Біздің дертіміз тек қана тіл ма?
Өткенде бір келіншекпен сөзге келуге тура келді. Әрине әлеуметтік желіде. Келісімге келе алмаған тақырыбымыз - сол баяғы тіл мәселесі. Келіншектің жазбаларын қарасаң нағыз ұлтшыл патриот. Орыстарды сөйту керек, қалғандарды бүйту керек дегендей.
«Айналайын, өзің қазақша неге білмейсің?» - деген бір-ақ сұрақ қойған едім, басым бәлеге қалар деп кіи ойлаған? «А ты кто такой, чтобы спрашивать!?» - деп зірк ете қалды. Өзімнің ойларымды жаза бастадым. Халықтың барлығы жаман болмайды, әр ұлттың арасында жақсысы да, жаманы да болады дегендей.
Содан тез арада мен Путиннің адамы болып шықтым. Әрине одан әрі қарай салғыласа беру жараспас деп тек бір ғана баяғыда оқыған: «Адам қай тілде ойласа сол ұлтқа жатады» - деген бір ұғымды айттым. Бұл сөзден кейін менің кімге айналғанымды жазбай-ақ қояйын, ұят болар.
Әрине тілін білмей ұлттың жанын түсіну өте қиын. Тіл арқылы ғана біз ұлттың бүкіл ішкі дүниесіне кілт таба аламыз. Абай, Махамбет, Біржан, Ақан сияқты ұлыларымыздың сөзін, Құрманғазы, Дина; Тәттімбет сияқты асылдарымыздың күйін түсінбей мен өзімді қалай қазақпын деп айта аламын?
Ол рас. Бірақ біздің дертіміз тек қана тіл ма?
Үлкенді сыйламасам, кішіге айтар ақылым болмаса, бөтенге берген сәлемім, қонаққа жайған дастарқаным болмаса менің қай жерім қазақ?
Баланы бақпай, қатынға жақпай дала кезсем, намысты таптап, өзгенің босағасын аттап, әнін айтып, күйін шертсем менің қай жерім қазақ?
Өз елімнен именсем, басқаның мәдениетіне бас исем, киімін киіп, ата-бабамнан қалған әдет-ғұрыпты таптап, басқа елдің әдетіне көшсем менің қай жерім қазақ?
ЖОҚ, мен тіл білмегендерге МҮЛДЕ қарсы емеспін. Әр отбасының өз тарихы болды, заман да басқа болды. Амал жоқ. Мені қынжылтатыны, тіл мәселесі арқылы кейбіреулердің басқа ұлт өкілдерін немесе тілі шорқақ отандастарымызды кемсітіп, балағаттап, өзі әрең тұрған қоғамымызға іріткі салу әрекеттері.
Тіл сұрағы қамшылаумен шешілмейді. Әр сұрақты қинап енгізген сайын оған деген қарсылық та өсе береді. Ол табиғаттың заңы. Осы таңда өзіміздің Димашымыз бен Генамыз қазақ тілін дамытуға бүкіл ұлтшыл патриоттардан мың есе артық еңбек жасап жатыр емес па?
Сондықтан әлемге әніміз бен мәдениетімізді паш етіп, қазақтың мәртебесін көкке жеткізсек біздің тіліміз ғана емес, тарихымыз бен сана-сезімімізге қызығушылық көбеймей ма?
Сондықтан тіліміз бен қатар басқа да өзімізге тән рухани байлығымызды бірге ала жүрсек жөн болар.
Осы туралы бір қатты ойланғанымыз жөн сияқты.
Abai.kz
Эрик Абенович