Елеужан Серімов. Дiни шешендік сыры
Жуырда Abai.kz-те Өмірзақ Ақжігіттің «Бүгінгі діни бөлшектенуіміздің сыры неде?» (http://old.abai.kz/content/omirzak-akzhigit-b-gingi-dini-bolshektenumizdin-sebebi-nede) атты мақаласы жарық көрді. Онда қазаны аза тұтқан қаралы қауымды алқай алмаған молданы мінеген тұстар бар. Осы ретте көнеден жеткен аңызды көлденең тартсақ дейміз. Адамның ақыл-парасат, шариғат, хадистерден мың сұрақ қойып, кім шешсе соған тұрмысқа шықпақ болған патша қыз Мәлике барлық сұрақтарға жауап берген Әбділдаға басын иген дейді. Соның бірі: «Өзінде бар, оны беруге асықпайды, өзінде жоқты алуға өзгеге жұмсайды, ол қандай адам?» - деген сұраққа Әбділда: «Бұл ақырзаманның дүмше молдалары, олар халыққа насихат айтады, бірақ сол насихатқа лайық қасиеттерді өзінің бойына сақтамайды» - деп жауап берген екен.
Жуырда Abai.kz-те Өмірзақ Ақжігіттің «Бүгінгі діни бөлшектенуіміздің сыры неде?» (http://old.abai.kz/content/omirzak-akzhigit-b-gingi-dini-bolshektenumizdin-sebebi-nede) атты мақаласы жарық көрді. Онда қазаны аза тұтқан қаралы қауымды алқай алмаған молданы мінеген тұстар бар. Осы ретте көнеден жеткен аңызды көлденең тартсақ дейміз. Адамның ақыл-парасат, шариғат, хадистерден мың сұрақ қойып, кім шешсе соған тұрмысқа шықпақ болған патша қыз Мәлике барлық сұрақтарға жауап берген Әбділдаға басын иген дейді. Соның бірі: «Өзінде бар, оны беруге асықпайды, өзінде жоқты алуға өзгеге жұмсайды, ол қандай адам?» - деген сұраққа Әбділда: «Бұл ақырзаманның дүмше молдалары, олар халыққа насихат айтады, бірақ сол насихатқа лайық қасиеттерді өзінің бойына сақтамайды» - деп жауап берген екен.
Қазақтың шешендік өнерінің бір арнасы діни шешендіктен желі тартады. Біздегі кемшін тұс - осы. Қасіретте де әдеп барын, өлім де жұбататынын діттейтін өнер - діни шешендіктің қыр-сырлары біздің топырақта әлі күнге қалыпқа түспей жатыр. «Үй өртенсе, үй тұрғызады, кісі өлсе, кім тұрғызады» деген қазақ қайтқан адамды бақилыққа жөнелтуге айрықша көңіл бөлген. Абайдың «жер қойнына өлеңмен кірер денең» деуі соның жарқын айғағы. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігінің біте қайнасқан айнасы іспетті, наным-сенім негізінде пайда болған діни шешендіктің өзегінде ақ жүрек адалдық пен бәрін де қанағат тұтар қарапайымдылық сияқты халықтық абзал қасиеттерге толы келетін ықпалы күшті, әсері мол көркем тілмен әспеттелетін діни уағыздамалар жатыр. Оны риторика ғылымында «гомилетика» деп атайды. Гомилетика - діни шешендіктің туып, қалыптасып, даму тарихын, жүйелік құрылысы мен мазмұндық сипатын, көркемдік әдіс-тәсілдерін зерттейтін шешендік өнердің өрнекті тармағы.
Діни шешендік жайында тиіп-қашты пікірлер айтылғанмен қазақ ғалымдары оны күні бүгінге дейін арнайы қолға алып, тиянақты зерттеген емес. Бұлай назардан тыс қалып зерттеу нысанына айналмау себебінің бір ұшы кешегі кеңестік қоғамда белең алған атеистік түсінікте жатса, қазіргі таңда осы саладағы мамандардың бір қолдың саусағымен санарлық аздығынан болып отыр.
Қазақтың діни шешендігінің пайда болып, дамуы ортағасырлардағы ислам дінінің таралуымен тығыз байланысты. Оны таратушы қожа мен сопылардан бастау алады. Сыр өңірін жаулап алған арабтардан қалған белгі - Қожа Ахмед Йассауи, әкесі Ибрахим, оның әкесі Баба түкті шашты Әзіз, рухани ұстазы Арыстан-бабтарды, батысымыздағы - Пір Бекетті қазақтың діни шешендігінің негізін қалады деуге толық негіз бар. Арғынның арғы аталары Дайырқожа, Қарақожа аталуы тегін емес. Бертінде Жүсіпқожа, Күдеріқожа, Қожамбет, Қожағұл, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атанған ақын-жыраулар діни шешендіктің іргесін қалады. Әдебиетімізге діни аңыз-дастандарды әкеліп, діни айтыс секілді өз алдына бір бөлек әдеби жарларды қалыптастырды. Кітаби ақындардың көбі діни тақырыптарға шығарлар жазды.
Өркениетті елдерде мемлекетті діннен ада қылмайды. Қандай жүйемен өмір сүрсе де, онда бәрінің шығар қайнар көзі дінге тіреледі. Дін - қасиетті құндылық ретінде ұғынылады. Ұлы Абай: «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өңгесі хаһқа қол емес» дейді. Жан баласының көкірегіне құнарлы, ажарлы нәрін құяnын діни шешендіктің бастау бұлағы - дін. Дін - адам бойындағы жағымсыз дерттерден тазартуға мүмкіндік береді. Өтірік айтпауға, кісіні сыртынан жамандамауға, нақақ ғайбаттамауға, ұрлық-қарлық істемеуге үндеп, кісінің көкірегіне жарық сәуле түсіріп, жанның таза болуына шақырады. Адамгершіліктің қадау қазығы. Ой құсасы жүрегін тескен адамдардың көңіліне демеу болады. Осының бәрі көкірегіңе ұялар әдемі, негізді сөзбен жүзеге асырылады. Жасыратыны жоқ, діни шешендіктің кей түрі көбіне-көп халық мол жиналған мешітте өтер жұма-намаздарында, отырыс-мәжілістерде, қазадан аза тұтып жатқан үйдегі адамдар жиналған жерде айтылып жүр. Мәселен, дүниеден өткен ата-анаға жақсылық істеу туралы Сахих хадистерінің бірінде: «Біз Нәбидің (с.ғ.с.) жанында тұрғанымызда бір кісі: «Я, Рассуллаһ (с.ғ.с.), ата-анам қайтыс болғаннан кейін оларға жақсылық істеудің жолы бар ма?» - деп сұрапты. Ол (с.ғ.с.): «Йә, бар. Қайтыс болған ата-анаңа төрт жолмен жақсылық істесең болады: олар үшін дұға етіп күнәлары үшін жарылқау тілеу, орындай алмай кеткен уәделерін орындау, достарын құрметтеу, ата-анаңды себепші етіп, олардың туыстарымен қатынасты үзбеу» - деді». Осы ой ендігі бір хадисте былайша жалғасын табады: «Жан тапсырысымен пенденің барлық амалы тоқтап, тек үш амал өз жалғасын табады. Ол - жария садақа, үйреткен пайдалы білім, артта қалған ізгі ұрпақтың дұғасы». Шұрайлы тілмен айтылған ой жүрекке ендеп енетіні кәміл.
Әзірет Әлі - Әли ибн Әбу Талиб жас кезінен-ақ сөзшеңдігімен аты шыққан. «Ілімнің қақпасы» атанып кеткен оны сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған, олардың бәрі Әзірет Әліге бір сұрақ: «Білім артық па, байлық артық па?» - деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі сұрақтарға былай деген екен:
1. Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра.
2. Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді.
4. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды, білім артық болатыны осыдан.
5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.
6. Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан-дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін.
10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол адам оған мақтанып малданады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық, - деген екен.
Білімнің артықшылығын бұдан артық дәлелдеуге болмас. Діни хадисте: білім өмірде - таяныш, жолда - дос, жалғыздықта - жолдас, қуанышта - бастаушы, қайғыда - медет, күресте - құрал, зұлымдыққа қарсы - айла деп бекерге айтылмаған.
Ендігі бір әфсанада: - Тақсыр, мен өмірімде көп күнә жасадым. Күнәларымнан арылтып, Алланың кешірімін әперші,- депті бір кісі имамға. - Сенің жаның бес арықтан лай су ағып құйылып жатқан тоғанға ұқсайды екен. Біріншісі - сенің көздерің, мұсылман әйелдерге көзіңді сүзбе. Екіншісі - сенің аузың, ораза ұстап, дұға оқып жүр, жақсы сөз айт. Шариат қаламағанды ішіп-жеме. Үшіншісі - сенің миің, әділетсіздік пен зұлымдықтын, менмендік пен өркөкіректіктен арыл. Төртіншісі - сенің аяқтарың. Көргенсіз жолға баспа. Бесіншісі - сенің құлағың. Өсек пен кеселді сөзді терме, естімеген бол. Тек сонда ғана сенің арықтарыңның суы тұнықталады, сенің жаның мен жүрегің тазарады, сені күнәларыңнан мен арылта алмаймын, өзің арылтасың, - депті. Міне, осындай, діни аңыз арқау етіліп, адамды рухани тазару жолына меңзейтін иландыру шеберлігі қарапайым мысалдар келтіру арқылы баянын табады.
Жалпы қазақтың діни шешендік өнерінің әуелгі сілемдері ортағасырлардың орта тұсында араб-парсы жазба мәдениетінің шарықтап дамыған тұсында көрінетінін айтқан абзал. Ислам діні кеңінен тараған кезінде жазылған діни шешендіктің небір озық үлгілерін бойына мықтап сақтап жатқан тағылымы мол еңбектер баршылық. Қазіргі қоғамымыздың әр саласына қажетті шешендік қырларын осы жазба мұралардан да үйреніп жүру ләзім болмақ.
Ғұмыр талайын талас-тартыстарда өткізген тілмар Абайдың өзі дүмше молда, схолас фанатиктермен сөйлескенде өзінше тіл өрнектерін, діни шешендіктің тәсілін іздеген. Осы жайында Мұхтар Әуезов: «Олармен Абай өте көп дауласады. Кейде дін өсиетшілеріне олардың түңлігін ұшыра, дауылдай соқтығады. Сонда ол сан жерде мұсылманшылық кітаптары мен ұстаздары қолданған сөзді де, сөйлемдерді де мейлінше молынан қолданады. Кейде оларды өз тілімен мұқатпақшы болып, солардың өзі жазып жүрген тіл сөйлем, нақыс-машықтарын қолданады» - деп, Абайдың дүмше, схоластарша сөз саптап, әрі олардың сөздігімен сөйлегенін айтып, соның дәлелі ретінде әйгілі жазушы ұлы ақынның «Қара сөздерінен» мынадай үзінділер келтіреді: «Моллалар тұра тұрсын, хусусән бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар, олар фитнәи ғалам. Өздері хұкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһлитариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлар-дың жеткізбегі мұхал. Бұлар адам жазғырушылар, хатта дінге де залалды. Бұлардың сүйенгені - надандар, сөйлегені жалған, дәлелдері - тасбығы мен сәлделері. Онан басқа ешнәрсе жоқ». Бұл үзіндіден тілдің хас майталманы Абайдың шешендік шеберлігінің бір қыры қылаң беріп қалады. Қарсы даушарлардың тілімен сөйлеп, шешендік шеберлік танытып, солардың сөз шоқпарларымен өздерін соғады. Бұл сияқты мысалдар Абайда көптеп табылады.
Ежелгі қазақ жеріне ислам діні тек таза дінді уағыздап қана қоймай, ұлттық әдет құқығы қатарына діни шариат сықылды қазылық институтты да енгізді. Үкiм, шешiм шығарарда шешендік өнерге сүйенген қазылар даугерлер жағы қисынға тоқтайтын уәждi дәлелдемелер келтiрiп, әдемi тiлмен әспеттеген. Ол өз алдына арқауы бөлек әңгіме.
Елеужан Серімов,
Қарағанды қаласы
Abai.kz