Альбер Камю. Неміс досыма хат
Бірінші хат
Сіз маған айтып едіңіз: «Менің отанымның ұлылығына баға жетпейді. Оған қызмет ететін нәрсенің бәрі жақсы. Ендігі уақытта бұдан басқа ештеңенің де мәні жоқ мына дүниеде, біздерге, жас немістерге, өз ұлтымыздың тағдырына қатысудан өмірдің мағынасын табу бақыты бұйырды, оның жолында біз бәрін құрбандыққа шалуымыз тиіс». Ол кезде мен сізді жақсы көруші едім, бірақ мына пікіріңіз арамызды бөлді. «Жоқ, - дедім мен сізге, - барлығын тек қана алға қойылған мақсатқа бағындыру қажет дегенді мен мойындай алмаймын. Ақтауға болмайтын нәрселер бар. Сондықтан менің отаныма деген махаббатым әділеттілікке деген махаббаттан ажырамауы тиіс. Мен отаныма кез-келген ұлылықты тілемеймін, қан мен жалғандықтан тұратын ұлылықты тілемеймін. Мен әділеттілікке қызмет ете отырып, отаныма қызмет еткім келеді». Сіз маған айттыңыз: «Ендеше, сіз өз отаныңызды сүймейсіз».
Бірінші хат
Сіз маған айтып едіңіз: «Менің отанымның ұлылығына баға жетпейді. Оған қызмет ететін нәрсенің бәрі жақсы. Ендігі уақытта бұдан басқа ештеңенің де мәні жоқ мына дүниеде, біздерге, жас немістерге, өз ұлтымыздың тағдырына қатысудан өмірдің мағынасын табу бақыты бұйырды, оның жолында біз бәрін құрбандыққа шалуымыз тиіс». Ол кезде мен сізді жақсы көруші едім, бірақ мына пікіріңіз арамызды бөлді. «Жоқ, - дедім мен сізге, - барлығын тек қана алға қойылған мақсатқа бағындыру қажет дегенді мен мойындай алмаймын. Ақтауға болмайтын нәрселер бар. Сондықтан менің отаныма деген махаббатым әділеттілікке деген махаббаттан ажырамауы тиіс. Мен отаныма кез-келген ұлылықты тілемеймін, қан мен жалғандықтан тұратын ұлылықты тілемеймін. Мен әділеттілікке қызмет ете отырып, отаныма қызмет еткім келеді». Сіз маған айттыңыз: «Ендеше, сіз өз отаныңызды сүймейсіз».
Содан бері бес жыл өтті, одан кейін біз кездескен жоқпыз, бірақ осы бір ұзақ жылдары (сіз үшін соншалық қысқа, әрі жылдам өткен!) «Сіз өз отаныңызды сүймейсіз!» деген сөзіңізді есіме алмаған күнім болған жоқ шығар. Енді мен осы сөздер жайында ойланғанымда көкірегім қарс айрылады. Егер сіздің махаббатыңыздың мәні болып отырған нәрсені ластайтын әділетсіздікті әшкерелеу, - сүймеушілікті білдірсе, егер сүйікті жаннан сенің ол туралы ең асыл көзқарасыңа сай болуын талап ету, - сүймеушілікті білдіретін болса, иә, онда, мен отанымды сүймеймін. Бұдан бес жыл бұрын Франциядағы көптеген адамдар осылайша мен сияқты ойлаған. Алайда олардың кейбіреулері неміс бейнесіндегі тағдырмен бетпе-бет кездесті, бұл тағдыр олардың барлығына мылтықтардың он екі қара ұңғысынан қарады. Ал, осы адамдар, яғни сіздің пайымдауыңызша, отанын сүймейтіндер, өз отаны үшін сіздердің өз отаныңызға қай кезде болса да, тіпті сіздердің еркіңізде ол үшін жүз рет өз өмірлеріңізді қию мүмкіндігі берілсе де, жасай алмайтынды жасады. Өйткені оларға өздерін өзі жеңуге тура келді, міне олардың батырлығы да осында. Бірақ мен бұл арада ұлылықтың екі көрінісі жайында және бір қайшылық туралы айтып отырмын, ол жөнінде мен сізге түсіндіруім тиіс.
Егер бұл мүмкін болса, біз жақында тағы кездесеміз. Бірақ достар ретінде емес. Сізді жеңілістің қайғысы жаншитын болады, және өткен жеңісіңіз үшін ұялу емес, оны сағыну сіздің сынған жігеріңізді құрта түспек.
Қазір біз рухани әлі жақынбыз; рас, мен сіздің жауыңызбын, бірақ белгілі бір шамада әлі де сіздің досыңыз болып қаламын, өйткені өз ойымды аяғына дейін сізге ашып отырмын. Ертең біздің арамызда бәрі аяқталады. Сіздің жеңісіңіз жасай алмағанды сіздің жеңілісіңіз аяқтайды. Бірақ әзірше біз мүлде айырылмай тұрғанымызда, мен сізге тым болмағанда, бейбітшілік жылдары да, соғыс жылдары да, сіздің менің отанымның тағдырын түсіне алмаған жайттарға көзіңізді ашқым келеді.
Мен сізге бізді қандай ұлылық алға жетелейтіндігін бірден айтқым келеді. Бірақ, бұл бізді шабыттандыратын және сіздерге тән емес батылдықтың не екендігін айтып беруді де білдіреді. Егер сен өмір бойы соған дайындалсаң және шайқасу сен үшін ойланудан гөрі әдеттегі нәрсе болса, ұрысқа кірісіп кету соншалық қайраттылыққа жатпайды. Ал, жек көру мен зұлымдықтың ақыр түбі баянсыз екендігін анық біле отырып, азап пен өлімге бетпе-бет келу - бұл мүлде басқа. Соғысты жек көре отырып күресу, бәрінен айырылуға дайын болу, сөйте тұра бақытқа ұмтылу, жоғары өркениеттілікті ойлай жүріп қирату мен жою - бұл мүлде басқа. Бұл мағынада сіздерге қарағанда бізге қиынырақ, өйткені біз өзімізді тежеуге тиіспіз. Сіздерге өз жүректеріңіз бен саналарыңызда ештеңені жеңудің қажеті болған жоқ. Ал, біздің екі жауымыз болды, сондықтан өз бойларыңызда ештеңені тежеудің қажеті болмаған сіздерден айырмамыз бізге қарудың күшімен ғана жеңу жеткіліксіз еді.
Бізге көп нәрсені еңсеруге тура келді, бәлкім, ең алдымен, сіздерге ұқсауға әрдайым жетелейтін алдамшы тілектен арылу керек болды. Өйткені бізде инстинктке берілетін, ақыл-ойды жек көруге, қимылға табынушылыққа көнетіндей сезім пернесі бар. Біз түптің түбінде өзіміздің ұлы парасатымыздан шаршаймыз. Біз ақыл-ойдан ұяламыз, енді бір сәтте ақиқатқа қандай да бір күш-жігерсіз жеткізетін бақытты жабайылықты армандаймыз. Бірақ бұл аурудың емі оңай: біздің алдымызда сіздердің үлгіңіз тұр, сіздер бізге мұндай қиялшылдық қайда апарып соқтыратындығын көрсетіп отырсыздар, бұл бізді ойландырады. Егер мен тарихтың баянсыздығына сенсем, онда сіздер ақыл-ойдың тұтқындары ретінде біздің түзелуімізге септесесіздер деп ойлар едім. Сіздерден безіне отырып, біз интеллектуалды өмірге ораламыз - бұл арада біз өзімізді құтты мекенімізде сезінеміз.
Алайда бізге батырлыққа деген біздің күмәнді көзқарасымызды еңсеру қажет болды. Иә, мен білемін, сіз бізге батырлық жат нәрсе деп санайсыз. Сіз қателесіз. Анығында, біз бір мезгілде батырлықты құрметтейміз әрі оған абайлықпен қараймыз. Құрметтейтініміз, біздің мың жылдық тарихымыз бізге ізгіліктің жеткілікті деңгейін бойымызға сіңірді. Айбайлаймыз, өйткені ақыл-ойдың мыңжылдық шыңдалуы бізді адамдықтан тыс нәрселерге ұмтылмай-ақ, өзіміз бен өзіміз болудың ұлағатты өнерін үйретті. Сіздермен бетпе-бет кездесу үшін, бізге алыстағы өткенге қайта оралуға тура келді. Міне сондықтан да біз өзге ешкімге керегі болмаған ақиқатты іздеп жүрген кезде, қажеттілік туындай қалған сәтте-ақ жалғандық құшағына жығылған бүкіл Еуропадан артта қалдық. Міне, сондықтан да біз жеңілістен бастадық: өз ісіміздің дұрыс екендігіне сеніміміз орнағанша біз сіздердің шабуылдарыңызды тойтаруға баяу болдық.
Бізге адамға деген махаббатымызды, оның бейбіт орны туралы көзқарасымызды, ешқандай жеңістің орны толмайтынын, ал адамға қиянаттың кез келгенін ақтауға болмайды деген терең сенімімізді қайта қарап еңсеру қажет болды. Бізге өзіміздің үмітіміз бен білімімізден қол үзуге, біздің қазіргі жауларымызды жақсы көруге түрткі болып отырған барлық нәрседен, және бүкіл соғыс атаулыны жек көру сезімімізден бас тартуға тура келді. Қысқасы, біздің достыққа деген құлшынысымызды басып-жаншуға тура келді - мұны сіз түсінесіз деп ойлаймын, өйткені бұл сөздерді өзіңіз ризалықпен қолын қысқан мен айтып отырмын.
Енді бұл жүзеге асты. Бізге ұзақ айналма жолмен жүруге тура келді, біз көп уақытты жоғалттық. Бұл айналма жолға ақылды итермелеген ақиқатқа қарсы күнә жасаудан туындаған қорқыныш, а жүректі - достыққа қарсы күнә жасаудан туындаған қорқыныш еді. Бұл жол әділеттілікті қамтамасыз етті және өзін өзі тексергендерге шындықты олардың одақтасы жасады. Әрине, бізге мұның құны өте қымбатқа түсті. Біз бұл үшін қорлық көріп, үндемеудің азабынан өттік, қамалғандардың сағынышы мен атылғандардың өмірін төледік, айырылу, ажырау, күнделікті аштық, балалардың сүзегі және бәрінен де зоры - мәжбүрлі айыпты мойындаудан өттік. Бұл әдеттегі нәрсе. Бізге осы уақыттың барлығы біздің адамдарды өлтіруге қақымыз бар ма, осынау әлемнің үрейлі апатын ұлғайта түсуімізге бола ма дегенді түсіну үшін қажет болды. Міне тап осы жоғалтып қайта тапқан уақыт, жол беріліп қайта еңсерілген жеңіліс, төгілген қанмен төленген әсіре сақтық, енді бізге, француздарға - құрбандар мен көзі жеткендер ретінде, бірақ бұл жолы әділетсіздікті және өзін-өзі ұлылықпен жеңгендер ретінде - біздің бұл соғысқа қолымыз таза күйде кіріскенімізді және одан қолымыз таза күйде шығатынымызды ойлау қақысын береді.
Біз жеңімпаз болып шығамыз, сіз мұны өте жақсы білесіз. Бірақ біз осы жеңілістің арқасында, өз ісіміздің дұрыстығын сезінуге мүмкіндік берген өзіміз жүріп өткен ұзақ жолдан, қиналудан, барлық көрген әділетсіздік және одан алған сабағымыз арқасында біз жеңімпаз болып шығамыз. Өзіміз өткен сынақтан біз әрбір жеңістің құпия-сырын білдік, егер оны жоғалтып алмасақ, онда түпкілікті жеңіске де жетеміз. Өзіміз өткен сынақтан біз, қапыда тап болған адасқанымызға қарамастан, рух қанжарға қарсы әлсіз екендігін, бірақ рух қанжармен біріккенде зұлымдық үшін көтерілген қанжарды әрдайым жеңеді. Міне, осы себептен де біз рух бізбен бірге екендігіне көз жеткізген соң барып қолымызға қанжар алдық. Ол үшін бізге адамдардың қалай өлетіндігін көріп, өлімнің көзіне қарау қажет болды. Бұл үшін бізге француз жұмысшсының мысалы қажет болды, оны жазалаушылар таң алдында гильотинаға апара жатқанда, ол түрме дәлізімен өзінің жолдастарының камералары жанынан өтіп бара жатып оларды ержүректік танытуға шақырған еді. Ақыры, бізге рухымызбен табысу, тәніміздің азапқа түсуі де қажет болды. Құны түпкілікті төленген қасиет берік болып табылады. Біз барлығы үшін қымбат құн төледік, әлі де төлейміз. Бірақ ешкім бізден ісіміздің дұрыс екендігін сезінуімізді және әділеттіліктің салтанат құруына сенімімізді тартып ала алмайды: сіздердің күйрейтіндеріңіз анық.
Мен ешқашан шындықтың өз-өзінен қуатты екендігіне сенген емеспін. Бірақ мынаның өзі жеткілікті: қуаты бірдей болған жағдайда шындық жалғандықтан үстем түседі. Біз артықшылық шындық жағында тұрған белгісі бар әлсіз теңдікке қол жеткіздік. Осы артықшылықа сүйене отырып, қазір біз шайқасудамыз. Мен сізге біздің тап осы белгілер үшін, бірақ адамның өзін анықтайтын белгілер үшін күресіп жатқанымызды айтқым келеді. Біз сенімді - қиялдан, қуатты - жалтарудан, күшті - зұлымдықтан ажырататын, және одан да нәзік белгі - жалғандықты ақиқаттан, және біз сенім артқан, құрмет тұтатын адамды сіздер табынатын сұрқия идолдардан ажырататын белгілер үшін күресудеміз.
Міне, мен шайқастан жоғары тұрмай, шайқасқа қатыса отырып осыны айтпақ едім. Менің қыр соңымнан қалмай келе жатқан: «Сіз өз отаныңызды сүймейсіз» деген сөзіңізге осылайша жауап бергім келді. Бірақ мен ештеңені жасырмай ашық айтқым келеді. Франция өзінің қуаттылығы мен үстемдігін ұзаққа жоғалтты және ол әрбір мәдениетке қажетті мәртебеден өз үлесін алу үшін аласұрған төзімділік пен абайшыл тәкаппарлыққа ұзақ уақыт мұқтаж болмақ. Ол бірақ мұның барлығын адал ниетті басшылыққа ала отырып жоғалтты деп ойлаймын. Өйткені мен үмітімнен айырылған жоқпын. Менің хатымның бар мағынасы осында. Осыдан бес жыл бұрын өзінің отанына қатысты ұстамдылығымен сіздің мүсіркеушілігіңізді туғызған адам, бүгін сізге және Еуропадағы һәм бүкіл әлемдегі біздің ұрпақтың барлығына мынаны айтқысы келеді: «Мен мақтануға лайық, әрине адасу мен әлсіздіктен азат емес, ұлттың өкілімін, бірақ оның барша ұлылығын құрайтын және халық әрқашан, ал элита кейде үзбей дамытуға ұмтылатын идеяны табандылықпен сөндірмей отырған ұлттың өкілімін. Мен осыдан төрт жыл бұрын өзінің бүкіл тарихын жаңадан бастаған және қираған үйінділер арасында саспай, сенімділікпен оны қайта зерделеуге дайындалып және өзі көзірсіз кіріп отырған ойында бағын сынап көрмекші ұлттың өкілімін. Бұл ел менің сонау қиын да талапшыл махаббатпен оны сүйетіндігіме лайық. Демек, ол үшін қазір шайқасуға болады деп ойлаймын, өйткені ол ең асыл махаббатқа лайық. Ендеше, мен сіздің ұлтыңыз, керісінше, өз ұлдарынан тек өзіне бұйырған махаббаты - соқыр махаббаты еншіледі деп айтамын. Әрбір махаббат ақтауға лайықты емес. Сіздердің түбіңізге жететін де тап осы. Егер сіздер қазірдің өзінде, өздеріңіздің ұлы жеңіске жеткен шақтарыңызда жеңілсеңіздер, онда енді түбегейлі жеңіліс тақап келе жатқанда не болады?
Шілде 1943
Аударған Мұхтар Кәрібай
ABAI.KZ