Бейсенбі, 22 Сәуір 2021
Жаңалықтар 5840 0 пікір 12 Ақпан, 2013 сағат 09:22

Жемісбек Толымбеков. Ақын Сара жөніндегі ақиқат

 

Ақын Сараның туғанына  2013 жылы 160 жыл толады, 135 жыл емес. Өйткені оның  өмір сүрген жылдар тізбесінде қателік жіберілген. Оқасы жоққа баланбай, шындық орнағаны жөн. Сарамен айтысында Біржан сал өзін «арғынның Алтай, Қарпық ақтанкерімін» деп таныстырған. Біржанның руы арғын емес. Керей-Ақсары, оның ішінде Көшек. Біржанның моласы «Степняк» алтын заводының «Лермов» деген шахтасының қасында. Ағайындары бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданында тұрады. «Баласы Қожағұлдың атым Біржан» дейді. Қожағұл оның атасы. Өз әкесі Тұрлыбай. Өмірден өтер алдында Теміртас, Асыл, Ақық деген балаларына бірнеше өлеңдер шығарған. Бір өлеңінде: «Елу беске келгенде көрген қалқам» деп Теміртасты айтады. Біржан 1891 жылы (1887, не 1897 жыл емес,) 58 жасында дүние салған. 1833 жылы туған. Сонда «Біржан мен Сара» айтысы 1895 жылы өтті деген расқа келмейді. Сарамен айтысында Біржан «мың жарым жылқы біткен Қожағұлға» дейді. Шын мәнінде ол кедей болған. Мал, мүлік жинамаған. Оны өзі жасырмаған. Жолаушылап қараша үйге енген Біржанға бір кедей қызы қатықсыз қара көже берсе, Біржан ернін ғана тигізіп, ішпей қайтарады. Сонда кедей қыз:

Байлардың жейтін асы жая мен жал,

Шығады нақ кедейден осындай сал.

Қыс аяғы, шаруа күйзеу болды,

Көжеге кекіреймей аузыңды сал, - дегенінде, Біржан:

Атандық салдықпен Біржан сері,

 

Ақын Сараның туғанына  2013 жылы 160 жыл толады, 135 жыл емес. Өйткені оның  өмір сүрген жылдар тізбесінде қателік жіберілген. Оқасы жоққа баланбай, шындық орнағаны жөн. Сарамен айтысында Біржан сал өзін «арғынның Алтай, Қарпық ақтанкерімін» деп таныстырған. Біржанның руы арғын емес. Керей-Ақсары, оның ішінде Көшек. Біржанның моласы «Степняк» алтын заводының «Лермов» деген шахтасының қасында. Ағайындары бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданында тұрады. «Баласы Қожағұлдың атым Біржан» дейді. Қожағұл оның атасы. Өз әкесі Тұрлыбай. Өмірден өтер алдында Теміртас, Асыл, Ақық деген балаларына бірнеше өлеңдер шығарған. Бір өлеңінде: «Елу беске келгенде көрген қалқам» деп Теміртасты айтады. Біржан 1891 жылы (1887, не 1897 жыл емес,) 58 жасында дүние салған. 1833 жылы туған. Сонда «Біржан мен Сара» айтысы 1895 жылы өтті деген расқа келмейді. Сарамен айтысында Біржан «мың жарым жылқы біткен Қожағұлға» дейді. Шын мәнінде ол кедей болған. Мал, мүлік жинамаған. Оны өзі жасырмаған. Жолаушылап қараша үйге енген Біржанға бір кедей қызы қатықсыз қара көже берсе, Біржан ернін ғана тигізіп, ішпей қайтарады. Сонда кедей қыз:

Байлардың жейтін асы жая мен жал,

Шығады нақ кедейден осындай сал.

Қыс аяғы, шаруа күйзеу болды,

Көжеге кекіреймей аузыңды сал, - дегенінде, Біржан:

Атандық салдықпен Біржан сері,

Серінің күнде думан жүрген жері.

Қарындасым, серіге сөзің өтті,

Көжені басып-басып ап кел бері», - деп жауап берген.

Біржан өмірден өтер шағында:

«Дүние өтеріңді біліп едім,

Білдірмей кедейлікте жүріп едім.

Бұл күнде бір тоқтыдан құным төмен,

Үш жүзге атым шыққан Біржан едім», - дегенді де айтып кеткен.

Біржан өмірден өтер алдында үш жыл сырқаттанғаны мәлім. Орынсыз ән салып, отырған жерінің мазасын ала берген соң, жаратпастары «жындыға» балап, қол-аяғын байлатып тастаған. Біржанның ақындығынан әншілігі басым. Өзі композитор, дауысы «орган» іспетті зор болып, қазақ әні тарихында жаңа жол ашқанның бірі болған.

«Сара мен Біржан» айтысын сыбан Әріп Тәңірбергенов шығарды деген дәріп бар. Әріп 1924 жылы 62 жасында өмірден өткен. 1862 жылы туған. Біржан Сараны іздегенінде қасына бес-алты жігіт ерткен. Соның бірі Біржанның ағасы Нұржанның ұлы Ахметжан атқосшы болыпты. Ахметжан: «Сараны көрдім, Біржанның Сарамен айтысқаны рас», - деп растаған. Тұранұлы Ысмайыл деген кісі: «Біржан Сараның даңқын Қоянды жәрмеңкесінен естіп біліп, топ нөкер Ахметжан, Атығай, Тоқабай, Баршын, Әмірхан дегендерді ертіп, Жетісуға барған. Біржан: «Ондай ақын қызды өмірімде көрмедім. Басы байлаулы болған соң тосыла берді. Шаңын көрсетпес саңлақ еді. Кеудеге, есерлікке басып жеңдім деп, жиі есіне алды. Сараға тең түсер адам жоқ деп, әлде неше рет айтқанын жақсы білемін», - деп Қасым Аманжолов пен Есмағанбет Ысмайыловқа 1939 жылы айтып беріпті. Біржанның қасына ерген алты жолсерігіне арнаған «Алтыбасар» өлеңі Бісмілда Балаубековтың «Ән сапары» кітабында берілген.

«Біржан мен Сара» айтысы алғаш цензураға 1897 жылы 29 желтоқсанда Петербург қаласынан рұқсат берілген. Айтыс баспадан екі мәрте шыққан. Біріншісін халық әдебиетін жинаушы Жүсіпбек қожа Шайыхисламов бастырған. Жүсіпбек қожаның әкесі Шайхыслам Айтқожаұлы 1843 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының Шіркейлі деген жерінде туған. 1871 жылы Жетісу өңіріне келген сапарында, ол ақын Сарадан «Біржан мен Сара» айтысының қолжазбасын сұрап алады. Ол туралы «Төребай мен Сара» айтысында Төребай ақын:

«Шайхыслам Жетісуды аралады,

Байлар мен би, болысты жағалады.

Қалдырған Біржан саған қолтаңбаны,

Өзіңнен қалап алып, кете барды», - деп жеткізеді. «Біржан мен Сара» айтыс мәтінін Жүсіпбек қожаның әкесі Сараның өзінен сұрап алғаннан кейін 26 жылдан соң, Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы «өзім Сарадан жазып алдым» деп 1898 жылы ағайынды Мұхамеджан мен Шәріпжан Кәримовтың Қазан қаласындағы жекеменшік баспаханасынан шығарады. Ол туралы тағы Төребай ақын:

«Арада жиырма алты жыл уақыт өтті,

Кітап боп шығатұғын мезгіл жетті.

Баласы Шайхысламның Жүсіпбек қу,

Қазанда сол қиссаны жария етті», - дейді.

Айта кетерлік жәйіт, бәз біреулер осы айтыс мәтінінің алғашқы бетіндегі: «Мұны айтқан әлқисса Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанмен айтысқанын қыздың өз аузынан осылай деп, бастан аяқ баян қылғаны айтыстың келер жылында», - деген сөздерге сүйеніп, авторы Жүсіпбек қожа дейді. Ал баспадан 1898, 1900 жылдары шыққан айтыс мәтінінде мұндай сөздер мүлде жоқ. Жүсіпбек қожа ақын Сараны алғаш 1890 жылы ғана көрген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Санжар Аспандияров, Темірбек Жүргенов секілді көрегендер: ертеде өткен ақын, жазушылардың қисса, дастан, жыр, айтыстарын «өзім шығардым» деп, Қазан, Ташкент қалаларында кітап етіп, бастырып шығартқан Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы автор емес, ел аузындағы деректерді біреулер арқылы жинап, елдің еңбегін пайдаланып жүрген адам екенін анықтаған. «Жүсіпбек қожаға» атты өлеңінде белгілі ақын Қуанышұлы Сапарғали:

«Сен өзің еркек емес байтал қожа,

Әр жерде ұрлығыңды айтам қожа.

Бұрынғы ақындардан жыр ұрлайтын,

Екенсің екі жүзді сайтан қожа...», - деп ұрлығын әшкере қылған. Екіншісі Зайсаннан жіберілген, толық нұсқасы деп аталады. Ол Орынбор қаласында тұратын Хұсайынов пен Кәрімовтер бірлесіп ашқан «Хизмәт» баспаханасынан шыққан. Осы нұсқа Әріптікі саналған. Елі тобықты Қуанышбай ақынның:

«Әріпке сәлем жаздым үш қайтара,

Шығардым деп оттапсың «Біржан-Сара».

Басыңда байлауың жоқ, бір ант едің,

Сайтан болып кетерсің бара-бара», - деген сөздерін ескерсек, Әріп жазды дегеннің дәйегі болмайды. Академик Мұхтар Әуезов: «Анығы, Әріп айтысты негізгі шығарушы емес. Соңғы айтушы болғаны рас. Ол хал айтысты Әріптікі ете алмайды», - деп шынайы жазған. Айтыс мәтінін Зайсаннан жіберген автордың есімі Әмірхан. Ол Біржан салдың қолқанат досы, «Ер Әмірхан» деп аталған. Сал-сері, өзі палуан. Бек, болысқа қызметі жақпай сайран салып, өлген солдатты содан көргендіктен, ұлықтан қорқып, дәм тартып Зайсанға кеткен. Найман-төртуыл ішінде бес жыл өмір сүріп, Алтай мен Шәуешекке даңқы жеткен асыл. Елі керей. Жері Қызылжар. Жетісуға сан мәрте келіп, кетіп жүрген. Толғанбай мен Төребай ақындар батасын алған. Біржан мен Сара айтысқанында Біржанның қасына еріп келгендердің бірі болған. Өнерімен күнін көрген. Қасына әнші, ақындарды көп ертіп жүрген. Шәкірттері көптеп саналған. Төртуыл Сегізбай би ауылынан Қазан қаласына «Біржан мен Сара» айтысының мәтінін жіберіп, өз есімін айтыс мәтініне сақтықпен жазбай қойған. Әріптің Сараға «ғашықтық өлең хаты» деп Тәңірберген Қалилаханов баспа еткен өлеңмен жазылған хаттар есімі аталған Әміханға сап келеді. Өйткені, ол хаттар да Сараға Зайсан мен Шұбарағаш-Ойжайлаудан жіберілген. Сараның өзі «ары өтіп, бері өткені сыйлық тастап, көбейді қызға ұнамақ мырзадағы»» деп айтқанындай, оған жігіт-мырза, шал-шақпыт, бек-болыс, бай-манап, т.б., қолқа салмаған жан аз болмаған. Ызғарлы жүрегі оларға мызғымаған. «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында Мырзатай Жолдасбеков: «Жамбыл 1875 жылдың күзіне қарай Қарқара жайлауында ақын Сарамен кездеседі. Айлы түн алтыбақан басында Сара қыз ауылдың алты ауызын айтады. Жамбылдың жүрегіне шоқ салады. Жамбылдың тілегіне түспалдап жауап қайырады. Бұдан кейінде екеуі жиын-тойларда бірнеше рет жолығады. Сараның халық әнінің әуенімен «Угай-угай, ай-угай» деп салатын әні Жамбылдың жүрегінің жырына, өмірлік сырына айналып кетсе керек», - деп жазады. Бұл дерек бойынша Сара 1875 жылы әлі тұрмыс құрмаған болып шығады.

Қазан қаласында баспахана барын, айтыс мәтінін жіберген Әмірханға айтқан қажы Насиров Сапа. Насиров Сапа Сарқан қаласында қажылық құрып тұрған. Нәсілі өзбек. Уфа, Қазан қалаларынан мұсылманша жоғары білім алған дәріпті жан болған. Біржан салдың Жетісу, найман еліне келіп, Сарамен ән жарыстырып, оны Маман мен Толқынның құрған тұзағынан азат қылғанын, елі садыр, Шөпшекұлы Ахмет ақынның өлеңмен сипаттағанын Т.Қалилаханов 2006 жылы, «Күлтегін» баспасы, Астана қаласынан шыққан, «Ақын Сара Тастанбекқызы» деген кітабында келтіреді. Сонда Ахмет ақын:

«Кез болып Сараменен Біржан ақын,

Айрықша Ешкіөлместі атап атын.

Қалың ел қаптағайды бір қуантып,

Әсерлі әнін айтқан кешке жақын», - дейді. Бұл Шөпшекұлы Ахмет ақын емес, кенжебай руынан шыққан, қиссашыл Малайұлы Ахмет ақын болса керек. Шөпшекұлы Ахмет берірек, Малайұлы  Ахмет ақын Сара заманында өмір сүрген. Біржан салдың Жетісуға келгені туралы «Талай заман», «Жетісу» атты өлеңдері бар. Ахмет ақын: «Асығыс атқа мінген Аягөзден, найман Сара ақын бар деген сөзбен», - деп Біржан салдың Жетісуға Аягөз арқылы келгенін жеткізеді. Ақын Сара Тәсібек, Ермек, Тыныбек, Құдайберген, Тостағанбет, Жанақ, Сапа, Ниязбек, Кеншімбай, Сүйінбай, Орынбай, Сабырбай, Жамбыл, Жәмшібай, Әсет, Төребай ақындармен айтысқан. Сараны тоқтатқан алшын Есқожаұлы Төребай ақын. Ақын Сара:

«Жасым бар қырық сегіз, жылым сиыр,

Жасымнан әнші, ақынға болдым үйір.

Төребай дәлел тауып, жеңіп кеттің,

Кінәм жоқ, саған қояр жалғыз түйір.

Кешегі он сегізде жолықпадың,

Кететін еріп саған қол ұстасып,

Қыз берем, ұлың болса би Төребай,

Болайық құда, жекжат, бек достасып», - деп жеңілгенін мойындаған.

Ақын Сара 1876 немесе 1878 жылы туып, 1916 жылы, 38 жас өмір сүріп, өмірден озды деу, өмірі, заманы, қатынас ортасына сай келмейді. Ақын Сара 1853 жылы туып, 1907 жылы өмірден өткен. Бұл деректі әдебиет зерттеушісі Шеген Ахметов, қаламгер Зейтін Ақышев, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, айтыскер ақын, ағарту ісінің үздігі Түлкібек Құрақбаев қолдаған. Ағартушы Мәкей Еркінбеков пен артист Қанабек Байсейітов те заманында растаған. Абайдың ұлы Әбдірахман 1895 жылы қайтыс болған. 1896 жылы Сараның ауылы Үш Кәукен, тасыбай елінде отырғанда Құдайбердіұлы Шаһкерім Әбдірахманның сүйегін түнетіп өтеді. Ол туралы Мәкей Еркінбековтың естелігі баспа беттерінде басылған. Мәкей туралы Тәңірберген Қалилаханов: «Әбіштің сүйегі Сараның үйінде болғанда басы-қасында болған манағы 12-13 жасар бала Құдайбергенге мінгесіп келген», - деп жазады. Ағартушы Мәкей Еркінбеков 1952 жылы қайтыс болған. Сара Абайға жеткіз деп, «Көңіл» өлең айтыпты. Оны жазып алып Шаһкерім Абайға жеткізеді. Сараның ол өлеңі толық сақталып, кітабқа енді. Құдайбердіұлы Шаһкерімнің анасы тастемір, Атымайлының қызы, есімі Күнке. Сараға аталас, туыс, арғы атасы бір, Амандостан тарайды. Сонда Сара 1878 жылы туса - 18 жаста, онда әлі күйеуге тимеген. Мейрамбай Байтолықов, Түйтебаев Тұрлыбек, Еспенбетов Намазбек аталар дерегінде «күйеуге «азаттық» алған кейін, төрт-бес жыл өткен соң шыққан» делінеді. Бекбай Сараның үйінде екі жыл қызмет жасап жүріп, зорға алыпты. Сондықтан Бекбайды сақай-тастемір елі «Төлеген» деп те атаған. Әбдірахманның сүйегін түнеткенде Сараның жасы 43-те болған. Сара былғарымен қапталған мәйітті күзетісіп, қасына шырақ шағып шығады. Естелігінде Мәкей Еркінбеков: «Шаһкерім қажы Абайдың ұлы Әбдрахманның сүйегін алып келе жатып, жолай ақын Сара ауылына тоқтап, бір қонып, аттарын жемдеп, суарып, ақын Сараның Абайға көңіл айтып өлең жолдап, ақбоз атты азаға тартып жіберетіні осы ара-тұра құдандалық араластың бір іспет көрінісінің ізгілік белгісі еді», - деп жазады.

 

Сараның әкесінің лақап есімі Тастанбек. Тастай берік ісі мен мінезіне бола жеңгелері мен келіндері, ел-жұрт Тастанбек деп атап кеткен. Ағаштан түйін түйген шебер болған. Азан шақырып қойылған есімі Сұлтанбек. Отыз жеті мүшел жасында, Сара туған соң қайтыс болған. «Қорлық» деген өлеңінде Ақын Сара: «Құдай-ау, әкемді алдың туа сала, атанттың жесір кемпір, жетім бала», - дейді. Анасының есімі Жаншөке, қайнар Шынқожаның қызы. Ақын Сара өте сұлу болған. Ол өзін: «Қамысты терең көлдің сұқсырымын», - дейді. Өзін сұқсыр үйрекке теңеуі, ондай үйрек өте сақ болады. Қаршыға мен лашынның ең ұшқыры алады. Сара нұр жайнаған келбетті, ақша жүзді сұлудың өзі болады. Бұлбұл үнді бұраң бел, өзгеше жаралған нәзік жан болып жетіледі. Әжімсіз он саусағының бәрі аппақ, аузы оймақтай, отыз тісі меруерттей екен. Мойынында ақық моншақ. Лебізі шербет. Қара көз. Кірпігі жібек тудың шашағындай төгілген, қасы қаламқас. Маңдайы биік біткен, кең. Қолаң шашты, қос жуан бұрымды, қыздың тотысы атанған. Өнері сегіз қырлы. Басында шоқпардай үкі таққан кәмшат бөрік. Үстіне кигені белі қынама оқалы қамзол, шәйі көйлек. Саусағына күміс сақина, құлағына күміс сырға салған. «Күй тартсам бал тамады бармағымнан» деп Құдайберген ақынға айтқанындай, Сара күй де шерткен. «Туған елім, өскен жерім» деген өлеңінде ақын Сара: «Тастемір, Сақай, Тұңғат ататегім,

Жақсылар жібермеген жауға кегін.

Үш Матай: Кенже, Аталық, Қаптағай,

Тұлпардың тұяғы боп туған едім.

«Көкжайдақ» туған жерім, тегіс екен,

Алқабы арық, тоған, егіс екен.

Жаратқан жан бергенге дән берген ғой,

Жегенім сол жерімнің жемісі екен», - деп  ататегін, өскен жерін толғаған. Азынақұлұлы Ахмет ақын:

«Қобызшы Байсақ күйші көрген бала,

Талпынады оның айтқан әнін сала.

Қобызды қоңыраулатқан өнерлі адам

Тұрғандай бар қауымнан жеке дара.

Ынтығып ықыласпен тындағанда,

Күй қонад көкейіне көкірек жана.

Құмарта күйге ұмсынып жүргендердің,

Ішінде ерекшелеу еді Сара.

Ән салып, шыға қалса тезек тере,

Той болса ақын қыздар қасына ере,

Ойынан өзі де еркін құрастырып,

Өлеңші болды Сара келе-келе», - деп Сараның бастапқыда өлеңші болғанын деректейді. Ақын Сара жас кезіндегі ауыр халы мен қолына домбыра алғанын өз өлеңінде:

«Қызымын Тастанбектің атым Сара,

Жетім боп жарлы өскен мен бір бала.

Тұрмыстан өспей жатып таяқ жедім,

Болса егер тағдыр сондай, қанша шара.

Жетім деп кемсінбесін мені ағайын,

Қорланбас қорлағанға сөзім дайын.

Аумағы ат шаптырым тастемірдің,

Айнадай, алақандай білем жайын.

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,

Елінен шығып жүрген мен бір бала.

Қолыма он үшімде домбыра алып,

Келемін бір сүрінбей жеке дара», - деп айтады. Мұңы мен серпілісі жайында ақын Сара: «Замандас - мұңы бірге апа, жеңгем,

Көмек көп, жанға сеп, қайғыны жеңген.

Жинаңдар үкі, тана, киім маған,

Аттанам ел ішіне маған сенген.

Үкісін домбырамның толықтайын,

Бекерге іштен тұнып торықпайын.

Айтайын елге шынын, әйел мұңын,

Сайрайын сансыз топта қорықпайын.

Түсіндім, тағдырым көппен бірге,

Жеңіске жете алмаймыз қоспай ірге.

Зар-мұңды көп алдына көрсетейін,

Жалынып ең болмаса қызыл тілге», - дейді.

Ақын Сараның жайнап түрлене әйел теңдігі «азаттыққа» ұмтылып бекінгенін, ақындық өнерінің дәріптелуі туралы Азынақұлұлы Ахмет ақын:

«Ән салып, жиын болса Сара сайрай,

Ішінде сансыз топтың отша жайнай.

Түрленген топ ішінде тоты құсша,

Бастады көргендердің іші қайнай.

Ақын қыз ақ алмастай әнмен сермеп,

Төгілтті сөз маржанын терең тербеп.

Қоғадай топтың басын жапырады,

Қосыла домбырамен қолдағы ермек.

Елдегі жігіттерді ақынсымақ,

Айтысшыл, әбиүрсіз, батыр сымақ,

Қатты айтып, қарсы келсе қателерін,

Жаныштап тастайтұғын батыл сынап.

Алдынан адам шықпай бара-бара,

Сайрады Сара топта жеке дара.

Найманның тұғырдағы бұлбұл құсы,

Атанды ақырында ақын Сара.

Сараның ақындығы болды ерекше,

Айтысқа жармаспайтын жәй зерекше.

Жыр қылып заман сырын, тұрмыс мұңын,

Айтатын адамдардай жасы кесе.

Тастанбек өз әкесі жастай өлген,

Емес ед есейгенде көзі көрген.

Көр басып, ұмыт қалған әке атанып,

Ақын қыз елге аян қып шығарды өрден», - деп айтады.

Ақын Сара теңдік жайын, арманы, еңірегені, бір теңі болмағаны туралы елден жасырмай: «Қызымын Тастанбектің атым Сара,

Арман көп, ауызыма халқым қара.

Қорғалар көп ішінен бұта таппай,

Шырылдаған боз торғай мен бір бала.

Еңіреттің ерте бастан туған елім,

Кір жуып, кіндігімді буған елім.

Кең жатқан садыр, матай елдерінен,

Бір теңім болмады ма, ұлдан менің?

Жеткізіп сабырлықпен ұстап бақпай,

Бәйге қып, топқа қосып, тұмар тақпай.

Желкемді көктейінен қидыңдар да,

Бөріге байлап бердің жетім лақтай.

Несіне жасырамын елім сенен,

Еріксіз бір жетіммін, дертім терең.

Адамда құтыла алмас құлға бердің,

Көрдіңдер қанша жазық, жапа менен?» - деп зарланған. Азынақұлұлы Ахмет ақын: «Той бастап, ақын Сара ән салады,

Дауысын естіген жан таң қалады.

Сол күнде жастау күні жалындаған,

Құбылып тоты құстай толғанады.

Екпіні соққан желдей болғанан соң,

Әркім-ақ айтысудан қорғанады», - деп ақын Сараның құлшынған келбетін дәріптейді. Үш Матайдың (Аталық, Қаптағай, Кенже) тотысы атанған Сара қалай «ақ бата, ақ қой қаны» торға түсті. Оны Сараның өзі «Тағдыр тәлкегі» деп топталынған дастанында баян етеді. Дастанды ақын Құдайбергеннен алып, 1938 жылы мұрағатқа тапсырған Қалел Сейсенбеков деген азамат. Дастанда Арнай болыс, Телібайды би деп айтып, Мүсәпір батыр жазықталады. Арнай Сарбасұлы 1869-1930 жылдары өмір сүрген. Бөрібай көтерілісінің 1930 жылы бастаушысының бірі болғаны үшін атылған. Оның болыс болғаны 1898 жылдың тамыз айы. Арнай болыстыққа Мырзағұлұлы Телібайдың ықпалымен өткен. Тегі Арнай, Телібай би болмаған, болыс болған, Мүсәпір Сараға қиянат жасамаған жандар. Қайта Телібай мен Мүсәпір Сараға азаттық әперуді қолдағандар қатарында болған. Дастанда есімдері басқалардың орнына аталып кеткен. Мысалы: Сарбастың орнына Телібай, Мүсірептің орнына Мүсәпір. Содан шатыс туған тәрізді. Сарамен айтысында Тәсібек ақын: «Өлеңім таусылмайды молдығынан, Сарбастың құтылмайсын зорлығынан», - деп қаһарлы айтқан. Сондықтан Арнайдың әкесі Сарбас бидің қиянатынан Тастанбек жанұясы жапа шегіп, жоқшылыққа ұрынған. Тастанбек өлген соң, Сарбас оның үйелменін қасына көшіріп алған. Сахарияны жалға салып, жарытып ақысын төлемеген. Сараны шешесімен жақтыртпай, Абдыра ауылына көшіртіп тастаған. Тұрысбек қажының кіші әкесі Толқынның малын бағып, ақысын жарытып ала алмаған Тастанбектің інісі Жайсаңбек жесір мен жетімге жаны ашып, Абдыраға келген. Жас кезінен күреске түскен палуан Жайсаңбек даладан бір мал сойып алып, Абдыраға әкеледі. Алғаны Толқынның малы болып, қолы ұзын Тұрысбек қажы іздетіп қудалаған. Сарбас би Тұрысбекті қолдап, ұрлықты Жайсаңбектен көріп, Абдыраға келіп, тінтіп, қар астына тығылған етті тауып алған. Сарбас би жақынын қорғамай, Тұрысбекті жақтап, Жайсаңбекті Қапал түрмесіне айдатып қаматқан. Жетім мен жесір мүсіркеген жандардың көмегімен тірлік кешкен. Со жылғы қатты қыс пен жұтта Тұрысбек қажы қыли көз, барымташы Жиенқұлға ісі түскен. Жиенқұлдың жасы 45-тен асқан еді. Жиенқұл Маман-Тұрысбектің малын қарап, аман қылмаққа уәде еткен. «Сәті түсті» деген оймен Тұрысбек Жиенқұлға қамалған Жайсаңбекті «табан асты босатып ал» деп, түрмедегілермен келісіп қойғанын білдірген. Жас қызды әпермек ойын да жеткізген. Жиенқұл қуана бәрін құп көріп, Тұрысбек қажының қайласымен Жайсаңбекті түрмеден босатып, «қажының өзі құда болам» дегеніне одан келісімін алған. Сараның шешесі Жаншөке «өзді-өзі келісіп, болыпты сені соған атастырмақ» деп қызына ұқтырып, «азат болар жолыңды ізде» деген ақыл берген. Азаттық аңсаған Сара «ақ бата, ақ қой қаны» өзді-өзі серттесіп атастырған Жиенқұлға бармай, төрт-бес жыл күрескен. Омбыға серттескен жігіті Күзембайдың артынан кетпекші, терең сай, құзға құлап немесе суға ағып өлмекші де болған. Ақылға салып, ақыры көп көмегімен «ақ бата, ақ қой қаны» атастырғанды бұзуға, әйел теңсіздігін өз өнерімен көпшілікке жария жасауға бел буған. Ел іші жақсылары Есімбек, Арсалаң, Байсақ, Толғанбай, Ер Шерубай, Телібай, Мүсәпір, Ахмет т.б. қолдауымен бостандыққа ұмтылған.

Ақын Сара Ешкіөлместің баурында  тұңғыш рет «азаттық» деп, ту көтерген асыл жан. Сол «азаттық» алған дабылы бүкіл қазаққа, жан-жаққа естіліп таралған. Сара азаттығын өз өнері арқауында алған. Біржан сал «ақ батаны» бұздырып, Сараға теңдік әперген. Біржан сал:

«Омбыда Дюгомельге өтініш қып,

Қорғауға сол баланы құрма қылдан.

Сарадай балғын қызға қамқорлық қып,

Құтқардым жауыздардың тырнағынан», - деп ақын Сараға жасаған қамқорлығын өлеңмен баяндайды. Сараның азаттығы туралы Ахмет ақын:

«Тұрысбек айғайлап тоқтатты елді,

Сара қыз Жиенқұлдан «азат» енді.

Шарт солай: қалың жігіт қаптағайдан,

Қосылсын өзі таңдап әмеңгерді», - деп деректейді. Ақын Сара ел бірлігі үшін, қаптағай-тасыбай жігіті Бекбайды таңдап, күйеуге шығуы, осы шартты да ескеріп, орындағаны болуы мүмкін.

Азаттық әперген «өкіл ағасы» Біржанға алтын білезігін ұсынған Сара «ағатай ескерткіш қып елге апар» деп сыйлаған. Біржан күлдария белбеуін «той жыртысы» деп суыртпақтап жыртып, көпке үлестіріп жіберген. «Мұра» атты өлеңінде Біржан сал: «Салдым мен ою-өрнек асыл жырдан,

Тайдырмай аяғымды жалғыз қылдан.

Кездесіп наймандағы Сара қызбен,

Толғанбай айтыстырып, қисса қылған», - деп айтқан. Сәбит Мұқанов: «Біржан мен Сара айтысын көлденең біреу шығарды ма деген көңілге күдік туғызатын жағдай, айтыстың былай басталуында: Біржан сал Сараның шешесімен, сіңлісімен сөз қағыстырады деп айта келе, айтыс ақылмен өлшеніп шыққан, ішінде көлденең, артық сөз жоқ. Жазба әдебиеттің жақсы үлгілері сияқты», - деп ой қорытқан. Құйма құлақ даналар Айымбетұлы Шүтембай, Дәмелі Имашқызы, Жылқыбаев Ерғали, Бейсебаев Бейсенбек, Мейрамбай Байтолықов жазбаларында: «Тарихта қалдыру үшін, Толғанбай ақын «Біржан мен Сара» айтысын үш дана қолжазба етіп жазған. Бір данасын өзіне қалдырып,  бір данасын Маман, Тұрысбекке, тағы бір данасын Біржанға берген», - делінеді. Бостандық алған Сара өз ықтиярымен елі тасыбай Алтынбайұлы Бекбаймен (1852-1933 ж.ж.) тұрмыс құрған. Сара Бекбайдан алты ұрпақ туған. Ұлдары Ермұқан, Нұрмұханбет, қыздары Рухия, Жақия, Кіпия, Мүнира. Мүнирасы жалайыр, бәйшегір жігітіне ұзатылып, күйеуі қайтыс болғаннан кейін төркініне қайтып келеді. Мұны естіген Төребай ақын Бекбай мен Сараға құда түсіп, Мүнираны Өздембай деген туысына әперіпті. Сонда Сара Төребайға «қыз берем» деген уәдесін де орындаған болды. Мейрамбай мен Тыныбайұлы Жаймолда аталар дерегінде ақын Сара Бекбайдан сегіз ұрпақ көргені айтылады. Аталмайтын екі ұрпағының есімдері Баймұхан, Жұмахан делінеді. Екеуінің өмірі бимағлұм. Ертерек шетінеген тәрізді. Нұрмұханбеттің келбеті ақын Сараға тартып, өңді, өнерлі болып, он бес жасында көкпар тартысында аттан құлап, қатты мертігіп, жұлындары зақымданғанынан мерт болыпты. Жақия қызы Балпық бидің ауылына ұзатылыпты. Рухияны қаптағай, ақтілес руынан Сағади деген ұзатып алыпты. Сағади қуғындалып кетіп, Рухия ауырып, 1930 жылы өмірден озыпты. Балалары Бекдайыр, Қозайыр дегендер Үштөбе мен Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленіпті. Бекдайыр мен Қозайырдан тараған ұрпақтар қазір бар. Мейрамбай Байтолықов атаның Намазбекке жаздырған жазбасында ақын Сараның бір қызы қаптағай, төртқара еліне ұзатылған делінеді. Мейрамбай Байтолықов ата 1932 жылы сол қызды көрдім дейді. Сұңғыла Тыныбайұлы Жаймолда ата: «Бекбай ақын Сарамен аттас, Сара есімді екінші әйелге үйленген. Бекбайдың үшінші әйелінің есімі Ұлтай. Ал, төртінші алған әйелінің есімін ұмыттым», - деп деректейді.  «Ақын Сараның арнауы» атты өлеңінде Сара: «Елудің төртеуіне келгенімде,

Дерт жеңіп, қалып барад өлеңімде.

Болды ғой қысқа менің қу өмірім,

Алпысқа жетпей бір күн өлемін бе,

Бір аз күн еңбек еттім дос, жаранға,

Өлеңім аз да болса мақтанарға.

Мені де «ұрпағым» деп, еске ал жұртым,

Сараның айтары осы аттанарда», - деп уайым шеккен.

Ақын Сараның сүйегі Үлгітірек шаруашылығындағы «Үш Кәукен» деп аталатын жердегі тасыбай елінің бейіт қорымы ішіне жерленген. Басына кеңес дәуірі тұсында кішкене мәрмәр ақ тас қойылыпты. Ол туралы Т.Қалилаханов «Ақын Сара» кітабында жазады. Қазіргі «Ақын Сара» ауылына қарасты Ақешкі суының бойындағы жеке тұрған зират ақын Сараға арнап салынғанымен онда оның мәйіті жоқ. Құр бір уыс топырақ әкелініп, соған кесене салынған деседі.

Abai.kz

0 пікір