Дүйсенбі, 23 Маусым 2025
Әдебиет 228 0 пікір 23 Маусым, 2025 сағат 12:24

Рымғали Нұрғалиұлы. Өлген тау

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

АЯҚТАЛМАҒАН ТРАГЕДИЯ
(полигон әңгімелері)

Семейде көп аялдаған жоқпыз, әсіресе той иесі Сапарғали Бегалиннің өзі қырға қарай тез жүріп кетуді өтінген соң, Күшікбайдың басына бір ат шалдырып алып, зулап отырып Жидебайға жетіп келдік. Абайдың үйі атандырған еңселі биік киіз үй сыйлы қонақтарға арнайы тігіледі екен. Іші толы адам: облыс, аудан өкілдері өз алдына, Сапарғалидың сексен жасқа толуына байланысты қасына ерген нөкерлері іспетті бір топ адам бармыз: Жүсіпбек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Жаппар Өмірбеков, ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым және мен.

Той иесінің қолқасы облыс өкілін, аудан басшыларын қатты қинады, өздері оңаша шығып, қайта-қайта күбірлесіп, кеңсеге кіріп кетіп, әлдебіреулермен айқайласып, орысша сөйлесіп, жалынғандай, өтінгендей болып, ақыры бір шешімге келген секілді. Негізгі мамандығы әдебиетші-мұғалім, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, елдің, жердің көп әңгімесін судай ағызатын, Абай, Мұхтар шығармаларын жатқа айтып, талай кісіні аузына қаратқан, шешендігімен небір ақын-жазушыны таңқалдырған, ұзын бойлы қара сұр жігіт Бәтташ Сыдықов қилы мінезді, көп сыйлы қонақ күтіп, тіс қаққан, әккі, қас-қабақтан танитын сұңғыла; әдеттегі ақпа-төкпе мінезін сездірмей, райком хатшысына лайық, ел ағасына тән сабыр-салмақпен Сапарғали мен Жүсіпбектің көңілінен шығып, разы етіп жүр. Ыммен, қабақпен талай шаруаны бітіріп жатыр. Шаруа келісілген болу керек, қайтадан жолға шықтық.

Көңілі түсіп, шешілсе, Сапарғали талай қызық, ұзын-сонар, әр қиырға тартатын, мол сарынды, көп әуезді әңгімелер айтушы еді. Арғыдағы Өскенбай, Құнанбай, Абай дәуірлері, одан кейінгі аласапырандар, талай тарам-тарам хикая болып өріледі. Жер атына, зират, бейітке қатысты аңыздар бір төбе. Шыңғыс бөктерінен бұрынғы Дегелең, Абыралы атыраптарына қарай еңкейгенде, Сапарғали тіпті ағыл-тегіл көсіліп отырды. Бұл өңірдің атақты батырлары, дәулет біткен байлары, ерекше жаратылған әнші-күйшілері, реті келгенде жүйрік ат, сылаң тазы, алғыр құсына шейін сөз болды.

Бір оқиғаны екінші оқиғамен шатастырмай, үнемі сабақтастыра, жарыстыра өрбітіп, тіршіліктің көп сырларын, сан алуан тағдырларды көз алдыңа алып келеді, әрбір адамның түр-түсі, жас шамасы, мінез қалпы, сөз мақамы, – бәрі өз орнында, ұзақ романды тыңдап отырғандай боласың, жазығы қағазға түспеді демесең, бас-аяғы жұп-жұмыр көркем шығарма.

Алдағы машиналар тоқтай бастады.

– Бұдан әрі баруға болмайды, – деді облыстан мініп келген «Волганың» шофері, жасы елудің ішінде, өзі салмақты, орнықты адам.

Бәтташ оған жақындап келіп, құшақтап, арқасынан қағып, оңаша шығарып алып, сөйлесе бастады:

– Виктор Тимофеевич, тағы кішкене тақай түсейік, ештеңе бола қоймас, – деді.

– Жоқ! Енді бір адым да ілгері баруға қақымыз жоқ. Мына белгіні көрдіңіз бе? Оның ар жағы тор, өтуге болмайтын тор.

Райком хатшысы күліп жіберді:

– Ойбай-ау, қазір бұл далада не белгі жоқ, не тор жоқ – солар бойынша жүріп, тұрсаң, жан баға алмай қаласыз ғой?

Виктор Тимофеевичтің түсі салқын тартты, даусы қатқыл шықты:

– Сіз бұл белгіні білуіңіз керек. Отпен ойнауға бола ма? Жалғыз сіз ғана емес, аудан халқы түгел қатерлі таңбаны білуге тиіс. Бұл – радиоактивті аймақ деген сөз. Оның зиянын сіз менен жақсы білесіз. Ендеше мен запастағы офицер ретінде халық жазушысының, халық артистерінің, режиссердің, басқа да жігіттердің, сіздің, ең соңында өзімнің өміріме балта шапқым келмейді. Сондықтан кері бұрылуға тиіспіз.

Бұл кезде басқа машиналардағы жігіттер де түгел түсіп, көгалға сырмақ төселіп, кілем жайылып, көрпе, жастық тасталып, алқа-қотан жайғасып, аяқтарын көсіле бастаған.

Жылап ағып жатқан бұлақ суымен Сапарғали, Жүсіпбек, Мәжит беті-қолдарын жуа бастады.

– Балдай тәтті, дәрі-дәрмек, хлор-слор қосылмаған бір жұтсаң шөліңді қандырады, – десіп, кесемен су алып, кезек-кезек ішіп жатыр.

– Ойбай-ау, қымыз ішпейсіздер ме? Өлі суды қайтесіздер? – деп Бәтташ мазасызданып қалды.

Кей кезде Сапарғали мен Жүсіпбек арасындағы әңгіме бізге бейтаныс сарынға ауысады. Олар ешкімді елемейді,  аяқ астынан сұрақ қойсаң, жақтырмаған сыңай аңғартады, сондықтан ондай кездерде сөздерін бөлмеуге тырысамыз. Жүсіпбек баяу ғана ән әуенін, не күй сазын естілер-естілмес тартып отырады. Көбінесе есімін біз білмейтін, дүниеден өтіп кеткен бұрынғылардың, өз замандастарының тіршілік әрекеті, бастан өткендері, әке-шешелерінің тарихы, ескі ауылдың хикаясы, аңшылық-серілік әңгімелері.

Кәукен мен Мәжиттің сыбыры таусылмайды, әсіресе ұзақ жылдар бойы Москвада тұрған Мәжиттің оқымаған кітабы, білмейтін күлдіргі әңгімесі жоқ, ал Кәукен репертуарындағы белгілі тақырыптың бірі – Абай аулынан шыққан өзімен құрдас актердің айтқан сөздері, бастан кешкен оқиғалары. Оның Абай, Аманкелді рольдеріне таласып, бойың шағын дегенге намыстанып, басшы қызметте отыр»ан бойы шағын азаматтарға барып, олардың жауаптарына қанағаттанбай, ақыры «Ара» журналының редакторы жазушы Қанекей Жармағамбетовтен естіген ащы сөзден кейін тоқтағанын ұзақ сонар күлкілі хикая етіп айтудан жалықпайды. Ең соңында Кәукен: «Сол ағаларыңмен айтқан мың қалжыңға былқ етпей, оттапсың, Түйетірсек», – дейді. Түйетірсек – маған қойған аты. Бір сөзбен өлтіреді антұрған. Қойған атын қараңдаршы – Түйетірсек», – деп қарқылдап күліп алады.

Жаппар мен Хамит бірыңғай. Жаппардың қолынан дәптері мен қаламы түспейді, ылғи сұрайтыны жер, су, аң, шөп, тау, өсімдік атаулары, күндіз-түні, жиналыста, отырыста, киіз үйде, машинада жүріп келе жатып, сөйлесіп тұрып жаза береді. Кейде белгілі нәрсенің өзін қайта-қайта сұрайды, бір ақсақалға селеуді көрсетіп тұрып, «мынау не?» дегенде ана кісі, «ту-у, шырағым-ай, қала әбден шаршатқан ба, селеуді білмейсің бе, селеу емес пе, әлде мені мазақтап тұрсың ба?»  деп ашуланған.

Хамит көбіне екі ақсақалды жағалайды, солардың тілін табуға тырысады. Қасым екеуіміз бір жұппыз.

Ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым әкелерінің қас-қабағына қарайды, ол кісіні «аға» дейді, артық сөз айтпайды, арақ-шараптың өзін байқап ішеді, қызу кезде ол кісінің көзіне түспеуге тырысады. Бұл топта өзін еркін ұстайтын, ойына келгенін айтатын – Кәукен. Сапарғали оның аталарын, елін, жерін жақсы біледі, ағаларымен үзеңгілес дос, дәмдес, табақтас болған, тіпті Шәйбай ағасымен бірлесіп аңшылық туралы кітап та жазған, сондықтан шығар, Кәукенді еркелетіп, қалжыңға өзі тартып, күлісіп отырады.

– Сапеке, – деді Кәукен көзі күліп, – сіз осы қалай ойлайсыз, әскери адамдарда бас  бар ма?

– Сондай сұрақ бола ма екен?

– Болғаны ғой, меніңше, әскери адамдарда бас бар деп ойлаймын.

– Мынау данышпандық екен, Кәукен. Әскери адамдарда бас бар дейсің, ә, –деп Сапарғали жымиып күлді. Басқалар да күліп жатыр.

Кәукен басын көтеріп, малдасын құрып, бойын түзеп отырды, қақырынып алды, дауға енді кірісетін бидің кейпіне кірді.

– Күлмеңіз, Сапеке. Әскери адамдарда бас бар дейтін себебім – мынау. Сіздің туған жеріңіз Дегелең тауына, оның маңайына полигон орнату үшін әскери адамдар ойланбады дейсіз бе, ойланды. Жүз рет, мың рет ойланды. Ақыры лайық деп тапты. Елсіз жер. Өзен-көлі жоқ. Шөл. Қу дала, қу медиен. Ата-балаларыңыздың күнәсі де бар шығар, мүмкін, – дей бергенде Сапарғали саңқ ете түсті.

– Ей, Түйетірсек, не тантып отырсың? Қайдағы шөл, қайдағы қу дала, қу медиен, тапқан екенсің Бетпақ пен Кербаланың шөлін. Біле білсең, Баяның не, Қарқаралың не, Шыңғыстауың не, Тарбағатайың не, Дегелеңің не – бәрі бір құйқа, бір атырап емес пе? Бұл менің аяғыма кірген шөгір деп отырмысың, біле білсең, қазақ халқының жүрегіне қадалған оқ емес пе? Жазылмайтын жара, арылмайтын дерт. Бұл зілзаланың басы бар да, аяғы жоқ секілді ғой. Ұрпағыңның қылтасын кесетін зұлматтан қалай құтыласың, тәңірім-ау!

Көп уақытқа дейін Сапарғали түйіліп, тілін тістегендей болып отырды, өзгелерде де үн жоқ. Бір кезде Хамитке иек қағып, бірдеңені әкелші дегендей ымдады. Жолдорбаның ішінен шүберекпен жақсылап оралған дүрбі шықты. Сапарғали орнынан тұрып, ешкімге тіл қатпастан, жота басына көтерілді де, алыстан дөңкиіп көрінген Дегелең тауын дүрбімен қарай  бастады. Тапжылмай ұзақ отырды. Намазға ұйыған діндар мұсылман іспеттес, қаққан қазықтай қатып қалған. Аяғымыздың ұшынан басып, дыбыс шығармай төбеге біз де көтерілдік. Сапарғалида қан жоқ, сөл жоқ, өңі бұзылып кеткен екен.

– Құдайым-ау, бұл не сұмдық?! Дәл осындай болар деп үш ұйқтасам ойыма кірер ме? Дегелең тауын құртып жіберіпті ғой, тауды құртқан! Тау жоғалған! Ұялының шыңы, Әулие асу қайда? Ұзынбұлақ, Қарабұлақ қайда кеткен? Өзен-бұлақ өлген, арнасы да жоқ. Тау құрыған, оның орнында тас-қиыршық төбе жатыр. Хамит, Мәжит, бала кезінде бауырында асыр салған тауларың өліпті! Ата-бабаларыңның зираты да жойылған. Енді ол жерлерді біз ешқашан көре алмаймыз. Бұдан әрі қарай аттап басуға болмайтынын анау белгі айтып тұр, анау қоршау тор айтып тұр, оны мен де білем, неге білмейін... Әй, балаларым, інілерім, о заманда, бұ заман, тау өлгенін көрген кісі бар ма, міне, соған да жеттік, менің атамекенім, туған тауым – Дегелең өлген екен, маған көңіл айтыңдар. – Сапарғалидың көзінен бұршақ-бұршақ жас ыршып-ыршып кетті.

Бұдан кейін Ақбұлақ, Қайнар, Қызылту совхоздарында, аудан орталығы Қарауылда, басқа да жерлерде көп жұрт жиналған, халық жазушысының сексен жасын қошемет еткен талай қызықты бас қосулар, оқушылармен кездесу кештері өткенімен, Сапарғали аса көп қуана қойған жоқ, көбінесе Жүсіпбекпен сөйлесіп, әйтпесе мұрты салбырап, жүдеу кескінде, өз ойына беріліп, топ ішінде оқшауланып қалды. Күтім, сый-сияпаттан кемшілік болған жоқ, Семейдің дала, қаласы сүйікті перзентіне құшағын кең ашқанмен, Сапарғали жүргенідегі ауыр бір шеменді, құса-мұңды, зіл-зала қайғыны еріте алмаған секілді.

Алматыда өткен салтанатты Ғабит, Ғабидендер басқарып, көп жылы сөз айтылып, әсіресе қарт қаламгердің беріктігі, денсаулығының мықтылығы, қайрат-күші ерекше дәріптеліп, Бұқар жырау, Жамбыл жеткен жерге барады деп қошемет көрсетілді. Әлде бәйбішесінің, әлде ұлы Мәжиттің өлімін көтере алмады ма, Сапарғали тоқсанға ілікпей күрт кетті. Әлде ол туған жері – Дегелең тауының өлгенін көтере алмады ма екен?..

Рымғали Нұрғалиұлы

Abai.kz

0 пікір