Геннадий Шиповских: «Сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ»
Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских өзін "шовик" (шовинист) деп айыптағандарға жауап берді.
«Бұл кісі мені шовик деп жатыр екен. Жалпы мен шовик емеспін. Біріншіден, мен өзімді қашан да қазақ деп санайтын азаматпын.
Екіншіден, Павлодар, Қостанай, Петропавл орыстікі деп қолдап шығады депсіз. Құдай қаласа, 20-21 қазан күндері әуелі Алла деп Солтүстік Қазақстанда, Петропавл қаласында «Ұлы дала – ұлттың ұлы тілі» атты қазақ тілінің арнайы форумы болайын деп жатыр. Мен сол жаққа барғалы отырмын. Осы іс-шарадағы басты мақсатым – қазақ тілін дәріптеу. Яғни солтүстік өңірлерде Петропавл, Павлодар қалаларында қазақ тілін кеңінен енгізу бойынша жұмыс атқарып жатырмын. Бірқатар панелдік сессияларда өзім модератор болып, сол іс-шараны жүргіземін.
Сондықтан мені білмей, "шовик", "орысшаны қолдайды" деп мұндай артық әңгіме айтудың қажеті жоқ. Мен қазақтардың арасында өстім. Қазақтар мені көтерді. Мен оны жақсы білемін. Қазақ тілінің арқасында біраз жерге бардым. Қазір де қазақ тілінің арқасында халық арасында сыйлы болып жүрмін. Мен шовик емеспін, мен нағыз қазақстандықпын. Сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ. Сондықтан ондай әңгіме айту – артық», - деді Геннадий Шиповских.
Айта кетейік, депутат 1 қыркүйекте БАҚ-қа берген сұхбатында ел басына күн туса, туған жері үшін жанын беруге әзір екенін айтты.
Abai.kz