Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4470 0 пікір 25 Қаңтар, 2013 сағат 09:00

Ауыт Мұқибек. «ҚАЗАҚСТАН-2050» СТРАТЕГИЯСЫ: ҮРЕЙ МЕН ҮМІТ

«Қазақстан-2050» Сртатегиясы жарияланғалы айдан асты. Әрине, дамуға бет алған жас мемлекет үшін мұндай бағдарламаның маңызы мен мәні өте зор. Сондықтан болар, аталған құжатты талдау-талқылау, маңызын түсіндіру, халық санасына сіңіру жұмысы бір сәт толастаған жоқ. Бұл науқан қайта күн санап үдей түсуде. Әр сала өзіне қажетті тармағын алып, алдағы атқарар жұмыстарының жоспары, жетер нысанасы етуде.

Сол қатарда біз де өзімізді толғандырып жүрген сауалға жауап іздедік. Несін айтайық, «Бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан» деліне тұра, «Егемен Қазақстанның» сегіз бетін алып жатқан алып бағдарламадан әлемнің әр шалғайында шашырап, тарихи Отанына жете алмай жүрген бес миллион қазақтың тағдырына қатысты бір ауыз сөз айтылмағаны көкейімізге күдік ұялатты.

«Қазақстан-2050» Сртатегиясы жарияланғалы айдан асты. Әрине, дамуға бет алған жас мемлекет үшін мұндай бағдарламаның маңызы мен мәні өте зор. Сондықтан болар, аталған құжатты талдау-талқылау, маңызын түсіндіру, халық санасына сіңіру жұмысы бір сәт толастаған жоқ. Бұл науқан қайта күн санап үдей түсуде. Әр сала өзіне қажетті тармағын алып, алдағы атқарар жұмыстарының жоспары, жетер нысанасы етуде.

Сол қатарда біз де өзімізді толғандырып жүрген сауалға жауап іздедік. Несін айтайық, «Бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан» деліне тұра, «Егемен Қазақстанның» сегіз бетін алып жатқан алып бағдарламадан әлемнің әр шалғайында шашырап, тарихи Отанына жете алмай жүрген бес миллион қазақтың тағдырына қатысты бір ауыз сөз айтылмағаны көкейімізге күдік ұялатты.

«Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру. Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс» депті Нұрсұлтан Әбішұлы. Дұрыс-ақ! А, сонда алдағы елуінші жылға дейін, елге оралмаса, шеттегі бес миллион қазақ не күйде болмақ?! Қазақстан қасқайып отыз елдің ішінде тұр делік. Бес миллион (ол кезде мүмкін он миллинға таяп қалар) қазақ бүкіл ұлттық болымысынан айырылып, көрінгенге көзтүрткі болып әлемнің әр шалғайында тентіреп жүрсе, ойлаңызшы, трагедия емес пе?! Тәуелсіздіктің берген сыйы сол ма сонда қазаққа?! Бұның обал-сауабы кімге жүктеледі?! Күдік былай тұрсын, енді боймызды үрей биледі. Оны айтасыз, «Шиеленісе түскен демографиялық теңгерімсіздік жаңа көші-қон толқындарын туғызып, күллі әлемде әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі» деп, ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің қатарына жатқызылуы одан ары налытты. Әрине, «ол тықыр мен бұл тықыр ұқсамайды». Атажұртына оралғысы келетін, бөлініп қалған туыс-туғанымен қосылып, бір шаңырақ астында өмір сүруді қалайтын қазақтың көшін жат ниет, арам пиғылдағы «көшпен» салыстыру ағаттық болар бұл жерде. Бірақ, сол «көшке» төтеп беретін қауқар керек. Ол мемлекет құраушы ұлт және оның молдығы екенін де естен шығармаған лазым.

Басқаруы тәртіпке салынып, бақылауы күшейтілсе, қазақ көші, біреулер айтып жүргендей, адам қорқатын құбыжық емес. Қазақстанның іргесін бекемдемесе, шаңырағын шайқалтпайды.

Ғасырлар бойы бабаларымыз қан төгіп тәуелсіздікке әрең қолы жеткенде, Қазақстанға алыстағы ағайынды кедергізсіз оралтудың бір кешенді бағдарламасын жасау «мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткізген» елге неге қиын болғанын түсінбей-ақ қойдық.

«2030-ға» жоспарлаған Стратегиясын он бес-ақ жылда іске асырып, заманауи Қазақстан орнықтырған» Қазақстан билігінің қандастарын кіріптарлықтан құтылтып, қара шаңырағына оралтуға келгенде неге құлықсыздық таныта беретініне миымыз жетпей, мысымыз құрып келеді.

Содан барып, аюдың азуы мен айдаһардың зәрінен болған бір бүгежектік пе бұл деп те ойлайды екенсің.

Сөйтіп, тілімізді тістеп, демімізді ішімізге тартып ай бойы сергелдеңге түстік. Бірдеме айта ма деп, зиялы қауым мен ұлт жанашырларының аузын бақтық. Жасырып несі бар, «Жолдауда» жолы болмаған дәл осы төре тақырыпқа ат ізін салған жан болмады. Керісінше, «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнімнің» күнін кешті. Сорақылығы сол, «Руға бөлінудің қасіреті немесе ұлттық тұтастыққа сына қағу» деп айдалаға «Ашық хат» жазып, лағып кетті марғасқалар. «Өспейтін елдің баласы, өнбейтін дауды қуадының» кебі ғой бұл.

«Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітіне әсер ететін бірқатар теңгерімсіздік әлі де орын алуда» делінген «Жолдауда». Бұнысы рас. Демек, Қазақ көші тоқтаса не саябырласа, алдымен қандастарымыздың «моральдық жай-күйі мен қоғамдық аңсар-үмітінен» үлкен «теңгерімсіздік» орын алады. Бұған ешқашан бей-жай қарауымызға, келсе-келмесе кейінге ысыра беруімізге болмайды. Қазақтың қамын тек қана қазақ ойлауы керек.

«Үмітсіз - шайтан» деген. Әйтеуір, «Жолдаудағы» «Үкімет 2013 жылы Көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуі тиіс» деген жалғыз тармақ көкейімізге үміт отын ұялатты.

Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы істеген еңбегін, әлемдік саясаттағы жеткен жетістігін көре білуіміз керек. Оны өткен жылы қабылданып, алғаш рет атап өтілген «Тұңғыш Президет күніне» орай дүниенің елу шақты елінен келген халқаралық деңгейдегі саясаткерлер мен өзіміздің зиялы қауым өкілдері толық тұрақтандырды. Ел тізгінін қолға алғаннан бергі соқтықпалы-соқпақты қызмет жолын бағамдай келе, Ұлт Көшбасшысы деп мойындады. Олар Нұрсұлтан Әбішұлын Махатма Ганди мен Мұстафа Камал Ататүрікке көбірек теңеді. Негізі Н.Назарбаев Ганди мен Ататүрік атқарған жұмысты өткен жиырма жылдың ішінде тындырып үлгірді-ау шамасы. Бір Астана мен сол Астанадан  Шортандыға баратын жалғыз жол салып-ақ дамыған елу елдің қатарына қосылуға болатынын көрдік, міне. Енді осы екпінмен дамыған отыз елдің қатарына қослу да мұнда тұрған іс деген сөз. Солай бола тұра, алдағы жерде Қытай реформаторы Дэн Сяопин істеген істерге кезек келген секілді. Дэннің реформасын «Айқын» газетіне берген сұхбатында «Мысалы, Қытайда 1979 жылы Дэн Сяопин мемлекеттік және ұжымдық мүддеге нұқсан келтірмей-ақ жеке меншік секторын енгізу идеясын ұсынды. Бұл формула өте сәтті шықты. Осы сөзіме бүгінгі Қытайдың жетістігі дәлел. Қытай үлгісіндегі эксперимент Белоруссияда өтті. Белорустар Қытай тәрізді байып кете алмады, бірақ экономикасын жөндемді жолға түсіре алды. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда да жағдайы Ресей және бізбен салыстырғанда бір адым ілгері» деп Олжас Сүлейменов тегін айтып отырған жоқ.

Дэн Сяопин де Елбасымыз секілді аса қиын, күрделі кезеңде ел басқарған тұлға.  Ол Маоның реформаларынан қара шыбындай қырылып қала жаздаған халықты айналасы екі он жылда әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы мемлекттерінің қатарына қосып үлгірді. Атап айтар болсақ, ол баяғы «бес жылдық жоспармен» әбден тұралаған мешеу қоғамды бірден нарықтық экономикаға бұрды. Зейнеткерлік түзімді қатаң атқарып, қарт кадрлардың жастарға орын беруіне, отыз бен қырық жас аралығындағы қабілетті жастардың жаппай жауапты қызметке өсуіне мүмкіндік жасады. Өмірлік лауазымдылықты күшінен қалдырып, мемлекет басшысын таққа екі кезектен артық отырмайтын етіп белгілеп кетті. Одан да маңыздысы, ұлтының тұтастығына - Қытайдың Тайванға иелік ұқығына, Шаңгаң пен Ауминнің отан құшағына орлауына барын салды. Ақыры жеңіске жетті, ел бірлігін бекемдеді.

Сол сияқты біздің де алдымызда кезек күттірмейтін шаруалар тұр.

Біз үшін, ең бастысы, шеттегі қандастарымызды Отан құшағына оралту, бөлініп-жарылған туыстарды қауыштыру арқылы егемендегіміздің шындығын әйгілеу, сөйтіп, іргелі ұлттық мемлекет құру маңызды болып тұр.

«Қазақстан-2050» Сртатегиясы шынымен ұлттық мүддені көзде ұстады ма, әлде жалпылай мемлекет үшін жасалған жоба ма? Бұл мәселенің ара жігі анық болғаны дұрыс. Қазір еліміздегі қазақ ұлтының ұстайтын үлесі 65 пайызды құрап отыр. Ең алдымен мемлекетті құраушы ұлттың жағдайы түзеліп, мәселесі шешілсе, қалған отандастардың тасы өздігінен өрге домалайды. Онсызда домалап та тұр.  Сондықтан, жұмысты бірден ұлттың ұпайын түгендеуден бастағанымыз жөн. Қайталап айтайын, шетте қалып отырған бес миллион қандасымыз - қазақтың осы ғасырдағы қасіреті. Оның тағдыры шешілмей, жолы ашылмай тұрып атқарған жұмыстың бәрі мәнсіз болмақ. Қазақтың бос жатқан ұлан-қайыр даласы шеттен келген қазаққа толуы керек! Олар біздің алтыннан да қымбат байлығымыз. Қолда бар барлық мүмкіндікті соған салуымыз, жұмсауымыз оңды болмақ. Сонда ғана «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесетін», еліміз 2050-жылы дамыған отыз елдің қатарына ұялмай-қызармай, абыроймен кіретін болады...

Кешелі-бері көші-қон жөнінде өзгерістер болғаны айтыла бастады. Елбасы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетін құруға жарлық шығарды. Демек, Көші-қон комитеті ІІМ-нен шығып, баяғы ескі жұртына қайта оралды. Бұл айта қалсын жаңалық емес, нәтижесін кезінде көргенбіз. Қазақ көшінің қарқын алған кезі аталған мекеменің Көші-қон агенттігі болып тұрған шағы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне халықтың көші-қоны, оны ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру, көші-қон үдерістерін реттеу және мониторингілеу, көші-қонды реттеу аясындағы шаралар жүйесін әзірлеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілді. Бұрынғыдай. Ал, елге оралған қандастардың уақытша және тұрақты тұру, елден тұрақты тұрғылықты жерге кету құжаттарын ресімдеу, азаматтарды құжаттандыру, есепке алу және тіркеу ҚР Ішкі істер министрлігінің құзырында қалды. Шетелден виза рәсімдеу ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолында. Біріне бірі бағынбайтын осы «үштік» те қандастарымызды қалжыратқалы қашан. Бірі көлге, бірі шөлге, бірі көкке тартады. Не үшеуі бір үстел басында отырып, бұл мәселені тиімді етіп шешкен емес.

Бұдан былайғы жердегі қазақ көшінің қонышынан басуға кесірін тигізетін де осы түйткіл. Дәл осы жерде Халықтың Көші-қон заңына қандастарымызды тығырықтан шығаратын, өзге келімсектерден парықтандыратын тағы да елеулі өзгеріс керек.

Қазақ Көші-қоны мемлекеттік саясаттың алдыңғы кезегінде атқарылатын, қазақтың тағдырына, тұтастығына тікелей қатысты, ұзаққа жоспарланатын зор мәселе. Көші-қон комитетіне арқалар жүктің ауыр әрі жауапты екенін сезінер күн әбден жетті. «2030» межелеген уақытынан бұрын орындалып, «Қазақстан-2050» Стратегиясына қадам басқан бұрылыс кезеңде Көші-қонға да «Қазақстан-2050-ден» бір кем емес кемелді бағдарлама керек. Елбасы «Жолдауында» «Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудің «локомотиві» болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражатын бірінші кезекте ұзақ мерзімдік стратегиялық жобаларға бағыттау керек» деп атап көрсетілген. Демек, қазіргі таңда сол «стратегиялық жобалардың» бірі де, бірегейі де осы Көші-қон болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл - бір. Екінші жағынан, және қайталап айтуға тура келеді, шеттегі қазақтарды елге оралтуға арналған «Тұңғыш Президенттің Көші-қон қорын» құруды да ойластырған жөн секілді. Бұл Израйль мен Германияда жемісін берген, бізге үлгі боларлық тәжірибе.

Бәрін айт та, бірін айт, «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Өйткені, «Біз бәріміз бір атаның - қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан».

Бұл тек осындағы ғана емес, әлемдегі барша қазаққа қаратылған сөз!!!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5271