Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Әдебиет 3285 5 пікір 24 Қараша, 2022 сағат 12:32

Бұл жөні бөлектеу өлең, Ғаббас аға!

(белгілі жазушы, абыз ақсақал Ғаббас Қабышұлына жауап-хат)

Таяуда «Қазақ әдебиеті» газетінде (2022 жыл, 11 қараша) алты алашқа танымал Ғаббас Қабышұлының шағын мақаласы жарияланды. Мақала Абайдың әйгілі өлеңі «Көзімнің қарасы» жайында. Ондағы «Осы өлеңнің екінші шумағы қайдан келді?» деген сұрақ маған қойылған екен.  Қарт қаламгер «Абайтанушы Асан Омаровқа бір сауал» деп бастап, мақала соңында: «Асеке, үлкен-кіші көбіміздің көкейіміздегі осынау сауалға Сіздің жауабыңызды күтемін» депті. Бұл, әрине, үлкен құрмет һәм ілтипат. Бірден-ақ қолымды қаламға созып, ағаға разы көңілмен жауап беруге отырдым.

Ғаббас ағаның сауалы: «Абайдың баршамызға қымбат «Көзімнің қарасы» өлең-әнін тыңдаған сайын ойыма оралатын бір сұрақ: мұндағы орынсыз тұрған екінші шумақ қайдан келді?». Ол екінші шумақ мынау:

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

Бар демес сендей бір

Адамның баласы.

Мен дұрыс түсінсем, Сіз «қазақтың данасы» деген тіркесті Абай өзіне қарата айтқан деп қабылдап отырсыз, Ғабе. Оған: «Жоқ ағасы, бұл арада Абай қазақтың абызы деген, яки жалпылама түрде айтқан. Себебі, өлеңді жазған кезде Абай дана да, жасы үлкен аға да емес-ті» деп қысқаша түрде жауап беруге бір оқталдым да, басқаша шештім. Өйткені, маған керегі – ұлы Абайды танытудың ақтаңдақтарын жұртшылыққа жеткізу. Сол үшін «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» баяндауға ниеттімін.

Бірден айтайын, «Көзімнің қарасы» – өз орнын таба алмай «адасып» жүрген өлеңнің бірі. Ғашықтық жыр 1891 жылғы емес, ақын-жүректен онан он бес жылдай бұрынырақта төгілген. Сенсеңіз, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» және «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңдерге қосылып өзіндік бір циклді құрайды. Аталған үш өлең іркес-тіркес 1874-75 жылдың қысында туылған, қызығы сол, үшеуі де ғашығы Әйгерімге арнау. Иә, бұл менің жеке болжамым. Дәлел-дәйегің қайсы десеңіз, оларды мен «Абай шығармаларының хронологиясы» деген зерттеу кітабымды (Семей, 2017 жыл) келтірген едім.

Үш өлеңнің әрбірі, өзіңіз айтқандай, қызға «ғашықтың жарасын» мәлім еткен нәзік, сыршыл жігіттің жасырын жан сыры. Оларды біріктіріп, бір циклге тұтастырған феномен осы! Әйгерімге үйлену жігіт Абайға әсте оңайға соқпаған. Қиналған, толғанған. Неге? Себебі, ол біреудің атастырылған қалыңдығы, отыз жастағы Абай «айырылып қалам ба, енді қайтем» деп қатты қобалжымағанда қайтеді. Албырт жігіттің жүдеп-жадап ғашықтық хәлді кешкені жайында  Әрхам Кәкітайұлының «Ұлы Абайға адалдық» атты естелігінен қаныға аласыз, Ғабе. Сөйтіп, «Көзімнің қарасы» өзіндік жұмбағы мол, тарихы қилы өлеңнің бірі.

Осы айтылғанды жіті ескерер болсақ, ғашықтың өлеңнің екінші шумағы өз орнында екенін аңдау қиынға соқпас. «Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу» демекші, кімді сүйсең, сол қыз бәрінен де сұлу, ол – кіршіксіз ару, ол – мінсіз идеал. Шын ғашық жігіт тап осындай іңкәр сезімге бөленбекші. Міне, екінші шумақ артқан жүк осы. Абайға өзін-өзі қолпаштау жат, өзіңіз айтқандай, бұл «ойға әсте қонбайтын» жәйт. Ақын да, үлкен аға да емес бұл кезде. Демек, бар болғаны мен сүйген аруды кім көрсе де, мейлі, ол қазақтың данасы, жасы үлкен ағасы болсын: «Сымбатына ақылы сай неткен сұлу еді, бұған тең адам баласы болмас» деп бас шайқамақ деген қарапайым ойды жеткізіп отыр.

Сіз, қадірлі Ғабе: «Меніңше, бұл шумақ Абайдың басқа өлеңінікі, ақынның ел аузындағы өлеңдерін жинауда әу баста кеткен қателік» деген екенсіз. Жоқ, ағасы, екінші шумақ өз орнында тұр. Оны өзге өлеңнің бірде-біріне кіріктіру мүмкін емес. Неге? Өйткені, 1880 жылдан былайғы Абай поэзиясында ғашықтық жыр жоқтың қасы. Білемін, бұлай тұжыру түйенің үстінде отырып от көсеген әпенділік есепті. Сондықтан төменде бүкіл Абай поэзиясының кезең-кезеңдеріне тоқталып өтпекпін.

Өзі туралы 1898 жылғы «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінде Абай:

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақты шырақ, -

деп сыр ашады. Ал 1899 жылғы «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңінде:

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар! –

деп жастық шағын күрсіне есіне алады.

Келтірілген өлең жолдарында ақын өзінің 33 жасқа дейінгі болыс, атқамінер болған, барша қыр жуаны сияқты кешкен өмірін айтқан.  Абай думан-сауықты қызықтап, «ойдан жырақ» жүрген дәурен тек қана 1878 жылға дейін созылған болатын. Бұл ақиқат. Неге десеңіз, осы жылы 12 жалған айыппен (кісі зорлау, ұрлық, пара алу т.б.) тергеуге алынды. Жайбірақат өмірі астаң-кестең болды. Семей  шаһарында тергеліп, «үйқамақта» өткен көп айларда жан-тәнімен қиналысқа түсті (кейіннен табылған «Жаңа закон» өлеңі соның айқын айғағы). Өзінің итжеккенге айдалу қаупіне отарлық қамытын киген туған халқының бейшара  хәлі қосылып, Абайды жаңаша қалыптады. Ой-санасы өзгерді. «Қартайдық, қайғы ойладық» деп өзі айтқандай, алғаш рет ауыр ойға батты. Қазақ қауымын тарихи тығырықтан қайтсем алып шығам деп. Ойшылды жатпай-тұрмай ғылым-білім биігіне жетелеген  күш-құдірет осы жауапкершілік еді («Екі жаққа үңілдім» дегені – Батыс пен Шығыстың  ғылым-білім бұлағына қанықтым дегені). Қысқа айтқанда, ұлт ұстазының қалыптасуына 1878-1883 жылдарға бек қарыздармыз.

Ағартушылық қызметпен айналысқан келесі 1884-1890 жылдары да ойшыл ақын ғашықтық дертімен «ауырған» емес. Рас, 1887-1890 жылдары жастар тәрбиесі көзделген өсиет өлеңдерін төгіп-төгіп тастайды. Оларға, Мұхтар Әуезов көрсеткендей, 15-17-ге тақау әндерін де шығарған болатын (жастардың алтыбақан құрған ойын-сауық кештері Татьяна әні бастатқан Абай әндерінсіз өтпейтін болған). Мәселен, «Жігіт сөзі» («Айттым сәлем, қалам қас» деп басталатын) және «Қыз сөзі» сияқты өлеңдерін ғашықтық жырға қосу артықтық. Неге? Себебі, автобиографиялық сыр жоқ, іңкәр сезімді тербету, сұлулықты сипаттау басым. Бар болғаны ақын жастық жалынды, екі жастың ыстық сүйіспеншілігін биік деңгейде жетер жеріне жеткізіп айтады. Ал «Көзімнің қарасы» несімен ерекше? Отыз жастағы албырт ақынның жеке тәжірибесі, басынан өткерген жүрек лүпілі менмұндалап тұр. Бұл жәйтті, Ғаббас аға, өлең бастан-аяқ, яғни 22 шумағы түгелдей ғашықтық жыры деп өзіңіз де атап көрсетіпсіз.

Енді 1891-1893 жылдарға көз салайық. Осы кезеңде Абай қандай көңіл-күйде еді? «Заман ақыр жастары», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Жастықтың оты жалындап», «Менсінбеуші едім наданды», бұларға «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!», «Қайғы шығар ілімнен», «Домбыраға қол соқпа» сияқты өлеңдері жалғасады. Бәлкім, ғашықтық өлең 1894-1902 жылдардан табылып қалар. Жоқ, олай емес. Көбісі хакімдік өлеңдер кезеңінде қайдан келсін. Айтпақшы, 1894 жылғы «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңінде ақын: «Біліп-ақ, ұғып қоюшы едік, Енді ішіме қонбайды» деуімен мұны өзі де растап өтеді.

Абай поэзиясының кезең-кезеңдеріне, басқаша айтқанда, жетілуінің саты-сатыларына жасалған шолудан шығатын қорытынды: «Көзімнің қарасы» 1875 жылы туылған Әйгерімге арнау. Туындыны 1891 жылғы деуге ешбір негіз жоқ. Өйткені, Абай осы жылы өз эволюциясының жаңа сатысына өрледі. Айтыс-тартыстан қажыған, фәни өмірдің өткінші, ал жақсы-жаман көргені «ойлай берсе у екеніне» көзі жеткен ақын ағартушылық бағыттан бас тартып, алыс көкжиектерге көз тігеді. Көңілі қалап, жан дүниесі таңдағаны –  Алланы және адам болмысын тану бағытытұғын. Көпке аян, қара сөздерін жазуға кіріскен ойшылдың «ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дегені.

Сонымен, тағы пысықтайын,  жоғарыда Абай поэзиясын кезең-кезеңмен қарастырып, «Көзімнің қарасы»  арпа ішінде бір бидай сияқтанып оқшау тұрғанына көз жеткіздік. Тақырыбы, мән-мазмұны үндес емес, жаңа түр, соны стильсіз, байырғы қазақы қара өлең үлгісі дегендей. Демек, қай жағынан қарасақ та, ертеректе жазылғандығы белгі береді. Ғаббас аға, Сіздің сауалыңызға берер жауабым осымен тәмам.

Енді бүгінгі күнгі абайтану проблемаларына көшейін. Өлеңнің мән-мазмұны жазылған жылына байлаулы болса, данышпанды дұрыс танып-білуге жол ашылып отырады. «Абай жетілуінің саты-сатылары» (Алматы, 2021) атты соңғы зерттеу кітабымды даярлау барысында көзім жеткен ақиқаттың бірі осы. Абай өз жайын өзі айтып кеткен кемеңгер. Зейін қойып оқысақ, автобиографиялық сыры бар өлеңдер аз емес. Ол өлең дерегі архив құжатынан артық болмаса, кем емес деген пікірдемін. Шығарманың ішкі мазмұнына жіті үңілу һәм оның қай кезеңдікі екенін анықтау тәсілімен Абайдың адасып жүрген және жазылған жылы белгісіз делінетін талай өлеңдері өзінің заңды орнын тауып, кірпіш боп қаланғанын айта отырайын.

Бұл жерде оқырман көкейінде өлең датасын өзгерткенде қандай негізге сүйенді деген сауалдың тууы заңды. Сондықтан төмендегі жағдаятты баяндамақпын. Біреу білер, біреу білмес, Абай шығармаларының жазылу датасы алғаш рет тек қана 1905 жылы қойылған! Абайдың жастық поэзиясын дәлді білетін жан қалмаған кез ғой.  Кәкітай, Тұрағұл, Көкбай, Мүрсейіт сияқты жастар Абай, мәселен, 1875 жылы қандай өлең жазғанын қайдан білсін. Сол себепті ақынның 170 астам төл   өлеңдері ішінде он-онбесінің датасы дәлді болмауына таң қалудың қажеті шамалы. Бұл заңдылық.

1909 жылғы тұңғыш жинақты Кәкітай мен Тұрағұл бірлесіп дайындаған дейміз. Бірақ шығармалар датасын Кәкітайдың жеке-дара белгілегені анықталып отыр. Мысалға Кәкітай үлгісінде (яғни 1909 жылғы жинақта) Абайдың ел мінезін сынаған сегіз өлеңі – 1886-87 ж.ж. деп көрсетілсе, ал Тұрағұлда («Әкем Абай туралы» естелігінде) олар 1884-86 ж.ж. делінген. Сол сияқты «Жаз» өлеңі Кәкітайда – 1886, Тұрағұлда – 1885, «Қыс» өлеңі Кәкітайда – 1888, Тұрашта – 1884, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» Кәкітайда – 1886, Тұрашта – 1889, «Бойы бұлғаң» Кәкітайда – 1893, Тұрашта – 1892, Крыловтың мысалдары – Кәкітайда – 1898, Тұрашта – 1894 деп көрсетілген. Сол дәуір оқиғаларын, Абайдың ортасы мен көңіл-күйін байланыстыра тексергенімізде, әлбетте, Тұрағұл көрсеткен даталар дұрыс екендігі анықталып отырды. Мәселен, Крыловты неге 1894 жылы аударған себебін көрсетіп, бұлтартпас дәләлмен айтады.

Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов сөйлесін: «Әкем корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербордағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Петерборға жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп, қайтып отыратын еді» (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. - 171 бет). Кәкітай корректор болған деген сөз.

Петербор баспаханасының бір талабы – әр өлеңнің датасын көрсету еді. Кәкітайдың қиналған жері осы. Не керек, ертеректегі Абай өлеңдері датасын шамалап қоюға тура келеді. 1891 жылғы Абай өлеңі небары бесеу ғана, сол себепті де Кәкітай «Көзімнің қарасын» осы жылға қосуы ықтимал. Әлденеше өлеңдер неліктен адасып қалғаны енді түсінікті болар деген ойдамын.

Сайра да зарла, қызыл тіл дегендей, тізе берсек, қордаланған проблемалар шаш-етектен. Соңғы отыз жылда абайтану саласы тоқырауға тап болды. Қатені түзейік, идеология қыспағынан орын алған олқыны толтырайық деген пейіл, ниетті көре алмадық. Құр сөз болмауы үшін 175 жылдық тойы қарсаңында жарық көрген Абай шығармаларының үш томдық толық жинағына көз салайық. Әдебиет институты (директоры – К. Матыжанов) даярлаған бұл жинақта бір ауыз жаңа сөз жоқ. Ол заманнан бұл заман басқа екенін оқушы бала да біледі. Сөйте тұра, түсініктер совет дәуіріндегі жинақтардан үтір, нүктесіне шекті көшірілген. Әуезов айтты, болды, бітті деген ескі желеу, баяғы стереотип. Абайдың кемеңгерлігі неде, хакімдік биігі қайсы дегенді, сондай-ақ, толық адам, үш сүю ілімдерін айналып өткен сапасыз жинақтан не қайыр, не үміт?! Әй, қап дейсің еріксіз...

Қынжылғаннан шыққан сын, ащы дауысым бұл. Хакім Абай – уақытқа бағынбайтын дара тұлғамыз, ал кем-кетік атаулының уақыты шектеулі. Демек, ерте ме, кеш пе, баршасынан да арылатын күн туары сөзсіз.

Қымбатты Ғаббас аға, Сіздің сауалыңыздан біраз ауытқып кеткеніме, уақытыңызды алғаныма кешірім өтінемін. Елеп-ескергеніңіз үшін Сізге деген алғысым шексіз. Қазақтың дуалы ауыз абыз ақсақалының бірі болып жасай беріңіз, абыройыңыз асқақтай берсін деген ізгі тілектемін.

Сәлеммен Асан Омаров

Abai.kz

5 пікір