Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5058 0 пікір 10 Қазан, 2022 сағат 11:58

Соңғы құрылтайда

 Тарихи миниатюра

1914 жылы Ресей империясы мұсылмандарының төртінші съезі болды. Бұл патша заманында өткен соңғы мұсылман құрылтайы еді. Оған дейінгі үш съезд Бірінші орыс революциясы жылдары шақырылған болатын. Бұған түрк-мұсылман халықтарын ояту, ағарту, бірлікке шақыру мақсатымен 19-шы ғасырдың 80-ші жылдарынан Қырымдағы Бақшасарайда тұрақты шығып, жиырма шақты жыл бойы күллі мұсылман жұрттары арасына тарап келе жатқан «Тәржіман» газетінің,  газетті шығарушы Исмайыл Гаспралының (Измайл бек Гаспринскийдің) ерекше еңбегі сіңген («Тәржіманмен» қатар ол «Ұлт» – «Миллет»  апталығын, қызы Шафиха редакторы болған «Әйелдер әлемі» – «Алеми нисван», балаларға арналған «Балалар әлемі» – «Алеми субьян» журналдарын шығарып тұрған, сондай-ақ  «Ха-ха-ха!» атты әзіл-сықақ журналының негізін қалаған, жаңа әдіспен оқытатын ұлттық мектептерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын жазған). Әйгілі педагог-реформатор, баспагер, жазушы, саясаткер, бақшасарайлық қырымлы ойшылы бастап берген оқудың жәдидшілдік деп аталатын жаңа, зайырлы бағыты күллі шығыста прогрессивтік мәні зор ағартушылық қозғалыс туғызған-ды.

«Тәржіман» газетінің 1903 жылы салтанатты түрде аталып өткен 20 жылдық мерейтойында Исмаил Гаспринский «Ресей мұсылмандары ұлтының атасы» деп танылды. Отарлық езгіге түскен ислам дінді қалың бұқараның мүддесін қорғау жолдарын іздестіру мәселесі мұсылман қозғалысының күн тәртібіне шыққанда, сол шақта самодержавие үкіметі тарапынан қуғындалып, қыспақ көріп жүрген түрк халықтарының көрнекті қайраткерлері, барша көзі ашық азаматтар оны үлкен бедел тұтқан еді. Сондықтан да ұлы ұстазды бәрі бірауыздан алғашқы күлліресейлік мұсылман съездерінің төрағасы етіп сайлап жүрді.

Мұсылман саяси қозғалысы жетекшілерінің Бірінші бүкілресейлік мұсылман құрылтайын өткізу жайындағы шешіміне сай, империяның ең үлкен Макарий жәрмеңкесі орналасқан Нижний Новгород қаласына Дала және Түркістан өлкелерінен, Кавказдан, Қырымнан, сондай-ақ, әрине, Ресейдің ішкі өңірлерінен 150-дей өкіл жиналды. Алайда қала басшылығы түрлі сылтаумен жиынға рұқсат бермеді. Сонда ұйымдастырушылар делегаттарды 1905 жылғы 15 тамызда Ока бойымен сейілдеуді сылтауратып жалдап алынған пароходқа отырғызды. Сөйтіп съезді өзен айдынымен баяу  жүзген кеме үстінде жасырын жағдайда өткізді. Съезге қатысушылар үкіметтің отаршылдық іс-әрекеттерінен, орыстандыру саясатынан, шоқындыру бағытындағы іс-шараларынан мұсылман халықтарының жапа шегіп жатқанын, тұрмысының ауырлығын, баршасының орыс халқымен тең құқықты болуға ұмтылуы қажеттігін ортаға салды. Мұсылман мүддесін қорғайтын ұйым құру қажеттігін айтты. Солардың негізінде тиісті қарар қабылданды.

Екінші съездің өткізілуіне де үкімет рұқсат бермеді. Соған қарамастан, Петербургте жиналған бүкілресейлік мұсылман съезінің тоқсан шақты делегаты отырыстарын 1906 жылғы қаңтар айының 13-нен  23-не дейінгі аралықта тағы да жасырын өткізді. Съезде  «Бүкілресейлік мұсылмандар одағы» («Бутюнрусие иттифак уль муслимин») құрылды. Бірінші Мемлекеттік думаға депутаттар сайлау мәселесі қаралды. Делегаттардың біразы  сайлау туралы заңның мұсылмандарды кемсітетінін сынап, сайлауға қатыспау керек деді, дегенмен көпшілік мұсылман қозғалысының Исмайыл Гаспралы, Юсуф Акчурин (Жүсіп Ақшора),  Әбдірәшид Ибрагимов (Рәшид қазы) сынды танымал көсемдерін қолдады. Олар Мемдуманы мұсылмандардың мүддесін қорғауға бірден-бір мүмкіндік беретін орын деп бағалаған еді. Съезде Орынбор губерниясы мұсылмандарының алдағы сайлау науқанын ресми билікке сыни көзқарастағы кадеттер партиясымен ынтымақтасып жүргізуге  шақырған ұсынысы қолдау тапты. (І Мемдумада Мұсылман фракциясы құрылып, фракция өз жұмысына «Бүкілресейлік мұсылмандар одағы» бағдарламасы жобасын арқау етті).

Үшінші Бүкілресейлік мұсылман съезі ІІ Мемдума да тарқатылғаннан соң Нижний Новгород қаласында 1906 жылғы 16–21 тамызда өтті. Билік рұқсат берген бұл құрылтайға 800-ден астам делегат қатысты. Съезде оқу және діни істерді реттеу, мұсылман одағының бағдарламасын бекіту мәселелері қаралды. «Бүкілресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы қабылданып, одақтың  15 мүшеден тұратын Орталық Комитеті сайланды. Орталық Комитетке қазақтардан  Сәлімгерей Жантөрин мен Шәймерден  Қосшығұлов енді.

Төртінші съезді араға сегіз жылға тарта уақыт салып қана шақырудың реті келді (оны шақыруға мұрындық болған Исмайыл Гаспралы денсаулығына байланысты съезге қатыса алмады). Мемдума Мұсылман фракциясының төрағасы Құтлұмұхамед Тевкелев  жүргізген табанды іс-әрекеттер нәтижелі болды, үкімет ұсынған шартында едәуір шектеулер  қойса да, съезді өткізуге рұқсат берді. Құрылтайға қатысатындардың тізімі билікке алдын-ала көрсетіліп, келісімі алынды (үкімет барлығы қырыққа тарта өкіл болуына пұрсат еткен, оның ішіндегі сегізі қазақ – Б. Қаратаев, С. Лапин, Ә. Бөкейханов, С. Жантөрин, С. Шорманов, Ж. Сейдалин, Д. Аманшин, Ғ. Нарымбетов еді). Сөйтіп 4-ші Бүкілресейлік мұсылман съезі Петербургте 1914 жылғы 15–25 маусымда жұмыс істеді.  Съезде мұсылмандардың діни істерінің жай-күйі, оны реформалау мәселесі қаралды. Бұл жайында басты баяндаманы ІІ, ІІІ Дума мүшесі Садри Максуди жасады.

Баяндамашылар қатарында болған ІІ Дума мүшесі Бақытжан Қаратаев қазақтардың діни істері ахуалын әңгімеледі. Ол жиынға қатысушылардың бір сәт тарихқа назар аударуын сұрады. Екінші Екатерина патшайым Орынбор діни жиналысын ашуға рұқсат еткен 1775 жылды еске алыңыздаршы деді. Сол шақта  Орынбор муфилігіне қазақтар да қараған болатын. Императрица Орынбор мен Троицк қалаларында мешіттер салғызды. Бұл жайында ұлы далаға шекаралас өлкені билейтін әкіміне қаратып, арнайы пәрмен де шығарған дей келе, патшайым жарлығының мазмұнына тоқталды.

Төртінші Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының мүшелері мен олар шақырған осынау мәжіліске қатысушылар жадтарында ұстасын, деді Қаратаев, императрица ІІ Екатерина сондағы Пәрменінде Ресей шекарасына жақын көшіп жүрген көшпенділердің орыс мемлекетіне құрметін өзінің осынау мешіттерді оларға арнап арнайы  салып беруі арттыратын болады деп атап көрсеткен еді. Мешіттер ұлы дала төсін мекендейтін көшпенділерді билеуге игі ықпал етеді, олардың ішіндегі бұзықтардың түрлі басбұзарлығын болғызбауға септеседі, жаза қолданудан да артық ықпалын тигізеді деген. Қаратаев сияз делегаттарын  патшайым пәрменіндегі мына жәйттерге ой жүгіртуді сұрайды... Патшайым қыр төсінде аунап-қунап жүрген «қазақ ордаларына мұсылман молдаларын әдейілеп жіберіп тұруымыз – бұл өлкені игеруге бағытталған істерімізге өлшеусіз зор пайда тигізер» деген үмітін сездірген. Сол себепті біздің татар қарындастарымыздың – Қазан ноғайларының діни қызметшілерін үгіттеп, қазақ арасына көптеп молдалар жіберуді барон Игельстромға өзінің жарлығында мұқият тапсырған.

Ұлы Екатерина қазаққа неге сонша иіді екен дейсіздер ме? Әрине, оның мемлекет мүддесін, ұлы орыс мүддесін көздеген ішкі есебі болды. Патшайымның қазақтарды Орынбор діни жиналысына қаратуы, татар молдаларын даланы жайлаған ауылдарға жіберуі қазақ арасына ислам дінін таратуды көздегендігі емес еді. Қазақ онсыз да мұсылман, Қазан шаһарынан татар молдалары ат сабылтып қырға келіп, қазақтарды исламға бұрыпты дегенді осы отырған ешқайсысы ести қоймаған болар деп ойлайды баяндамашы.  Ешкім шәк келтірмесін, қазақ мың жылдан астам уақыт бойы мұсылман  деп шегеледі Қаратаев.

Патшайым Екінші Екатеринаның мақсаты, баяндаманың айтуынша, – Қазақ ордасы мен Ресей патшалығы арасының жарасымды болуына қол жеткізу болатын.  Солай етуге ол Қаһарлы Иоанн заманынан бері Ресейге қаратылған татар жұртынан сенімді деген діни қызметшілерді көшпенділер отанына жұмсауды қош көрген. Түбі түркі, қазақ өзінің қарындасы деп білетін, орысқа адал  татардың патшалық мүддесі жолындағы қызметін пайдалануға тырысу жөн деген. Барон мынаған назар баса аударсын деген қаратпа сөзімен патшайым өзінің Орынборға тағайындаған әкіміне басты мақсатын ашып айтқан: татар молдалары Ресейді қазаққа дос етіп көрсетуге тырысуы тиіс! Міне, деді баяндамашы, хұкімет шарты осындай болды. Хұкімет шартының үдесінен шыққан, жақсы қызмет көрсеткен татар қызметшілеріне жалпы ақшалай еңбекақы төлеуді, түрлі марапат жасау жолымен ұдайы ынталандырып отыруды билік ескеруге керек. Патшайым Игельстромға осыны да мұқият ойланыңыз деген. Бұл нұсқау 1785 жылы болған еді. Жаманды-жақсылы біраз шаруа тындырылған. Қазаққа да, татарға да, дін исламға да  жаман болмаған.

Сөйтіп жүргенде, деді Қаратаев, 1860 жылы Орынбор шекара басқармасында Ильминский деген чиновник пайда болды. Миссионер екен. Қазақтар мұсылман емес деген тұжырымды сол ұсыныпты. Оның ойынша, қазақ – шаман (бақсы) ықпалындағы, әлдебір тылсым күшке сенетін, дінсіз халық көрінеді. Бекем ұстанатын діні жоқ болғандықтан да, оларды шоқындырып, православиеге айналдыру бек оңай депті. Хұкімет озбырларына бұл пікір майдай жаққан. Қазақтардың  Орынбор муфтилігінен шығарылуына осы себеп болды, мұсылман кеңесіне қатысушы мырзалар мұны біліп қойсын деді Қаратаев. Бұл 1867 жылғы жәйт. Қаратаев содан бері жарты ғасырға тақау  өткенін, небір зор оқиғалар болғанын, соған байланысты қазақтың «елу жылда ел жаңа» дейтінін еске алып, елдің осы елу жылдық мерзімде дұрыс бағытта жаңаруына үлес қосуға шақырды.

Одан әрі баяндамасында ол съезді үлес қосуға шшақырып отырған  жаңару үдерісінің бағытын дәйектеуге кірісті. Қазақ ішінде, баршасына мәлім, қазіргі заң бір болыс елге бір мешіт пен бір молда ұстауды көтереді деді. Бірақ қазақтардың балаларын дін оқытылатын мектеп пен медресе тәрбиесіне  беруге үкімет рұқсат етпейді. Дұрысында, ондай оқу орны да жоқ. Бұл – жалпы ахуал. Енді осынау бүгінгі кеңес делегаттары соның ішіне үңіліп байқасын...  Молда, алда-жалда, мұсылманшылық жолмен іс қарай бастаса, басы бәлеге қалды дей беріңіз. Әкімшілік ондай молданы әй-шәйға қарамастан орнынан түсіреді. Орнынан түсіріп қоя салмайды, абақтыға жабады. Сотқа береді. Ісін хұкімет судьясы қарап, жаза кеседі.

Тыңдаушылары аңдаған болар, қазақ ішіндегі молданың дін заңдары талабына сәйкес  атқарар міндеті жоқ. Мұсылмандар арасындағы құқық бұзушылықтарды шариғат бойынша жауапқа тартуға жол берілмейді. Барлық азаматтық және басбұзарлық істерді әкімшілік тағайындаған билер қарайды. Ал олар үкімдерін қазақтың көне әдет-ғұрып (дағдылы құқық, әдет құқығы) каноны (ережесі, қағидасы) бойынша шығаруға тиіс. Хұкімет оны  народный суд (халық соты) деп атайды. Осы съезге қатысушы мырзалар мынаны білсін: қазақтың империя қоластына кіргенге дейінгі билер таңдау жүйесі жойылған. Әділ сөзді ұтымды дәйекпен, тірі жанды тырп еткізбестей етіп айтуға қабілеті бар дарындар бұрын жұртшылыққа табиғи жолмен танылып, биге лайық төбеге шығатын. Халық сондайларды құрметтейтін, үкіміне тәк тұратын. «Тура биде туған жоқ!» деп сүйсінетін. Бірақ, осынау мұсылман сиязының ағзалары естерінде ұстасын, қазақтың байырғы билерінен бұл күнде жұрнақ та қалмаған! Осындай қатал тұжырым жасады да, Қаратаев оның қазіргі көрінісін сипаттады.

Билерді бүгін іс жүзінде әкімшілік тағайындайды деп әшкереледі баяндамашы. Оларды халық соты деп дабырайтып атайды, бірақ сол «халық соты» жекелеген әкімдердің жұмса жұмырығында, ашса алақанында... Мырзалар көз алдарына мынаны елестетіп байқасыншы: қазақтың дәстүрлі билер институты патшалық чиновниктерінің ырқымен түрін де, мазмұнын да өзгертіп, тап-таза азғындауға ұшыраған. Орыс патшалығына қараған тұстағы билердің санасын көне жарғы, халықтық әдет-ғұрып ережелері және соларды әділеттілік туын жоғары ұстау орайында қатаң сақтау қажеттігі билемейді. Керісінше, олардың санасын қайткенде соларды – заңды да, заңға жүгінушіні де – өзінің жеке мүддесіне бұрып алу жолдары билейді. Бүгінгі билердің құлқынын ақша мен дүние тескен. Қалтаң тесік болса – би алдында шындыққа жетем деп үміттенбе. Олардан әділет дегеннің ауылы мүлдем алыстап кеткен.

Осыларды аян ете келе, Қаратаев әдет құқығының қазіргі таңда қазақ қоғамы ішінде әділеттілік орнатуы ықтималдығына сенбейтінін айтты. Ал имандылықты, иманшартты олардан іздемей-ақ қойыңыз. Ондайды әкімдер де қаламайды деп әшкерелей түсті. Тіпті құдайы беруге де рұқсат жоқ деді. Қазақтар ішіндегі құқықтық ахуалдың осы қалыпта қалуы қырдағы чиновниктерге де тиімді екенін ескертті.  Қазақтар хұкіметке неғұрлым тура, неғұрлым достана болса да, хұкімет оларға соғұрлым нашар істер қылады. Олардың өз дінімен тұруына ерік бермей, ұлттық тұрмыстарын сөндіруге һәм қай-қайсысын даа ептеп-септеп өзге дінге салуға ұмтылып, соның амалын қарастырады.

Біздің татар қарындастар, бәлкім, қазақтарды мұсылман дініне бауырластыра түсер ме еді, қайтер еді. Бірақ олар бүгінде қазақ арасына ашық кірмейді. Өйткені оған билік мүдделі емес. Хұкімет тұтқан осындай жол, баяндамашы Қаратаевтың кәміл сеніміне қарағанда, қазақ ішін қатты мазасыздандырған, тыныштығын алған. Әкімшіліктің бұл ісіне, дала жұрты мүддесіне  қайшы осы жолына наразылық екі жыл өтер-өтпесте, 1869 жылы-ақ бой көрсетіп, ашық шыға бастаған-ды. Одан бергі қырық жылда, бәрібір, ұлы дала түлектерінің діни істерін жақсарта қою ниеті билік тарапынан соншалықты нақты қадамдарымен көріне қойған жоқ. Ал мұндай істердің қазақтарды орыстардан алыстатуға апарары кәміл. Ондайдан ұлт намысы зораяды. Ал озбыр әкімшілік өзінің көшпенді халықтың Ресейге деген наразылығының өсе түсуіне ғана себепкер боп жүргенін әлі ойлар емес...

Содан соң баяндамашы қазіргі ахуалға сипаттама жасады. Қазақтың бір болыс елінің сандық мөлшері Ресейдің бір үйез халқындай болады  деді ол.  Бір  болыста тұратын қазақ саны мың жарымнан үш мыңға дейін. Халық шашыраңқы ғұмыр кешеді. Бір бірінен өте алыста тұрады, жалпақ далаға тарап кеткен. Сондықтан да бір болысқа бір мешіт аздық етеді, жетіспейді. Бес уақыт намаз, жұма намаз, басқа да намаздар оқу үшін тұс-тұстан уақтылы жинала алмайды, ол мүмкін де емес. Бұндай жағдайды жеңілдету қажеттігі анық, оған осы отырғандардың ешқайсысы да күмән келтірмейтініне баяндамашы қалтқысыз сенеді. Алайда ондай шаруаға хұкімет қолғабыс етпейді. Хұкіметтің қолғабысы деп Қаратаев  бұратана-бодандардың тілегін заңдастырып беруді айтар еді. Бірақ, өкінішті-ақ, чиновниктер олардың өтінішіне құлақ та аспайды.

Сондықтан, деді баяндамашы, қазақтар мешіттерді рұқсатсыз салуға көшті. Олар жасырын түрде, бір орынға он мешітке дейін салып жүр. Соның әлегінен үкімет пен жұртшылық арасында жанжалдар шығып қалуда. Сияз мұны қаперге алсын. Бір болыста жүз шамалы молда бар, астыртын мешіт-медресе көбейді. Қазіргі таңда әр облыста мыңнан аса мешіт тұрғызылған, қыр қазақтары арасына татар діни қызметшілері де жылдан жылға көбірек кіруде. Бірақ хұкімет пұрсатынсыз қызмет істейтіндіктен,  қазақ арасындағы мешіттер мен медреселердің мүмкіндіктері шектеулі. Ал қазақтарда олардың қызметіне деген ынта-жігер жетіп-артылады деп серпіле сөйледі баяндамашы. Үкіметтің қазақ балаларын мұсылмандықтан айыруға амал-айла жасап жүргені көшпенді жұртқа құпия емес. Өз жерінде дін оқуын терең оқыта алмайтындықтан, олар балаларын діни ғылым игер деп бұл күнде шет жақтарға аттандыруда.

Мұсылман фракциясы мүшелеріне де, жан-жақтан жиналған делегаттардың біразына да мәлім, қазақ жігіттері Бұқара, Хиуа, Орынбор, Қазанда оқып жүр. Олар, тіпті, Бейрут, Медине, Стамбул, Мысыр секілді алыстағы зор шәрлерге (шаһарларға, қалаларға) кетті. Бірталайы елге оралып та үлгерді. Оқып қайтқан соң олар ауыл-ауылдарда жасырын мектеп-медреселер ашуды күшейтті. Бұл ұмтылыс әлі де арта түсетін ыңғайда. Мұндай хал-жағдай  империя хұкіметінің 1860 жылдардан бастап қазақтарды орысқа бейімдету, кәдімгі, түрі қазақ болғанмен, жаны орыс боп кеткен жаңа адам жасау  бағытына көшкендігі себебінен болса керек, мырзалар! Бұл әшейін бір елеусіз хал  емес. Бұл өте қорқынышты хал! Бұл қазаққа ғана емес, исі мұсылманға ғана емес, алып Ресей мемлекеті үшін өте зиянды хал!

Осындай сөздермен баяндамасына екпін қоя келе, Қаратаев мұндай залалды харекет шет аймақтардағы чиновниктердің өктемдігімен жасалып жатқанын хұкіметтің өзі де аңғарғанын айтты. Бірінші революция кезінде  император қолынан шыққан, жұртшылыққа жайлы әсер еткен бірер  рескрипт (монархтың министріне орындалуға міндетті нақты тапсырма, міндет, қағида тұжырылған хат түрінде берген акті) жайын тілге тиек етті. 1905 жылғы 18 һұтта (ақпанда) министрлер кеңесі төрағасының атына талап-тілек жолдау құқы берілді деді ол, ал 17 сәуірде дін бостандығы жарияланды... Ақ патша ағзамның мұндай жарлықтары ел ішіндегі тынышсыз халді жайландыруға себепші болды деп, жұрттың тынышталуына не септескенін атады.

Естеріңізде, әрине, деп қойды баяндамашы, Духовный собраниядан (Діни жиналыстан) құр алақан қалған мұсылмандарға рухани идара (мекеме, кеңсе) ашуға қолайлы жағдай туғаны тақ биігінен шыққан құжаттан анық аңғарылды. Мырзалар, қай-қайсымыз да түсініп тұрмыз ғой, осынау мұсылмандардың рухани хал-жағдайы жайында кеңесу жиылысын ашуға рұқсат беруінің өзі хұкіметіміздің көзі ашыла бастағанын көрсетеді!  Осындай лепеспен империя үкіметі тарапына мүсіркегендей түрде бірер сөз тастап жіберді де, ондағы шарттылықтарды таратып кетті. Бұл шарттылық шартараптан шақырылған мұсылман делегаттарының қарайтын мәселелерінің ауқымы іс жүзінде тек бір ғана мәселемен шектелгенінен көрінеді деді. Сондай-ақ, күллі империя мұсылмандарынан өкілдік етіп отырған осынау қырық-отыз адамдық аз шоғыр да билік көзқарасының шуағына шомылып тұрмағанын аңғартпай ма...

Жалпақ Ресей мұсылмандары мұқтаж істерін бірлесіп талқылап алу мақсатында осы уақытқа дейін үш-ақ съезд өткізген екен. Соның тек біреуіне ғана рұқсат беріліпті. Төменгі Новгородта болған сол ресми құрылтайға сегіз жүздей делегат келген еді, ал одан кейінгі ресми пұрсат алған, содан сегіз жыл өткенде шақырылып отырған  осы сиезге Төменгіқаладағыдан жиырма есе аз өкіл шақыруға ғана рұқсат етілген.  Қаратаев мұнда патша үкіметінің әсіре сақ саясаты жатыр деп есептейді. Соңғы жылдары хұкімет мұсылмандардан, әсіресе қазақтардан секем ала бастағандай. Мырзалар, бүкпелейтін несі бар, министрлікте отырғандар бүкіл ислам дініндегі ресейлік бодандар бірігіп кетер ме екен деп сезіктенеді, деді ол, қазақпен бірге күллі мұсылман  түркілері бірлеседі деп сезіктенеді. Ресей мемлекеті шегінде бодан ретінде тіршілік кешіп жүрген жиырма миллион мұсылманнан үкімет неге қауіп етеді екен? Қаратаев мұндай ахуалды жақсы емес деп біледі. Осы жерде мұсылман қозғалысының көрнекті көшбасын еске алмай тұра алмайсың...

Шешен көкірегі қарс айрыла, күрсіне сөйлеп, мұсылманның Орыс мемлекетіне адалдығын ғұмыры бойы дәлелдеп келе жатқан, қандастарын, діндестерін, барша иісі түркі қарындастарын «орыс мұсылмандары» деп атаған  Исмаил әпендім Гаспринский денсаулығы сыр бергендіктен, осы жолғы сиязымызға келе алмады, бұған бәріміз өкінеміз деді. Бірақ біз оны дәл қазір де арамызда деп ұғайық. Оның өзімізге мәлім өсиеттерін есте тұтып, үстімізден төнген күдікті сейілтуге тырысайық...

Осылай дей  келе, алдағы міндетті тағы да шегелеп айтты. Мұндай халден құтылу керек. Бірақ, қалай? Бірінші кезекте, әрине, өздері бас қосып отырған осынау империя мұсылмандарының кеңесу жиылысы патшалықтың оң істеріне дем беретін, бұлардың шаруаларын өкіметтің ыңғайлауына қолайлы мәселелермен айналыссын. Бұл ретте Қаратаев жиналыстан қазақтардың Орынбор муфтилігіне қосылуды тілейтінін ескеруді сұрайды.  Осы ретте мырзалар мынаны қаперіне алсын: қазақтар Орынбор муфтиятына Ұлы императрица Екатеринаның әмірімен бұдан бұрын да қараған, мемлекетке адал бодан боп қызмет ету мүддесі тағы да солай етуді қалайды...

Баяндамашы қазіргі таңда әкімшілік құзырындағы қазақ молдалары атқарып отырған шаруаны тағы бір тізбеледі. Олар шағын-ақ. Неке қию, мирас ісін жүргізу, дін мектебіндегі істерге айналу. Муфтилікке өткенде дін істерін, сондай-ақ  зекет, фідия тәрізді сомаларды, садақалар мәселелерін  реттейтін тәртіппен қарауды мұрат етер еді. Бүгінде садақалар орынсыз жұмсалады. Муфтиятқа бағынғанда, рухани идарада қызмет етуші молдалардың уәзипасын, дін мектептерінің тәрбиесін тезге салу қолайлы болар еді. Ресей мұсылмандары үшін Петрборда бір діни мәркез (орда, орталық кеңсе) ашу мәселесін де осы жиында талқылап, бір шешімге келіп алған дұрыс деді ол. Күлліресейлік бір мұсылман мәркезін ашып алған жағдайда, ол бәрін біріктіріп, олардың жер-жердегі мұқтаждықтарын үкіметке білгізумен шұғылданар-дүр.  Сондай бір қолайлы, ортақ діни іс қарайтын орын ашылса, хұкімет мұсылмандарды миссионерлердің айтуымен ғана біліп қоя салмай, бәлкім, өз аузымыздан да естір, жақыннан білер деді. Сосын осы айтқандарын үстемелеп, әкімшілік жақсылап  көз салар, біздің арамызда тек исламшыл боп, хұкіметке зиян тигізер түрде бірігуді көздейтін ойдың жоқтығына көздері жетер деп қосты.

Съезде жасалған өзге де баяндамалардан кейінгі үзілісте Бақытжан Қаратаевтың көтерген мәселелері қазақтардың жеке жиылған мәжілісінде талқыға түсті. І Мемдуманың таратылуына байланысты халықты пассивті қарсылыққа шақырған әйгілі Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін істі болып, Семей түрмесінде жазасын өтегеннен кейін, соңғы бес-алты жыл бойы Самарада тұрып,  банк статистигі ретінде қызмет атқарып келе жатқан, былтырдан бері «Қазақ» газеті жұмысына белсене атсалысуы арқылы елге кең танымал болған І Дума депутаты Әлихан Бөкейханов осы 4-ші мұсылман съезіне Семей облысы қазақтары атынан қатысып отырған еді. Жиналуына өзі ұйтқы болған жеке кеңесте ол: «Бақытжан ағамыздың баяндамасын қолдауға болмайды, – деді. – Қазақ өз қалпымен өмір сүруге тиіс, оны қараңғы мұсылмандыққа матаудың реті жоқ. Шариғат қазаққа жүрмейді. Қазақтың өз ғұрып-әдеті бар, соған – әдет заңына негізделген би соты бар. Қазір хұкімет оны народный сот деп жүр, қазаққа сол сот жарайды. Шариғат заңы бізге келмейді, өйткені қазақ мұсылман емес».

Оның «қазақ мұсылман емес» деген сөзі Қаратаевтың жанына батып кетті. Тап сол сөз жеке кеңеске қатысып отырғандардың ешқайсысына да ұнаған жоқ. Бәрі Бақытжанды  қолдап, үн қатты. «Мұндай ғайбат сөзден абай болған жөн...» десіп, бас шайқап жатты. Әлихан өз сөзінен таймай, қазақтың көп болса жартысы мұсылман деді.  Оның өзі де дүбәрә мұсылмандық. Егер ғұрып-әдет заңы сақталса – қазаққа пайда, сақталмаса – зиян. Ал шариғаттың залалы айтып жеткізгісіз боларына күмән жоқ. Оны қазақ өміріне ешқашан  кіргізуге болмайды. Ол бұл пікірін, сеніммен жария етті. Бірақ мұнысына Қаратаев қатты реніш білдірді. Қатқыл үнмен: «Қазақ халқы хақ мұсылман», – деп шегеледі. Қазақтың мұсылмандығына шүбә айту оқыған жігітке жараспайды, осы уақытқа дейін қазақ мұсылман емес деп орыстар айтушы еді, енді оған сен қосылған екенсің ғой, әттеген-ай! деді Бөкейхановқа. Мұсылман қозғалысына көптен атсалысып жүрген, жұртшылыққа кеңінен танымал, қазақтың дау-дамайсыз ең бірінші көш бастар тұлғасы ретінде күйіне сөйледі.

Қазақ халқы көне ғұрып  салтымен өрілген әдет заңдарын сақтаймыз, соныменен ғамал қыламыз деп қор боп келеді деді ол. Ондай жәйтті хұкіметтің де қолдағанын, сөйтіп биліктің «қазақ дау-шарғысын әдет-ғұрып салты қалыптастырған құқық бойынша шешсін, хакім ету өз сотына міндет болсын» дегенін айтты. Сосын сыни ойын аян етті. Бірақ баяғы билердің ұшығы да жоқ, әділ төрелік жасалмайды деді. Бүгінде бас адамдар жер-жерде би лауазымын сатып беруді жүзеге асырып жүргенін тағы әшкереледі. Сондай сорақылықтардың нәтижесінде «ғұрып-әдет құқығы дегенің ертегі боп кетті. Әділдік дегенің елеске айналды. Дұрыстық, шындық дегенің жоқ болды» деп ашына сөйледі. Осындай жағдайда тұрған әдет құқығын құптасақ, деді Қаратаев, хұкіметпен жолдас болып, қазақ қор бола берсін һәм дінінен айырылсын дегеніміз болып шығады!

Жеке мәжілісте бас қосқан қазақтардың бәрі оны қолдады. Алғашқы Думаға депутат болғалы, Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін «Кресты» түрмесіне отырып шыққалы Петербургте тұрып келе жатқан Сәлімгерей Жантөрин, Троицкіде адвокаттық қызмет атқаратын Жиһанша Сейдалин, Түркістан өлкесінің тумасы, съезге  Петербургтен келген  заңгер Серәлі Лапин, Жайық өңірінің дін қызметшісі Досан молда Аманшин, Баянауыл жағының мырзасы Садуақас Шорманов бәрі әдет құқығының азып бара жатқанына мысалдар келтіріп, Қаратаевқа қолдау көрсетті. Бірақ Бөкейханов қазақтың жартысы дін ұстамайтынына сенімі кәміл, мықтағанда жартысы ғана мұсылман, шариғатты қазаққа жолатуға болмайды деген ойынан қайтпады. Өзінің мұны ертең мұсылман жиналысына департамент бастығы Тарановский мырза қатысып отырғанда да айтып бере алатынынан хабардар етті. Қаратаев қатты күрсініп, қапалы үнмен, «қазаққа залалды, теріс пікір туғызатын мұндай орынсыз сөздерді дін мәселесін қарайтын хұкімет чиновнигінің көзінше сөйлеу – қазақ халқына зор қиянат, һәм қазақтың шын бақытсыздығы», – деп, қолын жайды. Жантөрин Бөкейхановқа: «Мұндай сөздер айтып қазаққа зиян қылатындай еш рет жоқ, жалпы мәжіліс кезінде бұлай сөйлемеңіз», – деді. Осынша орынсыз да ағат сөзді қайталамауын, ондай күмәнді, салдары жаман болуы ықтимал нәрсені әсіресе үкімет чиновнигі алдында айтпауын Бөкейхановтан бәрі өтінді.

Әлихан райынан қайтты, бірақ әлгі пікірін мұсылман сьезінде Тарановский жоқ кезде айтып қалуы ықтималдығын жасырмады. Ол Самарада тұрып жатқанмен, даусы жерлестеріне «Қазақ» газеті арқылы жетіп жатқанын, сондықтан да мұсылман сиезіне солардың өтінішімен келгенін еске алды. Осы  сьезге қатыс деп өзіне жеделхат салған семейліктердің «духовни собраниеге кіру», шариғат жолы, қалыңмал, енші, жесір, мал дауы жайындағы пікірін әлі де сұрастыратынын, оларға мұсылмандық хақындағы өз ойын баян қылатынын айтты. (Әлихан шынында да артынша «жұрт пікірі қалай деп Семей, Қарқаралыға телеграмма беріп» сұрау салды да, «айтылған істер шариғатқа кеткені дұрыс» деген жауап-жеделхат алды. Кейін бұл жайында: «Мені мұсылман сиезіне бар деп Семей тілегенде, елден жұрт пікірін білетін кісі сиезге барса жақсы болады дегенім осы. Сиезде болатын сөз елде тәмәм болып, жұрт арасында иленіп, пісіп келсін дегенім осы. Мені Самарда тұрсың деп, сиезге бар деп, өздерінің сиез туралы пікірін ашыққа шығармағаны зор қиыншылық болды. Сиезде жоғарыда айтылған сөздер туралы сөйлемей қалғаным осы», – деп жазды). Дегенмен, делегаттардың көзқарастарындағы бұрқ етіп бір көрініп қалған осы бір қайшылыққа қарамастан,   4-ші Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысып отырған қазақтардың жеке мәжілісі қажет шешім шығара алды. Өзара пікірлесіп болғаннан соң, Семей, Орал, Торғай, Ақмола облыстары Орынбор діни басқармасына қарағаны, ал Түркістан өлкесінде өз алдына муфтилік ашылғаны дұрыс деп табылды.

Съезде барлық баяндамалар мен сөйлеушілер тыңдалғаннан кейін, саяси бағдарламалар жөніндегі ұсыныстар есепке алынбай, тек дінбасылардың сайланбалы болуы тиістігі, барлық мектептерді басқару ісін, олардың бағдарламаларын, мұғалімдердің құрамын бақылауды Діни жиналыстардың қарамағына беру қажеттігі жайында қаулы қабылданды.  Бірақ солар да орындалған жоқ. 4-ші мұсылман съезі жұмысын 1914 жылғы 25 маусымда аяқтаған, содан үш күн өткенде, 28 маусымда, Сараево қаласында Австро-Венгрия тағының мұрагері өлтіріліп, Бірінші Дүниежүзілік соғыс өрті тұтатылды. Осыған байланысты басталған жаңа дәуір мұсылмандардың дін істерін реформалау мәселесін кері ысырды.  Содан кезекті бесінші құрылтай монархия құлағаннан кейін ғана шақырылды. Тек 4-ші Мемдуманың мұсылмандар фракциясы соғыс жағдайына байланысты бастама көтеріп,  мұсылман қоғамдық ұйымдары өкілдерінің Бүкілресейлік съезін шақырды.  Майдандарда жараланған жауынгерлерге көмек көрсету шараларын ойластырып жасауды  мақсат еткен бұл жиналыс 1914 жылғы 6–10 желтоқсанда өтті. Көзделген жұмыстарды үйлестіру үшін мұсылман қоғамдық ұйымдарының Орталық комитеті құрылды. Оған қазақтардан Бақытжан Қаратаев кірді...

...Дүбірлі төңкерістер мен қазақ мемлекеттілігі жаңғыртылатын Он жетінші жыл тақалып келе жатты...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408