Сенбі, 2 Тамыз 2025
Туризм 534 0 пікір 1 Тамыз, 2025 сағат 13:18

Туризм және экология: тұрақты дамуға қол жеткізу

Сурет: silvotherapy.co.uk сайтынан алынды

Қазақстанның табиғаты алуан түрлі және әдемі. Бурабай, Көлсай мен Қайыңды, Баянауыл мен Қарқаралы өңірінің келісті келбеті, Шарын шатқалы, Іле Алатауының сұлулығы көз тойдыратын көрініс қана емес, сонымен бірге елдің экологиялық қазынасы. Ал қазір бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да экотуризм өзекті. Себебі туристердің шамадан тыс келуі және табиғатта дем алатын адамның мәдениетінің төмендігі табиғи ортаға артық жүктеме түсіреді.

Экологиялық туризм туристік индустрияның жылдам дамып келе жатқан саласы, оған әлемдік туризмнің 25%-ы тиесілі. Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, экотуристер саны жыл сайын 20%-ға артып келеді. Экотуризмнің басты ерекшелігі табиғи аумақтарға барған кезде биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтауға негізделеді. Экотуризм табиғатты қорғаумен айналысатындарға пайдалы жағдай жасауға да мүмкіндік береді.

Қазақстанда экотуризмді дамыту әлеуеті

2019 жылы Финляндия экологиялық тұрақтылық деңгейі, өсімдіктер мен жануарлардың алуантүрлілігі мен бірегейлігі және мемлекеттің қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күш-жігерінің арқасында жабайы табиғат бойынша саяхаттауға үздік ел ретінде танылды. Үздік елдердің тізімін анықтау үшін ұлттық парктердің саны, биоалуантүрлілік, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың жойылып кету қаупі және басқа да өлшемдер ескерілді.

Қазақстан бұл рейтингте 87-орынды иеленді. Десе де, аумағы, флора мен фаунаның алуан түрі, табиғат ескерткіштері мен ЮНЕСКО мұрасы қатарындағы нысандарды есепке алсақ, елімізде экологиялық туризмді дамытуға жеткілікті алғышарт бар.

Қазақстанда қазіргі уақытта 14 ұлттық парк бар. Табиғат аясында демалуды қалайтындар саны да жылдан-жылға артып келеді. Алайда туризм қарқынды дамыған сайын қазынаға қауіп төніп тұр. Біз бұл мәселені экобелсенді Светлана Спатарь және экология саласының сарапшысы Базарбек Қамысбаевпен бірге талқылап, әлем елдерінің оң тәжірибесін саралап, Қазақстанның жағдайына қолайлы шешімдерді бірге іздедік.

Экология саласының сарапшысы Светлана Спатарьдың айтуынша, елімізде туризм дамығанымен, оны басқару мен реттеу жағы артта қалып отыр.

«Бүгінде туризм табиғатты тамашалау емес, оны тұтыну құралына айналып барады. Инфрақұрылым жоқ, айыппұл жүйесі жұмыс істемейді, ал мәдениет деңгейі өте төмен. Келушілердің саны шамадан тыс көп болуы экожүйені бұзып жатыр», — дейді сарапшы.

Осы саланың сарапшысы Базарбек Қамысбаев бұл пікірді қолдай отырып, нақты мысалдар келтіреді:

«Бурабайда жартастарға сурет салу, Жұмбақтасқа катамаранмен жақындау, ұлттық парктерде қоқыс тастау сияқты келеңсіздіктің бәрі бақылаудың жоқтығынан болып отыр. Жергілікті халықтың ескертуіне ешкім құлақ аспайды. Туризм жобалары қысқа мерзімді табысқа бағытталған, экологиялық жауапкершілік ескерілмейді».

Сарапшылар ақпараттың аздығы, ұлттық парктер әкімшілігінің әлсіздігі, жоспардың болмауы мен жергілікті тұрғындарды шешім қабылдауға тартпаутұрақты туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр деп есептейді.

Екі сарапшының сөзін түйіндесек, Қазақстанда мынадай нақты қадамдарды қолға алу қажет:

1) Экологиялық заңнаманы күшейту, қоқыс тастағандарға айыппұл көлемін арттыру. Айыппұл көлемін көбейту арқылы қоқыс тастамауға үйрету міндетті түрде нәтиже берері сөзсіз.

2) Жергілікті халықты шешім қабылдау процесіне қатыстыру. Бұл халықтың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

3) Ақпараттандыру науқаны арқылы туристердің экомәдениетін арттыру.

4) Ұзақ мерзімді, тұрақты туризм стратегиясын жасау және іске асыру.

Әлем елдерінде туризмнің экологияға зиянын азайтуға бағытталған табысты тәжірибе түрі жеткілікті. Оларды Қазақстан жағдайына бейімдеп қолдануға әбден болады. Ол қандай тәжірибе және оны елімізде қалай іске асыруға болады? Бірнеше елдің тәжірибесін қарастырып көрейік.

Кения және Еуропа: Бір реттік пластикке тыйым

2020 жылы Кения қорғалатын табиғи аумақтарда бір реттік пластикті пайдалануға заңмен тыйым салды. Ал Еуроодақ 2021 жылдан бастап бір мәрте пайдаланылатын түтікше, шанышқы, табақ, пышақ сияқты бұйымдарға тыйым салды. Пластик заттар экологияны ластап, мұхиттарға орасан зор зиян тигізіп жатыр. Жыл сайын әлемде өзен-суларға 8 миллион тонна пластик түседі. Теңізді мекендейтін жануарлар абайсызда оны жеп қойып, қырылып жатыр. Сондай-ақ, пластик микробөлшектерінің мұхит арқылы адам ағзасына да түсетіні анықталды.

Қазақстанда мұны қалай іске асыруға болады? Ұлттық парктер мен демалыс аймақтарына кіреберісте бір реттік пластик заттарды алып кіруге тыйым салатын ереже қабылдау. Экодүкендер ұйымдастырып, онда қайта пайдаланылатын ыдыстарды жалға беру немесе сату жүйесін енгізу. Бұл пластикті азайтуға, сол арқылы табиғатқа түсетін жүктемені кемітуге көмектеседі.

Сонымен бірге, туристерге арналған ақпараттандыру науқаны маңызды. Мұндай шараны «Пластиксіз саяхатта!», «Табиғатты өзіңмен бірге алып кетпе!» деген ұрандармен ұйымдастыруға болады.

Грузия: Ұлттық парктерге кіру үшін онлайн брондау және адам санына шектеу

Ұлттық парктерге онлайн брондау мен келушілер лимитін енгізу келушілер санын шектеп, алдын ала тіркелгендерге ғана кіруге мүмкіндік береді. Мысалы, Алматыда «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 2019 жылы 300 901 адам келген, одан беріде көбейіп жатқаны сөзсіз. Бұл көрсеткіш әлі де арта түседі.Мұны қазірден реттемесек, табиғи қорықтардың ахуалы ауырлай бермек.

Бұған қоса 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды 85%-ға дейін арттыру керек.

Бурабай, Шарын, Іле Алатауы сияқты сұраныс жоғары парктерде электронды брондау жүйесін енгізуге болады. Таңғы топ, күндізгі топ, кешкі топ деп уақытты бөлу де біраз жүктемені азайтады.

Норвегия: Айыппұл жүйесі және ақпараттық тақталар

Норвегияда экология ережесін бұзғандарға айыппұл жоғары. Барлық саяхатшыға табиғатты қорғау ережесі түсіндіріледі. Мұны біздің елде де қолға алып, жүзеге асыру қиын емес. Ол үшін Ұлттық парктерде экобекеттер ұйымдастырып,ақпараттық тақталар орнату керек. Бірнеше тілде жазылған мұндай тақтайшалар көзге тартымды әрі көрнекі болумен қатар, тілге жеңіл әрі түсінікті болуы маңызды.

Қоқыс тастаған, заңсыз от жаққан немесе тыйым салынған жерге кірген азаматтарға айыппұл жүйесін нақты іске қосу кезек күттірмейтін шаруа. Қазір заң талабы болғанымен, іс жүзінде оны қолдану жағы кемшін. Айыппұл төлеген азаматтардың оқиғасын айтып отыру да қоғамға белгілі бір дәрежеде ой салады.

Сонымен қатар, экогидтер мен волонтерлердің жұмысын жандандыру қажет.Қазақстанда көптеген экологиялық акция өтеді бірақ оның экологияға тигізіп жатқан пайдасы көпшілікке беймәлім. Мұндай акцияларды экологтармен ақылдаса отырып, экологиялық ережеге сай өткізу керек.

Әзербайжан: Тарихи нысандарды қорғау

Бұл елде тарихи ескерткіштерге қол тигізуге болмайды, олардың аумағықоршалған, бейнебақылау орнатылған. Қазақстанда да Таңбалы тас, Беғазы-Дәндібай, Есік қорғаны секілді археологиялық және тарихи орындарды қоршап, ашықтан-ашық кіруді шектеуге болады.

QR кодтар арқылы виртуал экскурсиялар мен гидсіз саяхат мүмкіндігін жасаутабиғи аумаққа кірушілер санын ғана емес, жүктемені де азайтады.

Мәдени нысандарды қорлайтындарға қатаң жаза белгілеу де нәтиже береді. Мәселен, жартастарға жазу жазғандарды қатаң жауапқа тартып, ол жөнінде ақпарат құралдары арқылы тарату басқаларға ой салары сөзсіз.

Туристерге сапар алдында экологиялық мінез-құлық ережелерін түсіндіру — маңызды тәжірибе. Туристік қызмет көрсететін фирмаларға міндетті түрде экобрифинг өткізу талабын қою нәтижесін береді.

Қазақстан жағдайында Ұлттық парктерде «экотәрбие сағаттарын» енгізумүмкіндігі бар. Мәселен, 5–10 минуттық нұсқаулық түріндегі видео жасауға болады немесе гидтер қысқаша таныстыра алады.

Әлеуметтік желілерде инфлюенсерлермен бірге экобілім кампаниясын жүргізу қолға алуға болатын және шығыны аз шара.

Түйін:

Экотуризм – жауапкершілікпен саяхаттауға, табиғи ресурстарды сақтауға және жергілікті экономиканы дамытуға ықпал ететін маңызды аспекті. Экотуризм әдістерін қолдану арқылы табиғаттың сұлулығын тамашалаумен қатар, қоршаған ортаны қорғаймыз. Экологиялық туризм мемлекеттің экономикасын қалыптастырудың ажырамас бөлігі. Туризм – жай ғана саяхаттау емес, мәдениет, экономика және экология арасындағы нәзік тепе-теңдікке айналды. Қазақстан туризмді дамыту жолында үлкен қадамдар жасап келеді. Бұл дамудың табиғи ортаға тигізетін әсерін елемеу үлкен қателік. Экологияға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Туризм табиғатты тұтынудың емес, оны сақтап, құрметтеудің құралы болуға тиіс. Туристік бағыттардың кеңеюі табиғатқа зиян тигізбей, керісінше, оны қорғауға үлес қосуы қажет. Әлемдік тәжірибені Қазақстанға көшіру үшін заң, инфрақұрылым және ақпарат тұрғысынан өзгерістер қажет. Бұл шешімдер экологияны қорғайды, туризм сапасын арттырады, болашақ ұрпаққа табиғатты таза күйінде сақтап жеткізеді.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді. 

Жансая Менилбаева

Abai.kz

0 пікір