Сейсенбі, 31 Қаңтар 2023
Ел іші... 904 3 пікір 17 Қараша, 2022 сағат 14:15

Ақынның бюстін орнатуға әкім неге құлықсыз?

Биыл 115 жасқа толғандығы аталып өтіп жатқан ақын, аудармашы, Жамбыл Жабаевтың хатшысы қызметін атқарған, қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдардың соңғы ширегінде келіп, қазақ поэзия­сының қалыпта­суына ерекше үлес қосқан қарымды қаламгерлердің бірі – Ғали Ормановтың бюсті орнын таппай тұр.

Мән-жайды анықтау үшін әңгімені әріден бастасақ деп отырмыз. Біздің білуімізше, Астана қаласындағы №7 мектеп-гимназиясына Ғали Ормановтың аты берілген. Содан кейін бұрынғы қала әкімі Бақыт Сұлтанов мектеп алдына бюст орнату туралы мәселені бекітіп, оны қалалық Білім басқармасы да растаған.

Ал бұл мәселе кейіннен сиырқұйымшақтанып кеткен.

Ақынның жиені Айдар Қырықбайұлы:

- Елорда мектептерінің біріне Ғ.Ормановтың есімі берілген. 2007 жылдан бері аталған мектептің алдына бюст орнату мәселесі көтеріліп келеді. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов болғанда бюджет­тен Ғали Ормановтың бюстін орнату мәселесі бекітілген де болатын. Өкінішке қарай, қаржысы да, бюст те жоқ болып кет­ті. Осы мәселені қазіргі Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов назарына алса екен , – дейді.

Мектеп алдына ақынның бюстін қою жөнінде 2019 жылы Білім басқармасының экс-басшысы Әнуар Жанғозин Facebook әлеумет­тік желісінде мектепке есімі берілген тұлғаға арналған мүсінді орнатуға 2020 жылы қаржы бөлінетіндігін хабарлаған екен. Алайда ат­тай екі жыл өтсе де Ғали Ормановтың бюстін орнату былай тұрсын, сол туралы ақпарат та жарыққа шықпаған. Бұл да біз үшін түсініксіз жағдай. Астананың төріндегі ақын атындағы мектепке ескерткіш мүсін емес, тіпті бюст қоя алмау, «қоямыз» деп ақпарат берген соң, екі жыл ішінде оны орындай алмау – еліміздің астанасы үшін ұят­ты шаруа. Елордада бекітілген мәселе орындалмай жатса, басқа аймақтардағы жағдай туралы айтудың өзі әбестік. Әр ақпарат көзінен бір жылт етіп, «Әділет­ті Қазақстан құрамыз» деген ұран жиі айтылып жүр. Сенгің-ақ келеді, бірақ еліміздің қақ ортасындағы, сол Әділет­ті Қазақстан құрушылардың жанында мынандай жағдай болып жатқанда, сенімге селкеу түсері анық. Қашанда ұлт­тың рухани келбеті мәдениетінен көрінеді. Ал мәдениет­ті жасаушыларға құрмет көрсете алмау – ұрпағы үшін абыройлы іс емес. Осыған дейін отыз жыл бойы экономиканы алға тартып, сол үшін жұмыс істейміз деп ұрандат­тық. Одан көгергеніміз шамалы. Ал енді нағыз әдебиетке, мәдениетке көңіл бөлетін уақыт­та дәл осындай орындалмаған уәделерді көріп, қынжылатының рас. Өткен отыз жылдың ширегінде әкім ауысса, экс-әкімнің жасақтаған командасы қоса ауысатынына етіміз үйреніп те кет­ті. Әйтсе де, қазіргі әкім Алтай Көлгінов осы мәселеге назар аударып, істі соңына дейін жеткізсе дейміз.  Дәл қазір саяси науқан, сайлау алды үгіт-насихат­тың қызып тұрған шағы. Әдет­тегідей уәденің астында қаламыз. Ертең-ақ қарыштап дамып, алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып кететіндей күй кешеміз. Бірақ бір бұрыштан сығалап, шенеуніктердің орындалмай қалған уәделері қылтияды да тұрады. Сол қылтиғандар қаптаса, Әділет­ті Қазақстанға кім сенеді? Келмеске кеткендердің алдында уәдесін орындай алмағандар, болашақ алдында не істей алады?

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3273
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2317
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1981