Айбалта
(эссе)
Қазақтың жаңа тарихының Хан Тәңіріндей ұшар-шыңы – 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі. Бұл ақиқатты мойындамау – Құдайды жоққа шығарумен пара-пар – аса ауыр күнә! Ұлтымыз тәуелсіздік туын тіккен тұстағы есіл еліміздің жүген-ноқтасы мен тізгін-шылбыры кездейсоқ қолына тиген тексіз басшы осындай албасты басқан батпанды арқалап кетті...
Әлем тарихындағы «Алғашқы отты қарулар пайда болғанша, жер бетінде Көшпенділерге тең келетін күш болған емес» – деп, қанық дәлелденіп, анық жазылған мәліметті білмейтін тарихшы кемде кем, жер бетінде. Төл дәуірінің еркесі, Ұлы Даланың серкесі болған қазақтың қаһарлы рухы мен алдаспан қылышынан сескенген қара қытай – қазаққа ғасырлар тезінде жайсаң жібектерімен тынымсыз салық төлеп, ақырында, амалсыздықтан «Қытай қорғанын» соғып алды...
Біз бордай езіліп, келешегінен күдер үзген күдікшіл жұрт емес, тарамыс тарих сахнасында дұшпаны – жасқанған, басқаны – басқарған, билеуші елміз! Әбіш әулие (Кекілбай) әңгүдіктің аузына: «Біздің арғы-бергі тарихымызда біз ұялатындай ештеме жоқ» – деген алапат уәж де салып еді...
Тым-тым қиянда, сонау 1480 жылы Мәскеуді жаулап алуға Үлкен Орда xаны Аxмет жорыққа шығып, ханның аттанған сапарын, келе жатқанын естіген III Иван тығылатын тесік таппай, шыж-быж болады. 250 жыл бойы Алтын Ордаға сөзсіз бағыну, құлша бас ұру – орыс княздерінде қалыптасқан дәстүрге айналған болатын. Әттең, ішкі іріткі мен сыртқы құрықтының кесірінен жалбыр шаштың уысына 1847 жылы түсіп қалып, 1991 жылы темір құрсауын талқандадық. Тарихи таразымен небәрі 144 жыл ғана – тұтам кезең... Марқасқа ұлттың рухы тозатын, жігері азатын ұзақ уақыт емес. Дүшпан ел жүз жылға жуық уақыт өтірікті – өсіруге, өскелеңді – өшіруге талпынды. Бірақ, Құдайдың құдыретіне – құбыжықтың құқайы өтпеді. Азуын ашқан – қан жұтып, білек сыбанған – шаң қапты. Сұмырай советтің «мызғымас» мәселін тарыдай шашып, тып-типыл, жермен-жексен қылдық...
Тарихтың тар жол, тайғақ кешлерінде мың өліп, мың тірілген Қазақ жұрты болашағына – үмітпен, келешегіне – сеніммен қарауға құқылы еді. Ата-бабаларымыздың бостандық сүйген асқақ арманы – еңсемізді көтергенімен, етегімізді жия алмадық. Дереу буынымыздың бекіп, бұғанамыздың қатаюына – тексіздің тепкісі мен арсыздың араны қақпан салды. Отыз қасат қар ерісе де, еріккенің ісін қылып, еңісте тізе түзеуге мәжбүрміз. Тар жол, тайғақ табан...
Бүгінгі берекесіз озбыр орыс – кешегі патшалық және советтік бишігештердің қазақ тарихын талқандап, тонын айналдырып, өтірік жазып шыққанын білсе де, білмеген сыңай танытып, сасық аузына келген запыран төгуін тия алмай, «Бүкірді – көр ғана түзеп», ағаш табытқа тобырымен түсуде...
Алаңдасқан алты ел қиын-қыстау өткелден аман өту мақсатымен күш қосып, білек біріктіруге мәміле қылып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) құрған. Алдағы жылдан бастап, үш жыл бойы аталған ұйымның Бас хатшылығына қазақ баласы Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Иманғали Тасмағамбетов – қазақтың Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент Әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім (оңтүстік, солтүстік, мұнайлы астаналар), төрт рет Премьер-министрдің орынбасары және Премьер-министр қызметін атқарған әрі Ресейдегі бұрнағы қазақтың елшісі.
Тасмағамбетовтің тағайындалуы – отыз жыл бас астаудан опыра асап, астың – дәмдісін ішіп, киімнің – сәндісін киіп, әбден дағдыланып қалған Кремльдің күшіктері мен назарбайдың мысықтарын шырт ұйқысынан шошытып оятты. Өйткені, қазақтың баспанасын қиратып, «Шаңырақ»-тарын шайқалтқан; балалардың балдай тəтті күлкілерін ұрлап, «Бақай»-ды боздатқан – қатардағы көп әкімнің бірі, айрықша – қазақшыл, мейлінше – ұлтшыл Тасмағамбетов емес, елдегі құзырет пен билікті бір өзінің қолына жинап-ұстаған, отқа салсаң – жанбайтын, суға салсаң – батпайтын НӘН екендігін түсінуге артық ақылдың керегі жоқ. Сөз жоқ, бір адамның ажалы да – орны толмас орасан қасырет. Қандай құзыретті болса да, ешкімнің адам өмірін қиюға – құқы жоқ. Демек, Назарбаевтың тура нұсқауынсыз бір оқ атылмайтын елде ойлы қазақтың: «Нұрсұлтан Назарбаев «Шаңырақ» пен «Бақайды» полицияның қолымен қиратып, Иманғалидай қазақы азаматқа жала жауып, қара жамап, тарихи қылмыскер қылуға бар күш-жігерін жұмсады» дегені – нағыз шындық. Бір ақиқат бар, ол: 1986 жылғы – Желтоқсан, Шаңырақ пен Бақай; 2011 жылғы – Жаңаөзен, 2022 жылғы Қаңтар құрбандарының обалы – Назарбаевтың ғана мойынында!
Ортағасырлық қыпшақ ақыны Сәйф Сарайдың тәмсілдерінің бірінде бір атақты балуан үш жүз алпыс түрлі күрес тәсілін біледі екен. Әр күні әртүрлі тәсіл қолданған. Шәкірттерінің ішінен бір көркем жігітке ықыласы ауып, үш жүз елу тоғыз түрлі күрес тәсілін үйретеді. Жігіт биік дәрежеге жетіп, абыройы асқақтайды, елде балуанның баршасын жыққан жас науша патшаға келіп: «Ұстазымның менде тәрбие хақы бар, бірақ, қуат және өнерде одан артықпын», – дейді. Бұл сөз – патшаға ұнамай, «Күрестіріңдер!» – деп бұйырды. Арнайы арена әзірленіп, мемлекет қайраткерлері, әмірлер мен уәзірлер, ақсүйектер мен мырзалар жиналады. Жігіт есірік піл сияқты шабаланып: «Темірден тау болса да, жерінен қопарамын», – деп дандайсиды. Ұстазы шәкіртінің өзінен күш-қуатының артық екенін біледі. Бірақ, ол бір тәсілді жасырып қалып еді, сол амалды қолданады. Жас жігіт қорғана алмай, ұстазы оны жоғары көтеріп, ауадан жерге ұрды. Халық шулап кетеді.
Сұлтан: «Ұстазына шапан жауып, сыйлық беріңдер», – дейді де, жас жігітті: «Сен ұстазыңмен таластың...», – деп кінәлайды. Жігіт: «Ол менен күш жағынан басым болмады, бәлкім, күрес тәсілінен біреуін жасырып қалған, сол арқылы жеңіске жетті», – дейді. Сонда ұстазы: «Расы, мен бір тәсілді – бүгін үшін жасырып едім. Себебі, данышпандардың: «Досыңа сондай дәрежеде жәрдем ет, кейін дұшпан бола қалса, сені жеңе алмайтын болсын» деген сөзін естігенім бар-ды», – дейді...
Қара басқанды – қараламай, бәле жапқанды – алалмай, мүдде табар тура жол таңдап, қасыретті қаңтар қырғынында «қызметімнен алып тастады» деп пендешілік өкпесін торлап жатпай, қазағына жаны ашып: «Тақсыретті сәтте шыбын жанын қорғап, тағын тастап кетпей, қазағын сақтап қалған Тоқаевтың айналасына бірігіңдер!» – деп, дауысын шығарып, дәргейін танытқан жалғыз саясаткер де жұмыссыз Иманғали Тасмағамбетов болды. Мұның өзі Жүсіпбек Аймауытұлының: «Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ беттің керегі жоқ, адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек» дегенінің айқын дәлелі. Күні кеше анасының ескі үйіне барып, қора-қопсысын тазаласып, қарапайым болып көрінген бүгінгі моңғол басшысының ел қазынасын көртышқандай кемірген көмір ұрлығына қатысып, елінен бір түнде қашып кеткен шындығы мен сұмдығы – бізге терең ой салуы керек.
Биылғы Президент сайлауынан бес күн бұрын Иманғали Тасмағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевты Тоқаевты қолдауға шақырып, халыққа үндеу тастағанда, жауырыншы жұрт: «Мүдделер қайшылыққа түспей, қоғамдық-саяси ахуалды ушықтырмай, тұрақсыздыққа ұрынбау үшін екі ірі саясаткер бір тоқтамға келіп, саяси алаңды ынтымақпен бөлісті» – деп, сәуегейлік жасады. Шындығында, халыққа жол нұсқарлық даналықтың дәніндей бекзат әрі білікті, әдепті және мәдениетті, ұстамды да ұлықты, қанатты һәм қайратты адамды Абайдың «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл: татымсызға қылған болыстық – адамды бұзады» деуінде – терең мағына, биік міндет жатыр.
Дәп бүгін – геосаяси қақтығыстар ушыққан, Ресей Украинаға басып кірген, Қытай мен Тайуан таласқан, Пхеньян мен Токио тартысқан, әзербайжан мен армян алысқан т.б. әлем әлемтапырық күй кешкен қиямет кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) Бас хатшы болу үшін – ақыл мен сабыр аздық етеді, қулығы мен қитұрқылығына құрық бойламайтын еларалық саясатта сырбаз сұңғыла болуың керек. Дөңгеленген дүйім дүние – беймәлім сойқан індеттің, жойқын қасыреттің құрсауында. Тұйыққа тірелу, құрдымға жұтылу, азып-тозу – таяқ тастамда! Мұраттары бөлек елдер арасындағы алауыздыққа тосқауыл қою жолында – тастай беріктікпен қатар, мықты мінез, мақсатшыл қасиет, салмақты бедел қажет.
ҰҚШҰ-ның соңғы басқосуында Қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ресей мен Украинаны бітімге келу үшін бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді, деп ойлаймын. Кез келген соғыс – бейбіт келіссөзбен аяқталады. Орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу үшін бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек», – деп, тор құрып, ор қазуды доғару қажеттігіне меңзеді.
Тегінде, Тасмағамбетов – мәмілешіл (компромистік) тұлға. Диалог құруға – дәргейлі, серт жасауға – сенімді. Қауіпсіздік алаңының шеңбері мен шекарасын біледі. Елші болған тұста даулы сөз, суық жанжал туындатпаған Имекеңе орыс мұжығы мықты мейірім, қымбат құрметпен қарайды.
Табысты дағдарыс-менеджерінің ортаға оралуы – Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жаңадан айқындап, жақсарту ниетіндегі соншама сәтті, мейлінше лайықты кандидат. Саяси салмағы (Тоқаевтың маңайында салмақты ешкім жоқ) мен тәжірибесі мол, ұстамды да ұғынықты дипломатиялық дағдылары бар Тасмағамбетов – латын графикасына көшуге күмәнмен қарағанымен, қазақтың ұлттық мүдделерін қорғайтын сөзсіз ұлтшыл тұлға әрі ана тілінің шынайы жанашыры. Тасмағамбетовты «ескі кадр» дегеннен гөрі – топ ішіндегі «есті кадр» деп атаған әділірек болады, қазақтың қазіргі алмас жүзді айбалтасы...
Мен білетін Иманғалидың саяси өмірі – ешқашан тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болған емес. Иманғалидың жауы көп болатыны – мінезі тік, шешімді сөзі шеген құдықтай, болмысы бірбеткей. Сұңғыла саясаткер жайлы былдыр-батпақтар – қуырдақтың көкесі мен түйенің өркешін көрмегендік. Қалың орамды Құңзы (Конфуций, «Күн Ұстаз»): «Сені түсінсе – бұл бақыт, сені жақсы көрсе – бұл үлкен бақыт, ал, сен өзің жақсы көрсең – бұл нағыз бақыт» – деп қайырады. Адамзаттың шынай құндылықтарын әспеттеп, демократиялық үдерістердің тың серпінін таңдаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сірә, бірден-бір көрегендік шешімі – Арарат тауларында естілді...
Түнеукүні орыс басшысының «Ресейдің жолбарысы ешкімге дес бермейді. Әлемдегі ең ірі жолбарыс Қиыр Шығысты ен жайлап жүр» – деп кеудемсіген сөзіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Тарғыл мысықтың тегі бір болғанымен, төресі – Тұранның жоян жолбарысы, алапат аласапыран мен қым-қиғаш қуғын-сүргіннің құрбаны болған Ұлы Даланың жойқын жыртқышы, ілкімді ілбісі сол» – деген уытты уәжіндегі «Тұран» деген екпінді сөзінің астарында айқын мақсат, ұлы мүдде жатты.
Тұнығы мөлдіреп, сабыры мен саялы қалпына түспегеннің – тайғанақ құздардан қол ұстасып өтуге жарамай қалуы – табиғи құбылыс. Сондықтан, Түркі дүниесін тұтастыру ниетіндегі «Түбі бір түркілер» ұранының жақтаушысы, әрдайым батыр бағыт, батыл сөз ұстанған Тоқаев «арпа ішінде – бір бидай»-дай жалғызсырап жүрмейтін болды, бұдан былай... Ізгілік жолы мен кісілік келбеті айқын тұлғаның көкірек көзі ашық, тау бұлағындай төгілген көркем ой, шешен тілінен, жүйрік сөзінен, қымбат қадет-қасиетінен – Тұран жолбарысының ыстық демі, жоян тарғылдың тынысы анық сезіле бастады...
«Жаңа Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстан» бағыттарының бағдаршамы – халықтың қолдауына ие болатын ұлттық мемлекет құруды шегелеуге және демократиялық дамуды тұрақтандыруға даңғыл жол ашады. Саясат түзелсе, экономика түзеледі. Саясат өзгерсе, отаншылдық пен мемлекетшілдік адал қасиет оянып, кадрлар мен кадрлардың сана-сезімі де өзгереді. Дауылша үдеген жемқорлықпен жалғанды жалпағынан басып, «Борсық – ұрған сайын семірген» көк аттылардың – ризық-несібесі оңынан үйірілген сасық байлықтың қожалығынан біржола ажырап, үйілген аткөпір қоқысты тазартатын кез келді. Тыңдайтын құлақ, ұғатын зерде, пейіл-құлық тапқан елдің талқысы мен таразысының құны кетпеу керек. Отыз жылда отқа оранып, атымен жоғалып кеткен – ақылдасу, пікірлесу, тәжірибе бөлісу дағдысын жандандыру керек. «Ештен – кеш жақсы», сабырдың ауылы – сабасына, қанағат дорбасы – қабасына тым кеш түсті. Басылған кеуде, ашынған пенде – бір емес, бірдей де емес. Асқазаны алты қасық ботқамен бітетін пендеге көп нәрсе сыймады. Мәміле де, май да керек. «Қырық жыл – тоқшылық жоқ, қырық жыл – жоқшылық жоқ» дегені бар, байрақты бабамыздың...
Іргедегі іріген іс, мәнсіз соғыстың кесірінен триллондары тәрк кеткен қазақ – аталған бітімгер ұйымның жұмысына қан жүгіртіп, дереу өркениет өрісіне бет бұрғызуға талпынуы керек. Қазақтың мұраты қадымнан біреу: бірлік пен береке. Барар жол – алыс, алар үлес – тартыс. Міржақыптың:
«Сұлу мінез, ақ жүрекпен – артық ең,
Қазақ атын – шылбырдан сан тартып ең.
Біз ұмытсақ, өлмес айғақ – тарих бар,
Атамыздай болған сабаз қартым ең» – деп, сөгілте-төгілте босайтыны бар. Бұтын талтайтқанды – найза сұққандай, жүнін қампайтқанды – ине жұтқандай күйге түсірген көнекөз көмбе-қариялармыз: «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңда болсын!» деген. Уәж дөп: айбалта – жанымызда, рух – қанымызда! Хас дұшпан қарсы келсе, айбалта жүзінің жарқылына; тарысы кемісе, атой-қуаттың тартуына түседі...
Мыңжан Байжанин,
қоғам қайраткері, публицист
Abai.kz