Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3481 0 пікір 21 Ақпан, 2013 сағат 07:49

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

3

Қарымсақ бұл қағазды Құлжадан әкелген. Аймақтың «маңғұл ұйышмасының» секретарь-хұйжаңы* Фужеден келген-ді. Осыдан бес күн бұрын кеткен Қарымсақтың нендей хабар әкелмегін соңғы күндері асыға тосып жүрген Керімбек хат аяқтаңқырағанда, шырайы бір нәрсеге шешілгендей өзгеріп келеді. Қағазға бұрынғыдан да үңіле түсіп, хат сөзіне құлақ түргендей, бар ынтасымен ден қоя түйіліп, қайта-қайта анықтап оқып отырып қалды. Керімбекті әсіресе үміттендіргендей болып та, және бір жағынан қатты күйіндіріп отырған нәрсе тегін емес-ті. Хаттың ерекше мазмұнына қарағанда қазіргі Шыңжаң үкіметін билеп отырған Шың шы сай бұл өлкеде мұнан артық тұруға мүмкіндігі қалмаған сияқты!

 

*Хұйжаң - қытайша секретжръ

 

Керімбек қолындағы қағазды Мақсұтқа байыппен ұсынып жатып:

- Бәлекет, өз ісінің басынан асып бара жатқанын білген-ақ! Сезген-ақ! - деп еді, Қарымсақ жай отырып:

- Ұрлығы басынан асқан ит иесінің соңғы қабағын таныған соң, ауылдан мүлде безіп, зеңіп кетпеуші ме еді, тап сол-ау өзі, - деп қойды. Мұрыншақ сәл аң-таң болып отырғанымен, өзіне тиісті сөз емес екенін білген соң, «бұларың не» деп сұраған жоқ. Ол дұшпан болмағанмен Шың шы сайдай патшаның тақтан таюы үлкен жаңалық қой. Аңдаусызда қатын-баланың құлағына шалынып кетсе, пәленің үлкені сол.

3

Қарымсақ бұл қағазды Құлжадан әкелген. Аймақтың «маңғұл ұйышмасының» секретарь-хұйжаңы* Фужеден келген-ді. Осыдан бес күн бұрын кеткен Қарымсақтың нендей хабар әкелмегін соңғы күндері асыға тосып жүрген Керімбек хат аяқтаңқырағанда, шырайы бір нәрсеге шешілгендей өзгеріп келеді. Қағазға бұрынғыдан да үңіле түсіп, хат сөзіне құлақ түргендей, бар ынтасымен ден қоя түйіліп, қайта-қайта анықтап оқып отырып қалды. Керімбекті әсіресе үміттендіргендей болып та, және бір жағынан қатты күйіндіріп отырған нәрсе тегін емес-ті. Хаттың ерекше мазмұнына қарағанда қазіргі Шыңжаң үкіметін билеп отырған Шың шы сай бұл өлкеде мұнан артық тұруға мүмкіндігі қалмаған сияқты!

 

*Хұйжаң - қытайша секретжръ

 

Керімбек қолындағы қағазды Мақсұтқа байыппен ұсынып жатып:

- Бәлекет, өз ісінің басынан асып бара жатқанын білген-ақ! Сезген-ақ! - деп еді, Қарымсақ жай отырып:

- Ұрлығы басынан асқан ит иесінің соңғы қабағын таныған соң, ауылдан мүлде безіп, зеңіп кетпеуші ме еді, тап сол-ау өзі, - деп қойды. Мұрыншақ сәл аң-таң болып отырғанымен, өзіне тиісті сөз емес екенін білген соң, «бұларың не» деп сұраған жоқ. Ол дұшпан болмағанмен Шың шы сайдай патшаның тақтан таюы үлкен жаңалық қой. Аңдаусызда қатын-баланың құлағына шалынып кетсе, пәленің үлкені сол.

Мұрыншақ пен Қарымсақ - ағайынды кісідей қысы-жазы көшсе-қонса жұбын жазбай бірге көшіп, бірге отыратын адамдар. Өз ауылдарына бірі Күреден, бірі Құлжадан екеуі де кеше келген. Сонан бері қалтасында хат барын Қарымсақ осы ағайынына да ауыз ашып айтқан емес. Бұның сол мінезін Керімбек жақсы ұғынушы еді. Сыр сақтауға темір сандықтай деп бағалайтын. Бұл отырған екеуі жаңағы айтылған қалмақ жігіті Фужеге арғы түбі туыс болып шыққан. Отыздар шамасындағы, жасынан пысық Фуже өзімен арғы аталары бір болған Қарымсақ, Мұрыншақты көп сұрастырып тапқан. Осыдан үш жыл бұрын Құлжадан Керімбекпен бірге сол үшін арнайы келіп, ежелгі қандастарымен құшақ жайып танысып қайтқан. Мұрыншақ, Қарымсақ қайдағы бір қалмақпен туыс болып шыққанын алғашында намыс көргендей, тосырқап, тартынғандай болғанмен, ойға жүйрік, шалымды Фуже Керімбектің көзінше аналарды тырп еткізбей екеуінің алды-артын орап сөйлеп, бұдан былай ең болмаса таныстық қатынас қып жүру үшін өз қолқасын өткізген-ді. Керімбектің Қарымсақты Фужеге жібергені сондай жағдайдан кейін болатын.

Хатта мұнан басқа Таңжарық жайы айтылыпты. Елге ұрланып жеткен зар хаты тас қамаудағы жарыққа мұқтаж адамның жан азабы жайынан екен. Шыбын жанға бейнет, азап тартқызған зақымдау, қинау жайы. Бірен-саран ғана арнаулы адамның қолына тиюге тиісті сол жасырын хатты Фуже өзінен басқа жан-пендеге көрсетпей жүріп, тек Керімбекке жіберіпті.

...Керімбек Таңжарықты әлгі бір жылы ғана көргені болмаса, онымен таныстығы да жоқ адам еді. Фуже болса, ол да біреумен біреудің туыстық, білістік немесе көңіл жақындық жайынан сөз қозғағалы отырған жоқ. Тек адам баласының тартып жатқан түпсіз қорлығын, қасіретін жеткізбек. Рас, Таңжарық - бір жұрттың аяулы ақын азаматы да. Бұрын алыстан атын естіп жүрген ақынын Керімбектің бірінші көруі қызықты болған. Осыдан бес жыл бұрын 38-ші жылы жаз ортасында бүтін Іле аймағына қарасты ел басы деген адамдар бір айдай үкімет ісімен Құлжаға жиналып, қаланың Қазаншы жақ шетінде бастарына үй тіктіріп, бие байлатып сауықтап жатады. Бір күні Керімбек қалың Қызайдың өңшең шонжар, болыс-билерімен бас қосып отырыпты. Жиында өрті Қызайдан Қанатбек ақалақшы*, бергі Торғайдан Тергеусіз, Жолымбеттен Мазақ мампаң, Станбек дегендер, Қабанбайдың пысық атанған ақалақшысы - Нұрсапа, Оразайдан Жақыпбек мампаң, мына Қорғас шекарасындағы Суаннан Әміре, Дәуіт, Сүлеймен, Албаннан жас жігіт Әубәкір мампаң және Тәліп ақалақшы сияқты ыңғай ығай мен сығай, нәндерден бас құраған жиырма шақты кісі болады.

 

*Ақалақшы - болыс дәрежелес лауазым.

 

Сол жиынның ішінде үлкен дөңгелек жүзді, қасы мен томпақша келген қыран көзінің екі арасы кең жатқан, дана пішінді жігіт ағасы дерлік бір тосын қонақ отырыпты. Бағлан қозының етін жеп, қымызға бөрткен шалқыған жиын әңгіменің дүкенін құрып, сөз қыздырып, әр нәрседен ермек, тәлкек ізделіп отырады. Шіренген марқасқа топ ондайда мырзалық та салғастырудан құр болмайды. Сондай қызу дүрмекті, көңілді кездің үстінде әлгі кездейсоқ қонақтың қамшысы жоғалады. Ол бір-екі дүркін айналасына сұрау салып:

- Ау, жақсылар, ойнап қамшы алғандарыңыз бар ма! Алғаныңыз тастаңыз, батамды берейін, - десе, ешкім елең қыла қоймайды. Жігіт сөз қайталап: - Тыңдаңыздар, болмаса өлеңге қосамын, - деп, енді еркін әзіл араластыра сөйлейді. Мұндағы отырғандар неғұрлым бір бүлік сөздің шығу жағын, сондай бірдеменің тууын көздеп:

- Айт, айт! Өлеңіңді айт! Обалы болса өзіне! - деп кеу-кеулеп, тұс-тұстан дем бере, әуектете қостайды. Сорақы болғанда соған орай ешкімнің қамшыны да шығара қойғысы келмейді. Осыған көзі әбден жеткен жігіт осы отырыстың күткеніндей еркін, өткір, әзілқой, алғыр жүзі дәл қазір бұл отырған ешкімді де елеп-менсінбеген, уытты, отты шабытпен. өлеңін көтеріңкі нық сөзбен сабақтап:

«Оу, жақсылар, қайсыныңыз қамшымды алған? - Байға да олжа болды ма таспа жазған?.. Ит жейтұғын қайысты олжа көрген, Бек боп жүріп кім еді жалшымаған?!» - деп келгенде, жұрт қоғадай жапырыла, аса бір мол қызулы күлкі аралас дырдумен ду-ду етіп:

- Еһе, еһе! - десіп, құлақтарын тоса түріп, қызығына қана алмай тыңдасады. Ақынның әр сөзіне жабыса, мүлт жібермей тыңдаған топ өлең сиқырымен жігіт өнеріне жалғыз кісідей табынып қалған. Бұл секундтарда өлеңнің аяғын тыңдаудан басқа сезім, басқа ой атауымен ұмытылған. Жұрт бір-біріне күдікті жүзбен үдірейісе қарасып қалған. Арқалы ақын түсі бұрынғыдан да ойнақы әжуаға толып, өлеңін соза түсіп:

 

«Қолың сынсын қамшыммен қамшыланған.

Зертең тисін аузыңнан қан шығарған.

Мұрныңнан сары ірімтік ірің ағып -

Жас кетпесін көзіңнен тамшыланған!» -

 

дегенде, отырған жиын даурығы алты қанат үйдің ішін кернеп кеткендей болады. Кейбіреулер алақан соғып, қол шапалақтап та жіберген. Бірақ қамшы алған адам әлі де тастай қоймайды. Таңжарық ақын тағы ақтара жөнеліп:

 

-     О-оу, қарғысым қамшымды алған бәтшағарға,

Балаң өліп ел келсін атшабарға.

Қатының, келін, қызың түгел өліп,

Үйіңде жан қалмасын от жағарға! - дейді.

Үйді басына көтеріп қаумалаған осы шудың үстінде төр жақтан біреу:

- Уа, тілің кесілсін, тілің кесілгір зар көмей, мә-ші! - деп, қойнындағы сарала қамшыны топтың алдына салаң еткізіп тастай береді. Оқиғаның қызығынан жұрт әп-сәтте болып өткен бұл көріністің не екенін біліп үлгермей де қалғандай, қамшы тастаған адамға жабырласа қарасқан. Таңжарық бай болмағанмен ұстағаны «бір бестілік» дейтіндей қамшы екен, кісі қызыққандай. Жұрт әлгіндей жабырлай көз тастағанда, қамшы алған ақалақшы өзінің қызарып ұялғанын күлкісімен жапқансыды. Өрт шалған тоғайдай бір жақ мұрты өспей қалған шонжар бай әр жерде осы сияқты сөзге ілініп жүретін.

Кейін «Таңжарық ұсталды» дегенді естігенде ақынның ділмарлығын өз көзімен көрген Керімбек көп кейіп, қатты ашынып күйініп еді. Оның енді қайта өз тобына қосылар-қосылмасын ойлап, мына бір кесір заманның кер қырсығына сенбей түңіліп, кешегі көрген боздақты қимай аяп, қынжылған.

«Қайту білмес, қасқыр мінез жазғанды өз елінің білімсіз, бисымақтары анық итшілік ерегіспен ұстатып жібер-ді-ау» дегенді де көңілмен шолған-ды.

Таңжарыққа тағылатын айып: «Қазақтың үкіметке қарсылығын айтпайсың. Іле, Алтай, Тарбағатай, Баркөл сияқты қазақ аймақтарының барлығының құрған ұйым, «ташкилаты» бар, Іле қазағының Алтайдағы Оспанмен байланысы бар, соны мойындап қол қоймайсың» дейді. Сондай белгілі адамдардан бірнешеулерін екшеп қол қойдырып алса, соның панасымен ел-елден әлі де талайлар бұйдаға тіркеліп, тізіле түспек. Шыңжаңдағы өзге де аз ұлт ада-мындай қазақты көзге шұқып, басқа ұра түсуіне қияметтен жол қарап, саңылау іздеседі. Бұл хатпен Таңжарықтың мынандай сәлемі көшіріліп жетіпті:

 

«Қып-қызыл көздерінің отын шашып,

Бірінен сұрақшының біреуі асып,

Сыбанып білектерін жақындайды

Тұрмаса шыныңды айт деп қаның тасып,

 

Жетелеп екі-үш шерік ортаға алып,

Жекелеп сұрайды алғаш қолқа салып,

Желкеңде жендеттері отыр деген

Жеріне отырасын қорқа барып.

 

«Жүрдің ғой артық сөйлеп кейде» дейді,

Мынаған сөз әлпетін бейнелейді.

«Қазақтың үкіметке қарсылығын

Жасырмай «ташклинатты» сөйле» дейді.

 

Алдымен шыныңды айтып жалынасың,

Терлейсің қара суға малынасың.

 

«Бұл сылтау, бізді бекер алдадың» деп

Бәлеге қарап тұрып қалынасың.

Білем деп білмегенді тағы айта алмай,

Таяқтың астына кеп алынасың.

 

Алдымен тік тұрғызып қойғызады.

Шақырып екі жендет сойғызады.

Аяқ-қол кісендеулі қозғала алмай,

Бір жола шыбын жаннан тойғызады.

 

Осымен бір тастайды екі сөтке,

Қапаста күңіренесің жалғыз шетте.

Нәр беріп ұйықтатпайды, қашғып кетсең

Соғады тас ұлтанмен екі бетке.

 

Ұйқысыз екі көзің іріңдейді,

Ет жүрек ебі кетіп дірілдейді.

Сұраққа тағы әкеліп апандағы

Аюдай енді саған гүрілдейді.

 

Қаптаған темірменен кереует бар,

Жіңішке, ортасы ой, жан-жағы тар.

Жатқызып соған таңып сабағанда,

Еңіреп даусың шығып жылайсың зар.

 

Үш жерден орындық бар тесіп қойған.

Өткізіп ілгек кендір есіп қойған.

Төрт елі қалыңдығы қамыс палақ,

Тұжырып екі басын кесіп қойған.

 

Кендірді іліп алып білегіңнен,

Тақтайдың ұшын тіреп жүрегіңнен,

Соққанда алақанға жығыласың,

Адасып ақыл-қайрат, тілегіңнен.

 

Тағы да бір тақтай бар қалың шапқан,

Бетіне қанмен сырлап, бояу жаққан.

Жалаңаш құйрық қойып отыр дейді,

Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.

 

Көмірге отырғызып ұсақ шағып,

Қан деген май құйрықтан судай ағып.

Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,

Шыбының шығып кетпей тұрсың нағып.

 

Адамның жаны кетіп денесінен,

Құйрықты алсаң көмір шегесінен.

Тәңірге даусың жетіп күйзелесің -

Тырнақтың ине сұқса көбесінен.

 

Келер деп қашан елім қайғы басып,

Тесіліп әр жеріңнен етің сасып.

Кендірмен бақайыңнан байлап алып,

Басыңды салақтатып қояды асып.

 

Көтертпей денең ауыр жатқан ұйын,

Езіп ап лазыны1 қылып сұйық.

Кеудеңнен табанымен басып тұрып,

Мұрныңнан жібереді суын құйып.

 

Сол кезде ыңыранасың, ышқынасың,

Шықты деп енді жаным қыстығасың.

Көз, мұрныңның бәрінен бірдей ағып,

Түшкіріп, жөтелесің, пысқырасың.

 

Қорлықпен сөйтіп өткен қайран өмір,

Жабысып сасық етке тас пен көмір.

Сыртына екі көзің ойнап шығар -

Салғанда басқа әкеліп қырсау темір»

 

1 Лазы - қызыл бұрыш.

 

Мақсұт өлеңді қолына алып, біраз қайысып:

- Мынау нағыз жан төзгісіз азап қой, - деп отырып: - Адам баласын дәл мұндай қорлау, қинау жазасы жер бетінде ешбір елде, ешқандай үкіметте жоқ болар. Адамды адам табанға салу осыдан артық қандай болады? - деді. Көзінде кек қайнатқан бір от бар еді.

Керімбек:

- Бұл қағаз біреу-міреудің қолына түссе, бәріміздің басымызды жалмайды! Фуженің де көзін жояды. Япырау, алда-жалда бір себептен үкімет адамының қолына өзің түсіп қалсаң, бұны қайтпек ойың болған! -деп Қарымсаққа таңдана қарап отыр.

Таңжарық жайынан үзіліп кете алмай, оған басқа да бір күйлерді қосып ойланып қалған Мақсұт Қарымсақтың:

- Қайран есіл сабазға азапты көрсеткен-ақ екен-ау! - дегеніне орай:

- Бұл бір адамға ғана соны жасап отыр ма еді?.. Жаңағының бәрі тағы сондай сан мың адамның көлдей көз жасы ғой. Ертең мен барсам да, иә басқа біреу барса да көрсететіні сол, - деп, арғы саяси бағдарды түптеп ашып бергендей болды. Бұндай ой-толғаныстан Керімбек те тыс қала алмай:

- Басқа, өзгеңді қайдан білейін, қалпақ киген қазақ ұрандап атқа мінер, бір мінер-ау! - деген. Аузынан «ұран» сөзі шыққанға қарағанда, ішінде шексіз бір уыт қайнайтыны байқалғандай. Тұншықтырып қайнаған амалсыздық, зарығу уыты. Соның ауыр, ащы дерт тынысы сияқты еді.

Ашық есіктен шам сәулесі әлсіз түскен айсыз далаға ауыр оймен көз тастап, енді қайтып үн қатпай отырып қалды. Толқынданып төгілген, мол, сұлу мөлдір қара сақалды, кесек жүзіне келбет берген ерекше кең шекелі, биік маңдайы көтере киген тақиясы астынан шам сәулесінің қызғылт жарығында тұтасымен көрінген ажарлы адам іштей ант байлағандай.

Қарымсақ көзін сығырайта отырып, басын изей түсіп: - Жеткен екен, өзі де жеткен екен... Халық анамның қасиеті мен рухы бір жаққа ұшып кетпесе, дәл-дәл бір толғақ болар жеріне ілініп-ақ келген екен. Ата-бабамның аруағы бақсы боп кеткен жоқ шығар! - деп өз ойын қорытқан сыңай танытты.

Бүгінгі бар әңгіме сырын осымен түйіп тоқтатқанға ұқсайды. Қияқты қара мұрты астынан зәрдей бір суық ызамен тіс басып айтқан серттей сөзінде ішкі тоңы жібімес адамның аумас, саппас белгісі жатты. Мақсұт өз әкесіне өзге емес, тап осы Қарымсақтай адамның әлеуметтік пікірде тағдырлас боп қосылғанын ішінен үлкен бір медеу, қанағат көретін. Құлжадағы «Білім жұрты» оқу ордасында әзірше не бары жеті адамнан құралған жасырын ұйым бар. «Тау түлегі» аталатын аса құпия ұйымның басымен жауапкер басшылары: Байбазар, Сауыт Адбырахманұғлы деген ұйғыр жасы және Мақсұт.

 

Екінші тарау

 

1

 

Күз таңы жаңа атқан. Шеру жұрты отырған Мазы аңғарының ауызындағы дүңген ауылы Мұштайзыдан Мамозы таң ата дүрліктіріп аттандырған қырық-елу атты қолдарына тегіс бір-бір сойыл ала, қарбалас даурығысып, жоғары қарай суыт жортысып кетті. Ұзын көшенің орта шеніндегі биік көк қақпаның алдынан таңғы тыныштықты бұза дабырласып, өрекпіп аттанған бұл топты Мамозының өзі бастап, кең аңғарды өрлеген даңғыл жолмен үйден шыға-ақ, шоқытып шаба жөнеліскен. Мұнан басқа арт жақта кешеуілдеп шыққандар тағы екі-үш бөлек топ болып, алдыңғы шоғырдың ізімен желіге шапқыласып, жолдағы орыс аулы Қарауылдың еңкейісінен үздік-создық құйылып түсіп жатты. Бұлар сол арындаған бойда ат басын он-он бес шақырымдай жердегі Әмен дейтін Шерудің қорасына тіреп бір-ақ тоқтаған. Сол келген бетте-ақ, жол жақ шеттегі қора төбесінде шөптің арасынан селтие шығып, желмен қыбырлап тұрған бір шоқ қылды көріп еді... Алдағы топ соны байқай бере дабырласып, барлығы жапырылып, апыл-ғұпыл асығыс аттан түсті. Үш-төртеуі жабырлай қимылдап, кішкене сатымен шөп қораның төбесіне шығып, әлгі көрінген қылдың тегін еместігіне көз жеткізді.

Алдымен келгені шашақтанып көрінген топ қылды тартып қалғанда, шөп арасынан салаң етіп жылқы терісі шықты... Дүңгендер қатты дабырлай анталап, жерге лақтырылып тасталған теріге жабырласқан. Бұл жоқшылар Мамозы ұрлатқан қаракер бие терісін жазбай таныды. Арғымақ биенің түңіліктей үлкен терісі көздеріне оттай басылған-ды. Мұнан соң бұлар енді анық еркінсіп, екеу-үшеуі ұмтылысып кеп шошаланың төбесінен қарасты да, тынбай шуласып, бірінің артынан бірі секіріп, екеу-үшеуі ішке түсті. Аша-бақандарға саусытып ілген, әлі сорғып та үлгермеген семіз жылқының туырылған сарала жас қазылары мен шұжықтарды көрді. Бір бұрыштан, жүн-жұрқалар салынған ала қаптар арасынан сопаң еткізіп кекілі шығып жатқан басты да суырып алды. Қаны қатқан арғымақ биенің кездей басы көзі шарадай боп ашылған бойда тілін бір жағына тістеп қалыпты. Біреуі оны жаман боқтық араластыра көтеріп алып қол ұсыным төбеден сыртқа қарай серпіп лақтырып, дүрс еткізе тастады. Ауыр бас жердің шаңын бұрқ дегізіп, былш ете түскен.

Бір-екі қазы мен шұжықты да бірі артынан бірін сылқ-сылқ еткізіп, сырттағылардың алдына сермеп тастады. Есік алды бір тұсынан осындай есі шыққан әбігермен асыр сала шуласып жатқанда, енді бірнешеулер есіктен қарбалас таласып, лап қойып ішке кіріп кеткен. Сол бойда-ақ дамбалшаң, жалаңаяқ қалпында намаз оқып, жайнамаз үстінде тұрған Әменге қарай тап берген. Осы бетте бұлар бір-екі жаман боқтықтан басқа ешбір тіл де қатпастан, қаптап ұмтылған бойы үй иесін шалқасынан жұла құлатып, өз тілдерімен шолақ-шолақ бұйыра:

- Жіп әкел!

- Байла, хайуанды! - десіп, жалғыз қазақты кергілей үймелесіп қалғанда, Әменнің үй-іші мынандай сұмдық жат көріністен үрейлері ұша, шуласып кеткен. Таң азаннан тап болған бәледен қатын-бала естері қалмай үрейленіп, шошына шулаған. Өзіне қандай бәленің кез бола жабысқанын Әмен де біле алмай, әп-сәтте артына қайырылып байлана бастаған екі қолын аяусыз жұлқып тартқан кендір жіп бунай бастағанда, шошынған дауысы жарқаштана, боздай шығып:

- Ойбай-ай! Не жазығым бар еді, ағатайлар? Айналайын тақсырлар-ау, мұсылман едіңдер ғой, айтсаңдаршы! - деп шалқасынан жығылған бойда зар қаға жалынып, дем арада нағыз мүсәпірге айналған.

Дүңгендер бұған әлі де бір ауыз тіл қатпастан үнсіз ызамен қаптасып жүріп киімін де өздері жұлқылап киіндіріп жатты.

Тұс-тұстан білгендерінше кергілеп сары тері шалбарының қайыс бауына дейін өздері тартқылап байлап, етігін де әкеп қоңылтаяқ кигізіп, қолбілгі тұтқындары етті. Аққұба жүзінде екі қасының арасы алшақ біткен, қоңыр сақал-мұрты бар әдеміше Әмен әппақ қудай болған.

Бергі жақта қалтиған кішкене денелі, шықшытына дейін айналдыра сақал қойған, қауға сақал, қырыс көзді, сұрқыл Мамозы шаңылдаған бітім бермес, жанжалқой үнімен тынбай бұйрық беріп, қолындағы бүктеулі қамшыны білеп, кәр төгіп тұр. Бұндағы осы қимылмен қатар Мамозы әмірі бойынша сыртта, қора алдында Әменнің жуан торы аты да ерттеліп қалған. Мамозы аттың дайын екенін сұрап білді де:

- Жүр! Алып жүр, малғұнды! - деп өзі есікке қарай ентеледі. Босаға жақтағылар жапа-тармағай Мамозыға жол бере, қарбаласып сыртқа жапырылды. Осылайша ұсталған тосын тұтқынды қатын-баласын шулатқан күйі жан-жағынан сүйрелеп, есіктің алдына ап шығысып еді. Түтіп жердей. Мамозы бағанағы шұжықтың біреуін өз қолымен әкеп боқтап тұрып атқа мінгізер жерде Әменнің мойнына кигіздірді. Сол құбыжық түрінде өзін атқа да теріс мінгіздірді. Сөйтіп кеп, торы атты бірі жетектеп, бірі айдап, көп дүңген Әменді қамалап алып жүріп кетті.

Мамозының бүгінгі бет алысы Әменді Күреге апарып қамату болғанымен, қазір тура олай тартқан жоқ. Бүгін бар Шерудің бір араға бас қосып жиналмақ жері бар-ды. Мазы аңғарынан батысқа қарай екі-үш бел асып түскенде жететін Ақсу өзені бойында бір үлкен ас, нәзір болып жатқан. Қонағасы өткен түні берілген сол асқа қазақ-дүңген бір-бірін бөлмейтін ежелгі салтпен Мамозылар да шақырылып отырған. Ас берген ауыл Керімбектің жақын ағайыны, былтыр өлген Шайық мампаң деген Шерудің бір белгілі кісісі еді.

Мамозы Әменді тура солай қарай алып жүрді. Бұлардың тобы соңғы белдің кезеңіне шыққанда, өзен бойында қара-қиқым болып шұбарытқан, ас берген ауылдың мол қара-құрасы да көрінді. Ақ көбік атып, алыстан сарылы естіліп жатқан үлкен өзен иініндегі сары жазықта жерошақтардың түтіні өлке бойын қуалай, көкшіл мұнарға алдырып, ертеңгі тынық ауада тарап кетпей, жеңіл тұман боп жайыла шөгіп қалыпты. Әсіресе, үйірім-үйірім тоғайлардың маңын ықтап шүйкеленіп қалған. Жамырай қонған отыз шақты үйлі ауылдың осы ас үшін бастарын әдейі тоғыстырып отырғаны білінеді. Ұзақ-ұзақ салқар кермелерде тұрған ерттеулі ат әзірше аз. Қарбалас басталмай тұрып ерттеліп қойылған санаулы аттар алыс жерден қонаға келген сыйлы меймандар көлігі болса керек. Бәрі де жүген, құйысқан, өмілдірік, пыстан сияқты ер-тұрманы күмістелген мінгілер.

Ауыл маңында қым-қиғаш, сапырылысқан жүрістер. Әсіресе, кимешектерінің шалғайы шұбалып, үй-үйдің арасында, қазан-ошақ басында жебей басып жүгірген қызметші, күтуші, асшы әйелдер.

Мамозының бүгінгі дәл мынау әрекеті іргелі елміз деп отырған исі қазақ намысы үшін абырой әпермейтін. Әсіресе, тап мынандай жұмылған зор ниеттің қамы үстінде жақсы ырымның нышаны емес! Рулы елдің төрт көзін түгел бақырайтып, Мамозы солардың бір адамын барынша қорлап, осылайша масқаралай жазалап, топ орталарына таман жеткізе берді. Ал Әмен бұл жерде Мамозыға салғастырғанда кімнің бөтені болмақшы? Шеруге бұрыннан да талай долық ызасы өтіп келе жатқан ымырасыз Мамозы бар да, мына Әмендей ұя бұзбас момын ағайын бар. Және соның сыртында Әмен Шерудің бетке ұстар адамы - Керімбекпен аталас ағайын. Ал осы бір тайпа ел Шерудің болысы Абдолла ақалақшы Әменге әрі жақын қайнаға, әрі құда, сүйек қимас жекжат. Әменнің әкесі Жауынбай ажыдан бері қарай ерсілі-қарсылы құдаласып келе жатқан ескі сары сүйек жекжаттар. Бүгінде Әменнің өз басы кедей болғанмен, Абдолла сол ескі аруақтан аттамай Әмен інісі Әкімбек дейтін жігітке енді өз қызын да атастырып отырған-ды. Сондай жақын, әрі күйеу, әрі құда Әменнің басына мына күн туғанда, Абдолла да қарап қала алмас еді. Және Әменді анық қорғап қалар, ақтаушы сөздер ілезде бірден-бірге тарап:

- Нақақтан күйдіруші бар!..

- Әмен ұрлық жасаса, қара жер орнында тұрғаны бекер, - десіп, ас берген ауылдың үсті бір демде дүрлігіп кеткен.

Мол жиын әп-сәтте бірден бірге қобырасып, Әмен жайынан басқаның бәрін ұмытқандай болды.

Ас беріп жатқан ауылдың өр жақ шетінде, сонадай келіп, иіріліп тоқтаған Мамозының бұл хабарын солар жіберген үш дүңгеннен қазақ жиыны естіген соң, алдымен бұларға бір топ үлкендер келді. Аттарын жай басқызып жақындаған он шақты кісінің ішінде Керімбек пен Абдолла бар. Мамозымен тосырқау сәлемдесіп, Абдолла мен Керімбек келген бойда қатарынан тіл қатты.

- Ой, жол болсын Мамозы мырза! Бұ не жүріс? - Ей, Мамозы! Ердің құны да бітуші еді ғой! Сол емес шығар сенің бұл ісің. Айдың-күннің аманында аспан-жерді әлекке алдырып жүру сенің ата салтың ба?! Неғылды бұл? Айтшы кәне?! Айт тез! - деп Керімбек астындағы атына леп беріп өз тобының алдына таман шыға берген-ді. Мамозы жауабын Абдоллаға сала айтты. Жаңағы естіген сөзіне осқырынғандай танауынан мырс бере, кекесін білдіріп:

- Е, жол болса, жоралғы мол болсын! Не жүріс екенін көріп тұрған жоқпысың?! - деп іле тіл қатып, сөйлей жөнелді. Сөзінің бір жерінде: «Шеру, түнде ұрлық жасап, күндіз тауба қыласың», - деді. «Намаз оқып жатып ұрлайтын малды ойлап отырасың», - деді. Бүкіл ел атын былғай сөйледі. Әмен қолы артына байланып, атқа теріс мінген қалпында әлі ешкіммен бір ауыз тілге келе алмаған. Өзі жазықсыз бола тұрса да, жерге кіргендей боп анау қарғыс шұжықпен бірге шексіз қорлық қамытын мойынға кигендей. Әлі сорғып болмаған жас шұжықтың сыбағысқан тұзды сарысуы тамып өңірін сауыстандырған. Омырауында сәскеде пайда болған шыбындар ұшып-қонады.

Екі топтың бір-бірімен қарама-қарсы беттесе тоқтап қалған жерлері ұйысқан сары шалғынды, кең жазық тепсең еді. Ауыл шетіне келіп әудем жердегі осы текшеге шоғырлана тоқтаған, қолдарына қамшы, сойыл ұстаған топтың басшысы Мамозы қазір қарсы топқа ақилана тіл қатты. Қос бүктеулі қамшылы қолымен бүйірін таяна, кейде Әмен жаққа серпе нұсқап, анық бір өр, асау қиянатпен шапшаң жауаптасып тұр. Үзеңгісін шіреніп кішкене, шарға бойымен ерден көтеріліңкіреп алған. Ол жаңағыдай рулы елді былғай, тіл безей сөйлеп бола бергенде, Абдолла қатаң жауап қатты. Ірі біткен ақ сары жүзі келбетті, тарғылданған зор дауысты, нар тұлғалы, жардай семіз Абдолла:

- Уа, Мамозы ағайын, сөзді қой да, босат бұл адамды! Ұрың табылады, шеш, босат, - деп еді. Өзіне сенімді қырыс қабақты Мамозы көзі қанталағандай болып, танаурап, анық бәлелі бетін әлі де таныта түсті.

- Босат деймісің! Мойнындағы мына шұжық шіріп түскенде босайды! Күреге, міне, тап осы бойында алып бармасам, менің Мамозы атым құрысын! - деп, бүктеулі қамшымен Әменнің мойнындағы щұжықты «салқ» еткізіп салып қалды.

Керімбек Мамозының тоқтамасқа бекіп келген бетін аңдап, оған енді тілек білдіргендей: - Ей, Мамозы! Азырақ сабыр ет! Қазақтың елдік салтын білуші ең. Бүгін ел болып, өлі аруақтың атын атап отырған күніміз... «Өлінің үрейі, тірінің мерейі» деген бар. Соның бәрін аттап өтпей, ұғын да жолыңды қи бізге! Өкпең болса өтеледі, ашуыңды ел-ағайынның мерейіне бер. Мынау ниетімізді таптап кетпей, асынан ас ауыз ти! - Керімбек айтқан бұл жөн, қазақ жөні, Мамозыға бес саусақтай түсінікті. Шеру руымен Мұштайзы дүңгендері, айтса айтқандай, ежелдің ең күнінен қатар жасап келе жатқан көршілес ел. Мұндай бір ас, бір жиын емес, екі жақ та талай-ақ думанды той, дырдулы қызықтардың ортақ, еншілес куәсі болып келе жатқан елдер еді. Бірақ, Мамозы біраз жылдан бері өкіметке мықтап арқа сүйеп алғандықтан, қазаққа бұрынғы, ерте күндегісіндей емес... Бұның әкесі Мадаңзы Шерудің шетіне алғаш жер-су сұрап келгенде, осы Мамозы қолынан жетектеп келген қалақтай қара бала екен. Соңынан ерткен, жатырқауық жас баласы бар кедей Мадаңзы Керімбектің әкесі Әнкежан деген кісіге өзінің жетім-жесірлігін шағып келіпті. Сонда қазіргі Мұштайзы қыстағы тұрған «Ұлан ірге» деген өңірден жер тырнап күн көруіне мекен-жай берген сол Әнкежан бопты. «Ұлан ірге» ежелде қалмақ қойған нәмі өзгеріп «Мұштайзы» атанады... Содан келе-келе жүз үйдей дүңген орныққан Мұштайзының бүгінгі аты әйгілі Мамозысы Керімбекпен бала жасынан қатар өскен. Енді қазір болса Мамозының «кемеліне келген, кер торы атқа мінген» кезі. Қиракезік уақыт жарлығы бүгін оған өз нәубетін арқалатқан.

Осы жақын жылдың ішінде Мұштайзыдан, Мамозының қарамағынан, жиырма шақты үй дүңген бөлініп шығып, Шеруге келіп қосылған-ды. Оның барлығы да Мамозыдан қашып шыққан жалданбалы кедей жалшы диқандар. Қазір әне, анау қазан-ошақ басынан Мамозы соның бір-екеуін анық түстеп таныды. Және олар Шеру ішіне Керімбек арқылы келген болатын. Мамозы үшін, әсіресе, осы іс үлкен бір толғақ болып, қабақ қатырып жүрген ішқұста жәйіттің бірі. Сол Мамозының Керімбекке ендігі берген жауабы Шерудің жеке кісілерімен емес, байтақ елдің елдік намыс, абыройымен алысқандай:

- Шеру, сенің қазаныңнан ас ауыз тию - арам! Құран оқып, нан жейсің, құдайды алдап құдыққа түкіресің!..- деп сөзді шолақ қайыра демігіп, астындағы атын бұра бермек болды. Айналасындағы тырс етпей ұйлығып тұрып қалған көп дүңгенге бір нәрсені әкім қыла, бұйырып өз тілімен сөйлеп жіберді. «Жүр, тарт!» - дегендей болған. Тақымындағы ойқастап тұрған кер арғымақты мойынға салып кетіп, құтырғандай жалт бере бұрылғанда, соңындағы тобы да лап етіп, тұтасымен жапырыла берді.

Шерудің тобы өздерін Мамозының тұралата қорлағалы келгенін жаңа ұғынды. Бұның ішінде Әменнің ең жанашыр деген етбауыр жақынынан оның немере туысы Мұстапа имам бар еді. Әменді бар қазақ алқасының шарай тобы алдынан жыра тартып, осылайша жапа шектіріп алып бара жатқанда, жертабандатқан күйігіне шыдай алмай сол Мұстапа озан сала айғайлап:

- Дүние қара-аң! Дүние қараң!!! - деп жіберді. Астындағы қара жорға атты да бастан тартып-тартып кетті. Көкірегінде Әменді арадағы нақақтан күйдірушінің де қорлық, долығы бар. Аса бір жәбір тапқан, меңіреулікке шағынған үні тосыннан шырқап, бар маңайды жаңғырта қатты шығып кеткен.

Қазақ тобының ішінде Қарымсақ бар болатын. Бағанадан көзін Мамозыдан бір алмай, жымдай қатып, үнсіз қадала сілейген ол Мамозы өз адамдарын лап еткізе бастап, жаппай бұрыла бергенде, атын қатты тебініп жіберіп, кенет ұмтылғанын жұрт енді аңғарды. Тым болмаса қасындағы бірде-бір адаммен қабақ та болжаспай тістене ұмтылып Әменге таман шүйіле берген.

Дүңгендердің топ ортасын қақ жара кіріп, Әменнің атын айдап қаумалаған біреулерді астындағы қара қызылдың омырауымен қақтыра, киіп өтіп, жетектелген шылбырға жармаса кеткен. Енді бір бәленің боларына Керімбектің көзі анық жетті. Бағанадан Керімбек те іс аяғын амалсыз күтуде еді. Қаралы күннің қапалы жайымен дәл не істерін анық біле алмағандай, іштен тына, бір сәт түнеріп тұрып қалған.

Бұл кезде анау асқа тігілген көп үй сыртында осылай қарап тұрған, алқа-қотан жиылған қалың жаяу бар болатын. Орындарынан қозғалмай, осы жақтағы бар қимылды аңди тосып, соңын баққан тұтасқан шоғыр шендесіп үлгерген. Қарымсақ шылбырдан ала бергенде, Әменнің жуан торысын жетектеп алған сәнді киінген қаба сақалды, қызыл бет, қысық көз бай Қарымсаққа қарай ажырая айналып қамшы үйіре берді. Қарымсақ тыңдаған жоқ, оның қолын қағып тастап, қара қыл шылбырды бір-ақ жұлқып тартып алған. Бірақ осы кезде бұл жерге Мамозы да арындап жеткен. Ол да ай-шайға қараған жоқ. Түйіліп келген бетінде Қарымсақты қамшымен бастан тартып-тартып жіберді. Енді екі жақ арашаға жеткенше, Қарымсақ та қарап тұрмады. Бір қолымен шылбырды қымтып ұстаған бойында, қасқая бұрылып Мамозыны қайқайта бұ да екі тартты. Сол-ақ екен, екі қайсар бір-бірінен қайта алмай, әп-сәтте-ақ патыр-бұтыр сабаласа кетті. Бұл аралықта не істерді білмегендей сасып қалған қазақ тобы арашаға үлгеріп киліккенше, дүңген байларының тағы екі-үшеуі Қарымсақты тұс-тұстан ортаға алып қалған. Жан-жағынан қаумаласа, қамап кеп, дәл төрт қамшы батырлата жауғанда алғашында қолы босамай тықсырылып қалған кедейді дем ішінде жүндей түтіп бара жатты. Керімбек пен Абдолла екі жақтан айғайлап жеткенше бұның басынан тұмағы да ұшып түскен. Бет-аузын, маңдайын демде қан жауып бара жатты. Қарымсақ Әменнен ажырамаймын деп жүріп шеттеп шығып, еркін сілтесе алмаған. Міне осы уақытта үй жақтан да жүз шақты атты қолдарына қамшы, сойыл сайланып анталап жетіп үлгерген. Олар төбелеске келе араласып кеткен жоқ. Керімбектердің арашаға жан сала кіріскенін көрген соң, жете бере бәрі де ат басын тартып, шоқтай иіріліп тоқтап қалған-ды. Ағызып жеткен бойда дәл жанжал үстіне мінбелей келіп, тіреле тоқтаған шетінен сайлы, мығым жігіттер.

Бірақ соның ішінен уәделескендей белсенген ірікті үшеу бөліне шығып, Қарымсақты ортаға алған әлгі үш байдың Мамозыдан өзгесін бірме-бір тауып, солармен әп-сәтте қамшыласып кеткен. Егер екі жақтың бірінен енді бір адам қозғалса, үлкен лаң басталғалы тұрғаны айдай айқын еді. Мамозы үш жігіттің мына әрекетін көріп, Керімбекке қатты долықпен тиді. Әсіресе бұл үшеудің біреуі Керімбектің Арыппай деген інісі екенін көргенде, ол атын үсті-үстіне қамшылап жіберіп, тура Керімбекке беттеген. Қамшысын оңтайлап ап, арындап жеткен бойы:

- Тоқтат аналарыңды! - деп қалшылдай ақырып, кере көтерген қамшымен Керімбектің атын бастан салып кетті. Жал-құйрығы төгілген, үлкен ақсары ат дәл маңдай тұс - шекеліктен оқыс тиген қамшыдан ытырылып, ортқып бара жатты. Енді осы кезде қызыққа қарап тұра алмаған былайғы ел бір-ақ лап қойып жіберді. Осыдан соңғы болғаны - әне-міне дегенше кең тепсеңде әр тұста үйме-жүйме боп, апыр-жұпыр басталып кеткен ту-талақай төбелес. Құмырсқаның илеуіндей қым-қиғаш құжынаған ұрыс басталды.

Бұл кезде қазақ жағынан Керімбек пен Абдолла сияқты үлкендердің арашасын да тыңдап жүрген ешкім болған жоқ. Ә дегенде саны аз дүңгендердің алды бір-бірлеп аттан жығыла бастаған. Біреулер шетке алып шығып, Әменді босатып жатты. Жиын ел біраз уақыттың ішінде аз дүңгеннің тоз-толаңын шығарып жіберген. Ішінара қазақтан да аты ойнап шығып, сойылға жығылғандар бар еді.

Сәнді киінген, дүңген салтымен өсірілген қаба сақалды байлардың басы-көзін қан жуды. Соны анық байқаған Шеру руының басшысы Абдолла болыста ес қалмаған. Ертең осы үшін үкімет алдында жауап беретін де осылардай ел билеген адамдар болмақ. Ол ең алғашқы бойдан-ақ, атын тебініп, Мамозыны қатты қорғай әрекет жасаған. Сақалы баудай, өзі қалақтай Мамозыны, жаны аяулы дүңген төресін, ығына алып, жақындаған адамға анадайдан қамшы үйіре, айбат шеге айғайлаған.

Төбелес енді қызып, іріктеліп алған қамшыгерлер жаңа төселе бастаған кезде дүңгендер жағы аздық етті. Екі жақ арашаға енді-енді ғана көне бастағандай. Арашада жүрген тек Абдолла, Керімбектер ғана емес, осындағы жасы үлкеннің барлығы да, шынымен-ақ, аянбай, жан сала кірісіп баққан. Артын ойламай әукеленген кейбір қызба жігіттерді тұс келген шақта солар аямастан басқа ұрып, ес кіргізіп жүрген. Осылардың қатуланған күшімен сабалас қазір бір-бірлеп азая келіп, бір сәтте зорға ыдырап басыла берген-ді. Арашашылардың бағанадан бергі қатты айбат шеге қым-қиғаш зекіріп, ақырған тоқтаусыз тыйымдарымен бар төбелес сирей келіп, енді ғана тыным тауып еді.

Екі топ үн-түнсіз екі бөлек екшеле берді. Босаған аттар қуылды. Мамозы енді бір ауыз тырс етіп тіл қатқан жоқ. Бар нөкеріне таяқты келістіре жегізіп алған қан-жоса бойында, үн-түнсіз түнерген күйде, атын мойынға ұра бұрылып, өз еліне қарай жапырыла жүріп кетті.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2275
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591