Шойгудың шегінісі: Херсон қолдан кетті
Ресей әскері ақыры Херсоннан шегінетін болды. Бұл туралы Ресей әскерінің Украина бойынша қолбасшысы Суровикин Шойгуға берген баяндамасында мәлімдеді. Суровикин Днепр өзенінің арғы бетіндегі әскери бөлімшелерді қамтамасыз етудің қиындығына байланысты әскерді Херсон қаласы мен сол маңдағы елді-мекеннен әкетіп, қорғанысты Днепрдің бергі бетіне қоюды ұсынды. Шойгу бас изеп, келісті.
9 қараша күні Суровикин қорғаныс министріне берген баяндамасында, Ресей әскерінің қорғанысы мығым екенін, алайда кей аймақта тактикалық шегініс жасау қажеттігін айтты. Ол бұл шараны керексіз шығынның алдын алу үшін қажет деп көрсетті. Баяндамаға қарап, Ресей әскері жақын күндері Херсон қаласын тастап кететіні анықталды. Бір жарым ай бұрын Мәскеудің қақ ортасында Херсон, Запорожье, Луганск және Донецк облыстарын Ресейге қосу бойынша салтанатты жиын өткен болатын. Жиын барысында Путин "бұл аймақтар Ресейге мәңгіге қосылғанын" айтты. Аймақ халқын "өз азаматтарымыз, оларды біз барынша қорғаймыз" деді.
Украина әскері Херсонды қайтару операциясын бірнеше ай бұрын бастады. Ол жау әскерінің қорғаныс шебіне үздіксіз соққы беру мен жабдықтау жолдарын талқандау арқылы іске асты. Херсон қаласын Днепрдің арғы бетімен жалғап тұрған көпірлерге HIMARS зымыран кешендері толассыз соққы жасаумен болды. Антонов көпірі көлік жүрместей қирады, ал Антонов теміржол көпірі істен шықты. Каховка бойындағы өткелге де соққы жасалып, әскери техника өте алмастай күйге түсті.
Украина әскері Херсондағы әскери қоймаларға соққы жасауды арттырып, қалада партизандар бірнеше мәрте диверсиялық шабуылдарды ұйымдастырды. 9 қараша күні оккупациядағы Херсонның заңсыз билігінің өкілі Стремоусов қаза тапты. Ресми ақпарат бойынша ол жол көлік оқиғасына ұшыраған, ал бейресми ақпарат бойынша ол зымыран соққысынан қаза тапқан. РИА Новости тілшілері ол қаза тапқан жерді және Стремоусов отырған көлікті көрсетті, алайда оның жеңіл көлігі соғылған жүк көлігін көрсетпеді. Путин Стремоусовтың қазасына байланысты оны "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
Ресей әскерінің Херсоннан кетуін ресейлік пропаганда өкілдері барынша ақтап, ойластырылған әрекет деуде. Олар "осы жолы басшылық өзіне сенімді әрі ауыр болса да нақты шешім қабылдап, адам шығындарының алдын алды" деп жарыса жазуда. Ал ресейліктер бұл шешімді "сатқындық", "бізге сенген халықтың сенімін аяққа таптау", "қажетсіз соғыс" деп жазуда.
Украина билігі де Ресей Қорғаныс министрлігінің шешіміне байланысты пікір білдірді. Украина президентінің кеңесшісі Подоляк: "Шойгудың мәлімдемесіне мән бермейміз. Өйткені, олардың сөзі мен ісі бөлек. Біз сақтықты жоғалтпауымыз керек. Абайлап қимылдаймыз. Херсонға Украина туы тігілмейінше, Ресейдің шегінгеніне қуанбаймыз", - деді.
Ресей Херсоннан әскерін әкетіп жатқан видеоларды телеграм арналарда жариялады. Украина барлау қызметі бұл қақпан болуы ықтимал дейді, сондықтан қалаға асықпай, барынша сақтықты сақтай отырып кіретінін мәлімдеді.
Ресейдің Херсоннан айырылуы саяси, экономикалық және идеологиялық сипатта салдары болмақ. Ресейліктердің Путин билігіне және Ресей әскеріне деген сенім капиталы сарқылу үстінде, ал ұрыс даласындағы сарбаздардың рухы түсіп барады. Мотивациясы төмен әскердің ұрыста тиісті нәтиже көрсетуі қиын. Херсоннан Ресей толық айырылса, Украина әскері Қырымға соққы жасау мүмкіндігіне ие болып, әскери маневр көлемін арттыра алады.
Асхат Қасенғали
Abai.kz