Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2815 2 пікір 11 Қаңтар, 2023 сағат 12:37

Бөтен

Ол кезде жердің бірде-бір нүктесінде телефон, радио байланысы болмаған, ұшақтар айшылық алыс жерлерге бір-екі сағатта ұшып жете алмайтын. Барлық ел, барлық адам құпиясын сақтай алды. Бүгінгідей ел кезу де жоқ. Жолдар ұзақ әрі қымбат болатын. Бірақ жолға шыққанда аттаған сайын жолаушының  төлқұжат, қағаздарын тексеріп, мәліметтерін кітапқа тіркеп мазаламайтын. Ол кезде кезбелер, жат жұрттықтар ел аралап жүре беретін.

Ол осы маңға солтүстік елдердің бірінен келген. Норвег те, швед те, дат та емес. Беймәлім тілде сөйлейтін, сөзін ешкім түсінбейтін. Ана тілінен басқа тілде сөйлемейтін.

Күнде көздеріне түсе берген соң қонақтар:

- Бұл кім болды екен? – деп аң-таң қалысты.

Ешкім жауабын айта алмады.

Ерекше көзге ұрып тұрған ештеңесі жоқ, тек ешкім танымайды.

Жасы елулердегі, томаға тұйық, жуас адам еді, бірақ қорқақ емес, шаршаған, өмірден қажыған адам сыңайлы.

Түскі асын не кешкі асын ішіп алған соң, үстелдің басында темекісін тұтатып алып, сормас бұрын айналасындағы ауқаттанып отырғандарға бажайлап, сыр бермеген, сабырлы көзқараспан қарап алады.

Қонақ үйдің даяшылары, кызметші әйелдері: Бұл кім өзі? – деп бір-бірінен сұрасты, ешкімі ашып-жарып ештеңе айта алмады.

Иықтарын көтеріп, бастарын шайқасып, күлді де қойды.

Бөтен таңертең қалада қыдырады. Көшеде ілбіп ақырын жүреді, ешқайда асықпайды, еш жерде қалып қоймайды. Тамақ ішетін жерге бірінші болып келіп алады. Ас мәзіріндегі бір нүктеге нұқиды да, басын изейді, ақшасын бас изеп төлеп, бас изеп қоштасып шығып кетеді. Басқа өтініші болмайтын, керемет салғырт адам көрінетін.

Сөйтіп ілдегелдеп қонақ үйде бір айға жуық өмір сүрді.

Бір күні түске жуық күтпеген жерден қонақ үйдің қоңырауын шырылдатты. Төсекте жатыр екен. Кіріп келген даяшыға ымдап, қолымен белгі бергендей болды. Қайта-қайта жүрек тұсына көрсете берді. Жүзі қағаздай аппақ. Даяшы дәрігерге жүгірді.

Дәрігер келіп, әуелі ана тілінде, сонан соң французша, ағылшынша сұрақ қойып жатыр Бірақ ол бірде-бір тілді түсінбеді. Аузынан  шыққан жалғыз сөзді, беймәлім тілдегі бір түрлі қызық сөзді, дәрігер еш түсінбеді.

Дәрігер бөтеннің жүрек тұсын тыңдап, сонан соң екі білезігін ұстады. Тамырын іздеді. Таппады.

Бөтен бұрынғысындай сұлқ жатыр.

Дәрігер қобалжып кетті. Жалма-жан сөмкесін ашып, инесін алып, екпе салды. Не болғанын түсінді. Мұндайды бұрын да талай көрген, адам таңдамайтын дерт, әлемнің барлық бұрышында болып тұрады.

Дәрігер біраз күтіп, қайтадан дәрі екті.

Бөтеннің көзі жартылай ашық, ақ жастықта жүзі аппақ болып жата берді.

Біраздан соң көзі ашылып, жағы түсіп кетті. Дәрігер қоңырау шырылдатты.

Алдымен даяшы, сонан соң қонақ үйдің иесі, сонан соң дәлізде бәрін естіп тұрған қызметші қыз кіріп келді.

Төсектің маңына жиналып, қарап тұрды.

Жастауы атасын, әжесін ойлап, жасы үлкені әкесін, шешесін немесе туысын ойлап тұрды, бәрінің басынан өткен еді.

Енді оны барлығы таныды. Кім екенін де білді.

Адам еді, ол да өздері секілді жер басып жүрген, енді ол да кетті, кейін бұлар да кетеді.

Енді ол жат емес. Барлығының бауыры.

Дежө Костоланьи ‒ «homo aestheticus»
(1885-1936)

Дежө Костоланьи (Kosztolányi Dezső)   – мажардың ұлы ақыны, жазушысы және аудармашыcы, сыншысы, журналисті.

Мажаршадан аударған Раушангүл Зақанқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373