Жексенбі, 4 Желтоқсан 2022
Қоғам 1521 8 пікір 24 Қараша, 2022 сағат 13:31

Ақшаны емес, арды ойлаған әнші

Мен қазіргі әншісымақтардың көпшілігінің көкейін ақша тескен, тойлардан тапқан табысынан басы айналып, көздерінің еті өсіп кеткені соншалықты, олар айналасындағы қарапайым халықты адам ғұрлы көрмейтіндігіне өзімнен-өзім күйініп жүретінмін. Оған себеп көп қой.

Осыдан бірер жыл бұрын Гәухар Әлімбекова деген "бет ашумен" байыған әнші қызымыз базарда сауда жасайтын әйелден "арзан бағамен үй сатып әперемін" деп 40 мың долларын алдап алып, сөзге ілінгенде Назарбаевқа жылап-сықтап хат жазып, жазадан оп-оңай құтылып кеткен еді. Мұны аз десеңіз, осы жақында ғана ақшаның буы басын айналдырған тағы бір "жұлдыз" Төреғали Төрәлі бір жас жігітті: "Менің нұрлы бейнеме неге қарадың?" деп, әй-шәй жоқ соққыға жыққан. Ақша не істетпейді, әлгі жас баланың өйтіп-бүйтіп, көңілін тауып, тиісті әділ жазадан сытылып кетіп, қазір дым болмағандай сайран салып жүр.

Дегенмен, қателескен екенмін. Бұлардың ішінде әлі де адамгершілікті жоғары тұтатын, ақшаның құлына айналмаған әншілер де кездесіп қалатын көрінеді. Жақында Қостанайға белгілі әнші, қоңыр даусымен бәріміздің де құлақ құрышымызды қандырып жүрген Тоқтар Серік "концерт қоюға келеді екен" деген хабар тарады.

Сүйікті әншім болған соң, жер-жерде ілулі тұрған афишаларына көз жүгірттім. Сүйттім де, мына бір көркем суреттегі қос аққудай жарасқан Тоқтар мен Бейбіт секілді  жаныма жақын талантты әншілерімді көріп, көңілімдегі аса бір әдемі сезімге бөленіп біраз тұрып қалдым. Әлгі афишаның астында: "Бұл концерттен түскен ақша алапат өрттен зардап шеккен Әулиекөл тұрғындарына аударылады " деген жазу көзіме оттай басылды.

Міне, қазақтың нағыз әншісінің үлкен адамгершілік ісі. Шыны керек, мұны біздегі жасы бар, жасамысы бар, аяқ астынан "жұлдыз" атанғандардың көпшілігінің қолынан келе бермесі анық. Былайғы жұрттың қайғысына ортақтаса білу - ана сүтімен бойға біткен асыл қасиет. Тоқтардың осындай санаулы ғана азаматтардың қатарынан табылғандығына қуандық.

Ал өкінгендігіміз, осы облысымызды 7 жыл үздіксіз басқарған, ішкені алдында, ішпегені артында, аузынан күнде ақ май ағып жүрген Архимед Мұқанбетов деген кісінің өзінің 2 миллион теңгелік айлығынан қол астындағы зардап шеккен жандарға ең болмаса 200 теңгені бөліп беруге жарамағандығы еді. Мұны көрген, облысымыздағы қалталы азаматтардың ешқайсысының да үндемей, жым-жырт отырғандарына да таң қалуға да болмас.

Жалпы, адамға деген аяушылық пен жан жылуын бөлушілік қашанда ардың ісі болып қала бермек. Бұл қасиет біреулерде молынан болады, ал біреулер одан мүлдем мақұрым қалған. Ол байлыққа немесе билікке байланысты емес.

Енді бұған не дерміз. Тек ана қиналмай келген қыруар қаржысына халыққа Түркиядағы хан сарайындай үйлерін болмаса екінің бірі қолы жете бермейтін аса қымбат «темір тұлпарларын» қаздай тізіп қойып, әлімжеліге салып мақтанудан бір-бірімен жарысқа түскен «жұлдыздарымыздың» құлағына алтын сырға деместен басқа не лаж бар?

 

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2213
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1045
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1230