Асқардың асқаралы идеялары
Асқар Жұмаділдаев – белгілі математик қана емес, «қазаққа не керек» деген сұрақпен бас қатырып, ұлтына керегін тауып беріп, қажетсізінен баздіруді көксеп, қанатымен су сеуіп жүрген азамат.
Рухани саладағы оның көтеріп жүрген идеяларының лейтмотиві «қазақ технократ халыққа айналуы керек» дегенге саяды. Академиктің аузынан «жазушы, ақын керек емес, олар сырқат, ауру адамдар» деген лебіз шығуының қисыны осыдан. Бұл тіркеске қатысты әркім ойындағысын білдіріп, біреулер тіксіне қарап, біреулер «олай айтпаған шығар» деген сияқты күмән келтіріп жатқан сияқты.
Мен де қазақ жазушыларын беті-жүзіне қарамай, сынап жүргендердің бірімін. Менің байламдарым да Асқардікіне жақын. Қазақ ақындарының көбі өлеңді ойға құрмайды, кімнің неге ұқсайтынының тізімін жасайды. Ғасыр бойы қазақ поэзиясын иектеп алған «күнімсің, айымсың, қайыңсың» штампы жалғасып келеді. Ол баста біреу айтқанды қайталай беруді ешкім қораштық деп санамайды.
Заманауи көркем әдебиет дегенде біздің көз алдымызға әлі баяғыша, жылап тұрған сентиментализм, мұрны желпілдеп тұрған романтизм келеді. Бізде «солай болған, бұлай болған» деп масайрау бар. Артқа қарап жалтаңдай беру бар. «Батырларымыз көсем болған, билеміз шешен болғанды» мың қайталап, жердің кеңдігі мен бабаларының даналығына қанағаттанудан ләззат алып, сағым сезімге бөлену бар. Сығандарша құлағы мен мойнына сары темірді сылдырлатып, «ауылды сағындым» деп, зар илеп тұрған жуан қатынның «әнін» тыңдап, шарапқа масайғандай көзіне жас алып отырудан басқа дүниенің ләззаты жоқ сияқты, қазақ үшін. Қыстаудағы қоржын үй мен қойқора бар. Аздаған тарих бар. Оның өзі бала мен жастың жанын түршіктіретін, негативке толы.
Заманауи өркениет жоқ. Келешекке қарау жоқ. Көк тіреген зәулім үйді мекендеген замандастың бейнесі жетіспейді. «Қала – құбыжық» екенін, «индустрия дегеннің көжеге қатық болмайтынын» миына сіңіріп алған қазақ үшін ғылым, техника, саясат, құқық … көркем әдебиете сипатталатын объект емес.
Қазаққа заманауи проза, поэзия, драма керек. Қазақты келешекке бастайтын салихалы ой, сабырлы идея жетіспейді. Қазақ өнеркәсіпте, индустриялы қоғамда жоқ. Сондықтан қазақтың тілі де, аталған аяларға кіріге алмай отыр. А.Жұмаділдаевтің жаны осыны көріп күйініп отыр. Ол қазақтың заманауи өркениетті, индустриялы қоғамда еркін өмір сүруін қалайды.
Қанағат Жүкешев
Abai.kz