Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4102 51 пікір 7 Қазан, 2022 сағат 11:07

Қажыгелдин Қазақстанға орала ма?

Ақорда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, саяси диссидент Әкежан Қажыгелдиннің елге қайтуына қарсы емес. Бірақ бұл процесс Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы өткеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл туралы DALA INSIDE дереккөзі хабарлаған.

Қазір Қажыгелдин шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару бойынша билікпен бірлесе жұмыс атқаруда. Әкежан Мағжанұлы мен Қазақстандағы саяси режим арасында өзара түсіністік пен сенім орнаған.

Шетелде тұрып жатқан экс-премьер-министр Қазақстанға қайтуы үшін оған 21 жыл бұрын шығарылған сот шешімі күшін жоюы тиіс. Мұны, журналистер, әкелі-балалы Матаевтардың ақталу сценарийімен іске асыруға болады. Ол үшін Қажыгелдинның өкілі ретінде Қазақстаннан адвокат шығып, Бас прокуратураға өтініш жіберуі керек.

Бірақ бұл мәселенің анық-қанығы президент сайлауынан кейін белгілі болады. Себебі, бұл жаңадан сайланатын ел басшысының көзқарасына тікелей байланысты шаруа.

Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Әкежан Қажыгелдин Abai.kz-ке берген сұхбатында жаңа мемлекет үшін құрылған ресми комиссияның құрамында болуға дайын екенін жеткізген болатын.

«Мен өтірік пен сатқындықтың әлі жойылмаған жүйесінің бір бөлігі болғым келмейді. Дегенмен, өз халқыммен бірге өткен қанды оқиғаны еңсеруге әрқашан дайынмын. Және халық сеніміндегі Үкіметте немесе Назарбаев режимінің зардаптарын еңсеру және жаңа мемлекет құру үшін арнайы құрылған ресми комиссияда болуға дайынмын.

Қазір бір топ мамандармен бірге Қазақ елінің бүкіл экономикасын сауықтыру және жаңғырту бағдарламасын дайындадық.

Онда ең алдымен, ел байлығын көпшіліктің мүддесі үшін әділ бөлудің бүкіл механизмін қайта қарау жолдары көрсетілді. Сондай-ақ, елге ауқымды инвестициялар тартудың тетіктері де қарастырылған. Бұл үшін азаматтардың билікке деген сенімін қайтарып қана қоймай, инвесторлардың елге деген сенімін де қалпына келтіру маңызды.

Шетелде жасырылған Назарбаев әулеті мен оның сыбайластарының байлығын сол шетелдіктер біздің жерлестерімізден де артық біледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты күресті қолға, ұрланған капиталды елге қайтаруды өз мойнымызға алмасақ, реформаларды шынымен басталды дегенге ешкім сенбейді. Мұның бәрі әлі де қабылдауға болатын заң бойынша ашық түрде жасалуы керек. Бұл жаңа билік бұрынғы биліктің байлығын өзара бөлісіп жатыр деген ой болмауы үшін де керек. Сонда ғана халық бұл жұмыстардың тек ұлт мүддесі үшін жасалып жатқанын біледі» ,- деген еді ол.

Қажыгелдин сот шешімі өзгеріп, Қазақстанға келгеннің өзінде елге қоныс аудармайтынын, бірақ, барып келіп жүруге, туған жеріне барып құран оқытуға, туыстарымен кездесіп ел-жер аралауға ниеті барын жеткізген болатын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371