Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3963 0 пікір 21 Ақпан, 2013 сағат 09:28

Бас мүфтиге хат

Құрметті Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарма Төрағасы!

Бұл ұшбу хатымызда Қазақ қоғамындағы шиырығып тұрған шетін мәселелердің бірі һәм бірегейі - діннің төңірегінде туындап отырған қал-ахуалға қатысты  ойларымызды ортаға салмақшымыз. Нақтырақ айтар болсақ,  Дінбасы өзіңізбен - мемлекет пен діннің арақатынасын реттеуді оңтайландыру, ҚМДБ-ның құзыретін кеңейтіп, жаңа басымдықтарды анықтау, дінге бөлініп жатқан қаржы көздерін бақылау, лаңкестік діни топтармен ымырасыз күресудің әдістерін жетілдіру, діни білім берудің тетіктерін дамытып, діни-ғылыми ортаны әзірлеу, діннің өзге әлеуметтік салалармен байланысын бағамдау, дін мәселесінде мемлекеттің рөлін нығайту, діни ақпарат алу кеңістігінің қауіпсіздігін сақтау секілді тақырыптардың аясында өз ойымызды бөліспекшімін. Сонымен...

Діни элитамыз қалыптаспай, зайырлылықтың қазақстандық моделін қалыптастыра алмаймыз

Құрметті Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарма Төрағасы!

Бұл ұшбу хатымызда Қазақ қоғамындағы шиырығып тұрған шетін мәселелердің бірі һәм бірегейі - діннің төңірегінде туындап отырған қал-ахуалға қатысты  ойларымызды ортаға салмақшымыз. Нақтырақ айтар болсақ,  Дінбасы өзіңізбен - мемлекет пен діннің арақатынасын реттеуді оңтайландыру, ҚМДБ-ның құзыретін кеңейтіп, жаңа басымдықтарды анықтау, дінге бөлініп жатқан қаржы көздерін бақылау, лаңкестік діни топтармен ымырасыз күресудің әдістерін жетілдіру, діни білім берудің тетіктерін дамытып, діни-ғылыми ортаны әзірлеу, діннің өзге әлеуметтік салалармен байланысын бағамдау, дін мәселесінде мемлекеттің рөлін нығайту, діни ақпарат алу кеңістігінің қауіпсіздігін сақтау секілді тақырыптардың аясында өз ойымызды бөліспекшімін. Сонымен...

Діни элитамыз қалыптаспай, зайырлылықтың қазақстандық моделін қалыптастыра алмаймыз

Біріншіден, осыдан ғасыр бұрын Алаш арыстары таңдау жасаған (Алаш Орда үкіметінің бағдарламасы), бүгінде кемерін тауып, белгілі-бір ағысқа түсе бастаған мемлекетіміздің зайырлылық жүйесін одан арықарай да жетілдіре бергеніміз жөн. Жалпы, зайырлылық дегеніміз - мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі ұғымын білдіргенімен, нағызында әлемде өзіндік ерекшелікке ие зайырлылықтың қаншама тұрпаты ұшырасады. Біздің еліміз де діни ахуалды тұрақтандырып, рухани жағдайды бір ізге түсіруі үшін зайырлылықтың қазақтандық моделін қалыптастыруы шарт. Оның алғышарттары мен белгілері өткен жылы қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда байыпты байқалады. Діни низамның преамбуласында мемлекеттің діни мәселелерді қарастыруда «ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін» мойындайтындығы тайға таңба басқандай көрсетілген. Әлбетте, бір қарағанда бұл батыл ұстанымға жатады. Әйтседе, заңның 3 бабының 3-ші тарамағында: «Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді» деген норма әдепкідегі «әп-бәрекелдімізді» сиырқұйымшақтатып жіберетіні өкінішті-ақ. Десек те, бұл құқықтық қарама-қайшылық алдағы уақытта өз шешімін табуы үшін біз халықтың басым көпшілігінің діни сенімін құрайтын Ханафия мазхабы мен  православтық бағытқа басымдық беретін мемлекет пен діннің арақатынасын реттеудің клерикальді жүйесіне өткеніміз жөн деп білеміз. Яғни, Ханафия мазхабына қолдау білдіру арқылы еліміздегі мұсылмандардың біртұтастығын сақтап, ал православияны көтермелеумен христиандықтың өзге бағыттарының ілгерлеуін шектеуіміз керек. Задында, бұдан бұрында клерикальді жүйеге өту жөнінде бірнеше рет бастама көтерген болатынбыз. Бірақ, бұлай бірден кілт бұрылу еліміздің сыртқы имиджіне сөз келтіретіндіктен, біз клерикальді жүйеге өту үшін алдымен конкордото баспалдағын басып өтуді ұсынамыз. Яғни, конкордото жүйесі бойынша мемлекеттік билік дін мәселесінде діни элитаның кеңесіне жүгіне отырып нақты қадамдар жасауға тиісті. Ол үшін қазақ қоғамындағы діни ахуалды терең ұғына алатын төл дін шырақшыларының шоғыры қалыптасуы қажет. Тіпті, біздің ішімізден мұқым ғалам мойындаған дінтанушы ғұламалар шығуы керек деп ойлаймыз. Сонда ғана сырттан таңылған (жалпақшешей зайырлылық) жүйеге жүгінбей, өз ішкі мүмкіндігіміз толық сараланған діни бағытты таңдауға қол жеткізе алмақпыз.

 

Лаңкестік діни топтарды тыймасақ, жарылыстар жалғаса береді

 

Екіншіден, біз кезінде барлық діни бірлестіктерді заң алдында тең саналуын дамыған зайырлылыққа балағандықтан, бүгінде осы орашалақ орам-түсініктен орны толмас зәбір-жапа шегіп отырмыз. Тегінде, мемлекеттің зайырлылық сипатының атқарар бір функциясы - діннен туындауы мүмкін қауіптің алдын-алып, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуі тиісті. Ал, бізде бұл жағдай мүлде басқаша сипатта өрілді. Қауіпті діни ағымдарды ел аумағына өткізбеу былай тұрсын, бірін-бірі «кәпірге» шығаратын, тіпті қазақ халқының бай мәдениетін «ширкке» балайтын лаңкестік діни топтардың еркінсуіне жол бердік. Айталық, базбір діни бірлестіктердің ұстанымы конституциялық құрылысымызға қайшы болмағандықтан, олардың ел аумағында діни қызмет жасауына рұқсат бердік. Алайда, сол діни ағымдар бір-бірін теріске шығарып, елімізді қырғи-қабақ, қырқылжың, бір-біріне жау етіп тәрбиелей бастады. Мұның соңы неге әкеп соғуы мүмкін еді? Әлбетте, бірін-бірі мойындамайтын діни жамағаттардың қоғамдық тыныштыққа төндірер қаупі күннен күнге зораямаса, кемімеді. Яғни, бір-біріне өшпенділікпен қарайтын алакөз діни топтардың бір ортада ғұмыр кешуі, сорымызды қайнатаныны айтпасада түсінікті-тін.

Біз дінаралық қатынасты реттеуші мемлекеттің зайырлылық функциясының осындай нәзік тұстарына жете мән бермегендіктен, тұтас қазақты тулақтай түтіп, қырық конфесиялы елге айналдырып жібердік. Енді, өткен жиырма жылда жіберген жаңсақтықтың орнын толтыру үшін «мемлекеттік тазарту» жұмыстарын жасауымыз қажет. Осы орайда Алаш жұртының дәстүрлі діни танымына текекөзденіп, тұнығымызды лайлап, турылығымызды ұлтарақ қылғысы келетін кейбір керітартпа діни топтарға қысқаша жеке-жеке тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Хизб-ут-Тахрир ұйымы. Бұл  діни-саяси ұйым 1953 жылы Тақауиддин ан-Набахани тарапынан Палестинада құрылды. Хизб-ут-Тахрир ұйымы теократтық билеуші халифтің қолындағы зайырлы және рухани биліктің бір жерде топталуын көздейтін «халифатты» қайта құруды мақсат етеді. Халифаттың құрамына партия жетекшілері жоспарлағанындай халқының басым көпшілігі исламға сенетін әлемнің барлық елдері енуі тиіс болды. Көп ұзамай ұйым идеялары көптеген мұсылман мемлекеттерінде, ішінара Египетте, Иранда, Иракта, Алжирде, Суданда, Иеменде, Пәкістан мен Ауғанстанда кең ауқымда тарады. Хизбут-Тахрир Исламның атын жамылып 13 жылда халифат құрамыз дегенмен, бұл мерзім ішінде партия мүшелерінің саны өспеді. Тіпті, осы уақыт ішінде бірде бір араб мемлекетінде халифат құрудың сәті түспеді. Бұл мемлекеттердің халқы «Хизбут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын мүлде құптамады. Хизбутшылар ислам атынан таратқан әдебиеттерді де (кітапшалар, парақшалар) мұсылман әлемінің танымал ғұламалары мен діндарлары мойындамады.

Партия мүшелерінің ұйымдасу іс-әрекеттері әртүрлі кезеңдер мен сатылардан тұрады. Ұйымның белсенді бірнеше мүшесі «хужраны» құрап, бірнеше «хужралар» «халқаны» келіп құрды. Халқалардың халықпен тығыз жұмыс жасуының нәтижесі мемлекеттік төңкерісті тудыру немесе халифат құру болды.

Дегенмен, Хизбут-Тахрир ұйымының Ислам әлемінде қолдау таппауының себебі, ұйымның мұсылман құқығына теріс көптеген қайшылықтары бар еді. Мәселен, олардың қабір азабын теріске шығаруы, жалаңаш бейнелерді, суреттерді (порнография) көруге рұқсат етуі, теріскей полюс тұрғындарының намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады деген пікірлері, мұсылман емес ер мен әйелдерді партияға мүшелікке қабылдауы, мұсылман емес адамның ислам мемлекетін басқара алады деген секілді т.б ұстанымдары шариғатқа мүлде қарама-қайшы еді.

Тәкфир және һижрат жамағаты. Бұл жамағат өкілдері өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайды. Осы себептен де жамағаттың аты да өзіне сай «такфир» яғни, жамағатқа мүше емес өзге адамдарды «кәпір» деп таниды. Сондай-ақ, бұл діни топ «һижрат» яғни, басқалармен араласпайтындар деп аталады. «Тәкфир және һижрат» деген жамағаттың ұстын-қағидалыры мен ой-пікірлері 1965 жылы Мысыр президенті Жамал Әбднәсырдың бұйрығымен Сайд Құтб пен оның пікірлес бауырлары өлім жазасына тартылған соң мазмұндалды. Сол кезде абақтыға жабылған мұсылмандар қатты азап тартты. Осындай жан беріскен үрейлі шақта мұсылмандардың ашу-ызасы артып, «тәкфир» идеялогиясын ортаға қойды. Алғашында, тәкфир идеясын қолдаушылардың басым көпішілігі жас бозбалалар еді. Жастардан құрылған дағуатшылар мемлекеттің саяси бағытын қабылдамады. Керісінше, Мысыр президентін «кәпір» деп жариялады. Олардың мәлімдемесі бойынша, президентті қолдап, зайырлы мемлекет құрғысы келген діндес бауырлары да опасыз, сатқын әрі бұларға емес, басқа діни топтарға арқа сүйеген барша жұрт кәпір саналды. Нағында, тәкфиршілдік идеологиясының негізін салған шейх Али Исмаил еді.

Тәкфиршілердің аса қауіпті ұстанымы - өздерінен өңгесінің бәрін кәпірге шығаруы болатын. Үлкен күнәларды істеген адам кәпір. Оның тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Алланың түсірген шариғатымен үкім шығармайтын басшылар мен сол үкімді разылықпен қабылдайтын жұрт та кәпір. Бұларды кәпір демейтін дін ғалымдары да кәпір. Тәкфир жамағатының пікірін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағатқа қосылмаған және сол жамағаттың имамдарына ермеген әрбір адам кәпір. Ал, кімде-кім жамағатқа кіріп, соң шықса, ол  адам діннен шыққан сатқын болып есептеледі. Оны өлтірсе, қаны адал саналады. Тіпті, өзге мұсылман қауымдары тәкфир жамағатының дағуатын қолдамаса, ол жамағаттың басшысы да діннен шыққан кәпір саналды. Тәкфиршілер: «Кімде-кім имамдардың немесе сахабалардың сөзін дәлел ретінде қолданса, немесе қияс, маслахат ал-мурсала, истихсан және сол сияқты рационалистік қайнар-көздермен (яғни төрт мазһабтың бірі бойынша) мәселеге үкім берсе, ол әрі мүшрик, әрі кәпір саналады», - деп білді .

Тәкфир жамағаты принциптерінің екінші негізгі қыры - һижрат. Әсілі, һижраттың сөздік мағынасы тәрк ету, көшу, қоныс аудару, үдере көшу. Олардың қолдануы бойынша һижрат - бұл жаһил елден, қоғамнан жыраққа кету, ол қоғамнан мүлде қарым-қатынасты үзу. Сондай-ақ, өзінен басқа барша адамдарды надан, жәһил деп білу. Һижратшылар бұл жерде мекен үзілісі мен ой-сана үзілісін нысанаға алады. Яғни, қоныстанған мекен Алла Елшісі (с.а.с.) мен әз сахабалардың дәуіріндегідей болуы керек деп ұғынады. Тіпті, һижратшылар заманауи білім алуды рухани сауатсыздыққа баулиды деп, зайырлы оқу орындарын тәрк етуді үгіттейді.

Уаһапшылдық: Сурурия мен Мадхалия және Тахияшылар. Адасқан бұл ағымның Мұхаммед б. Абдулуахаб (1704-1787) негізін салды. Ол жас күнінде ибн Таймиенің (1263-1328) шығармаларын оқып танысып, оның доктриналды һәм канондық көзқарастарымен қаруланып, бұл ілімді теориядан тәжірибеде ұластыруға күш салады. Осылайша, сан ғасырлық тарихы әхлу-сунна ілімін жоққа шығаратын уахапшылдық қозғалысы пайда болды. Әсілі, уахапшылдықты қылыштың жүзімен жүзеге асырудан мізбақпаған Мұхаммед б. Сууд болатын. Ол, Мұхаммед б. Абдулуахабтың жездесі еді. Мұхаммед б. Сууд өзінің қатал әрекетін «сүннетті тірілтіп, бидғатты өлтірушілік» деп ұқтырды. Мұхаммед б. Сууд Осман билігіне қарсы тұру үшін уахапшылдықтың жақтаушысы болды. Осман билігі Уаххабие қозғалысын жаныштау үшін бірнеше рет әскери жорықтар жүргізді. Нәтижесінде Мехмет Али пашаның жазалаушы әскері уахапшылдық қозғалысқа күйрете соққы берді. Османдықтардан жеңілгеннен кейін уахапшылдар өз пікірлерін өзгелерге күштеп таңуға дәрмені болмады.  Тек уахапшылдықты Рияд төңірегіндегі жұртшылық ғана қолдады.

Дегенмен, уахабие өкілдері қала мен қыстақтардағы кесенелерді мұсылмандардың зиярат етуін Құдай-Тағалаға серік қосушылық деп қабылдап, олардың барлығын талқандауын тоқтатпады. Олар жәй кесенелерді ғана емес, Нәжит өңіріндегі бүкіл әз сахабалардың кесенелерін де қиратты. Уахапшылардың пайымдауынша мұсылмандар дінді тек Құран мен Сүннеттен үйренуі тиіс болды. Одан тыс, рационалдық қайнар-көздер (ижма, қияс, истихсан, истислаһ, истисхап, ғұрып, сахаба сөзі, шариғаттан бұрынғы шариғаттар) бидғат саналды. Сондай-ақ, Ұлы Жаратушыны жаратылысқа ұқсатып, Хаққа мекен, дене-пішім беріп адасушылыққа ұрынды. Тіпті, сенім мен амалды тұтас қарастырып, шариғат бекіткен құлшылық-ритуалдарды орындамаған адамды кәпірге шығарды.

Егемендіктен кейін сыртқа есік ашылған сәтте Сауд-Арабиясына барып діни білім алған жастар елге оралғаннан соң Қазақтанда уахапшылдықтың кең өріс алуына қызу жұмыс жасады. Бұл кезде уахапшылдық ілім елімізге Сурурия және Мадхалия тармағымен тарала бастады. Задында, бұл діни тармақтар Сауд Арабиясында 1990 жылдары пайда болды. Олардың тарих сахнасына шығуының себебі, тоқсаныншы жылдары Ирак билеушісі Саддам Хусейнн Кувейтті окупациялағаннан кейін, Сауд Арабиясы Бағдаттың әскери әрекетінен қауіптеніп, АҚШ-пен ауыз жаласты. Яғни, Ирак Хизаж аймағына әскери шапқыншылық жасар болса, АҚШ Саудияны қорғайтын болып келісім жасалды. Осының нәтижесінде қасиетті Қағбаны иелік еткен ел Протестанттық алпауыт мемлекетке (АҚШ) протекторат (бір мемлекеттің әскери қорғауында болу) ретінде бағынышты  болды. Саудия үкіметінің бұл шешіміне наразы болған Ахмет Сурури бастаған діни азшылық топ король билігін «кәпірге» шығарды. Олардың пайымынша мұсылман мемлекеті өзге дін өкілдерімен ауыз жаласпай, өзіндік мұсылмандық мүддені қорғауға тиісті-тін. Ал, биліктің саясатын жақтаған Мұхаммед Рабиғ Мадхали бастаған тобы Сурурияның ұстанымын терістеді. Тіпті, Албани секілді Мадхалия өкілдері Сурурияны «Үмбеттің Хауариждері» деп атады.

Елімізге сынамалап еніп кеткен бұл қарадүрсін қозғалыс ел зиялылары тарапынан қатаң сынға ұшырағаннан кейін, уахапшылдық ілімнің технологтары қиыннан жол табуға кірісті. Олар Қазақ қоғамына сыйымды болуы үшін әзірге орсақ тістерін көрсетпей, шынайы құбыжық бейнесін қашан асыл мұраттарына иек артқанға дейін жасыра тұруды жөн санады. Сөйтіп, уахапшылдар «қалыпты салафиттер» деген  ғылыми негізсіз, жалаң тұжырыммен жұмыс жасауға көшті. Сурурия тармағының бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тахия» (жасырыну) деп аталады. Яғни, олардың бұл әнжі әдісінен елімізде уахапшылдықтың «тахияшылар» атты тармағы ортаға шықты. Ішкі ын-дыны айпарадай анық көрінбегенімен, осы тахияшылар уахапшылардың ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені, тахияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып көрініп, көпшіліктің сеніміне кіріп, ыңғайы келгенде сол ұлттың бай-мәдениетінің жаназасын шығаруға құмбыл тұрады. Сондықтан, ертең қапы қалмас үшін осы күннен бастап пері мен періштені, жәдігөй мен жақсыны айыра білуіміз шарт деп ойлаймыз.

Әлбетте, Хақ сенім мен ұлт мүддесіне қылау түсіретін діни топтар мұнымен шектелмек емес. Ел аумағында дәстүрлі Ханафия мазхабының ұстын-қағидаларына қарама-қайшы келетін таблиғшылар, құраншылар, Ахмадия, Исмайлия, Бахаия тәрізді т.б көптеген діни ағымдар жұмыс жасауда. Тіпті, Түркиядан келген кейбір келімсек діни жамағаттардың стратегиясынан мемлекеттік билікке ұмтылушылықтың ұшқыны да аңғарылады. Әйтсе де, дәл қазіргі күні ең қауіпті діни ағымдардың қатарына Хизбут-Тахрир, Тәкфир-Һижрат, Сурурия, Мадхалия, Тахияшыларды жатқызумызға болады. Тамыр тартып, желі салып келе жақан осы ағымдардың алдын-алып үлгерсек, ертең ел болып қалатынымыз талассыз ақиқат. Ал, тентек пен тебізді тия алмасақ, келер күніміз көмескі, болашағымыз бұлдыр тартпақ.

 

Діни ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігін сақтауымыз керек

Үшіншіден, діни ақпараттарды екшеу ісінде біздің  үкімет сылбыр қимылдағандықтан, діни экстремистік мазмұндағы ғаламтор сайттары күні кешеге дейін керегінше құлашын жайып, кең арнада жұмыс жасап келді. Ғаламторды пайдаланушылардың дені негізінен оң-солын танымаған жасөспірімдер болғандықтан, діни азғындыққа бастайтын ақпараттардың ақ-қарасын айыра алмай, экстремистік ойлардың жетегінде кетіп жатты. Одан қала берді  діни сауаты кем дүмшелердің уағыз-дискілері халыққа шүлен таратылғандай тегін таратылды. Діни ақпараттарды сүзгіден өткізетін арнайы тетік болмағандықтан, бір қайнауы кем, қаншама шалағай әдебиеттер елге тарап кетті. Әркім өзінің оқығанын, тыңдағанын, естігенін жөн санайтындықтан, кез-келген ортада халық жағы жар, тілі кез болып бір-бірімен айтысып-тартысатын жағдайға жетті. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» демекші, әлгі  дүмшелердің дауысы елге көбірек жеткендіктен, жас буын соларды пір тұтып, дәстүрлі діни танымымызға мұрынын шүйіріп қарайтын болды.  Соның салдарынан зиялыларымыз қазіргі жиырма мен отыз жасқа дейінгі аралықтағы дін ұстаған жастардың қарасын «жоғалған ұрпаққа» балап жүр.

Жуықта www.musilmanin.com атты сайтты ашып қарап отырсақ, Дарын Мүбаров дегеннің «ақидадан» жүргізген аудио-дәрісі беріліпті. Қиссашының қиыннан қиыстырып әкеп төгіп-төгіп жіберетін көбік уағызын шыдамымыз жетіп әзер тыңдап отырғанбыз. Кенет дарынды «әулиеміз»: «Біздің Орта Азия мұсылмандығында Алланың мекені жоқ деген түсінік қалыптасқан. Әлбетте, бұлай деушілерді бірден кәпір деуге болмайды. Оларға Алланың мекені бар екенін түсіндіруіміз керек. Сонда барып қабылдамаса, онда оларды кәпірге шығаруға болады», деп Құдайдың барып мекенін көріп келгендей жағы-жағына тимей, сусылдап әңгімені соғып отыр. Масқара! Мынадай күпір уағызды тыңдаған адам не ойлайды? Біздің мазхабымыздың негізін салған Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «Уасия» атты еңбегінің үшінші өсиетінде Жаббар Хаққа мекен сыйлауға болмайтынын қатаң ескерткен. Хәкім Абай да өзінің ғақлиясында «Алланың мекені жоқ» деп пайымдаған. Атақты Шәді төре де өзінің «Ахуал-Қиямет» атты еңбегінде «Алланы бек мекен» деп тұжырады. Жалпы, Орта Азия мұсылмандары, тіпті әхлу сунна ақидасын ұстанатын исі бүтін мұсылман қауымы Хақта мекен жоқ деп түсінеді. Ал, дарынды уағызшының айтуынша, осылай иланған осыншама нөпір халықтың бәрі кәпір-міс. Бұған не айтуға болады? Мұны тыңдап өскен бауырларымыз қағынан жеріп, қалайша ата-бабасының бәрін кәпір демейді. Шынтуайтында, мұндай күпір көзақастардың мұсылман баласына атом бомбасынан да ауыр соғатыны белгілі. Яғни, біз бұл тұста діни ақпараттық қауіпсіздік осындай сыңаржақ пікірлердің жолын кесу, халыққа жетуіне тосқауыл қоюмен аман сақталатынын баса айтқымыз келіп отыр. Әйтпесе, жастардың келесі бір буынын тағы да «жоғалған ұрпаққа» айналдырып алуымыз әбден мүмкін.

 

Төл жамағатымызды құру - Алаш баласының біртұтастығының кепілі болмақ

 

Төртіншіден, бүгінгі қоғамның алғышарттары мен жаңа талаптарына сай Қазақтан Мұсылмандары Діни Басқармасының құзіретін кеңейтіп, жаңа міндеттер жүктегеніміз жөн. Себебі, осыдан он жыл бұрынғы діни жағдай мен қазіргі қал-ахуалды мүлде салыстыруға келмейді. Кешегі алқам-салқам кеңсесі бар, олпы-солпы киініп, еңсесі түскен молдасы бар көнторғай муфтият пен бүгінгі заманауи технологиялық жетістіктерді игеріп, дамыған мұсылман елдерінен қарыс-сүйем қалыс қалмай келе жатқан ҚМДБ-ны мүлде салыстыруға келмейді. Соңғы он жылдықта ҚМДБ талай игі істің басын қайырды. ТМД көлеміндегі маңдайалды құзырлы мекемеге айналып үлгерді. Әйткенмен, ҚМДБ-ның шығар шыңы, ұшар биігі бұл емес. Әлі де «әттеген-ай» дейтін кем тұстарымыздың орнын толтыруымыз керек. Қазақстан қоғамында 2300 мешіттің басын қосқан ҚМДБ айбарлы да адуынды мекемеге айналғанымен, осы алып құрылымның ішкі рухани тұтастығы һәм халықпен етене жақындығын әлі де жетілдіре түсу қажет. Көпшіліктің ішінен: «ҚМДБ қызметкерлері немесе имамдар құдайы тамақ пен жаназадан басқа уақытта тек мешіт төңірегінде ғана діни қызмет жасайды» деген ұшқары әңгімелерді естіп қалып жатамыз.  Яғни, дін шырақшыларының жарығы мешіттен ары аспай жатады деген күңкіл сөз ел ішін желдей есіп тұр. Әлбетте, біржақты айтылған бұл пікірмен келісуге болмайды. Дегенмен, мешіттен тысқары аумақ бос кеңістік болған соң, оның орнын қаптаған келімсек діни жамағаттар толтырып жататыны да жасырын емес. Қазір дін ұстаған халықтың басым көпшілігінің арқа сүйер пірі біздің имамдарымыз емес, сол келімсек діни жамағаттардың шейхтары болып отыр. Кез-келген намазханның артында бір діни топ тұрады десек, сірә,  қатлеспейміз.

Кезінде, ХІХ ғасырда В.Радлов алты мың шақырымдық аймақты мекендейтін Қазақ деген халықтың салт-дәстүрі мен ойлау жүйесі  біртұтас екенін көріп, тамсанып жазған болатын. Ал, қазір сырттан келген діни ағымдардың белсенді жұмыс жасауына байланысты, Алаш баласы қаншама жамағатқа бөлшектеніп кетті. Сөз жоқ бұл қазақ қоғамының бүгінгі дәуіріміздегі ең үлкен қасіреті!

Ендеше не істеуіміз керек? Қасірет белдеуінің қайтсек көбесі сөгіледі? Асқынған аурудың ем-домы табыла ма?

Тақауда толғағы жеткен осы мәселеге қатысты белгілі саясаттанушы А.Сарым мырза Алаш баласының ауызбіршілігін сақтайтын өз жамағаты  болу керектігін алға тартты. Оның пайымдауынша, Қазақ халқының мұсылманшылдығы фикһ мәселелерінде - Ханафия, ақидада - Матурудия, моральдік құндылықтарды тұтынуда - түркі халықтарына Хақ діннен жұғысқан ізгі қасиеттерді басшылыққа алуға тиісті. Задында, ҚМДБ-ның да діни ұстанымы осы үш ұстыннан тұратыны белгілі. Демек, Алаш баласының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін төл жамағатымыздың негізін салушы ҚМДБ-ның өзі болу қажет. Яғни, жамағаттың басында Бас муфти мен Шура тұрса, төменгі иерархиялық құрылымын әдеттегі ҚМДБ-ның жүйесі құрауы тиісті. Төл жамағатымыз, әсіресе келімсек діни жамағаттар иеленіп алған кеңістікте қара тұяғынан қал кеткенше жұмыс жасауы керек. Әлбетте, бұл алаңдағы күрес майталман мамандардың көркем уағыз-насихатына негізделуі қажет. Канондық һәм доктриналдық негіздері бір діни жамағаттармен тонның ішкі бауындай жымдаса жұмыс жасап, тіпті мақсат-мүдде бір болғандықтан оларды ҚМДБ ұстанымымен біріктіріп жіберуіміз керек. Бүгінгі уақыт еншісіндегі бұл қасиетті күресте Алаш баласының аянып қалмасы анық. Тек, билік түсіністік білдіріп, жол нұсқаса екен деп тілейміз. Егер, руханиятта бүгін жұдырық болып жұмыла алмасақ, жаһандануға жұтылып, жертезек болып жеңіліске ұшырайтынымыз анық.

 

Әйел затын кемсіту, Алашқа абырой әпермейді

Бесіншіден, Қазақ қоғамында әйелдердің діни  құқығы өз деңгейінде қорғалып отырған жоқ. Әсілі, Хақ діннің өркен жаюымен әйел затының ар-намысы қорғалып, нәзік жандылардың ұжданы ұлықталуы тиісті еді. Себебі, мұсылмандық мәдениетте әйел затына деген ғизат-құрметтің ерек екендігі көпшілікке мәлім. Қасиетті Құран-Кәрім мен Хақ Елшісінің (с.а.у) өсиеттерінен оның із-табын айқын аңғаруға болады. Алайда, базбір қараңғы түсініктің жетегінде жүрген жүгенсіздер әйел затын жанының жалауы емес, тек нәпсінің қалауы ретінде пайдалануда. Шариғатта ер адамға көп әйел алуға құқық берілгенімен, оның қажетті алғышарттары бар. Ал, ол алғышарттарды аттап өтсек, мұнымыз шариғат көтермейтін асылыққа жатады. Сондықтан, бүгінгі біздің қоғамда әйелдердің діни құқығын қорғайтын құрылымға деген қажеттілік айқын сезіледі. Сонымен қатар, әйел затының бітім-болмысы (физиологиясы) бөлек жаратылғандықтан, шариғатта нәзік жандыларға қатысты үкім-қағидалар да бөлекше болып келеді. Олай болса, әйел қауымы өздеріне тән мәселелерді өздері қарауы тиісті. Біз осы себептен де ҚМДБ-ның құрамынан «Әйелдер бюросы» ашылуы керек деп білеміз. «Әйелдер бюросының» облыстық және аудандық бөлімдері де жұмыс жасауы қажет. Осылайша «Әйелдер бюросы» халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқанда ғана қоғамның бұл түйінін тарқатуға болады деп ойлаймыз.

Жалпы, әйелдердің ар-намысын қорғау немесе зинақорлықпен күрес тек діннің тұтқасын ұстаған азаматтардың ғана міндеті емес. Азғындықпен алысу - мемлекеттік құзырлы орындардың қасиетті парызы, қала берді әрбір азаматтың асыл борышы болуы тиіс. Таяу жылдары теледидардан көрдік, Алматыдағы бір оқу орнының аула сыпырушысы әр күні таңертең жатақхана маңайынан жыныстық қатынаста пайдаланатын жүздеген мүшеқапты сыпырып алады екен. Сонда, әлгі жатақханалар әрбір түні жын-ойнақтың ордасына айналады деген сөз. Бұл Алматыдағы жатақханаларға ғана тән нәрсе емес, еліміздегі жыныс талдамайтын жатақханалардың барлығын тиесілі жәйт. Зинақорлық тенденциясы осылай жалғаса берсе, ұлтымыздың тұқымы тұздай құруы әбден мүмкін (Құдай оның бетін ары қылсын). Әсілі, әрбір әке-шеше ұлы мен қызын оқуға жібергенде, бетімен кетіп, бұзылсын демейді. Құдайдан ұл-қызым білім алып, мамандық иесі атансын деп тілейді. Алайда, көк өрім жастарымыздың көпшілігі үмітті ақтамай, ата-ананың көгенінен босағаннан кейін албырттыққа ерік беріп жатады. Задында, зинақор қоғамның келешектегі сұлбасын көзге елестету қорқынышты һәм жиеркенішті. Ал, асыл текті ел боламыз десек, зинақорлық дертінен құлан-таза айығуымыз шарт. Ол үшін жатақханаларды жынысқа қарай бөліп, некесіз жыныстық қатынас жасауға жол бермеуіміз қажет. Хақ Елшісі (с.а.у) өзінің өсиеттерінің бірінде: «Күнәға көзін жұмған - күнәһар, күпірлікке жол берген - кәпір» дейді. Егер, зинақорлықтың етек алуына осылайша немкеттілікпен қараған болсақ, келер ұрпақтың бізге лағынет жаудыратыны айдан анық. Сондықтан, Білім және Ғылым уәзірлігі уақытты ұзатпастан жатақханаларды жынысқа қарай айырып, жастарымыз жеңілтектікке ұрынбасы үшін тәлім-тәрбиеге көбірек басымдық беруі қажет деп білеміз.

 

Дінге бөлінер қаржының ашықтығын қамтамасыз ету қажет

 

Алтыншыдан, еліміздегі діни-ахуалды толық бақылауда ұстау үшін дінге бөлініп жатқан қаражат көздерінің ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет. Бейресми деректерге қарағанда бір жылдағы діннің айналасындағы ақшаның көлемі 200 млрд теңгеден асып жығылады екен. Әсіресе, шетелден тартылатын немесе еліміздегі шетел азаматтары құрған компаниялардың дін саласына бөлетін қаражатына қатаң бақылау орнатуымыз шарт. Біздің қаржы интитуттары әлі күнге дейін қайырымдылық жасау мен діни секталарға аударылатын ақшаны бір-бірінен дұрыс айыра алмай келеді. Шынтуайтында шетелдіктердің қайырымдылық жасауға айырған ақшасы өз секталарының өрісін ұлғайту үшін беріледі. Ал, мысық тілеу миссионерлер үшін қаражат дегеніміз - адамдарды алдап-арбап, апанына кіргізудің құралы, асай-мүсейі іспетті. Осы тұрғыда дін үшін құйылған әрбір бақыр тиын ертең ел азаматтарын ішкі еркіндігінен айыратын қарақұйын пәлекетке айналады десек асыра айтқандық емес. Тіпті, діннің атын жамылып, төрт қаруын асынған лаңкестердің де ішек майын ағартып, жарылыс жасауға желіктірген динар мен дирхемдердің сыңғыры екендігі бізге белгілі. Сектанттар осы шаққа дейін дәстүрлі рухани құндылықтардан кемтар көптеген отандастарымыздың әлеуметтік жағдайының әлсіздігін ұтымды пайдаланып, оларды өз қатарына қосып, қарасын көбейткен үсіне көбейтуде. Жалпы, дін саласына шетелден аударылатын қаражаттан өзге, нақ ел азаматтарынан түрлі ізгі үрдістер (садақа, нәзір, қажылық, зекет) үшін берген қаражатының өзі одан арықарай қандай мақсатта кәдеге асатыны бізге беймәлім. ­Өткен жылы ҚМДБ-ның бастамасымен «Зекет» қоры құрылғаны баршамызға мәлім. Заң шеңберінде құрылған осы «Зекет» қоры жиналған қаражатты нендей мақсатта жұмсайтындығын өз жарғысында анық та айшықты көрсеткен. Ал, бұдан өзге түрлі қорлар мен жамағаттардың халықтан бұлап алып, жемсауына түсірген қаржыны қайда жұмсайтыны, кімдерге үлестіретіні бір Жаббар Хаққа ғана аян. Бұл күңгірт пердені серпіп тастау үшін әлбетте діни айналымдағы ақшаның ашықтығын қамтамасыз ететін мемлектеттік тетік қарастырғанымыз жөн. Яғни, діннің төңірегінде қаражатты бақылайтын арнайы құзіретті орган құрсақ құба-құп болмақ.

Жалпы, мұсылман елдерінде дінді қаржыландыру уақывтық жүйеге жүктелген. Біздің елімізде біртіндеп осы уақывтық жүйенің тиімділігін өз игілігіне жаратуы керек. Мысалға, Түркияда уақывтар діни орындар мен ғимараттарды тұрғызу, абаттандыру, жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ, өзге де діни бірестіктерді материалдық-қаржылық қамдау мәселелеріне қатыстырылады. Ал, діни бірлестіктерді бақылау һәм басқару ісі муфтиятқа жүктеледі. Біздің елімізде ҚМДБ-ның қаржылық істерде уақывтық ұйымдармен координациялық жүйеде жұмыс жасауына мүмкіндік тудыруы қажет. Сонда, дін саласы өз ішінде қайнап, өзін-өзі қаржыландыратын болады. Әлбетте, уақывтық жүйенің негізін салу үшін алдымен оның құқықтық базасын қалыптастыру керек. Ол үшін де ішкі діни ахуалы бізге ұқсас туыс мемлекеттердің тәжірибесіне арқа сүйеуіміз қажет деп білеміз.

 

Діни білім берудің заманауи тетіктерін игерген абзал

Жетіншіден, Қазақстан зайырлы ел болғандықтан, арнайы діни білім беру ісі де мемлекеттік білім беруден бөлінген. Оның ішінде ҚМДБ-ға қарасты медіреселердің оқу бағдарламасының жүйесі де өзге оқу орындарына қарағанда өзгеше сипатқа ие. Осы себептен де осы күнге дейін медіреселеріміз мемлекеттің қамқорынсыз, өз майына өзі қуырылып, дінге жанашыр жекелеген меценаттар мен қорлардың есебінен күн көріп келеді. Өкінішке қарай, осыған байланысты, медіреселерімізде ортақ діни білім беру үрдісі қалыптаспаған. Дегенмен де, үстіміздегі жылдан бастап, медреселерде біріңғай оқу бағдарламасын қабылдау һәм діни білім берудің сапасын арттыру мәселесі екпінді түрде қолға алына бастады. Осы бастамаларға қызу қолдау білдіре отырып, еліміздегі ЖОО-ры мен медіреселерді дамыту үшін мынадай ұсыныстар айтпақшымыз:

А) Елімізде дінтану мамандарын дайындайтын бірнеше ЖОО бар екені белгілі. Әйткенмен, осы оқу орындарының оқу үдерісінде бірізділік жоқ. Мәселен, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде көбіне түрік ұстаздар қызмет ететіндіктен, ондағы дінтану мамандары Түркия Республикасының стандарттарына сай әзірленеді. Сол сияқты «Нұр» Қазақ-Египет Университетінде негізінен теологиялық пәндер бойынша Мысыр елінен келген дін ұстаздар дәріс беретіндіктен, мұнда Кайр және әл-Азхар университеттерінің әдіс-тәсілдері қолданысқа ие. Ал, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық университеті мен Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде баяғы Кеңестік дәуірдегі дінді оқытудың «атеизм» сарқыншықтары әлі ұшырасады. Әр оқу орны осылайша өз білгенімен дін мамандарын дайындар болса, діни алажаңқалықты біз өз қолымызбен тудырған болып есептелмейміз бе? Яғни, дін саласында өткір тұрған осы мәселені тез арада бір жүйеге келтірмесек, ертең опық жейтініміз анық.

Ә) медіреседегі білім берудің сапасын арттыру үшін ең алдымен ұстаздардың біліктілігін шыңдау қажет. Еліміздегі медіресе ұстаздарының  дені - Түркия, Мысыр, Пәкістан және отандық діни оқу орындарын тәмамдаған дінтанушы немесе исламтанушы азаматтардан тұрады. Яғни, ұстаздарымыздың діни жоғары білімі болғанымен, Ислами білім берудің дәстүрлі пәндері - араб тілі, фикһ, ақида, тәпсір, хадис, тарих, ахлаһ ілімін қаншалықты игергендігін біле бермейміз. Осы себептен де, ҚМДБ медіресеге қызметке қабылдау барысында ұстаздардан арнайы емтихан қабылдауы керек деп білеміз. Ал, емтихан ұстаздардың жүргізетін пәні бойынша алынуы шарт. Яғни, өз ісінің майталманы екенін көрсете білген ұстаздар ғана медіреселерде қызме ететін болса, онда сөз жоқ бұл шәкірттердің сапалы білім алуына игі әсерін тигізеді.

Б) медіреселер үшін арнайы қазақ тілінде жазылған діни оқулықтар жоқтың қасы. Осыдан да ұстаздарымыз оқу үрдісінде көбіне-көп қазақ тілінде басылғанымен оқулық әдіснамасы жоқ, құр танымдық діни кітаптарды басшылыққа алады немесе шет тілінде жазылған оқулықтарға жүгінеді. Ал, шет тілінде жазылған оқулықтардың әдіснамасы қазақ баласының психологиясына сәйкес жасалмайтыны бесенеден белгілі. Яғни, оқыту методологиясы бір ізге түспегеннен кейін, бұл шалағай жайттың шәкірттердің білім алуына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚМДБ әрбір пән бойынша «Үздік оқулық» бәйгесін  жариялағаны жөн. Бұл іске еліміздің  жоғары оқу орындарының «дінтану» және «исламтану» кафедраларының қызметкерлерін  қатыстырып, олардың да ақыл-кеңесін алу қажет. Сонда, жан-жақты пісіп-жетілген үздік оқулықтар жазылады деп үміттенуға болады.

В) медіреселердің сапасын көтеру үшін ҚМДБ екі жылда бір рет аралық бақылау (акридитация) сүзгісін жасау керек сияқты. Бұл шара қолға алынса, біржағынан бізге медіреселердің сапалық көрсеткішін анықтап береді. Екінші жағынан медіреселердегі түрлі сапасыз істердің алдын-алуға мүмкіндік береді. Яғни, акридитациядан өте алмаған медіреселерге олқылықтың орнын толтыруына белгілі-бір мерзім беру арқылы медіреселердің білім сапасы мен әлеуетінің көтерілуіне серпін береміз. Бұл шара -  қазіргі таңда мемлекеттік оқу орындарында біріңғай қолданылып келеді. Тіпті, өз жемісінде беріп жатыр. Демек, тәжірибеде бар осы үрдісті біз де өз кәдемізге жаратуымыз шарт.

Д) медіресе шәкірттерінің білім көрсеткішін белгілеу үшін жылына бір рет медіреселер арасында білім сайысын (олимпиада) өткізіп тұрғанымыз жөн. Ал, олимпиадада жоғарыда атап өткен араб тілі, фикһ, ақида, тәпсір, хадис, тарих, ахлаһ пәндер бойынша жеке-жеке сайыс өтуі тиіс. Сайыста қатарынан үш рет жүлдегер атанған шәкірттерге Нұр Қазақ-Египет Ислам университетіне оқуға түсуіне тегін жолдама берсек, бұл шәкірттердің оқу-білімге деген ынтасын арттыра түсетіні анық. Әрі бұл шара шәкірттеріміздің Исламдағы белгілі-бір пәнге бейімделуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Г) медірседегі білім беруді бақылау үшін әрбір медіресе өз ғаламтор сайтын ашып, онда шәкірттердің оқу үлгерім көрсеткішінің электронды нұсқасын беріп отырса құба-құп болмақ. Бұл бір жағынан ҚМДБ-ның оқу бөлімінің бір нүктеден медіреселерді қадағалауына, екінші жағынан ата-аналардың да өз ұлдарының оқу үлгерімін үйде отырып бақылауына септігін тигізеді. Елбасымыз электронды үкімет құруға талпынып жатқанда, бұл үрдістен дін саласының қалыс қалғаны жарамайды. Мұндағы айтпағымыз, мұсылман адам өз заманының жетістігін алғаш болып игеруі шарт. Яғни, біз әрбір істе ілгерлей білетін ілкімді қадамдар жасауға тиістіміз.

Е) медіреселерді қаржыландыру ісін де орталықтандыруымыз керек тәрізді. Бүгінде еліміздегі кейбір медіреселерді базбір меценаттар немесе белгілі-бір қорлар қаржыландырып отыр. Осыған байланысты ел арасында «пәленшенің медіресесі немесе түгеншішілердің медірсесі» деген әңгіменің желдей есетені де әмбеге аян. Тұтас қазақты ырду-дырду ететін осы қаңқу сөздерге тоқтам жасау үшін барлық медіреселердің ортақ бюджеті болуы керек деп ойлаймыз. Жаңағы дінге жанашыр меценаттар мен қорлар қаржысын ҚМДБ-ның медіреселер үшін ашқан есеп-шотына құйып, ол жерден барлық медіреселерге қаржы тең бөлінген жағдайда, біз әлгіндей желбуаз әңгімелердің алдын-аламыз. Ал, бұл біздің рухани тұтастығымызды сақтап қалуға жасалған қадамдардың бірі болмақ.

И) медіреселердің сапасымен бірге санын да арттыруымыз қажет деп ойлаймын. Әсіресе, діни жағдай ушығып тұрған теріскей және батыс өңірлерде жаңа медіреселер ашу күн тәртібінде тұрған өткір мәселелердің бірі саналады. Бүгінде қай жерде бос кеңістік болса, сол жердің ертең апат аймағына айналатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналды. Яғни, теріскей және батыс аймақтарына жаңа медіреселер ашсақ, бұл шараның алдағы уақытта ондағы рухани ахуалдың түзелуіне өз ықпалын тигізетіні хақ. Сонымен бірге, жоғарыда айтып өттік осы күні мұсылман жұрағатында әйелдер мәселесі де жиі-жиі қылаң беріп қалуда. Исламдағы өз құқығын терең білмегендіктен, лаңкестер апа-қарындастарымызды түрлі жаңсақтыққа ұрындыруда. Бұл мәселенің де дереу оң шешімін жасау үшін нәзік жандылардың діни білімін арттыру мақсатында қыздар медіреселерін ашқанымыз абзал.

К) Қазақстанда білікті исламтанушылар мен дінтанушыларды әзірлеу үшін әлемдік тәжірибенің озық әдістерін қолданғанымыз жөн. Мәселен, Египеттегі «Әл-Асқар» оқу орнында университетке түсу үшін алдымен медіресені (куллия) тәмамдауың қажет. Ал, медіресеге орталау мектепті (9 сынып) бітірген түлектерді қабылдайды. Сонда, медіреседегі шәкірт араб тілі мен діни ілімнің теория-методологиясын игеріп, ал, жоғары оқу орнында профессианалды білім алуға сақадай сай болып шығады. Біздің еліміз де білікті дін мамандарын даярлауы үшін жоғары оқу орнындағы дін факультетіне тек медіресе түлектерін қабылдауымыз керек. Сонда, дін саласына көлденең көк атты келіп киліге алмайтын болады. Әрі бұл индивидтерді адастырушы ағымдардан сақтандыруға һәм дүмшелікті жоюға өз септігін тигізетін ізгі шара болмақ.

Л) Осы шаққа дейін мемлекетіміз жастарымыздың қандай елде, қандай оқу орнында діни білім алатынын жіті қадағаламағандықтан, бүгінде еліміз шетелде оқып келген дүмше ұстаздардың дін-насихатынан теперіш көріп отыр. Бұл мәселенің алдын-алуымыз үшін жастардың шетелдер де діни білім алуды біртіндеп шектеуіміз керек сияқты. Яғни, ел аумағынан тыс жерлердегі діни оқу орындарына азаматтарды тек ғылыми дәрежесін көтеру мақсатында ғана жіберу қажет деп білеміз. Оның өзінде Қазақстанның діни сорабымен сабақтасатын Түркия, Мысыр, Пәкістан секілді елдердің белгілі деген оқу орындарында жастардың біліктілігін көтеріп, тәжірибе алмасуы үшін ғана баруына жол ашу керек. Басқа жағдайда шәкірттердің шетел асуына ада-күде шектеу қойғанымыз жөн.

Діни ғылым ілгерлеуі үшін не істеуіміз қажет?

Сегізіншіден, Қазақстанда теология және исламтану ғылымы тым кенжелеп дамып келеді. Осы күнге дейін алыс-жақын шетелдерде оқып келген һәм отандық бірді-екілі ғалымдар ғана осы салаға қатысты қалам тербеп жүр. Бірақ, академиялық деңгейде зерттеу жұмыстарын жасаған ғалымдар саусақпен санарлықтай тым аз. Көпшілігі бетіне көн тері қаптап алған көшіріп жазғыш барымташылар. Осы тұрғыдан алғанда дәлдүріш дінтанушылардың біразын тек «көркем аудармашы» деп бағалауға тура келетін сияқты. Әлбетте, ғылым мұндай бассызықпен ешқашан ілгерлемейді. Десек те, елімізде соңғы жылдары ғылымға деген талаптың өзгеруі, діни ғылымның тұйықтан шығып, ілкімді қадамдар жасауына өз септігін тигізуі мүмкін. Себебі, ғылым туралы жаңа ереже бойынша кез-келген ғылыми диссертацияға әлемдік жаңалық ашуға талап қойылып отыр.

Бұдан бөлек гранттар негізінде ғылыми жұмыспен шұғылдануға келетін болсақ, үкіметіміз теология жән исламтану ғылымына тым аз көңіл бөлетін тәрізді. Дінге қатысты бөлінген гранттардың тізбесіне көз жүгіртсең, не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Кілең ғылыми сұранысты қанағаттандырмайтын тақырыптардан көз тұнады. Сірә, ғылыми грантты жариялаушы шенеуніктер керек пен өте керектің байыбына бара бермейтін сияқты. Себебі, өткен ғасырда атеистік дәуірді басынан кешірген Қазақ қоғамы үшін теология және исламтану ғылымы таңсық салалардың біріне айналып үлгерген-тін. Ал, кез-келген тың салада фундаментальды ғылымға дұрыстап ден қоймасаң, ол ғылымның аршындап алға басуы екіталай. Сол үшін де діни ғылымды дамыту үшін әлемдік діндер тарихы мен теология ғылымының қыр-сырын ашатын, сондай-ақ, Исламдағы дәстүрлі тәпсір, хадис, фикх, кәлам, ахлаһ, тарих секілді тақырыптарға бәйге жарияланып, өзіндік тұрғыдан тұжырымдалған жүйелі түрде том-том еңбектер жазылса, діни ғылымның дамуына даңғыл жол ашылған болар еді. Бүгін бұл биікке көтерілмесек, шетел шығармаларына телміріп, өзгенің шайнағанын өзек ететін қашанғы әдетімізге әсте тосқауыл бола алмаймыз.

Шынтуайтында, Қазақтың кең жазирасында осыдан бірнеше ғасыр бұрын Ислами ғылымның іргетасы қаланған. Біздің даламыздан қаншама иір-бұтақтар көгеріп шығып, ғаламдық ғылым мен мәдениетке өз мәуесін берген. Оған Фараб, Исфиджаб, Түркістан, Тараз, Сығнақ, Женд, Кердері, Дулат, Қоңыраттан шыққан қаншама ғұламаларымыздың еңбектерін атап өтуімізге болады. Өкініштісі, Ә.Дербісәлі, Ә.Муминов, Ш.Керім, Д. Кенжетай, Т.Қыдыр секілді ғалымдарды айтпағанда, көмбеде жатқан төл ғұламаларымыздың еңбектерін жарықққа шығаруға ден қойған соқталы зерттеушілер жоқтың қасы. Тегінде, Қазақ халқының осы інжу-маржандарын жарыққа шығарып, ондағы ғылыми негіздерді кәдемізге жарату бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Осы игі істі де әрірек барып терең зерттеуге мемлекеттен арнайы гранттар бөлінсе құба-құп болар еді ойлаймыз.

 

Халқымыздың салт-дәстүрі, бойымыздағы тасыған қанымыз

Тоғызыншыдан, Қазақ қоғамындағы тығырыққа тіреліп, шешімін таппай жүрген жайттың бірі - халқымыздың салт-дәстүрінің қазіргі сор-маңдай күйі десек әсте қателеспейміз. Бұлайша көз жасымызды бұлап, зарлауымыздың себебі, Хақ дінмен қауышқанына мың жылдан астам уақыт болған Қазақ халқының салт-дәстүрлерін Исламға қайшы деп білетін елімізде тұрпайы бір діни тобыр пайда болды. Белгілі ғалым, исламтанушы Қ.Жолдыбайұлы «Дін мен Діл» атты еңбегінде олардың даурықпасын шариғат үкімдерімен терістегенімен, тоң мойын топ өкілдері алған бетінен қайтқысы жоқ. Ал, Қазақ халқы ұстанған Ханафия мазхабында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып (урф) құқықтық үкім берудің жеті қайнар-көзінің біріне жатады. Дәлірек айтар болсақ, бір ұлттың Құран мен Сүннетке қайшы емес негіздегі қашаннан бері қалыптасқан әдет-ғұрыппен үкім беруді факиһтер Хақ дінге қайшы емес деп біледі. Яғни, туындаған бір мәселеге қатысты нақылда (Құран мен Суннет) нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жолы әдет-ғұрыпта болған болса, ол Исламның жосық-үкімі ретінде қабылданады. Осы ретте әдет-ғұрыптар «сахих» және «фасид» болып екіге бөлінеді. Сахих әдет-ғұрыптарда Құран мен Сүннетке қарама-қайшылық болмайды. Ал, фасид әдет-ғұрыптың дін негіздеріне қайшы тұстары болғандықтан, шариғат оны құптамайды. Қазақтың дінге теріс ғұрыптары Исламды қабылдаған он ғасырда бірте-бірте жойылып отырған. Ал, бүгінге жеткен салт-дәстүрлеріміздің Хақ дінге еш алабөтендігі жоқ. Қазақтың көз қуанышы саналатын шілдехана, бесік той, жеті атаға дейін қыз алыспау, сырға тағу, қыз ұзату, келін түсіру, беташар, құдалық, қоныс той, айтыс, терме, бие-бау, қымызмұрындық, толғау, шүлен тарату, телім беру, жыртыс жасау, көрісу, селт еткізер, ұйқы ашар, бие бау, бәсіре беру, бәйге, аударыспақ, көкпар т.б толып жатқан салттарының қайсысы Хақ дінімізге қайшы келеді? Егерәки, осы салт-жораларымыздың кінараты болса, бұрынғының ғұламалары бір тыйым жасаған болар еді ғой. Қазақ мәдениетін түп-тұқиянымен құртып жібергісі келетін осы бір оғаш пікірлерге тоқтау салмасақ, қазақы қалпымыздан айырылып, мәңгүрт күйге түсеріміз анық. Олай болса, осы мәселенің тиянағы мен шешімін сағызша соза бермей, ғұламалардың басын қосып, Қазақтың ине-сабақтан бастап, ат жарыстырып, бәйге беретін аламан дәстүріне дейінгі барлық салт-жораларының діни пәтуасын жасағанымыз жөн деп білеміз. Біз осылай тәуекел етсек қана қазіргі қоғамдағы осы шиеленісті жағдайдың күрмеуін ағыта аламыз әрі келешек ұрпақ діни пәтуасы берілгендіктен бұл мәселеге қатысты даурығып жатпайтын болады.

Расында, осы мәдениет пен дінді бір-біріне қарсы қоюдың астарында ұлтсыздану ұранының желі еседі. Сірә, жаһанданудың осы жаңа тәсілін қолдаушы діни тобырдың өкілдері кімнің итаршысы болып жүргенін сезбейтін тәрізді. Ал, теология ілімі бойынша дін мен ұлтты бір-біріне қарсы қоюға мүлде болмайды. Өйткені, ұлтты да өзіндік ерекшелікке ие етіп Құдай-Тағала жаратқан. Біздің әуелгі рухымыз жаратылған әлімсақ әлемінде Тәңір-Тағала біздің қай ұлттан болуымызды сұраған емес. Біз Хақтың қалауымен Қазақ болып жаратылдық. Ендеше, ұлттық ерекшелікке қарсы келу, Тәңірінің қалауын қош көрмеу деген сөз. Әлбетте, діни сенім бойынша бұлай ойлаудың өзі асқан күпірлікке жатады.

 

Мемлекет дегеніміз - мәмілеге келген азаматтардың мекен ететін кеңістігі

 

Оныншыдан, соңғы жылдары әсіре діншілдердің әрекетінен қоғамда дін мен мемлекет ұғымы бір-біріне қарама-қайшы түсініктер ретінде ұғыныла бастады. Діни экстремизммен уланған базбір отандастарымыз Қазақстанды кәпірстан санап, мемлекеттік құрылымға қарсы күресуді «қасиетті күреске» балап, ел ішін алатайдай бүлдіруде. Тіпті, Тәкфиршілер мен Сурурия ағымының содырлары мемлекеттік қызметкерлерді «тағут» (Хақ діннің жаулары, кәпір, пұт) санап, оларды өлтірсең қаны адал деген парықсыз пәтуасын жария етті. Әсіресе, былтырғы жылы дін туралы заң қабылданғаннан бері әсіредіншілдер мемлекеттік құрылымға ашық күреске шықты. Осының «нәтижесінде» елімізде бірнеше рет терактілер орын алды.

Задында, зайырлы елдердегі діннің мемлекетке деген қатынасы шариғат заңдарынада қарастырылып қойған. Шариғат бойынша жоғары саяси ұйымның ұстындары дінге негізделмегенімен, бірақ, діни рәсімдердің орындалуына рұқсат беретін мемлекет «дәрул-сулх» немесе «дәрул-аһд» деп аталады. Мұсылман заңгерлері діни рәсімдердің жүзеге асуына рұқсат бергендіктен, «дәрул-сулх» немесе «дәрул-аһд» тұрпатындағы мемлекеттің қабылдаған заңдарына мойынсұнуды уәжіп деп біледі. Біздің мемлекетіміз де діни ритуалдардың орындалуына шектеу қоймағандықтан, еліміздің зайырлығын да «дәрул-сулх» дәрежесіне жатқызуға болады. Демек, діни рәсімдердің қоғамдық құндылыққа айналуына мүмкіндік беріп отырған Қазақстан кәпірстан емес. Зайырлы елдің заңына мойынсұнуы да Хаққа серік қосқандық саналмайды. Сондай-ақ, Ханафия ғұламаларының берген пәтуасы бойынша «жихад» жасауға тек мемлекет ғана байлам жасай алады. Сондықтан, содырлардың  әрекеті сауапты іс емес, керісінше, адасушылыққа жатады.

Шиырып айтқанда, «мемлекет» - араб тілінен тәржімалағанда мәмілеге келген индивидтердің бірлесіп өмір сүретін мекені деген мағынаны білдіреді. Қазақ мемлекетін де ұлттық, діни, қоғамдық көзқарастары бір арнада тоғысқан азаматтар құрып отыр. Байыбына бара білсек, бұл ұғым демократиялық принциптермен терең үндеседі. Ал, діни пайым-түсінік бойынша мемлекетті абсолютті күш (Тәңір) құрады. Ұлы Жаратушы өз билігін жоғары саяси ұйымдардың өкілдігімен жүзеге асырады. Яғни, Тәңір-Тағаланың өзі жар болып құрылған мемлекетке қарсы тұру - Құдайдың жаратылысына қарсы шығумен тең деген сөз. Бұл - билікке қарсы сын айтуға немесе теріс бастамаларына қарсы күресуге болмайды деген мағынаны бермейді. Билік әділеттілік тұрғысынан әрқашан сынала береді. Бірақ, мемлекетке қарсы шығып, Отанның шаңырағын шайқауға болмайды.

 

Түйін

Құрметті Дінбасы, түптеп келгенде айтпағымыз, ұлт, дін, мемлекет ұғымдарын бөлшектемей, тұтас қарастыруымыз шарт. Себебі, мемлекеттіліктің мәңгілігі үшін ең бастысы қоғамдық бірізділік сақталуы тиіс. Ал, бірізділік сақталуы үшін қоғам бір ұлт пен бір діннің төңірегінде топтасуы керек. Осылай болғанда ғана тұғыры нық, кеуделі мемлекет құра аламыз. Ал, мықты мемлекеттік құрылым - ұлт пен діннің абыройының асқақтауының басты кепілі!

 

 

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544