Қуаныш Жиенбай. У (басы)
(қаз-қалпында)
Несіне жортақтататыны бар, мәселеге бірден көшсек немене, біреу біздің шапанымызды шешіп ала ма?! Ой-хой, осы бір түкке тұрмайтын шектен шыққан «сыпайыгершілігіміз-ай»! Қайталап айтайын, табан астынан мүләйімси қалатын тым «ұялшақ» мінезден талай мәрте таяқ жесек те, әлі күнге дейін осы сорақылыққа нүкте қоя алмай-ақ келеміз. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!..» Дейміз-ай келіп, дейміз. Сөйтеміз де жеме-жемге келгенде, әлгі «батырлығымызды» ұмытып, жаңа түскен келіндей сызыламыз да қаламыз; бет моншағымыз үзілердей аспанға емес, аяғымыздың басына қарап міңгірлейміз. Міңгір-міңгір, күңгір-күнгір... Тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұрған ойды да бүкпесіз, ашық әрі қарапайым тілмен жеріне жеткізе айта алмаймыз. Осының кімге керегі бар және кімге пайда?! Міне, ойламаған жерден сол «кесел» алдымнан тағы да андағайлап шыға келді.
(қаз-қалпында)
Несіне жортақтататыны бар, мәселеге бірден көшсек немене, біреу біздің шапанымызды шешіп ала ма?! Ой-хой, осы бір түкке тұрмайтын шектен шыққан «сыпайыгершілігіміз-ай»! Қайталап айтайын, табан астынан мүләйімси қалатын тым «ұялшақ» мінезден талай мәрте таяқ жесек те, әлі күнге дейін осы сорақылыққа нүкте қоя алмай-ақ келеміз. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ!..» Дейміз-ай келіп, дейміз. Сөйтеміз де жеме-жемге келгенде, әлгі «батырлығымызды» ұмытып, жаңа түскен келіндей сызыламыз да қаламыз; бет моншағымыз үзілердей аспанға емес, аяғымыздың басына қарап міңгірлейміз. Міңгір-міңгір, күңгір-күнгір... Тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұрған ойды да бүкпесіз, ашық әрі қарапайым тілмен жеріне жеткізе айта алмаймыз. Осының кімге керегі бар және кімге пайда?! Міне, ойламаған жерден сол «кесел» алдымнан тағы да андағайлап шыға келді.
Тоқ-таң-ыз, мен қара сөздің майын ішкен ақын-жазушы, не журналист емеспін. Бірақ бала күнімнен теледидарда диктор болсам деп армандағаным рас-ты. Қолымнан келгенінше соған талпыныс жасап бақтым. Белгілі бір уақытта көгілдір экраннан жарық етіп шыға келетін қазақтың қаракөз қыздары неткен бақытты дейтінмін. Бұл менің ішкі қызғанышым, көре алмаушылық дегеннен ада, таза пейілден туған қызғаныш. Бір жағынан адамды жігерлендіре түсетін қозғаушы күш десем де қателесе қоймаспын. Себебі, жүректің арғы түкпірінен бұрқ-сарқ қайнап шығатын сезім толқыны бір тылсым құпиялығымен: «немене, экраннан көрініп жүргендер сенен артық па?! Сенің де түр-түсің келісіп тұр, қараторының әдемісісің» деп үздіксіз сыбырлаған секілді болады. Кейде «көңілдің көк дөненін» ерттеп мініп, қызды-қыздымен ертең-ақ сол мұнтаздай жинақылықпен киінген, беттеріне аздап опа-далап жаққан, жасандылау болса да оларын білдірмеуге тырысып, миығынан күліп сөйлейтін бейтаныс құрбыларымның орнын мен алмастыратындай сезінетінмін. (Мәңгілік не бар, дөңгеленген дүние. Бірде болмаса бірде біреуінің декреттік демалысқа кетуі де мүмкін ғой). Жә, көгілдір экран жайын сәл кейінірек қаузармын. Айтайын дегенім, жұтынып тұрған сөз маржандарын қағаз бетіне төгіп тастайтындай шеберлігім болмаса да, жазуға ептеген ебім барлығын сездіру еді. Сондықтан мына шатпағымның өн бойына әлдекімнің «қолы тиген шығар» деген дүдәмал ойдан аулақ болыңыз. «Өз сөзім-өзімдікі...»
Жастар газетінде қызмет істейтін ағайым (ол кісімен бірнеше айдан бері таныс-біліс боп қалғам) жасыратыны жоқ, редакция табалдырығынан аттағанда көңілсіздеу қабылдады. Және бүйе шағып алғандай, «...отыз бет, отыз бетті қай жерге сиғызбақпын. Роман жазып әкелгеннен саумысың, ондай болса әдеби журналдарға барғаның жөн ғой» деп менен оп-оңай құтылғысы келді. (Адамның пейіл-ниетін бірден аңғаратын жасқа келдік қой). Ішімнен бір ересен қайсарлық тайфун тәрізді барған сайын қарсылық көрсетіп келе жатты: «Отыз бетте тұрған не бар. Оқырман хаттарымен жұмыс істеу үшін айлық алып отырған жоқсыз ба?! Алдымен оқып көріңіз, жарамайды десеңіз қайтып әкетермін. Сізге «басасыз, міндетті түрде басасыз!» деп міндетсіп тұрған кім бар. Бұл менің басымнан өткен шындық, иненің жасуындай қоспасы жоқ, көзіммен көргенді, қолмен ұстап тұшынғанды, жүрек сүзгісінен өткізген жағдаяттарды ғана баяндадым».
«Әркімнің бастан кешкен «хикаясын» жариялауға мүмкіндігіміз бола берсе... Жастар саясатын насихаттау дейтін басты нысанамыз бар. Егер сол ыңғайдан, яғни жастарға тәрбие берерліктей мән-мағына тұрғысынан табылып жатса... Ішінде іліп аларлық «тұздығы» табылса дегенім ғой. Оның өзінде де отыз бет алақандай біздің газет үшін тым ауыр. Оқып көрейін, бәлкім біраз жерін қысқаруға тура келер. Бір жетіден кейін соғарсыз, не телефонмен хабарлас...
Бір жетіңіз бітіп болсайшы. Уәделі күні таныс есіктің сыртынан тықылдаттым. Ағамның жүзі баяғыдай емес, сынық: «Оқыдым, жұрт үйлеріне қайтқанда кеңседе жалғыз қалып, асықпай оқыдым. Қыз-ық, тіпті айтары жоқ тамаша! Басшылармен де ақылдасармын, шамамның келгенінше түгелдей жариялатуға тырысармын. Бұл секілді батылдықпен әрі шыншыл жазылған хаттар қолға түсе бермейді көп». Ағам қолжазбаның кейбір тұстарынан шағын-шағын үзінділер оқып, өзі де рақат күйдің құшағында отырды: «Секс. Махаббат машақаты. Біз білмейтін осы күнгі жастар арасындағы алмағайып тіршілік. Тіпті адамның айтуға жүзі шыдамайтын жағдайларға дейін... Қалай-қалай сілтегенсіз, қарағым-ау?! Несіне қайталайтыны бар, біз үшін таптырмайтын тақырып. Бірақ, этика-эстетика, адамдық құндылық, өз-өзіңді қадірлеу деген бар ғой, оның үстіне бесіктен белі шықпаған қыз баласыз. Осы тұрғыдан келгенде аты-жөніңізді сәл өзгертіп жарияласақ... дұрыс болар еді деп ойлаймын. Мұндай тәжірибені бізге дейінгілер де қолданған. Оның үстіне бұл қалада сіздің де таныс-білістеріңіз бар шығар, солардың көзінше адамға айтылмайтын құпияларды жайып салғаныңыз қалай, қалай болмақ? Бұл сіздің, жеке басыңыздың... Иә, арғы мақсатыңызды да түсінемін. Менің басынан өткен жайлардан өзгелер сабақ алса, мына жазғандарым азды-көпті тәрбие құралына айналса дейсіз ғой. Жөн, жөн-ақ. Аты-жөніңізді өзгертеміз деген уәжімізбен келіссіз ғой».
«Жоқ, келіспеймін! Олай істесем, мұным әлгі оңтүстік өңірлерден қаптап шығып, бірінің жазғанынан бірі айнымайтын, оқыған бойда-ақ ұмытылып, артынша ат көпір боп аяқ астында шашылып қалатын сарғыш газеттердегі қан-сөлсіз мақалаларға ұқсап кетпей ме? Ұзақ жыл баспасөз саласында қызмет істеп келесіз, өзіңіз ойлаңызшы, тап қазір мені де ыңғайсыз, тіпті ыңғайсыз жағдайға итермелейсіз. Саудаға салғыңыз келеді. Аты-жөнімді өзгертсем қалай ойлайсыз, мен кәдімгі маска киген әртіс секілді болмаймын ба, шындықты шырылдап айттым-ау деген ерік-жігерім сонда қай бұрышта тұншығып қалмақ? Бұл түптеп келгенде көзбояшылық, арыдан сілтегенде сатқындық! Бар оқиғаның басты куәгері-мен, бірақ соңына қояр фамилиям бөлек. Мейлі, маған жанашырлық танытып, жазғандарымды аты-жөнімді өзгертіп жариялайды екенсіз, сонда оны өзгелер түгілі алдымен өзім қалай қабылдаймын. Кейін мынау менікі еді деп қалай меншіктеймін, меншіктеуге құқым бар ма? Түгіне түсінсем бұйырмасын. Сіздің осыған бола несіне қиналатындығыңызға қайранмын... Осындай жалғандықтан қашан құтыламыз, әбден стреотивке үйреніп, еттеріңіз өліп кеткен. Дәуде болса «аты-жөнімді өзгертіп жариялаңыздаршы» дегенді қашан айтар екен деп, ол өтінішті менің тарапымнан күттіңіз-ау. Оқиғаның басты куәгері ретінде басымды бәйгеге тігіп келгенде... Мәселенің бұлай шиеленісетіндігін білгенде, жанымды қинап мұны жазбаған да болар ма ем... Білесіз бе, титімдей жалғандығы жоқ, бәрі шындық және бәрін өз басымнан өткізгем. Міне, сөйте тұра жүрегімнен шыққан шындықты көзімді бақырайтып қойып түлкі бұланға саласыз...»
«Ертең біреулер хат жазып, адресін тауып беріңіз деп, бізді де мазалап жүрсе?»
«Оған несіне қиналасыз, қайта бәрекелді-ай деп, қос қолыңызды көкке көтеріп, қуанбайсыз ба?! Газетке шыққан дүние резенанс тудырып жатса, еңбектің ақталғаны сол емес пе?»
Ақыры ұзақ-сонар «айтыс-тартыстан» кейін ғана бір-бірімізді түсінген болдық-ау. Қолжазбамның соңына Балқоңыр Әбдірәсілова деп қол қойдым. Жас жағынан үлкен болса қайтейін, «Егер ғайыптан тайып, аты-жөнімді өзгертетін болсаңыз сотқа шағымданудан да тайынбаймын» дегенді шегелеп тапсырдым.
«Өзің бір қадалған жерден қан алатын шақар екенсің» деп әзіл-қалжың араластырып суықтау жымиды. Редакцияның хат бөліміне тіркетіп, көшірмесін жастығымның астына тығып, аракідік өзім оқып жүрген қолжазбаның ұзын-ырғасы мынау...
Р.S. «Гиннестің рекордтар кітабына» енетіндей ерлік күтіп отырсыз ба, әлде шытырман оқиғалы шығармадан дәмелісіз бе? Екеуі де жоқ. Көріп отырсыз ғой, жарылмаған «бомба» секілді алдын ала қоңыраулатып, жарнамалатып та жібердім.
Е...е, кіріспеде мына мәселені түйіндей кетуді де естен шығарып алыппын. У. «Мен ішпеген у бар ма?» Бұл менің сөзім емес. Авторы бар. Неге екендігін қайдам, ұлы данышпанның есімін бұл араға қыстырғым келмеді. Отызға жетер-жетпестегі трагедиялық ахуалды удан басқа неге теңестірерсің?! У. Денедегі улы жылан шағып алған жараны емдеуге болады. Бұған келгенде біздің медицина қауқарлы. Алғашқы жәрдем көрсету туралы «біссіміләні» мектепте жүргенде оқығанбыз. Жылан уынан құтылудың жолдары жеткілікті. Ал білгіш болсаңыз айтыңызшы, шемен боп қатқан жүректегі удан қалай құтылуға болады? Қандауырмен жүректің бір пұшпағын кесіп тастай алмайсыз. Ақыл қосатындар да табылып қалар. Олардың мені қалай мүсіркеп, қалай жұбататындықтарын жақсы білемін. «Бүйтіп томаға-тұйық жүре берме, көңіл жақын адамдармен сырлас. Ішіңдегіні армансыз ақтар. Сендер қай-да, жассыңдар ғой, түнгі клубқа барып бой сергіт, шарап іш, қыдыр. Өзіңді-өзің тәрбиелеуге тырыс, күлмейтін жерде өзіңді қинап күл, ешкімнен қысылма, еркін жүр...»
Мұндай «жарапазанды» ести-ести құлақ әбден жауыр болған. Жаттанды, ішінде іліп алары жоқ, сылдыр сөз. Міне, сеніңіз, сенбеңіз мен ол удан құтылудың төте жолын тапқан секілдімін...
(жалғасы бар)
Abai.kz