Орыс-қытай зұлымдығы
Ресей де, Қытай да қазақты жаулап ала алмаған. Оларда қалыптасқан жүйелі әскер болғанымен шекарадан кірген сайын таяқ жеп шегінетін. Себебі, әскерлері ат үстінде қазақтар сияқты соғыса алмайтын. Империялар бізге тие алмады, бірақ олар кезеңді күтті. Ақыры екі империя жасырын түрде дипломатиялық келісім жасады.
Олар жабайыларды жабайының қолымен қыру әдісін қолданды. Ол үшін екі халықты – қазақ пен қалмақты таңдады. Қалмақты сол кезде екіге бөлді. Бірін Ресей патшалығымен алдын ала келістіріп, Еділ-Жайыққа қоныстандырды. Оларды екі империя да қаруландырып, қазаққа, башқұртқа, Қырым татарларына шабуылдатып отырды. Қалмақтар Керейлерді қуып, олардың отырған Омбы өлкесін патша үкіметіне сыйға тартты. Қазақтар қалмақпен соғысып жүргенде босаған жерлерге орыстар бекініс салып жатты.
Татарлар Ресейдің боданында болатын. Бірақ, қалмақтар татарларды қырғанда Ресей үкіметі тоқтатпады, «Қырыла берсін, жер өзімізге қалады» деген пиғылда болды. Осылайша, Ресей аяусыз геноцидтік саясат ұстанды. Бұл жағдайлар төрт тіл білген, Бұхара медресесінен білім алған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында айтылады.
Ал 1723 жылы 895 000 әскермен қазаққа шауып, халықтың үштен екісін қырып салды. Қазақтың босып кететін кезеңі – осы. Қазақ үшін не өлу, не өлтіру керек болды. Сөйтіп, 1726 жылғы тарихи Ордабасы жиынынан кейін қазақтар бар күшін салып, қалмақты қырды. Еліміз бен жерімізді сақтап қалдық.
Бірақ, Ресейдің миссионерлік саясаты тоқтамады, ол кешегіге дейін жалғасып келді. Мына жағымыздан Қытай, Қырғыз елдері, мына жағымыздан Қоқан, Хиуа, Бұхара жерімізге көз тігіп жағаласумен болды. Ресейдің отарлау саясатынан 47 түркі халқы зардап шекті. Соның 27-сі тарихтан кетті, 20-сы өмір сүріп жатыр, ал 5-і ғана егемендік алды.
Ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлынан алған сұхбаттан үзінді.
Серік Алдан
Abai.kz