Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4261 9 пікір 16 Қаңтар, 2023 сағат 14:09

Қазақ қаламгерлеріне Нобель сыйлығын алу қиын ба?

Спикер - Айдос Амантайұлы. Жазушы-тарихшы.

Сұхбаттасқан - Әлімжан Әшімұлы.     

«Қазақ жалқау» дегенді бөгделер ойлап тапқан, қазақ жалқау емес!


– Айдос мырза, Алматыға хош келдің?      

– Рақмет сізге!    

– Қытай астанасы Бейжіңнен келе жатырсың ба?      

– Бейжіңнен емес, АҚШ-тың Нью-Йрок қаласынан келдім. Алматыға келгеніме оншақты күн болды.

– Сонда қалай, Америкаға қоныс аударып кеткен жоқсың ба?

– Қоныс аударғаным жоқ, докторантурада оқып жатырмын.      

– Қандай мамандықпен?

– Тарих.    

– Отбасың бар ғой?

– 2014 жылы отбасын құрғам, бір қызым бар. Олар Бейжіңде тұрады. Қытайдағы пандемияға байланысты екі жыл болды Бейжіңге бара алмай жүрмін. Ал мұнда әкем Амантай екі ел арасындағы іскерлік байланыстармен айналысып жүр. Әкемнің Алматыға келіп жатып қалғанына да бір жыл болды. Осы жолы әкемді қара тұтып Алматыға келген жайым бар. Бейжіңдегі үйде шешем, жұбайым және қызым тұрып жатыр.       

– Өзің Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-нің филология факультетін бітіріп едің ғой?

– Иә, дұрыс айтасыз. Алматыдағы оқуымды бітіріп барғаннан кейін 2015 жылы Қытайдағы шетелге шығып оқитын талапкерлердің қатарына қосылып мен де емтихан тапсырдым. Жолым болып АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Ringhantun университеті Тарих факультетінің магистратурасына қабылдандым. Оны екі жыл оқып бітіріп келгеннен кейін, араға екі жыл салып 2019 жылы қайта барып, РҺD докторантурада оқып жатырмын. Бір жағынан студенттерге шығыс Азия тарихынан, әсіресе қытай тарихы мен мәдениетінен сабақ беріп жүрмін.     

– Менің білуімше Қытайда оқып жатқан оқу орнын тастап, Қазақ еліне келіп оқыған қандастардың бірі өзіңсің. Сол докторантураны Америкаға емес, осында оқуға болар еді ғой?

– Иә, мен мемлекеттік емтиханнан өтіп Шанши педагогикалық университетіне оқуға түскем. Алайда қандай күштің тартқанын білмедім, аяқ астынан Қазақстанға келіп оқығым келіп, Қытайдағы оқуымды жалғастырмай тастап кеттім.  

–  «Қандай күш тартқанын білмедім» дейсің, ол бойыңдағы алпыс екі тамырда ағып жатқан қазақтың қаны ғой?

– Мүмкін. Бейжіңде есіктің алдына шыға келсең алдымен ханзуды көресің. Өзіңнің қазақ екеніңді білсең де, бірақ қытай тілінде сөйлеп, қытайша ойлап, қытайша жазып жүргенімді бір түрлі қор санай бастадым. Ары қарай Қытайдың жоғары оқу орнын оқысам Қытайға керек маман болғаныммен, қазаққа керек болмай қалмаймын ба деген үрей бойымды биледі. Бұдан арылудың бір-ақ жолы бар, ол – Қазақстанға барып оқу деп білдім. Осы сенімім мені алдамады, Қазақ еліне келіп, ең беделді жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Сол арқылы қазақ тілін үйреніп, қазақтың әдебиеті, мәдениеті және тарихын біле бастадым. Білікті ұстаздардан білім алдым, талай достар таптым. Біраз шығармаларым осында дүниеге келді. Сіз айтқандай, мұнда да оқуымды жалғаструға толық мүмкіндік болды. Бірақ мен құрлық аттап оқуды ойладым. Өйткені, мен ағылшын тілін жақсы білемін, сол себептен де АҚШ-қа барып оқығым келді. Қазақ әдебиетін, мәдениетін және тарихын америкалықтарға шамамның келгенше таныстыруды армандадым.

Америкалықтар қазақ тарихына қызығады деп ойлайсың ба?

– Олар Шығыс Азиялықтардың тарихына қызығады, әсіресе, Қытай тарихы мен мәдениетін жақынырақ білгілері келеді екен. Өйткені Қытай Азия құрлығындағы жан саны ең көп, алпауит, өркениетке бет алған елдің бірі санайды. Мүмкін, сол жағынан да оларға бұл елдің тарихы мен мәдениеті қызтыратын болар.

–  Шығыс халықтары демекші, Орта Азия халықтарының тарихы АҚШ-та сабақ ретінде өтіле ме екен?  Басқаны айтпағанда қазақтың тарихын оқыта ма?     

– Орта Азиядағы түрік тілдес халықтардың тарихы туралы кемелді тарих аз, әсіресе қазақ тарихы жоқтың қасы. Бар болған күннің өзінде, қазақтың ерте замандағы тарихын араб пен парстың тарихына бірлестіріп зерттесе, ал кейінгі тарихын орыстың тарихына қосып зерттеп келген. Басқа универистеттерде қазақ тарихына қатысты сабақтар өтіле ме, өтілмей ме ол жағын білмедім. Бірақ мен оқып жүрген университетте қазақ тарихына қатысты сабақ өтілмейді.

– Жалпы америкалықтар қазақ деген ұлтты біле ме екен?

– Қазақ халқы туралы білетіндер өте аз деп айтуға болады. «Қазақстан» деп айтылса, алдымен Головкиді айтады, одан кейін жаңа танылып жүрген әнші Димаш Құдайбергенді біледі.

Қытайда болсын, Қазақстанда болсын әдебиет саласының өзің құралпас қаламгерлердің біразы сені ақын-жазушы, филолог ретінде жақсы біледі. Филологтің тарих ғылымына бет бұрғаны бәрімізге қызық болып тұр.     

– Мен филология мамандығынан немесе жазушылықтан нәтиже шығара алмағанымнан тарихқа бет бұрғаным жоқ. Оның белгілі себептері бар – қазір Қытайда шығармашылық еркідік шектелді, жазған шығармаларды бастырып шығару өте қиындап кетті, сан рет сүзгіден өтеді. Және бір жағынан кітаптың өтімі төмендеген, оқырман азайған. Бұл мен ғана емес, жалпы Қытайдағы қаламгерлердің ортақ бас ауруына айналды десем болғандай. Сол себепті кейбір ақын-жазушылар басқа кәсіпке ауысып жатыр. Бұл – қаламгерлер жазушылығымен бір жолата қоштасып кетіп жатыр дегенді білдірмейді.   

– Қазіргі кітап оқитындар қарттар мен әдебиеттің айналасында жүргендер екені белгілі. Бұл әлемдік пробламаға айналған секілді ме қалай?

– Солай десе де болады. Қытайға қарағанда басқа елдерде шығармалық еркіндік бар, өз қалтасынан төлесе де кітап шығара алады. Қазіргі кезде кітапты оқитын адам емес, киноны көретін адамдардың қатары азайып кеткен. Жастар «Tik-Tok» секілді әлеуметтік желілерді көргенді жақсы ұнатады. Оның өзі 5-6 минуттан аспаған жағдайда, одан асып кетсе олардың шыдамы шыдас бермейді. Әдеби шығармаларды оқуға көбінің ынтасы жоқ. Ақын-жазушылар, әдебиет танушылар, журналистер және азды-көпті өзге оқырмандар оқуы мүмкін.

– Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады деп ойлайсың?

– Бұл үрдіс пәлен уақытқа дейін жалғасады деп, қазір кесіп айтуға келмес.  Қалай дегенмен де адамдардың әлеуметтік желіден жалығатын кезі келеді деп ойлаймын. Содан бастап қайтадан жұрт кітап оқуға бет бұра бастайтын болады.     

–  Сол себепті тарих мамандығын таңдап отырмын дейсің ғой.

– Өз басым, әдебиет пен тарих құстың екі қанатындай егіз ғылым деп санаймын. Кейбір әдебиетшілердің тарихшы, ал кейбір тарихшылардың әдебиетші болып кететіні осыған байланысты болса керек. Бұл екі мамандықты қатар меңгерген адам мықты әдебиетші немесе мықты тарихшы болып шығуы мүмкін. Бұл бір, екінші жағынан өзім де тарихқа бұрыннан қызығатынмын. Осындай бірнеше себеп менің тарихшы болуыма жол ашты.

– Докторлық диссертация дейміз бе, әлде монография дейміз бе, зерттеу еңбегіңді қай тақырыптан жазып жатырсың?

– Өзіңіз жақсы білесіз, менің әке-шешем Шынжаңда туғанымен, ал мен Бейжіңде туған қазақпын. Балабақшадан тартып, мектеп бітіргенге дейін қытай тілінде оқыдым. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-нің филология факультетіне келіп оқуға түскеннен кейін барып, қазақ тарихына деген қызыушылығым тіпті де арта түсті. Қазаққа қатысты тарихи кітаптарға ден қойдым, қазақтың арғы-бергі тарихын көбірек білгім келді. Осы талпынысым мені алдамады.

Ал сіздің сұрағыңызға келсек, менің зерттеп жазып жүрген тақырыбым Қытайдың Чин хандығы мен қазақ хандығының арасындағы экеномикалық сауда-сатығы. Менің мұны жазудағы мақсатым – қазақста сауда-сатық болған ба, болмаған ба? Болса қай кезден басталды, қай деңгейде болды? Осыны тарихи деректерге сүйеніп дәлелдеу болып отыр.

Бала кезімде мен өзге халықтың аузынан «қазақта сауда-сатық болмаған» дегенді жиі еститінмін, қазақтардың өздері де айтып жүретін. Ал Қазақстанға келсем қазақтардың базарда сауда-сатықпен айналысып жүргенін көріп таңғалғаным бар.

–  Біздің ата-бабаларымыз Шығыс пен Батысты жалғастырған Жібекжолы бойындағы қалалардың хан базарын қыздырғаны тарихтан белгілі ғой. Қытайдың жібек торғыны, арабтың, Еуропаның  түрлі бұйымдары біздің даламызға қалай келген, сол ата-бабаларымыздың айырбас саудасы арқылы келген жоқ па?      

– Дұрыс айтып отырсыз. Мен қазақ тарихына қатысты Қытайдың тарихына үңлігенімде сіз айтып отырған осындай деректерді көптеп кездестірдім. Олар жай сауда, сатық жасап қоймастан, күміс, алтын, гауһар секілді асыл бұйымдар саудасын да жақсы жасай білген.

–  Бүгінге дейін қанша шығармаң жарық көрді?     

– Өзіңіз білесіз мен шығармаларымды қытай тілінде жазамын ғой. Мен көркем әдебиетке өлеңмен келдім. «Сынықтан құралған сымбат» деген өлең жинағым  Бейжіңдегі «Қытай кино» баспасынан 2007 жылы жарық көрді. Осы жинағымдағы «Он бесінші көктемім» деген поэмамды «Іле ағартуы» журналының бөлім редакторы, ақын Сәрсен Тұрдыбекұлы деген ағамыз қазақ тіліне аударыпты. Бұл поэма «Үркер» (2010 ж.) журналында жарияланды. Қытайдағы ағылшын тілінде шығатын, өте танымал басылым «Chutzpan» («Tiannan») журналында жарияланған «Жетесіз» деген повестімді Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дің түлегі, аудармашы Бибол Әліпбайұлы ағылшын тілінен аударып «Жалын» журналына жариялады, бұл повесть сол жылы аталған журналдың «Ғабит Мүсірепов» атындағы сыйлығын еншіледі.  Бейжіңдегі Орталық радио станциясы қазақ бөлімінің жетекшісі, аудармашы, редактор Қанатбек Жұмабайұлы «Алматыны жазу қиын» деген эссемді аударған болатын, бұл Шынжаңдағы «Іле айдыны» журналы мен Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. Ал «Қоян мен қонжық» атты әңгімем мен «Айдос-Шолпан» деген романымды белгілі ақын, аудармашы, Орталық қазақ радиосының дикторы Балапан Рабатов қазақ тіліне аударған болатын. «Қоян мен қонжың» әңгімем 2010 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрсе, ал романым Шынжаң жастар баспасынан екі кітап болып жарық көрді. Менің «Жетесіз» повестім мен «Айдос-Шолпан» романым қазақ өмірі мен қазақ тарихына қатыты өрілген сүбелі туындыларым саналады. 2015 жылы Бейжіңдегі Қытай аз ұлттар жазушылар қоғамы мен «Ақсай» қазақ әдебиеті қоғамы ұйымдастырған байқауда «Айдос-Шолпан» романым «Ең үздің дарын» сыйлығын жеңіп алды.

Ал мемлекеттік жоспармен «Бейжің баспасы» маған балаларға қатысты ертегі жазуды тапсырған болатын. Соның нәтидесінде «Сәлиманың түсі» (2018 ж.) деген атпен ертегілер жинағым басылып шықты. Несін жасырайын,  бұл кітабым біраз кешіңкіреп жарық көрді. Одан кейін Абай мен Мұқағалидың біраз өлеңдерін қытай тіліне аудардым.

Бұлардан басқа қытай тілндеге түрлі басылымдарда жарияланып қазақ тіліне аударылылып үлгірмеген біраз әңгімелерім, эсселерім бар.   

– Балалар ертегісін байырғы ата-әжелеріміз айтатын дәстүрмен жаздың ба?

– Қазіргі балаларды ондай ертегілермен алдай алмайсың, жаңа заманның дәстүрі мен ғылымымен бірлестіріп жазуға тура келді. Қазір қазақ қана емес, әлем балалары компьютер мен қалта телефонға телміріп отыр ғой. Сол себептен кейде ғылыми фантазияға сүйеніп, соған бейімдеп жазуға тура келді.

– Қазір жазып жүрген немесе осынындай тақырыпта шығарма  жазсам деп ойланып, толғанып жүрген дүниелерің бар ма?

– Қазір көркем шағармамен айналысып жүргенім жоқ. Қытайда соңғы жылдары кітап шығару өте қиындап кетті. Сол кезде ойландым, бір туындыны жазып алып оны өмір бойы баспадан шығара алмай жүрсең мұның не қызығы бар деп. Менің оқырмандарым қытайлар және қытай тілді қазақ жастары болатын. Қазақ тіліне аударылған шығармаларымды оқыған оқырмандар да менің шығармаларымды өте жылы қабылдады, әдебиеттанушылар, сыншылар жоғары бағалады . Осыған ризамын.    

 – Айдос, сенің шығармаларыңмен мен жақсы таныспын. «Айдос-Шолпан» атты романыңды оқыдым. Шығармада қазақтың тарихы мен өмірі, салт-дәстүрі, әр дәуірдің сал серілері, ақындары, әнші-күйшілері, батырлары, абыздары, Айдосы мен Шолпаны өзгеше бір әдіспен шебер өрілген. Жалпы сенің прозалық шығармаларыңда қазақтың исі аңқып тұрады. Қазақ ұлтына деген күйініш, сүйінішіңді, оған деген шексіз мабабатыңды байқау қиын емес.     

– Қазақ тілінегі қанша оқырманым бар болса, соның алдыңғы қатарында сіздің тұрғаныңызды жақсы білемін. Менің «Жетесіз» (повест), «Алматыны жазу қиын» (эссе), «Қоян мен қонжық» (әңгіме), «Онбесінші көктемім» (поэма) деген шығармаларымды дайындап, Қазақ елінде жариялануына өзіңіздің себепкер болғаныңызды қалай ұмытайын. «Үркер» журналында жарияланған «Он бесінші көктемім» деген поэмамды қазақ тіліне аударған ақын Сәрсен Тұрдыбекұлы сіздің сыныптас досыңыз екен ғой. 

– Иә, Сәрсен Тұрдыбекұлы екеуіміз бір сыныпта оқыдық. Ол өлең жазатын, екуіміз бірге сурет салатынбыз. Мен Іле педагогикалық институтының әдебиет факультетіне оқуға түскенде, ол физика факултетінде оқыды. Институт бітіргеннен кейін Сәрсен мектепте мұғалім болды, ал мен журналист болып кеттім. Сәрсеннің өлеңдері, ғылыми мақалалары Қытайдағы мерзімді басылымдарда жиі жарияланып жүрді. Қытай тілін өте жеттік білетін. Ол Алматыға қыдырып келген бір сапарында сенің «Сынықтан құралған сымбат» атты өлеңдер жинағыңа қатты қызығып, «мына кітапты қазақ тіліне аударайын» деп алып кетіп еді. Өкінішке орай, жыл өтпей бақилық болып кетіпті. Сенің жинағыңдағы өлеңнің қаншасын аударып үлгіргенінен менің хабарым жоқ.

– Әрине, өкінішті болған екен! Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Тәңірім алдынан жарылқасын!   

– Жазушылардың кітап шығаруы, кітапты нарықта сатуы қиындап бара жатқаны белгілі. Жазушы мен киногерлер бірігіп, біреуі кино сценарий, екіншісі кино түсірсе қалай болар еді?

– Бұл бір есептен дұрыс шығар. Бірақ кино қанша жерден сәтті шыққанымен, бәрібір ол көркем шығарманың орнын баса алмайды ғой. Бұл жағында ескерген жөн болар. Том-том кітап жазып жүрген жазушы, кино сценарий жаза алмауы мүмкін. Кино сценарий мен телесценарийдің өз ережесі, өз істілі бар, қысқасы өз технологиясы бар. Кез келген жазушы ол тақырыпқа бара алмайды, баратындары өте аз. Ал жазылып қойған шығармалардың ізімен кино немесе телесценарийге айналдыратындар бар, бұлар қысқасы сценарийстер. Бірақ көркем шығармадай болуы екі талай. Бұл бір, екіншіден, автордың көтерген тақырыбы мен ұстанған позициясынан аттап кетуі бек мүмкін. Олай болмайды ғой.  

– Қазақ қаламгерлеріне Нобель сыйлығын алу қиын ба?  

– Қазақтың мықты, үздік шығармаларын шетел тіліне аударып, оны аударып қана қоймай, бұл шығармалар туралы талданған, жазылған салмақты сын мақалалар болуы тиіс. Қысқасы қазақ қаламгерлерінің шығармаларына жақсы жарнама керек. Нобель сыйлығын алған шығармалардың біразын оқыдым, асып бара жатқаны шамалы. Алайда өзінің оқырмандары бар, рухани жағынан, оқырмандарға әсері жағынан адамзатқа ортақ үндестіктері бар. Кез келген оқырман өз деңгейінде қабылдай алады.

Мысал ретіндей айтайын, Абайды шетелге таныстыру үшін «қазақ халқының ұлы ақыны» деп «жалаң ұранмен» таныстырудың қажеті жоқ. Дүниежүзінде 200-ден астам мемлекет бар, олардың өз ұлы ақыны, ұлы жазушылары бар. Ол үшін Абайдың шығармаларын аударып, талдау жасау арқылы әлемнің классик ақындарымен қатар қойып, асырып зерттесе мүмкін жолы болып қалар. Ана жылы Нобель әдебиет сыйлыған алған жазушы Моянды бүкіл әлем Қытайдың Гарисиа Маркесі деп біледі.

Өзіңіз білесіз Қытайда Омарғазы Айтанұлы деген жазушыны. Мен қаламгердің қытай тіліне аударылған «Аң шадырын оқ табар» (аударған Қайша Тәбәрікқызы) деген романын оқыдым. Өз басым қатты таңғалыдым, тамсандым, өте керемет шығарма. Егер енді өзге авторлардың шығармаларын ағылшын тіліне аударар болсам, О.Айтанұлының осы романын ағылшынға аударамын. Адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас өте шебер бейнеленген. Қытайдағы мойнсерік, колхаздастыру кезінде сиырлардың мүйзі кесіледі ғой. Шығармада осы секілді өте нәзік детеалдар, эпизоттар, психологиялық тәсілмен өте шебер суреттелген. Бұлар бүкіл адамзатты ойландыратын ортақ тақырыптар деп ойлаймын.

– Кейбір зертеушілер Нобель сыйлығы саясаттанып кетті деп жүр. Солай ма?

– Көркем шығармаға сыйлық беруді тым саясатандыруды өз басым әлем әдебиетіне жасалған қиянат дер едім.      

– Омарғазы Айтанұлы ең алдымен өлең жазып танылған, өлеңге жаңа түр, жаңа үлгі әкелген классик ақын ғой.

– Иә, өте мықты ақын. «Менің шығысым» деген дастаны қытай тіліне аударылып, күшті аңыс қозғағанын жақсы білемін.     

– Ақын 1994 жылы Шынжаң халық радиосының тілшісіне берген сұхбатында: «Менің шығысымды» мен 1956 жылдың соңында жаздым. Бұл дастан:  Менің шығысым,  Шығыс – дүние шығысы,  Менің шығысым, Мен шығыс шатқалдарының қара аюымын, Қызыл тікен үңгірін аралап ержеткен. Есімімді фантазия авторларынан сұра,   Фамилам Бейжің синонтрофтарымын бірге өткен» деп басталушы еді. Есіме осы бір шумағы қалыпты. Енді дастанның бүкіл рухы қазір де менің есімде. Дастанның өзі де бар. Жақында жарияланып та қалар. Бұлардың барлығы жоғалып табылған шығармалар. 38 жылдың алдындағы осы шығарманы мен әлі де жақсы көремін» депті.

– Демек, ақын ерте ержетіп, ерте оянған, кемеліне келіп, поэзияның биік тұғырына ерте қоған ақынның бірі болып тұр ғой. Автордың мына сөзінен «Менің шығысым» деген лрикалық дастанының салмағын, рухының асқақтығын аңғару қиын емес. Ормарғазы романтик, лрик ақын болып қалмастан, ойы терең, көп қырлы, көп сырлы, өзіндік дара стиль қалыптастырған классик ақын-жазушы екені анық.  

–  Жаңа өзің айтып отырған Омарғазының «Аң шадырын оқ табар» романын кезінде бәріміз оқып таңғалып, тамсанған болатынбыз. Бұл шығарманы кез келген оқырман оқи алады, бірақ кез келгені бірден түсінуі қиын, өте салмақты, күрделі шығарма. Жазушының бұл романы туралы екеуіміз әңгіме айтсақ, бір сұхбатқа сидыра алмаспыз. Осы шығармадағы сиырдың мүйзін кесу оқиғасы ең алғаш ақынның ертеректе жазған «Тоқал бұқа» өлеңінде бейнеленген секілді. Мүмкін бұл бұқа жаратылысынан тоқал болып туған шығар, мүмкін адамдардың жаңағыдай қастандығынан мүйзі кесіліп тоқал болған шығар, қалай болғанда да ақынға бұл үрдіс қатты әсер еткен сияқты. Ал енді ақынның «Тоқал бұқасын» оқып көрелік: «Бұқа екенің рас,Салақтайды әукең жерге тиіп.Сықырлайды,Кем емесДәл жиырма етіктің ұлтаныЖон теріңе әрең сиып.Өкіресің-ай кеп сонан соңКөрші ауылдың күлін шашып.Көк сіңір шыбық етТамыр-тамырлар да қаның тасып,Бұқа екенің рас,Мүйзің жоқ, бірақ,Әттең екі мүйіз – Тұрар сенің алдыңдаҚайда барса осы – екі сұрақ».

– Ақынның мына өлеңін естіп күлерімді, не жыларымды білмей қалдым. Шынымен де қаламгерге бұл оқиға алдымен поэзия болып өрілген секілді, кейін ойлана, толғана келе «Аң шадырын оқ табар» романындағы эпизодтың біріне айналған ба деп қалдым. Өйткені мұндай тәжірибе көптеген ақын-жазушыларда бар ғой.

– Қазақ жазушылары тарихта болған батырлар туралы көп жазады, осындай үрдіс әлем әдебиетінде бар ма?

– Батырлар туралы жазу бір ұлтқа ғана тәуелді болып қалатын секілді. Басқа халыққа сенің батырыңның түкке де керегі жоқ, солай ғой. Сондықтан мұндай тақырыпта жазылған шығармалардың әлем әдебиетінде жолы болмай қалуы әбден мүмкін. Әрине, мұндай шығармалар қазаққа керек шығар, ата-бабасымен мақтану үшін, жастарға патриотизмді дәріптеу үшін. Батырды әр заман, дәуір өзі жасайды. Мәселен, тәуелсіз Қазақстанда жасап жатырсыз ба, онда тәуелсіз Қазақ елдің өз батыры қалыптасуы керек.

Бір кезде маған да біреулер келіп, ана батырды түглен жазды, ана батырды анау жазды, пәлен батырды ешкім жазбады, соны сен жазсаң қайтеді деп, кеңес айтқандар болды. Қарап отырсаң, барлық батырдың жасаған ортасы, тірлігі, істеген ісі, тіпті соғысқан жауы да бір, ұп-ұқсас. Аты ғана өзгереді. Осындай тақырыпта жазылған шығармалардың әлем әдебиетінен алатын орны қаншалықты дегенге келсек, өкінішке орай мүмкіншілігі өте аз. Мысалы, америкалықтарға сенің Абылайхан мен Қабанбай  батырды жер-көке сидырмай жазған шығармаң қызықтырмайды. Егер олардың танымына, түсінігіне, көзқарасына саятын тәсілмен жазсаңыз мүмкін қабылдайтын шығар. Қытайлар Күңзыны (Конфуций) ілімін шетелге таныту үшін, барын салып, ақшасын жұмсап әр елден институтар ашып жатыр ғой. Бірақ шетелдіктер үшін Күңзы маңызды емес, әрібірден кейін керек те емес. Айтқан жақсы даналық сөздері бар шығар, бірақ шетелдіктерге оның қажеті шамалы.

– Қазақ қаламгерлерінің әлем әдебиетінің классиктерінің қатарынан орын алу үшін ауылдан ұзап шығу керек дейсің ғой.

– Әр мемлект өзінің халқының мәдениетін, тарихын, әдебиетін шетелге таныстырудың өз әдісі, тәсілі бар. Дүниежүзі тарихына қатысты әңгіме болғанда қазақтың тарихы, әдебиеті, мәденеиеті де оларға керек болады. Қазақтың тарихы көбінесе орыс пен қытай тарихында жазылған деректерге сүйенеді, одан қалса аңыздарға сүйеніп жазылған.

Мен қазақтың аңыз, дастандарын, батырлар жырларын оқып, оның маңызды жерін белгілеп, астын сызып жүрмін. Одан сырт «Қыз Жібек» ғашықтық дастанындағы Төлегеннің Қыз Жібекті іздеп табу барысындағы жол-жосындары, салт-дәстүріне назар аудардым. Одан сырт сол кездегі қоғамдық орта мен рулардың ел басқару жүйесіне, билер сотына, әрбірден кейін малының санына да назар аударып жүрмін.

Қытайда «Молиян жыры» деген бір жыр бар. Оның оқиғасы да пәлендей қызықты, тартысты емес. Қазіргі сыншылар осы жырды философиалық тұрғыда талдау жасап, жер-көкке сидырмай дәріптеп жүр. Біздің «Қыз Жібек» дастаны одан артық болмаса, кем түспейді. Көп адамдар «Қыз Жібекті» ғашықтық дастан деп ойлайды, алайда оның маңыздылығы одан әлде қайда тереңде жатыр. Өйткені «Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері тарихта болған адамдар.

Егер біз Қыз Жібек пен Төлегенннің бір-біріне ғаштығы мен бас қоса алмай қалуы деп түсінсек өте қателесеміз, мұнда екі кейіпкердің мәңгілік махаббатты іздеуін қалай жоққа шығарамыз. Төлеген мәңгілік махаббатын іздеп тапқанымен, өкінішке орай, оның жолы болмай жол ортада мерт болады. Әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің Төлегенді зарыға күткен қайғылы тағдыры талай жанның көзіне жас үйірілпей қоймайды. Бірақ оның інісі Сансызбай ағасының қалыңдығын іздеп барып үйленеді. Бұл бір жағынан қазақтың әмеңгерлік жол-жосынының заңды жалғасы болса, Сансызбайдың махаббат туын жықпаушы, аға аманатын орындаушы батыр тұлға. Жібек бейнесі – сұлулық пен адалдықтың нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіші.

Бұл жырдың басты идеясы –  махаббат қана емес, мәңгілік махаббатты жырлау. «Қыз Жібек» жыры адамның психологиясын өте шебер бейнелеген. Бұл жырда оқиға бар ма, бар, тартыс бар ма, бар, махабат бар ма, бар, ерлік, батырлық бар ма, бар, көкемдік бар ма, бар. Қысқасы бұл жырда адамзатқа ортақ ерекшеліктердің  бәрі бар. Философия бар ма, бар. Онда неге осы шығарманы әлемдік өреге көтермеске, көтеру керек қой.  

– Мұқағалиды қандай ақын деп ойлайсың?

– Мұқағалидың ешкімге ұқсамайтын мінезі бар, шындығы бар, мұңы, махаббаты бар, терең ойы бар. Құдайдың өзі қазақ халқына Мұқағали Мақатаев секілді талантты сыйлаған. Мұқағалиды өзге тілге аударудың өзі оңай емес. Оның поэзиясын басқа тілге аудару үшін батылдық керек, өзі секілді талант керек.   

– Абай мыңмен алысып өткен ақын ғой. Қазаққа  шынайы жаны ашыған, қазақтың еңбекқор болуын, өнер-білім үйренуін көп айтып кеткен ақынның бірі осы Абай болатын. 

– Дұрыс айтасыз, Абай бәрін атқан ғой. Қытайдың Чин империясы кезінде «лаудың» (еңбек) деген сөз болмаған екен. Батыс Еуропадан келеген «үлес» деген термин болған, кейін қытайлар «лаудың» (еңбек) деген терминді ойлап тапқан. Ал біздің қазақ еңбектің не екенін одан бұрын білген. Сол себепті Абай «еңбек» деген терминді қолданып отыр. «Еңбек етсең ерін бей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды Абай айтқан дейді ғой, қандай керемет тұрақты сөз тіркесі.

Қазақ халқының ұғымында ер адам отбасының асыраушысы, ал әйел адам отбасының ұйтқысы, бала тәрбиелеуші. Қазақ еңбек істеуді білмеген бе, әрине білген. Мал соңында жүру, оны бағу, оның жем-шөбін дайындау, төрт маусым сайын көшіп-қону, үй жасау, оның отын дайындау бәрі-бәрі еңбекті қажет етеді. Ал қазақ әйелдері бала туу, оны бағып-қағу, тәрбиелеп өсіру, тері илеу, кигіз басыу, тоқыма тоқу, киім-кешек тігу, тамағын жасау, отын жағу, нанын пісіру, таң азаннан тұрып сиыр сауу, тезегін жайу т,б. бәрі еңбекпен жасалады ғой. Осының бәрін көріп тұрып қазақ еңбек істемейді, қазақ жалқау деп айтуға бола ма, болмайды ғой.

– Сонда «Қазақ жалқау» деген ұғым қайдан келген деп ойлайсың?

– «Қазақтар жалқау» деген ұғым басқыншылардың қазақ жеріне көптеп келе бастағаннан кейін қалыптасқан болуы мүмкін. Жайылым тарылды, малынан айырылды дегендей. Кеңес үкіметі келгеннен кейін де қазақтың жағдайы онша мәз болмады, олар да бұл сөзді қазақтың миыны сіңіріп жіберді. Әрбірден кейін қазақтың өзі «біз жалқау халық екенбіз» деп айта бастады. Содан кейін барып «орыс пен қытай пысық, еңбекшіл халық» деп шыға келдік. Тарихқа көз жіберсеңіз орыс та, қытай да қазақтан мықты, еңбекшіл халық болған емес. Біреуі араққа жақын болса, екіншісі апиынға жақын болды. Олардың да есін жиып, техника үйреніп, пысық бола бастағанына да екі ғасыр тола қойған жоқ. Мұның бәріне тарих куә. Алайда, олардың арасында біз мықты халықпыз, сендерге сауданы да, өнерді де, техниканы да үйреттік деп айтатындар әлі бар. Мен жаңа айттым ғой, қазақ осы кеудесін қағып жүрген халықтардан бұрын сауда-сатыққа арласқан, қазірдің өзінде ешкімнен кем емес. Қазақстандағы базардың бәрінде қазақтың қыз-жігіттері сауда жасап жүр. Халықаралық сауда мен бизнесте қандастарымыз жоқ емес, бар.

Базарда арба сүйреп, көше тазалап, қара жұмыстың бәрін істеп жүргендер қазақтар. Мал соңында жүргендер және кен, шахталарда жұмыс ітейтіндердің көбі тағы қазақтар. Қазір егін егіп, қауын-қарбыз өсіріп, жылы жай салып көкөніс өндіріп жүрген қандастардың да қатары көбейген. Сондықтан қазақ жалқау, сауда жасай алмайды, еңбек істегісі келмейді  деген сөзді айтуды бұдан кейін қою керек. Қазақ халқы еңбекшіл, мықты халық. Тек мемлекеттік қолдау жетіспейді, соған зәру. Қазақ билігі қазақ ұлтын қолдап, көмегін аямай, жоғары көтеру керек. Мемлекеттің егесі қазақ халқы екенін естен шығармаған дұрыс.        

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345