Мен біліп, білмейтін президент...
Билік және биліктегі бишікештер хақындағы өз ой-пікірімізді бұдан бірер ай шамасы бұрын хатқа жазып, қағазға түсіріп дегендей, жоғарғы жаққа жолдағанбыз. Жол-жөнекей әлгі «қырағы көздердің» назарына ілігіп қолды болды-ау деймін, қайыра хабар берердей берекелі бейілді көре алмадық. Амал не, қолымыздағы нұсқасын көпшілікке ұсынуға мәжбүрміз. Ол мынау еді:
«Билік...Ежелден таныс ұғым, таным, түсінік. Екінің бірі би бола алмайды. Сөз обалы деген бар. Өкініштісі, мұның да құнын түсіріп, құзіретін ұмытқалы қашан!.. Бұған да жоғарғы жақтағы ат төбеліндей «элита» кінәлі. Қасиетті «би» ұғымына «лікті» қосақтағалы бері.
Азғындық пен тозғындық, әдетте, менмұндалап келмейді: ішімізді індет пен Ібіліс жайлағанда бір-ақ білеміз. Әйтпегенде, «би» қайда, «билік» қайда?! Осындайда әл-Фарабидің мына бір айшықты ақидасы еске түседі: «Патшаға лайықты адамның ең басты қасиеті – оның ғұламалығы». Халық пен патша бірігіп-кірігіп кетпей оң нәтиже бермек емес. Бұл – атамзаманғы аксиома! «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқанша». Адами және қоғами ресурсты жаңартпай, жақсартпай жағдайды түземек – жалған әуезе. Кешегі дүрбелеңде Президентіміздің аузынан «Мен өле-өлгенше халықпен біргемін!..» деген сөз шықты. Бұл – анттан да абзал ұғым! Аузыңа май – «Жақсы сөз – жарым ырыс». Ал ырыс – халық несібесі. Халықтың бір ныспысы – ел. Елдің атын әлемге патшаңыздан бұрын ең алдымен даналар, данышпандар шығарады. Нақты баламасы – алқаби. Абылайға Бұхар жырау не үшін керек болды?
Иә:
«Ай, Абылай, Абылай,
Сен мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметкер болып тұр едің.
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін, Төле билердің
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма жасқа жеткен соң
Алтын тұғыр үстінде
Ақсұңқар құстай түледің!..» -
демейтін бе еді сол абыз жырау?! Одан әрідегі Хусейн Байқараға (Әмір Темірдің ұрпағы) ақылман болған Әлішер Науаи ше? Мысал мен тымсал жеткілікті. Тым болмағанда кешегі Абай кезеңін еске түсіріңіз. Ендеше, бағзы-байырғы үрдісті жалғастыра отырып биліктің орнына билер кеңесін неге қайта жаңғыртпасқа?! Біздегі сүр еттей сіресіп қалған бір үрдіс: әр ел басшысы Үкімет құрамын тек өз қалауынша жасақтайды. Таңдау талқысы деген былай қалады. Осыдан келіп «анауың кім?», «мынауың кім?» деген ең сауатты да салауатты сана түкпірінде елеусіз, ескерусіз қала береді. Өз басым қазіргі Үкімет құрамы өкілдерінің денін жыға тани бермеймін. Рас, екі тілге де, орысша, қазақша, желдей жүйрік,. Қамшы салдырмайды. Бірақ, сөз бен істің ара салмағын шынтуайтында ел, жұрт, халық шешеді емес пе?! Сонау жылдары баспасөз қызметінде жүрген кезімде: «Сөз бен істің бірлігі – еңбеккердің ерлігі» деген желбір-жекен афоризмді жиі ауызға алушы едік. Сол есіме түсіп отырғаны...
«Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,
Адал жан, түсініпсің, рахмет...», - дейді бұл орайда Мұқағали.
Ел айтпақшы, «Ел мен елекем» түсініскенше, ебелек уақыт едел-жедел өте шығады... Сонсоң тағы да сайлау, тағы да алашапқын, тағы да үміт, дәме, дәргүмән...
Өз басым Қасым-Жомарт Тоқаевты білемін деп те, білмеймін деп те айта алмаймын. Президент, яғни, менің президентім ретінде енді-енді ғана жыға танып келемін. Үш жыл... Әрі аз, әрі көп. Аз болатыны – бетпе-бет немесе жүзбе-жүз ұшырасқанымыз жоқ. Көп болатыны – үш жыл ел тағдырын өз қолына алған осынау кәмәләт, кемел иесін сол елдің ішінде жүріп білмеуім мүмкін еместей көрінетіні табиғи. Әйтсе де, көптің бірі біліп, бірі білмейтін бір гәп бар осы арада. Ол – менің өмірбаяныма қатысты өткен-кеткен бір шаруа. Әңгіме Сыртқы істер министрлігінде, қазіргі президентіміздің құзырындағы азды-көпті қызмет істегенімде. Көршіміз Өзбекстанды аттай қалап алуым да өзгеше бір әңгіме. Әкесі Кемел ақсақалды да тәп-тәуір танушы едім: жазушы, соғыс ардагері, қан майданнан тән мен жан жарақатын қатар алған жанкешті кісі. Ал, біздің президент – жазушының баласы. Жазушының баласы болған соң да сөзшең, ділмәр. Шешендігі мен көсемдігін кейін көре жатармыз. Әйтсе де, бір жәй маған көптен бері тыным бермей жүр. Ол – мемлекеттік идеология. Күні кешегі Жолдауда да бұл қасиетті ұғым-таным қағаберіс қала берді. Ел ішіндегі сайлауалды кездесу, жүздесулерде де есітіп жүргенім шамалы. Сонда қалай, саясат пен идеология – Абыл мен Қабыл ма? Қашаннан бері? Кезінде «Елбасының» аузынан да: «Менің жүргізіп отырған саясатым идеология емей немене?» деген жекіме сөзді естігеніміз бар еді. Әлі есімнен кетпейді. Құлағым қазір де шыңылдап тұр. Тегінде, осы екі дара ұғымды танымай-білмей алаботқа ғып жібергендердің о заманда, бұ заманда қайсысы оңып еді, айтыңызшы?! Менің ұғымымда: Идеологияның түп негізі – адамзат жаратылысы. Ал, саясат – Алланың қарғысына ұшыраған Ібілістің бүгінгі ұрық-шырығы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы. Мейлі, адам болсын, мейлі, пенде болсын, адамның бір аты – кісі. Оның ішіндегі қадірлісі мен құрметтісі. Осы рабайда: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дейді данышпан Абай. Тағы да ұлылық тағылымы, даналық дәрісі. Озбайтын да, тозбайтын аксиома.
Қазақы болмыс қашанда ділмәр. Қазіргі сайлау науқаны осының нақпа-нақ дәлелі. Шешеннің де, көсемнің де сүйенері де, сүйінері де – халық. Халық айтса, қалып айтпайды. Сол халыққа дәл қазір кең пішімді, кемел сипатты адам керек-ақ. Ол кім? Ешкім ешкімнің ішіне кіріп-шыққан жоқ. Әрі-беріден соң сөзшеңдік, ділмарлық – тілдің тиексіз тетігі ғана. Кісілік келбет, пішін-пішімнің астары, сыры тым-тым әріде... Не көрмеген халықпыз: «Әліптің артын бағуға» тура келеді.
Исраил Сапарбай
Abai.kz