Қазақстан әскерінің қауқары қандай?
2022 жыл әлемде милитаризм саясатын қайта күшейтті. Әлем елдері жаппай қарулану процесіне бастады.
Ресейдің Украинаға ашық агрессиясы әлем елдерін қорғаныс саласына көбірек назар аударуға итермеледі. Жаһан жаппай қарулануда. Жаңа қырғи-қабақ соғыс басталды десек те болады. Бірінші қырғи-қабақ соғыста алты құрлықта түрлі қарулы қақтығыстар болды. Жаңа текетірестің тарихы да соған ұқсас болуы мүмкін.
Украина даласында әлемнің екінші әскерінің танктері өртеніп, сарбаздары үйінді астында жатыр. Ұшақтары құлап, кемелері суға батуда. 2022 жылдың 24-ақпанында “Ресей әскері жеңілмейді” деген аңыздың аяғы аспаннан келді. Жеңілуде. Рейтингте 22-орында тұрған әскерден жеңілуде.
2020 жылы Армения мен Әзербайжан арасында соғыс болды. 44 күнге созылған қан майданда Баку басқыншыдан отарланған жерінің басым бөлігін қайтара білді. Ереван еріксіз бітім сұрады, “келісім” деп жанұшыра Путинге қарайлады. Путин тас-талқан болған Армения әскерін толық жойылудан құтқарып қалды. Бітімгерлік күштерін кіргізу туралы үшжақты келісім жасалды, соғыс аяқталды. Армения Әзербайжаннан оңбай ұтылды.
Сарапшылар бұл екі соғысқа салыстырмалы талдау жасап, жеңіліс себебін іздеу үстінде. Армения толық ресейлік қарумен қаруланған, әскери техникасының басым бөлігі ресейлік һәм КСРО кезеңінен қалған темір-терсек. Ресей әскері толықтай дерлік өзінің күшіне сенуге тырысады. Қазіргі Ресей әскерінің әскери әлеуеті сол КСРО-дан мұра болып қалған техниканы модернизациялау мен өзіндік өндірісіне арқа сүйейді. Дей-тұра мақтаулы Ресей қаруы Қарабақта Израиль, Түркия, Пәкістан қаруымен жарақтанған Әзербайжан әскеріне қарсы қауқар көрсете алмады. Ал Украина соғысында Киевті үш күнде аламыз деген Кремль әлі жоспарын іске асыра алмауда.
Батыстық үлгідегі әскери стандартқа көшуді бастаған Украина әскері ұрыс даласында өзін судағы балықтай сезінуде. Бетпе-бет ұрыста бәсі жоғары, артиллериялық соққы алмасуда Батыстың 155-ммтрлік зеңбірегін алып, таразы басын теңестіре білді, ал зымыран кешенінде дәлме-дәл соққы жасайтын зымыран кешендерімен нәтиже көрсетуде.
"Ресей әскері реформаны сөз жүзінде жасаған, ал шын мәнінде шабуыл жасау тактикасы кеңестік дәуірден алшақ кетпеді" дейді мамандар. Ресей әскерін сынайтын жағдайымыз жоқ. Себебі Қазақстан әскерінің басым бөлігі ресейлік және кеңестік қарумен жарақтанған. Әскери техника тұрғысынан Кремльге тәуелділік бар деген сөз.
Globalfirepower 2023 жылдың басындағы әскери рейтингті шығарды. Рейтингте Қазақстан 63-орында тұр. Не алға жылжу, не артқа кету жоқ. Бір орында қатып тұр. 145 елдің ішінде бұл жақсы көрсеткіш дей алмаймыз. ОА елдерінде рейтингтің көш басын Өзбекстан бастап тұр, алайда өткен жылмен салыстырғанда Ташкент рейтингте 10 позиция төмен түскен.
Globalfirepower 60 түрлі өлшем, оның ішінде халық саны, әскери резерв, әскери техника, қару сатып алу мүмкіндігі және басқа өлшемдерге қарап рейтинг жасаған. Рейтингті жасау барысында ядролық қарудың бар-жоқтығы есепке алынбаған. ОА елдері әлі күнге кеңестік-ресейлік көзқараспен қорғаныс саласын құры, әрекет етуде. Ал заманауи қақтығыстар оның ескірген жүйе, әдіс екенін көрсетіп берді.
Асхат Қасенғали
Abai.kz