«Орыс әлемінің» күйреуіне біз де үлес қосайық!
Әрбір Қазақстандық Рессейдің «арнайы соғыс қимылын» және өз елі мен жерін, Тәуелсіздігін қорғап жатқан Украинаның толыққанды Отан соғысының барысын жіті бақылап отыр.
Қазақстандықтар «бұл соғыс бізге әсері етпейді, елімізде тыныштық болса болғаны» деп, өздерін-өздері қаншама жұбатса да - ондағы жүріп жатқан майданның лебі бізге де келіп жетуде.
Қазіргі кезде соғыстың тек экономикалық зардабы ғана емес, оның саяси жағы да маңызды бола түсті. Ол Орта Азия елдерінің ішкі және сыртқы саясатын үлкен өзгерістерге ұшыратуда.
Ең алдымен, Ресейдің ең бастапқы қарқынды шабуылы кезінде Украинадан миллиондаған адамдар шетке қашты.
Оларды Батыс «соғыс босқындары» статусын беріп, өз қорғауына алды.
Әрине, сол миллиондардың ішінде Ресейге айдалған украиналықтар да көп болды. Міне, сол жолдар арқылы Қазақстанға да Украина азаматтары енді.
(Бірақ «босқын» ретінде емес, «бейбіт елде уақытша бой тасалаушылар» ретінде).
«Тарих алғашқыда трагедия түрінде көрінсе, сосын ол комедия түрінде көрінеді» деген қанатты сөз бар. РФ мен Украина соғысы кезінде осы жағдай орын алды...
Әуелі, бір аптаға жетпей Украинаны толық бағындырамыз деген Ресейдің жоспары іске аспай қалды да, соғыс созылмалы қалыпқа көшті...
Ал Ресей мемлекеті мұндай жағдайға, мұндай сценарийге, яғни «ұзақ қашықтықтағы соғыс марафонына» экономикалық, әскери-техникалық, технологиялық, адами ресурстары тұрғысынан дайын болмай шықты...
Олардың «соғыс марафонына» дайын емес екендіктерін өз Отанын жанталаса қорғаушы украиндер ашық майданда және бетпе-бет соғыста дәлелдеген соң - бүкіл әлем РФ агрессиясын ашық айыптап, Украинаға қолдауды күшейтті.
Осыған дейін АҚШ бастаған дәмократиялық әлем кезең-кезеңмен, қазіргі соғыс теориясы негізінде Украинаға көмек қолын созды: қару жарақтар соғыс тактикасына және Украина әскерінің Батыс елдерінде (Англия мен Германияда) сол қаруды меңгеруіне сай жеткізіліп отырса, енді 1-қазаннан бастап Бірінші Дүниежүзілік соғыста қабылданған «Ленд лиз Заңы» күшіне енді.
Енді Украина тек қана «сыртқы көмекке» тәуелді болып қалмай, өздерінің соғыс қимылдарына сәйкес жаңа қару-жарақтарды тапсырыс арқылы алу мүмкіндігіне ие болды.
Соның нәтижесінде, сырттан ешқандай технологиялық және әскери көмек ала алмайтын Ресей империясының соғыс потенциялы әлсіруеге бағыт алса, керісінше, жаңа технологиямен және заманалық соғыс тактикасын меңгерудегі Украина мемлекетінің әскери потенциалы күшеюге бағыт алды.
Бұл РФ мен Украина соғысындағы позициялық басымдықты Украинаға алып берді.
Ал, «арнайы соғыс операциясы» іске аспаған Ресей амалсыздан «ішнара мобилизация» жариялап, өз азаматтарын шақырып, әскерге ала бастады.
Әрине, бұл Ресейдің Конституциялық Заңна сай емес шешім. Өйткені, Ресей мемлекет әлі де өз мемлекетін «соғыс жағдайына» көшірген жоқ. Сондықтан, бұл «арнайы операцияға» Ресейдің азаматтық қоғамы емес, «арнайы операцияны жүргізуге дайын арнайы күштері» ғана жауапты болуы тиіс еді...
Бірақ, Ресей билігі мұны белден басып, соғысқа еш қатысы жоқ азаматтарының қолына 21-қыркүйектен бастап қару ұстатуда. Бір қызығы, осыған дейін Ресейліктердің 80%-дан астамы Украинадағы басқыншылықты әділеттілік санап, оны қолдап келген болатын. Социологиялық зерттеу осылай дейді. Енді, міне, соғыс қасіреті әрбір әрбір үйдің есігін қақты. Ресейліктер бұған дайын болмай шықты. Сондықтан олардың мүмкіндігі бар азаматтары шет елге қарай лап қойды. Жаппай соғыстан қашып, көрші елдердің аумағына қарай лықсыды.
Көптеген батыс елдері Ресейге санкция салғандықтан, олардың азаматтарын қабылдаудан бас тартты. Ал НАТО-лыққа мүше Прибалтика елдері шегарасын тас қып бекітті. Тек қана аз уақыт Финляндия мен солтүстіктен Норвегия шегарасы ашық тұрды да, соңынан ол да жабылды.
Осы жағдайда Ресейліктердің негізгі ағыны Орта Азия елдеріне қарай ауды: олар әуелі Қазақстан мен Қырғызстан, сосын барып - Өзбекстан мен Тәжікстан.
Өйткені, бұл елдерде Орыс тілінде емін еркін жүруге болады, қаласа - жұмыс та табылады.
Сөйтіп, сыртқа Қазақстанға қашқан 100-200 мың Ресейліктердің көбі Қазақстанның Астана, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Өскемен және т.т. қалаларына қарай ұмтылды.
Міне, сөйтіп бізде трагикомикалық жағдай пайда болды: кейде соғыстан қашқан украиндіктер мен әскерге алынудан қашқан Ресейліктердің Қазақстанда бір-бірімен көрші болып өмір сүріп жатқан жағдайы да кездесетін болды...
Қазақстандықтарды басым бөлігі, әсіресе - қазақ ұлты өкілдері толығымен РФ агрессиясын айыптап, Украинаға қолдау білдіріп жатқандары жасырын емес.
Қазақтар оған кінәлі емес.
Оған кінәлілер «Қазақстанда мемлекет болмаған, Жерін бізден сыйға алған» деп мәлімдеуші Ресей президенті В.Путин мен оның арандатқыш депутаттары - Жириновский мен оның шәкірттері.
Соған қарамастан қазақ халқы әлі де кең құшағын жайып, соғыстан бас тартқандарға аяушылық танытуда.
Бұл біздің ұлттық мінездің айнымас бір жақсы жағы. Осыған дейін болған Назарбаевтық авторитаризнен халық қаншама жапа шексе те, Құдай біздің халықты осы жақсы қасиетінен ажыратпапты... Біз өз адами кейпімізді сақтап қала алыппыз!
Оған да шүкір.
Енді, бірақ, сақ болу керек. Ежелгі САҚ халқының бүгінгі ұрпақтары сол бабаларының сақтығын бүгінде ұмытпаулары керек.
Біз түркілік дүниемен байланысты артырып, өзіміздің қауіпсіздігімізді осы бастан ойламасақ, соғыстан жеңілген солтүстіктегі көршіміз «қаз ашуын тырнадан алады» дегеннің керіне жүгінбейтінніне еш кепілдік жоқ!
Олардың саясаткерлері мен пропагандасының өтірікке белшесінен батқанына, күніне мың құбылатын тұрақсыздығына әлемнің көзі әбден жетті.
Сонымен, ағайын, қош делік, келіп жатқан келімсектерді өз мәдениетімізбен, өз тілімізбен қарсы алып, әлемдегі аса қауіпті құбылысқа айналған «Орыс әлемі» атты мифтің күйреуіне біз де өз үлесімізді қосайық!..
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz