Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 3403 6 пікір 17 Қазан, 2022 сағат 14:56

Ресей үшін рашизм идеал ма?

14-қазанда Астанада өткен ТМД мемлекет басшыларының саммитінде алдағы жылдарды қандай да бір бағытқа арнау мәселесіне ерекше шұқшиыпты. 2024 жыл Еріктілер қозғалысына арналыпты. Путиннің ұсынысы бойынша 2025 жылды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы – Нацизммен күрес бойынша Бейбітшілік және бірлік жылы, 2026 жылды Денсаулықты сақтау жылы деп жариялау туралы шешім қабылданыпты. 

Тәуелсіз Украинаға қарсы қылмыстық басқыншылық соғыс жасап отырған Ресей Федерациясы халықаралық деңгейде бұралқы (изгой) мемлекетке айналды. Путин бүгінде Гитлермен теңестіріледі. Майданда орыс әскері күннен күнге жеңіліске ұшырауда. Ресей қазір жаралы аюға ұқсайды. Жаралы аю айналасын жапырып кетуі ықтимал.

Осындай жағдайда саяси амал қолданып, орыс тілін қорғауға байланысты халықаралық ұйым құру, оншақты жылдан бері комада жатқан ТМД-ны тірілтіп, Путинге өзін шалажансар ұйымның лидері сезінуі арқылы оның Орталық Азияға, дәлірек айтқанда Қазақстанға ықтимал агрессиясының бетін қайтаруға ұмтылыс құптарлық дипломатиялық әрекеттер. Әскери қауқары төмен Қазақстан үшін бұл өте дұрыс қадам деп есептеймін.

Ал Путиннің жеңістің 80 жылдығына байланысты айтқандары шын мәнінде құры сандырақ. 2025 жылға дейін Ресей мемлекеті өмір сүре ме, сүрмей ме мұның өзі үлкен сұрақ. Ресей тағдырына тірелген ТМД ұйымының келешегі де қыл үстінде тұр. Салынған экономикалық санкциялар салдарынан тығырыққа тірелген Ресейдің ыдырап кету ықтималдылығы зор.  Украинадағы соғыс күн сайын Ресейдің бір млрд доллардан астам  ресурстарын жеп жатыр. Мобилизациямен жағаласа бұл шығын еселеп артатыны тағы айқын.  Кешегі СССР де одақтас республикаларға, армия мен милицияға, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы тауып бере алмағаннан ыдыраған жоқ па? Ресей де қазір шықпа жанып шықпа деп отыр. ТМД басшыларының кездесуінен Ресей не әскери, не қаржылық көмек ала алмай қайтты.

Совет Одағында 1941-1945 жылдардағы соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп атау жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Л.И.Брежневтің коммунистік билігі тұсында 1975 жылы енгізілді. Бұл атаудың қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін еш қатысы жоқ. Қазақ халқы үшін 150 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысы «Ұлы Отан соғысы» болып табылады. Ал 1941-1945 жылдардағы соғыс Қазақстан үшін «Совет-герман соғысы».

Екінші жаһан соғысы Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа,  Жерорта теңізі, Африкалық, Тынық мұхит аумағындағы әскери қимылдар сияқты бес соғыс театрында өтті. Бесеудің төртеуінде АҚШ пен Ұлыбритания жеңіске жетті. Тек Шығыс Еуропада гитлерлік Германиямен соғыста Совет Одағы адам ресурстарын (СССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің 2018 жылы жария болып кеткен құпия құжаттары бойынша 47 млн, оның 19,5 млн-ы солдаттар мен офицерлер) жойдасыз құрбан ету арқылы жеңіске жетті.  Онда тек Ресей емес күллі одақтас республикалар, ленд-лиз заңы бойынша АҚШ пен Ұлыбритания орасан жәрдем жасады. Өкінішке қарай Ресей Путин билігі тұсында осы жеңісті жекешелендіріп алып, бүкіл идеологиясының басты құралына айналдырып отыр.

Нацизммен күрес деген де олардың жыл сайын көктем мен күзде өршитін дерті. Ресейдегі нацизмді рашизм деп атайды. Орыс ұлтын басқалардан жоғары қоюға ұмтылыс империялық астамшылық пен ұлыдержавалық шовинизмнен бастау алып жатады. Ресей нацизммен күресемін десе өзінен бастасын. Ресейдегі ұлт мектептері жылдан жылға кеми түсуде.

1994 жылы Ресейде саны аз халықтардың балаларының 47 пайызы өз тілінде оқыса, 2008 жылы 28-қарашада Ресейдің Білім министрлігі Біртұтас мемлекеттік емтихан тек орыс тілінде тапсырылатыны туралы бұйрық шығарды. Орыстың Жоғарғы соты бұйрықты қолдап қаулы қабылдады. Соның салдарынан ұлт тіліндегі мектептер қазір жойылуға жақын.  Басқасын қойғанда Ресейде бір млн-ға жуық қазақ тұрады. Соған қарамастан Ресейде жалғыз ғана қазақ мектебі бар. Мұны орыстандыру саясаты демей не дерсің?

Сондықтан Кремль қартының сандырақтарын дені дұрыс пікір деп айтуға келмейді!

Марат Байділдәұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299