Жексенбі, 4 Желтоқсан 2022
Не дейді?! 438 0 пікір 22 Қараша, 2022 сағат 14:24

Трамп твиттерге орала ма?!

Илон Маск «Твиттерді» сатып алудан бұрын кісілердің сөз еркіндігіне құрметпен қарайтынын, оңшыл, солшыл көзқарастардың ешбіріне басымдық бермей, таразының басын тең ұстайтынын мәлімдеген еді.

Айтқан сөзінде тұрды. Твиттерге алғашқы өзгерісті кадрлық ауыс-түйіс жасаудан бастады. Твиттердің бұрынғы аты шулы басқарушы мамандарына сұраған ақшасын беріп, шығарып салды. Өткен сенбі күні Американың экс-президенті Трамптың твиттер аккаунтын қалпына келтірді. Тарпаң мінез Трамптың жақтастары өткен президент сайлауында Конгреске басып кіріп, адам өліміне әкелгеннен кейін, твиттер мен фейсбук тәртіпсіздікке Трампты айыптап, әлеуметтік желі парақшасын мәңгілікке бұғаттағаны баршаға аян.

Масктың жазуынша Трамптың твиттер парақшасын қалпына келтіруден бұрын көпшілік талқысына салған. Онлайн өткен сауалнама тәулік бойы жүргізілген. Дауыс беруге қатысқан 15 миллион адамның 51.8 пайызы Трамптың аккаунтын қалпына келтіруді дұрыс деп санаған. Көптің пікірі белгілі болғаннан кейін «Халықтың үні – тәңірдің үні» деген Маск Трамптың твиттер парақшасының ресми түрде қалпына келгенін жариялады. Қаны қызу экс-президенттің твиттерде өте белсенді болғаны белгілі. Бас-аяғы 59 мың жазба жариялаған екен. Парақшасы бұғатталғаннан кейін ол жазылушыларын жоғалқан. Қарап жатпай өзінің «Нағыз әлеуметтік желі» (Truth social) аталатын интернет мінберін ашқан.

Трамп өткен апта басында келесі президенттікке түсетінін ресми мәлімдеген еді. Соңғы жаңалықты естігеннен кейін жұрт аңысынан хабардар екенін, бірақ твиттерде әлі де түйіні шешілмеген мәселелер бар екенін жеткізген.

Жұртты енді «Трамп твиттерге қайта орала ма?» деген сұрақ қызықтырып отыр. Сарапшыларды Трамптың жеке интернет мінберін кімнің қаржыландыратыны қызықтырған. Нәтижесінде өзі де миллиардер Трамп оған бір тиын да ақша шығармаған екен. Оған Нью-Йорк қор биржасына акциялары шығарылған алты компания демеушілік жасапты. Олардың қожайындарының дені бұрын саясатта болған, тағам өндеу сияқты дәстүрлі өндіріс орындарының иелері, әсіресе республикашылдар екен. Трамппен жасалған келісім-шартта келесі президенттікке түсу де жазылған болуы мүмкін дейді саяси сәуегейлер. Сондықтан Трамптың таяу арада жеке интернет мінберін ысырып қойып, үйреншікті твиттер парақшасына оралуы екіталай екен. Сайлау жақындағанда ұпай жинау үшін твиттерді де пайдалануы мүмкін.

Сөйтіп Трамп твиттерге келмей жатып айтыс-тартыс басталып кетті. «Нью-Йорк таймс газеті» «Миллиардерлер құтқарушы жұлдыз ба?!» деген мақала жариялап, Илан Маск бастаған сандық технология алпауыттарына шүйлігіп, «Ақымақ миллиардер мен алаңғасар саясаткердің тайраңдап жүруіне бәріміз кінәліміз» деп байбаламға басты.

Демократияның бесігі саналатын Американың ішкі қайшылықтардан кенде емес екені мәлім. Оны жалпы жақтан ақтар мен қаралардың(нәсілдік), оңшылдар мен солшылдардың, республикашылдар мен демократияшылдардың, ғылым-техника алпауыттары мен дәстүрлі өндіріс иелерінің қарама-қайшылығы деп жинақтауға болады. Интернет жалпыласқалы бері америкалықтардың дәстүрлі демократиялық құндылықтары өзгеріп, ұсақталып, кімнің жарнамасы жер жарса, соған құлай салатын болған. Экс-президент Трамп пен «твиттердің» тартысы да соның көрінісі.

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2213
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1045
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1230