Жұма, 22 Қараша 2024
Қаңтар оқиғасы: 4771 0 пікір 4 Қаңтар, 2023 сағат 14:10

Қаңтар келді тағы да...

"Қасіретті қаңтар" оқиғасына тура бір жыл. Қаңтар оқиғасына әлі толық баға берілмеді. БАҚ-тың "Қаңтар оқиғасы", "Қаңтар көтерілісі", "Қаңтар төңкерілісі", "Қаңтардағы наразылық" деп түрлі терминмен атап жүргені де сондықтан.

Қаңтар оқиғасының бастамасы әлеуметтік мәселелер болды. Еліміздің Батыс аймағындағы 2022 жылдың 1-қаңтарында газ бағасының күрт өсуі мыңдаған халықтың наразылық білдіріп, алаңдарға шығуына себепкер болды. Халықтың басым бөлігі көлігіне сұйытылған газ құятын болғандықтан, көгілдір отынның бағасы маңызды еді. Газ бағасының екі есе шарықтап кетуі қалтаға екі есе салмақ салатыны түсінікті. Халық бағаның аспандап кеткеніне наразылық танытып, алаңдарға беттеді. Жұмыс орындарын тастап, қарсылықтарын білдірушілер саны артты. Президент мәселені реттеу үшін арнайы комиссия құрды. Алайда наразылық тоқтаған жоқ. Газ бағасының күрт өсуін сарапшылар "саботаж" деп атады. Батыс Қазақстан бойынша наразылық акциялары күшейіп, 4-қаңтарда ел бойынша барлық ірі қалаларды қамтыды. "Газ-50" ұраны саяси талаптарға ұласты. "Үкіметті тарату" талаптары айтылды.

Қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні Қазақстанның ірі қалаларында наразылық акциялары күшейді. Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Талдықорған, Семей және басқа қалаларда халық мыңдап алаңдарға шықты. Әлеуметтік түрлі талаптар айтылды. Азық-түлік бағасының қымбаттығы, баспана мәселесі, жұмыссыздықты шешу талаптары қойылды. Наразылықтың соңында тәртіп сақшылары мен наразы халық арасындағы қақтығысқа ұласты. Тәртіп сақшылары алаңдарға жиналған халықты тарқату мақсатында көзден жас ағызар газ қолданды, кей тұста резеңке оқ атылды. Бұл қақтығысты ушықтыра түсті. "Бейбіт ұранмен шыққан халықты арандатып, бейбіт митингті қақтығысқа ұластырған кәсіби арандатушы топтар болды" дейді мамандар.

Ірі қалаларда оқ атылды. Наразылық білдіргендер мен тәртіп сақшылары, әскерилер арасында көз жұмғандар жайлы ақпарат тарады. Елде интернет өшірілді. Ақпарат алу қиындай түсті. Әлсін-әлсін интернет пайда болған сәтте мемлекеттік ғимараттарға шабуыл жасалғаны жайлы суреттер, видеолар әлеуметтік желіде тарап жатты. Мемлекет басшысы бірнеше мәрте үндеу жасады. Президент Тоқаев Алматы мен Маңғыстау облысында жағдайды реттеу үшін төтенше жағдай жариялады, артынша төтенше жағдай ел бойынша жарияланып, күшіне енді.

 Казахстан пережил самый масштабный и тяжелый кризис за всю историю независимости

Президент "елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін" деген мақсатпен ҰҚШҰ күштерін Қазақстанға кіргізу туралы үндеу жасады. ҰҚШҰ тарихындағы алғашқы бітімгерлік күштер миссиясы мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетеді делінді. 6-қаңтар күні Алматыда антитеррор операциясы басталды. Мемлекеттік билік елде бүлік жасап, билікті басып алуға тырысушы күштер барын айтты. Операция бірнеше күнше созылды.

"Қасіретті қаңтар" оқиғасында 238 адам қаза тапты. Қаза табушылардың саны осыншалықты көп екені кейін белгілі болды. Алайда нақты сандар айтылмаса да, 2022 жылдың 10-қаңтарында ел бойынша Аза тұту күні жарияланды. Қаза тапқандар арасында тәртіп сақшылары, әскерилер, бейбіт тұрғындар мен бейбіт митингті қарулы қақтығысқа ұластырған арандатушылар да бар еді.

Қанды қаңтардан кейін ауыр күндер басталды. Тұтқындау, қинау, заңды белшеден басып, тергеу жүргізу жайлы фактілер анықталды. Қоғам түрлі ақпараттан есеңгіреп жатты. Әлі нақты бағасы берілмеген, әлі талай ақпараты айтылмаған "Қасіретті қаңтарға" да бір жыл...Міне, тағы қаңтар келді...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282