен бірге. Қапас ол күлкісіне сүйіне қарап қойып жалғастырды сөзін. - Үйіне кіріп, шешесі мен жеңгесін ертіп шықты да, шашы жалбыраған қалпында өзі жүгіріп келіп, маған қадала қарады. Көзі шатынап жарқ-жұрқ етеді. Атымның шаужайынан ұстай алды. «Бәсе, неге келмейді деп жүрсем келе жатыр екенсің ғой!» дейді.

Мен Құлай түстім атымнан. Құшақтай алды.

«Апа, апа, мынау, міне мынау, осы дәл өзі!... Әлгі жындылардан аман құтылдың ба өзің?» деп кіре түсті қолтығыма.

«Үлкен кісілермен амандасайын, сен үндемей кейін тұра тұр!» - деп құлағына сыбырладым.

«Мақұл, мақұл, енді неге үндейді екенмін, сенің тіліңді алмаймын ба мен? - деп белімдегі қолын түсіре сала шегініп барып тұра қалды. Ауыл-үйлерінен шыққандардың бәріне қол беріп амандасып болып қайта қарасам, жеңгесі шашын сылап қайырып, киімін түзей ақыл айтып тұр екен. Мен, қайын атамның нұсқауымен үлкен үйге беттегенімде соңымнан ере келді де, жеңгесінің жетегіне ілесіп, отау жағына кеті.

Қайын ата-енемнің алдында жүгіне отырып шай ішіп, сапар жайын сөйлеп отырғанымда жеңгем келіп кірді. Әңгімені кейінге қалдыра тұруды айтты да, мені ерте жөнелді. Кеш батып қалған екен. Мынауым жуынып-таранып, бұрынғы студент кезіндегі ең сәнді киімдерін киіп, жайнай қалыпты. Мен кіріп барғанымда қолындағы айнасын тастай салып түрегелді. Үн жоқ, қолымен нұсқап жоғары жағына отырғызды мені.

«Ал, енді сөйлеші, ауруың қалай?» - деп сұрай құшақтадым.

«Мені ауру деп естідің бе? Енді ауырмаймын! Енді тіпті жазыламын!» - сақылдап күлді. Осы сөзін қайталап-қайталап айтып үш рет күлді. - Мен тағы да көп сөйлеп барам ба?.. Болды, енді ауырмаймын! -деп тоқтап еді. Біраздан соң бұл уәдесін ұмытып, бір сөзін тағы да қайталап сөйлей бергенінде, «Болды енді, ауырмайсың!» деп қалдым. Селт етіп жалт қарады да, құшақтай алды.... Әредік-әредік ауыса қалғанында осылай өз сөзімен өзін шектей бердім.

Үш-төрт күн өткенде шынымен жазылып қалғандығын көрсете бастады. «Мен рас жынданған екенмін ғой! -деп бір жылап алды да, өткен-кеткенді есіне түсіріп, маған сұрау қоя берді. Жарты ай «дұғалап», «үшкіріп» жаздым да, ата-енемнің алдына сүйінші сұрай кірдім.

Мұның жазылғандығы мен неке тойымыз бірге өтті! - Қапас сөзін осылай аяқтатты.

- «Махаббат өлімді жеңеді» деген осы! - дедім мен Қапияға қарай отырып. - Бақытты болыңдар, өмір-жастарың ұзақ болсын!

Қапастың әңгімесін шай құя отырып тыңдаған Күлән, қасындағы Қапияны құшақтап бетінен тағы сүйді де, тамақ дайындығы үшін отауға кетті.

- «Махаббат өлімді жеңеді», - деп, әлгі нақылды қайталадым. - Ал, оның кейде өмірді жеңіп, өлімге жетектейтін құдіреті де бар екен. Мұны мен дастандардан естіп жүрсем де, мәселені солай өлген адамның өзіне артатынмын...

- Осы пікіріңіз де дұрыс! - деді Қапас. - Мәселені сондай күйреуіктікпен өлген адамның өзіне арту дұрыс екен! Өлген адаммен бірге өлудің қателігіне Күләш апай мен сіздің қажырлығыңызды да дәлел етуге болады! Мақпал жеңгеміздің кеткенін мына Шайзада айтқанда, сіздің жай-күйіңізді естігенше қатты абыржыдым.

- Менің жаңағы пікірімнің жалғасы бар. Мақпал жайын алғаш естігенімде мен де күйреп кете жаздадым. Егер жастайымыздан бір-бірімізге ықыласы бар Күләш қасымда болмаса, мен де оқысқа ұшырайды екенмін...

- Жоқ, Мақпал сізден кеткен жоқ, аға! - деп осы сәтте Қапия көз жасын ағытып жіберіп тұқырды. - Оның бар сырын білетінмін. Ол, бүкіл өмірін сізге ғана арнайтындығын айтатын. Оңшы, кері төңкерісшіден шекараңды ажырат деп күреске тартқанда да солай ант еткен. «Барлық тіршілігім -   адамгершілігім, тек Биғаныма ғана арналған» деп неше жүз адамның алдында ашық сөйлеген. - «Ол кері төңкерісші емес, көресіздер әлі! Өлгенімде болмаса өзім орындай алмайтын мұндай талап қоймаңыздар маған!» деп тоқтатқан. Қазірге дейін түсімде көріп жүрмін. Ол аман!

Қапияның шындап сөйлеген аса нанымды шырайына қарап отырып қалыппыз. Мен Күләннің жылай беретіндігінен секем алып жүргенімде осындағы басқа жігіттердің өзара сөйлескен сөздерінен Мақпалдың кіммен кеткендігін естіп қалып анықтағандығымды айттым да, Шайзада ол жөніндегі естіген-білгенін түгел сөйлеп берді.

- Бір қаскүнемнің сізді мұқату үшін шығарған өсегі ме екен! - деп Қапия сонда да өзіне-өзі сөйлегендей күбірлеп қана тоқтады сөзден. Көз жасын тағы бір ағытып жіберіп тоқтады. Оның ес-ақыл жағынан толық сауыққандығын айқын түсініп мен қуандым. Сол күні Шайзаданың келіншегін де шақыртып алып, іңірге дейін тойладық. Олар өздерінің ағару жөніндегі үміттерін Үрімжіге менің қайтуыма артады екен. Ол жағын да ақылдасып алып айырылыстық.

Күлән екеуміз Үрімжіге қайтатындығымызды қалалық сақшы мекемесінің маған кепілдік қағаз берген бастығына ғана мәлімдеп, жол куәлігін алдық та, Үрімжі автобусына да жасырын шықтық. Жолшыбай қастық істеуге сайланып жүргені естілген содырлар кеткенімізді сезбей қалды.

Ертеңіне түс ауа жетіп, өзіміз білетін Құмар мен Ақияның үйін таптық. Құлжанның ешкімге қанын жұқтыра алмай өлгенін естігенбіз. Екеуі қайта некеленіп, Ізбасардың соңына бір қарындас ілестіріп те үлгеріпті. Күлән екеуміз екі баланы құшақтап шайға отырысымызбен-ақ, шұбыра кіріп амандасты көршілері. Мекеме қызметіндегі бұрынғы қызметтестеріміз телефоннан телефон алып, істерін тастай жүгіріскен екен. «Оңшыл-ұлтшылдарға» қарсы күрес уақытында бізден шекара айырғандықтары естерінде жоқ сияқты. Шұрқыраса қолдасып, қолдаса сала құшақтап, есімізді шығарды. Бір-бірінен сақтанып жалтақтай қарайтын бұрынғы саяси тізгін түгіл, жүген-ноқталарын да сыпырып тастағандай, бәрі де еркін тілмен, айқын тілекпен, ашық сағынышпен, біздің атымызды ту етіп көтере қарсы алды. Абыройымыздың өзіміз ойламаған дәрежеге жеткендігін, бұрын көрмеген кейінгі буын қызметтестердің елжіреп, көз жастарын төге сәлем бергенінен көрдік.

Өжет ақындар менің «өлгенім» естілгенде жазған жоқтау жырларын сарындатып, тірі көретіндіктерін естігендегі қуаныштарын, сәлемдерін ағыта сарнап жетті...

Бұл көрініс бұрынғы Мақұлбек пен Құлжандардың жалған қошеметтері емес, ашылған сананың жайып салған азаматтық өз жүректерінен қайнап шыққан тұнық құрметтері екендігін көргендеймін...

Бізді қалпақпен бастырып көмгендегі мақсаттары, қалған бауырларымызды сонымен қорқытып, түгелімен Мақұлбек, Құлжан, Ауқандардай құл-көтешіге айналдыру еді ғой. Адамдық ар-намыстың азды-көпті күн жасыса да мұқалмайтындығы, бұландары мен ұландарын қырса да халықтың өлмейтіндігі, тарих дөңгелегі артқа қайтпайтындығы тағы да айқын дәлелденгендей!... Күле кіріп, күйретуге кіріскен жауларымыздың өздеріне қарсы күшті мың еселеп көбейтіп алғаны сол күні-ақ сезілді. Амандаса келушілердің аяғы ертеңіне де саябырламады. Біздің қатарымызда қалпақ киіп тірі қалған «оңшыл-ұлтшылдардың» көбі қалпына келіп орналасып болған екен. Ханзу «оңшылдардың» өлгендері де ақталып, қалпақ кигенінен бергі қанша жылдық айлық еңбекақыларын түгел алып та үлгеріпті. Күлән екеуміздің қарасты мекемелеріміздегі «саясат тиянақтандыру» кеңселерінің қызметкерлері де келіп амандасты бізбен. Ынтықбай марқұм мен Мақпалдың өлген-кеткен дерегін бізден сұрап анықтады. Ол екеуінің делосын менімен бірге тиянақтандыруға тізімдеді де, Күләнді өз мекемесі тиянақтандыруға міндеттелді. Келгенімізден үш күн өтіп, төртінші күні шақырып әкетті де, ағарғандығын, қалпағы алынғандығын жариялап, нақақ делосын өзіне көрсетіп тұрып өртепті.

Менің мекемемдегі «саясат тиянақтандырушылар» сақшы назараты мен өздерінің мен туралы әлі айтысып жатқандығын өзіме хабарлап тұрды.

«Биғабіл - ашық кері төңкерісші. Оның қалпағы алынбайды!» - депті сақшы назараты.

«Кері төңкерісші болса, әліге дейін неліктен соттатпағансыңдар? -деп мені ақтауға барғандар айтысыпты. Сөйтіп, менің бірнеше қапшық деломды жайып салып жұлғыласыпты. Делодағы материалдарды бір аптада әрең оқып болып, ағарту-ағартпау айтысына қайта түскенде, сақшы жағы тағы бой бермепті. Биғабілдің кері төңкерістік ұйым мүшелері делінген тізімінен ескілі-жаңалы бірнеше «кері төңкерісшінің» аты шығыпты. Олардың екі-үшеуі кезінде атылып та кеткен екен.

«Осындай шегіне жеткен кері төңкерісшілердің бастығы болған Биғабілді кім ақтамақшы?» - деп столды бір-ақ ұрыпты саяси басқарма бастығы.

«Биғабілдің үстінен сақшы орындары бір де материал түсірген емес. Осы материалдардың барлығын құраған - біз. Сендерге әкеліп құшақтатып қойған да - біз. Оны кері төңкерісші деп сендер өздерің қолға алған емессіңдер, өз мекемеміздің «әкімшілік жазасымен» жазалап, автоном райондық партком үгіт бөлімінің бекітуі бойынша «еңбекпен тәрбиелеу» орнына әкеліп берген біз өзіміз болатынбыз. Мәселесін енді өзіміз шешеміз! Өзіміз 1964 жылы-ақ ақтағанбыз. Жиырма екі жыл жазаланғаны жетпегендей, әлі бұрынғы қалпақтарыңда көз жұмып отыра бере алмайсыңдар! Жалалы материал бергендерден әлденеше рет анықтап сұрап келіп отырмыз! Егер оның делосын толығымен өзімізге қайтармасаңыздар солардың бәрін Биғабілмен қоса шақырып әкеліп, ашық айтысамыз!»

«Егер Биғабілдің өзі ағартылса, ол ағарғанда біз ағармаймыз ба деп, қол астында болған неше жүз қылмыскер қаптап келсе, бәрін ағарту кімнің қолынан келмек! Өздерің осыны ойлаңдар да, оны тоқтата салыңдар!» - деп сақшы жағы кеңес беріпті.

«Отты кім ұстаса соның қолы күйеді. Егер бәрі ақталуға тиісті болса, бәрі ақталады. Өлгендерінің, атылғандарының да нақақ кеткендері көп екендігін ұғып қойыңыз! Жұмыс көбейеді екен деп бұлардың бәрін тастап қою да ешкімнің қолынан келмейтін іс болып қалды. Партия орталығының нұсқауын орындамасаңдар алдымен сендердің қолдарың күйеді!» - деп ақтаушылар шығыпты.

Осы айтыс, осы ескертулерден соң біздің мекеменің саясат тиянақтандыру алқасындағылар түгел әрекетке келіп, менің үстімнен сондай өтірік материал жазғандарды түгел тергеп, бәрінің де қорыққандықтан жазғандықтарын қайта анықтапты. Қорқытушылардың не деп қорқытқандықтарына дейін жазып алған екен. Бес күн ішінде бәрінің ақтау материалын алып, сақшы назаратына өзіміздің көне қызметтестердің бәрін ертіп апарыпты.

Менің боқшамдағы ұшқары материалдар мен олардың түгел жала екендігін көрсететін жаңа мойындауларды салыстыра отырып айтысыпты олар. Тек, өзі қалпақ киісімен Совет одағына қашып кеткен Әбілемит сияқты көлгір күндестерімнің жапқан жалалары ғана айқындалмай қалған екен. Олардың «шужұңжуиға қашып, жауға қосылып кеткендіктері», жазған материалдарының да қара материал екендігіне дәлел болыпты. «Кім де кім жау жақта тұрса, ол да жау» ғой. Ақтаушыларым Маузыдұңның осы сөзімен стол соққылап отырып ақтапты мені.

«Сіздер Биғабілді ақтасаңыздар, өздеріңіз ақтай беріңіздер, делосы бізде сақталады! - деп сонда да безеріп отырып алыпты сақшы жақ. - Оған байланысты делолар мен материал біздің бір складты толтырған. Олардың бәрі де жоғары жақтан бекітілген, шара көріліп орналастырылып болған. Барлығының негізі болған бұл делоны сендерге қайтарып бере алмаймыз!»

«Қайталап айталық, сендер жабысып алып отырған осы делода өздерің еңбек сіңіріп тапқан бір материал жоқ екендігін өздерің де көріп болдыңдар! Сол шақтағы тышқақ жалақорларға сеніп кетіп, дело құрап берген біз. Биғабілді еңбекпен тәрбиелеуге өткізіп берген біз, еш уақытта да мәңгілік түрмеге кескен емеспіз! - деп, барған ақтаушылардың бәрі де кеуде қағып шабуылдапты. - Осы делоның ішінде өздерің факт қойып тапқан материал болса, алып қалып, біздің өз материалымызды өзімізге қайтарыңдар, бәрі өтірік! Таластарың болса ғана айтысыңдар бізбен!»

Ақтаушылар осылай алқымдап отырып жеңіп, бұрынды-соңды маған артылған боқшаны түгел алып шығыпты. Келгеніме жиырма шақты күн өткенде мекемеге мені жеңіл машинамен апарып, сыпыра жаланы өзіме бір-бірден көрсетіп отырып отқа тастай берді. Тек, қорқытып жала жапқызғандардың аттарын ғана жасырды менен (Бірақ, оладың бас атаманы кім екендігі маған мәлім еді ғой). Толық ағарғандығымды «саясатты тиянақтандыру кеңесі» жағынан жариялап, бұрынғы қызметіме қайтадан тағайындады. Мекеме бойынша кештік зияпат өткізіп, «дәуір жағдайын» айта жуып-шайып құттықтады бастықтары.

Қан рагы шірітіп, медицина институтында хал үстінде жатқан Жаубасар бұл жайтты естіп, басын шайқап-шайқап қалыпты. Не мағынамен бас шайқағандығы белгісіз. Өлмей қалғаныма өкініп, ағарғандығымды жақтырмай шайқалған бас па, иә, маған соншалық қаражүз зиянкестік істегеніне өкінгені ме, қасындағылар ұға алмапты.

Оның мен күреске алғаш тартылысыммен үйімнен жиғызып алған жазба шығармаларым мен материалдарымды мекеме складтарынан бірнешеуіміз іздеп таба алмадық. Мәдениет топалаңында төбесі ойылып, топырақ басып қалған архив складын аршып тазалатып алып іздесек те, маған тиісті қағаздан ештеңе шықпады. Складтарға, архивке қарайтын қызметкерлер де әлденеше рет алмасқан екен. Олардың тірілерінен ешқайсысы білмеді. Қағаздарым жиып алынған шақтағы мекеменің тұрақты хатшысы болған әйелден сұрасам, ол, Жаубасарға өз уақытында тізім бойынша санап өткізіп бергенін айтты. Жатқан жеріне тұра жүгіріп жеткенімде бас жауапкерімнің өлімі залда естілді. Сол «таңға жақындағанда» ғана «о дүниеге» кете қойыпты.  Білектеріне қаралы белгі таққан бейтаныс бес-алты семіз тізіліп бір жағында тұр. Жетіп барып, бетіне жабылған қадірлі балға-орақты қызыл туды ашып қалғанымда, бұл дүниеде жоқ біртүрлі сасық иіс мүңк ете түсті. Лоқсып қалып шыға жөнелдім...

Күлән ағарысымен-ақ мекемесі шығын шығарып, өзінің бұрынғы меншікті қоражайын жөндетуге кіріскен. Бұрынғы екі семьяның сонда сақталып тұрған қалдық жабдықтарын қосып, көп-көрім үй құрадық. Достардың әкелген тойлықтарымен толықтанып, жайнаған бір жаңа семьяға айнала қалдық.

Ханзу «оңшылдары» ағарғанда түгел қайтарылған жиырма жылдық еңбекақы, кезегі кейін жеткен шағын ұлттардағы ағарған «оңшыл», «жерлік ұлтшылдарға» қайтарылмай мұздатылып қалыпты. «Қазір банкіміз құрғап қалды. Ақша жиылғанда бірте-бірте қайтарамыз» деп жариялады. Менімен бірге ағарған Ынтықбай марқұм мен Күлән үшеумізге бұрынғы дәрежелеріміз бойынша ең кейінгі алты айлық қана ақша қайтарылды. Ал, Советке қашып кеткен Мақпал ағаруды қойып, аты да өшіріліпті. Қызмет стажы көп, дәреже жағынан жоғары үшеуміздің он сегіз айлығымыздың өзі-ақ тұрмыс шығынымызға жетерлік негіз болды.

Менімен байланысты қалпақ киіп, қорлық-зорлыққа, тепкіге түскен бауырластардың өзім білетіндеріне хат жазып, толық ағарғандығымды ұқтыруға кірістім. Өлгендердің Мағрипа мен шешесі сияқты сорланған бала-шағаларына, кейбірінің туысқандарына, қарасты басшылықтарына жазылды. Өзім толық ағарғандықтан олардың тіпті ағарып, тартқан зияндарын төлетуге, тіпті құн алуға да жолдары ашылғандығын хабарлауға борыштымын ғой. Азып-тозып қаңғып кеткендерінің бәріне өз хатым жетпейтін болғандықтан «партия қамқорлығына алғыс» айтқан бейнемен газет тілшілеріне хабар-мақала жаздырып шығарттым.

Қалпақ киген, қолға алынған, өлтірілген жалалылардың әрқайсысы өздеріне қалпақ кигізген аймақ аудандарда тиянақтандырылып жатты. Үрімжіде менімен бірге жазаланған студенттер өз мектептеріне келіп ағарып, қызметке орналастырылды. Мойнына киілетін жауапкершілік солай бөлшектеніп азайғандықтан сақшы назараты өз мүшелерінің жауапқа тым аз тартылғандығын білдім. Тек, кей аймақтардан бірен-саран жендеттердің жасырын өлтірілгені естіліп тұрды.

Ал, Үрімжіде болған қыран жендеттердің айқын ізі табылар емес. Жоғары қызметтен «құқық шонжары» деген қалпақ астына түсіп өлген аға азаматтардың үйлеріне көңіл айта барып сұрастырғанымда, тіпті жұмбақты оқиғалар естілді. Әлібек марқұм өлерінен үш-төрт күн ғана бұрын үйіне хат жазып, ет-май, нан, сүт сұраған екен. Айтолқын сұрағанын апарып, ерін көріп қайту үшін байланысты орындарды екі күн кезіп, үшінші күні жетіпті. Автоном райондық прокуратурадағы досы берген күшті қағазы бойынша камерасына кіріп барса, Әлібек шалқасынан түсіп, жертөсекте өліп жатыр. Көп жендетпен алысып, еденде өлген тәрізді, киімі түгел топырақ, бір жеңі қолтығына дейін сөгілген. Шашы ұйпа-тұйпа, жұдырығы дауалға ұрылғандай жараланған. Қол сағатының быт-шыты шығыпты. Шыр ете түсіп, ерінің үстіне құлап түскен сабырлы-берік Айтолқын есін әрең жиып, жан-жағына қараса, түрме қызметкерлерінен екі қазақ қана тұр. Ол екеуі үн қатпай қызара тұқырып алыпты. Қысылып тұрғандықтарын байқаған Айтолқын, кірген есігі жаққа қараса, оларға тікірейе қарап, бір ұйғыр, бір ханзу офицер тұр екен.

«Бұл кісіге не болған?» - деп сұрапты Айтолқын. Екі қазақтан сонда да үн шықпай қалыпты да, ұйғыр офицер табалдырықтан аттай сөйлепті.

«Бұ жинайетші[4] рак ауруынан өлді! Тамақ өтпей өлді!»

«Ашығып, ешқандай дәрменсізденген белгі жоқ қой! - деп Айтолқын таңырқай қарап факт қойыпты. - Дәрменсізденіп өлуге айналған адам носки мен ботинкасына дейін осылай толық киіне алар ма! Сағатының шағылуы, шашы мен киімінің жұлмалануы қалай? Тамақ іше алмайтын адам, менен ыңғай сұйық тамақ сұрамай ет пен нан сұрап хат жаза ма! - Күйінген әйел Әлібек жазған хатты көрсете бергенінде ұйғыр офицер жұлып алып көріп, өз жанқалтасына сүңгітіпті.

- «Рактан ашыққан жинайетшінің аңсап сұратқаны болса керек, кеше екінтіде өліпті!»

- «Мына жеңін неліктен сөккенсіздер?» -Айтолқын жауап ала алмай, Әлібектің жуан білегін түріп жіберіп, улы укол қойылған жеріне қарай қалғанында, сақшылар өзін сыртқа сүйреп ала жөнеліпті:

- «Сіз өзіңіз де қалпақты кері төңкерісші екендігіңізді ұмытпаңыз, жуас болыңыз!», «Сіздің қылмысыңыз да осы өлушімен бірлікте өткізілген! Оның киімін, көрпе-жастығын, төсек-орнын ақтаруыңызға, қасында болуыңызға рұқсат жоқ!», «Рактан өлсе де, әрқандай жағдайда да кері төңкерісшінің сүйегі үйіне қайтарылмайды!... Әлі де семьясына заттық байланыссыз қалпында тексеріліп, үкімет жағынан жерленеді. Жоғары жақтың бұйрығы осы, қайтыңыз! Өз мәселеңізді ғана, шығар жолыңызды ғана ойлаңыз!» - осылай құқай көрсетіп жолға салыпты Айтолқынды.

Ол шақтағы автоном район парткомының бас секретары, әскери районның бас генералы, автономиялы үкіметтің бірінші төрағасы болып, барлық құқықты өз қолына алып отырған Сайпиден Әзезиге жүгірген «кері төңкерісші» таныс әйел, зор ұлықтың құдіретті қақпасынан тіпті қатал тосылыпты. Бірнеше автомат қатар төніпті кішкентай өзіне. Әміршінің өз алдына кіріп арызданудан үміті солай үзіліп, хабар бөліміне жазып әрең кіргізіпті арызын. Қарсы жағынан кетпей көшеде отырып алған Айтолқынды екінші қабаттағы терезеден ұлықтың өзі де көріп отырса керек, екі сағаттан соң адьютантын шығарып, ауызша жауап қайтарыпты: «Әлібектің ракпен ауырғанын мен де естігенмін. Сол аурудан өлгеніне талас жоқ. Мәселесі бір жақтылы болмаған кері төңкерісшінің сүйегі қайтарылмайтындығынан өзің де хабардар шығарсың. Қазіргі мәдениет төңкерісі кезінде оны жоқтаймын деп өз қалпағыңды тіпті ауырлатып алмай, балаларыңды бақ!... Қазір осыдан басқа лаж жоқ!» депті.

Айтолқын, көңіл айтуға келген Күлән екеумізге шағынып, ұзақ жылады. Әрең шыққан нәзік қана үнімен егіле жоқтаған толқынды жыры буырқанған тасқындай, бізді де ала жөнелді. Қалтырап бүгіле егілдік. Ауыр қасірет пен кернеген мұң-зар, ақындықтың керемет дарынымен ағытылды. Бұрын ешкім айтып, иә жазып көрмеген жоқтау жыры да, оған лайықтап шығарған әуені де өзгеше тың, бүтіндей жаңа, әрқандай тасжүректі де ерітетіндей кемелетке жетіпті.

Дертіне дәрмен боларлық басқа лажым жоқтығынан Айтолқынды соны айтып жұбаттым: «Мынадай жоқталған өлімнің, дәл қазіргі шақта арманы аз шығар. Әлекең сіздің осы жырыңызбен бірге жасар-ақ. Мұндай өлмес жоқтау шығартқан ерді өлді деуге болмайды!» - деп өзім еселей жылап жібердім...

Әлібекпен қатарлас «құқық иесі» қалпағымен өлтірілген бір татар, бір қазақ азаматтың да үйлеріне барып көңіл айттық. Олардың «ажалы» да мүлде құпия әзірейілден келген, ашық айтуға болмайтын, жұмбақты ажал екен: аса сабырлы-білімді татарды «жалғыз жатқан абақтысында асылып-буынып өлді» деп жариялапты. Бірақ, ол қалың цемент сылақты абақтының еш жерінде асылатын қазық та жоқ, электр лампасы қол жетпес биіктегі темір торлы қуыста. Электр сымы қалың штукатор үстінде, буынып өлді деуге сылтау боларлық штан бауы да тоналған. Әр күні тінтіліп тұратын саяси тұтқын. Жоғары заң орнының арнаулы абақтысы ондай өлімге орай бермейтіндігі белгілі болатын...

Ал, оның қатарындағы абақтыда жатқан қазақ та жоғары дәрежелі саяси заң қызметкері еді. Оны «дизентериямен ауырып өлді» деп жариялапты. Өлген уақыты аязды ақпан. Дизентерия вирусының үдеп тарайтын маусымы емес. Әрі жалғыз жатқан, дәрежесі жоғары қылмыскер. Қазіргі заманның жетілген медициналық аспабы, сансыз сынақтан өткен дәрі-дәрмегі, қуатты дәрігері бар, ерекше тергеу орнында дизентериядан адам өле ме!

Көңіл айта барған бұл қаралы үйлерімнен де ыңырана-күңірене күрсініп шықтым. Өйтетінім, бұл үшеуі, төңкерістік үш аймақ қызметкелеріне науқан сайын қақпан құрылғанда Сайпиденмен бірдей қорғалып қалған, Маузыдұңның өзі әр науқанда бір көтеріп өсіріп келген сенімді қолқанаттары еді. Маузыдұң идеясына қарсы «кері төңкеріс» бұлардың ойына келе қоймаса да «қолдаушы тәңірінің» өз ойына келген бе, иә мұндағы қадағалап тігіліп отырған сенімді құлағы ой берген бе... ол жақтары белгісіз. Әйтеуір, өлген өлістерінің сондай ауыр жұмбақ екендігі беп-белгілі болыпты. Ал, Сайпиденнің сексен қабат мамық жастықта сақталған соқа басын, бұларға «ажал келген соң» тағы өсіріп, жүз қабат мамық жастығы бар астана бақшасына әкетіпті. Тегі, о дүниенің мәңгілік жәннәт дегені сол болса керек.

Кеш бата үйге екеуміз ғана оңаша қайтып келе жатқанымызда қолтығындағы менің білегімді қыса түсті Күлән.

- Биғаш, ағаруымыз ағардық қой, осындай амандығымызда өз ата-мекенімізге тездетіп қайтып алайықшы! - деді. - Осылардың беретін мәртебесінің де, ақшасының да қажеті қалмағандығын көрдік! «Кісі жерінде сұлтан болғанша өз жерімізде ұлтан болудан» абзалы жоқ екен!

«Кісі жерінде сұлтан болғанша өз жеріңде ұлтан бол!» Осы мақалды елу бесінші жылы Қазақстандағы Қуандық ағадан келген хаттан да көргенім есіме түскенде, іші-бауырым солқ ете түсті, өксіп қалдым.

- Мұны мен ойлағалы қашан! - Жылап жібере жаздап, бәсең ғана күбірлеп жауап қаттым. - Шекара күзеті әлі босаңсымай, сәті келмей тұрмай ма! Бұған қалай асыға қалдың?

- Көрмегеніміз көргенімізден әлі көп екен. Мына сенімділерінің өлімі жанымды тіпті түршіктіріп барады. Сенің... әрқандай мәселеге себеп іздемей тұра алмайтының белгілі, қырсыққа тағы ұшырайтын сияқтысың!

- «Ештен де кеш жақсы» екендігін менен көбірек білесің ғой, Күләшім, алдымыздағы үкімет реформасында шекара құлпы ашылар ма екен, ең жоғары құқықты қолына алған Дыңшяупиң не жаңалық айтар екен, біраз күтіп байқалық!

- Шекара құлпын бұлардың қайсысы болса да жуыр маңда аша қоймайды! Тездетіп кетудің амалын ойлай жүр дегенім ғой! Жасырын өлтірілген үшеуі де өздерінің ең сенімді белсенді саптастары емес пе еді. Бұларға істегені осы болғанда, еркін ойлы-күмәнді саған не істемейді!

- Бұл үшеуі де меңді иектің сабына кейін қосылған. Ал, Жұңго төңкерісіне бастан-аяқ бар өмірлерін арнап, жанқияр күрескерліктерімен барлық ауыр міндетті көтеріп, жеңіске жеткізген шынайы марксизмші Лю, маршал Хы, асқан жауынгер қолбасшы Пыңды қандай жауыздықпен өлтіргендігін де білесің! Орталық комитетіндегі нағыз пролетар да - Жуды кәрі мен осы үшеуі ғана емес пе еді. Өздері алданып сайлап алған «тәңірінен» басқа ешкім үкім шығара алмайтын бұл алыптардың өліміне де сәби бала сенбейтін сылтаулар айтылып, жаласы битке артылып жатпай ма! Жиреніштілігімен жер шарның мұрнын тыжырындырған мәдениет топалаңынан өздерін ақтау үшін осы жақында ғана бар мәселені «төрттік топқа» арта қойған сылтауын естідік қой! Ал, біздің өлімімізге ондай сылтау іздеудің де керектігі жоқ бұларға! Ойлап жүрмін, жаным, қазір өз отанымызға кете қоюдан басқа тіршлік жолымыз қалған жоқ, тіпті түсімде де соны ойлайтын болдым!

 

Әділетті тергеушім, баласын алдына алып, тойда отырған ауыл әйелі оқыста тырқ еткізіп жел шығарып қойыпты. Кімнің құйрығынан кеткен өзіне белгілі ғой, қызара қалыпты да, баласын желкелеп-желкелеп жіберіпті. Жаласын балаға жауып құтыла салмақ екен. Жылаған бала кәмпитпен уанса да жалақор шешесіне жалтақтап қарай беріпті. «Тағы осырсаң мені тағы ұрамысың, апа?» деп сұрай жалтақтағанда маңайында қыстығып отырғандар ду күліпті.

Қарапайым ауыл әйелі өз масқаралығын өз ішінен шыққан баласына аудару үшін осылай желкелегенде, талайды көріп, талай мүңкіткен саяси жезөкшелер өз қылмысын жасыру үшін, өгей біздің кектілігімізді біліп отырып жерге тықпай қояр ма!

(Жалғасы бар)

Abai.kz


[1] Жүйжаң (ханзуша) - мекеме бастығы.

[2] Ұқықдар (ұйғырша) - құқық иесі, құқық шонжары.

[3] Ханзу тілді жерлік қызметкерлер ханзуша «жыңжыр» деген атауды саяси деп қолданып жүр. Бұл біздің тіл жүйемізге осылай, үйлеспей қалады. «Жыңжыр» - ішкі саясат, саяси жол. Дәл мағынасы саяси басқару деген сөз. Мұны өзіміздің синтаксистік жүйемізге бағындырып аудармасақ дені сау сөйлем құралмайды.

[4] Жинайетші (ұйғырша) - қылмыскер.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338