Сейсенбі, 30 Қыркүйек 2025
Әдебиет 371 0 пікір 30 Қыркүйек, 2025 сағат 13:12

Сабақтастар

Сурет: tilalemi.kz сайтынан алынды.

Эссе

Біздер орта мектепті бітіргелі отыз төрт жыл болыпты, артқа бір қарап өткенді аз кем еске алдық. Хат-хабарсыз кеткен сабақтастар уатсапта бас қосқанымызға жылға жуықтап қалды. (Мектеп, универде бірге оқығандарын арғы бетте «сабақтас» деп атайды, «сыныптас» десе бастауышта бірге оқығандар еске түседі, ал «клластас» орыс сөзі). Бала күндердің жанды куасы болған солардың 25 міз Ата жұртқа ат басын тірептік. Алтын сабақтастар бір бірін әбден сағынысыпты. Уатсаптың ішінінде мәре-сәре болыстық, бір күн қыздар, бір күн ұлдар деп кезектесе сөз жарыс жасап қолфонды қолдан тастамай таңырқай тыңдастық, иа, 34 жылдық жаңалықты бөлістік, өткен сол бал дәурендегі шашылған балаң жігіт шағымызды еске алдық, алғашқы партадан басталған бала ғашықтарды айтыстық, мысық мұртымыз тебіндеп ұрлана қыздарға қарайтын ұялшақ кездеріміз еске түсті. Фото албомдарды ортаға салып бүгінгі өзгерген бейнемізді байқадық, кәдімгі тірідей кездескендей жырғап қалдық, енді қой, кездесейік жазда жадырап күн жылынғанда десіп ортақ ақыл қостық, келіншек, күйеулерімізді ертемізбе әлде жоқ деген сұрақтың төңірегінді көп тоқталдық, сабақтастар бір мәмілеге келе алмай аз күн сан түрлі қызық-қызық әңгімелерге жалғасты, пікір екіге жарылды. Қыздар үйленген соң күйеуінің ығына жығылмаса тағы болмайды, күйеудің туыстарын туыс деп қабылдап, соның достарын дос деп тануы шарт бұл қазақы тәрбие, ал жігіттерге бәрі бір, енді 34 жылда бас қосқанда сол баяғы орта мектептегі албырт та жалындаған жастық шаққа қайта оралу керек. Топта аса белсенді Нұрсерік, Нұржігіт, Жақсыбектер жұбайларымызды ертіп барайық тансайық десе, екінші жақта Баһар, Бейсемхандар: біздер әуелі өзіміз бір бірімзді көріп жақсылап танысып алайық десті, ақыры соңғы сөзге әзер тоқтағандай болдық. Ортадан басшы болмаса болмайтынына көз жетті, көпшілік дауыспен басшы, қосшы, қазына бастығын, фотографқа дейін сайладық.

Туған жерін тастап келген адамдардың үзілмес бір сағынышы, жіңшке де сырлы бір эстемесі болары анық.

Туған жер, балалығың шашылған аймақ. Онда тау, тас, сыныптас, дос, сырлас құрбы, ағайын туыс бәр бәрі қалды, бүгінде қара нөпердің ішінде өзімізді жалғыз сезінеміз,сондықтан да онлайын бас қосудың өзі сондай ыстық болды. Біздер содан басқаша энергия алдық. Сөйлеген дауыстарымыз бір-бірімізге күш-қуат сыйлады.

Үйсін(сары) тауының бөктерінде әдемі шағын қалашық бар. Бұл мекен ежелде үйсін хандығы ордасын тіккен, Хан династиясы кезінде Жаңду уаңның қызы Ши Жүнді келін етіп түсірген, кейін Жие Үй, Фың Лияулар іркес-тіркес Елжау күнби әулетіне келін болып келген жер. 188 мың атты әскердің дүсірі алысқа жетіп, талай жұртқа сөзін тыңдатқан, 1200 жылдық тарихы бар үйсін елі әлі де  жер астынан табылған темір, мыс қорытыу конбинаттарымен әйгілі. Кейінгі таяу заманда моңғол тұлпарының тұяғы ошақтай етіп ойып кеткен, бүгінде Моңғолды күреп тастап атын Моңғолкүре деп қойған, олардан ескерткіш болып жалғыз көне лама ғибадатханасынан басқа ештемесі қалмаған. Ал үйсіндерден ескі молалар томпайып, томпайып жатыр.

Жетпіс мың қазақ тұратын аудан қалашығына қарасты бес үлкен ауылдық окург, әр окургта бестен елді мекен, оның мәһәлсі мен әр сайында қыстайтын қазақ, қырғыз, моңғол машылары бар, ұйғыр, дүңген, ханзу, сібе, солаң, татар ауыл орталығы мен қалашықтағы базардың көрігін қыздырып елдің жоғын түгендеген ынтымағы құп жарасқан құт мекен.

Үйсін тауы батыстан шығысқа қарай ирелеңдей, орқаш-орқаш биік шоқылармен Қазақ-қытай екі елді жалғап тұр. Екі қапталы толған ел. Күнгей бетінде Мұңғүлкүре ауданы. Аудан қалашығы құлашын кең жайып малдас құрып отырған абыз қартқа ұқсатсақ сол білегінің қарымында Нәсілді жылқы фирмасы, Шабырты, Ұзынбұлақ,  Тасбұлақ, Шолақ мыс, Орта мыс, Шет мыс, Қалқаты,  Шилы өзек, Қобы. Оң құлашында Мәйек, Қарағанды(әскери жылқы фермасы), Үйрті, Кеңсу, Қызыл бұлақ, Сартау, Қасаң, Түрген бұлақ, Ерменті. Арқыраған текес өзені Мұңғұлкүре даласын хақ жарып ағып жатыр. Текестің арғы бетінде батыстан шығысқа қарай, Тияншан ауылы, Шаты, Ала айғыр сайқал асуы, Шаты арасаны, Ақсу, Қаракөл(орман алаңы) Тас арна, Күді, Басқарасу, Ақаяз, Ақаяздың батыс қақпасы Шекірті, Сымтас, Шекіртінің терістік асты Қашажар, Қаратөбе, батыс оңтүстігі Шолымты, Таяншан тауының теріскей бетінде Сарқобы, Мойнсаң, Көлбұлақ,(Көлбұлақтың суы қысы жазы еш қатпай бусанып оңнан солға қарай жылыстап ағады). Атақты саяхат аймағы Күркілдек аю сайдан бастау алып тік сарқырамадан еңіске арқырай асыға ағады. Етегі Бес маһле, Суық тоғай, Жалпақ мойынтай, Қашалы мойынтай, Шаған сай, Маралтас, Қызыл мойнаққа жалғасып Қызылкүре ауданына сұғынады. Суық тоғайдың қарсы бетінде текес өзенінің сол жақ жағасында Ақдаланың Қотырқай қыстағы. Ондағы жұрттың баласы ат жалын тартып мінгеннен бастап текестен өтіп қарағай тасуға шыңдалады. «Өтебайдан ұл туса ағашқа күн туады» деген мәтел де қалыптасқан. Қотрқайдан өгіз қора, орыс тоған деп шығысқа қарай мидай жазық әп-сәтте Мүңғүлкүре ауданының №2 ауылы Ақдалағаға жалғайды.

Үйсін тауы мен Тәңір тауының ортасындағы жазықта дара тау бар, онда Қабанбай батыр жаунгерлері мен атын шалдырған, аз күн ішінде жылқылар ойнақтап, осқырына жалдары тікейген. Таудың ең биік шоқысы теңіз деңгейінен биіктігі 2 мың 423 метір, шоқы дегенмен үсті жазық, ұзындығы 25 шақырымдай, ені 6 шақырымдай. Сонша биіктігіне қарамастан жас баланың еңбегіндей былқылдаған саз және бастауларға тола. Табиғаты тамаша, топырағы майлы, шөбі шүйгін, жылқы пішіндес  бұл тауға батыр ат тауы деп ат берген. Ат тауының оңтүстік бөктерінде арқырап атақты Текес өзені көлбей ағып жатыр. Сол өзенді жағалап Мұңғұлкүренің Ақдала ауылына, ал өзенінен өтіп Қызылкүре ауданының Көктерек ауылына барады. Тауға шығып, қарасаңыз төрт күл төңірегің түгел көрінеді. Бабалардың қарауыл шоқысы мен бірге Жоңғар Ғәлден Серенінің «бұрхан шоқысы» да бар. Атақты тесік тасы осы аттың таудың шығыс жақ етегінде. Көктерек қырғыз ауылының Маралтас деген жеріндегі Көктерек өзенінің Текеске құяр аузымен тұспа тұс келеді. Тесік тастың асты ұзын сай, тар кезең, мұнда бұрыннан көш жолы бар. Бұл жол сөлтүстікке қарай күркілдекті басып, Орта мыс жолына кетеді де, өңтүстікке қарай Қызылмойнақ кезеңін асады. Асуда аттың ер тоқымы сыпырлып түсердей шаншылма тік әрі тар. Әр адам бір-бірлен шығады. Асудың дәл үстінде қолдан жасағандай шағын бөлме іспетті тас біз тамсана сөз еткен тесік тас.

Таудың батыс сілемі Қара төбедегі аласа жоталардан басталып, шығысы Қобыға тіреледі. Ақдала ( әр шидың түбінде бір айғыр үйір жылқы еркін қыстап шығатын тусыған қалың шилеут боз дала болғандықтан ежелде осылай аталған) аумағына жақындап қарасаң, тау жылқы мойны сияқты тіктеле жоталарға ұласқанын көресіз. Тау жотасының басталған жері Айыр кезең деп аталады. Жотаның күнгей бетіндегі Оңтүстіктен солтүстікке созылған  ұзын сайлар жанға жайлы, қыста мал қыстатуға өте ыңғайлы. Қасым сай, Нұржұма сай(кішкене сулы сай), Құсайын сай, Әбдірақпан сай, Талдысай, Қызылтас сай, Желді сай( бұл сайдың желі тоқтаусыз соғатындықтан суық жел адамдардың көбін керең жасаған, былайғы жұрт кереңдер сайы деп те атайды). Борлысай(осы сайға дейінгі ел жазда Балықсудың жайлауына жайлайды). Кеңсайдан таудың ең биік шоқысы басталады. Таудың шоқысына шығатын асу тік, қырдай. Бұл асуды адамдар «айғыржал» деп атайды. (осыдан бастап шығыстағы малшылар жазда аттауы шоқысының үстіне жайлауға барады). Қарағайлы сай, Теректі сай,  Сулы сай, қалмақ Пәшке сай, Шәкір сай, Зікір сай, Қызылмойнақ сай деп тау бітеді.

Әр сайдың бас-аяғы отыз шақырымнан асады, малдарын айдап, қарашаның ортасында сайға кіріп, науырыздың соңын ала етектегі жазыққа көктеуге көшеді. Ел арасы қыста сырттай тату болғанмен «Қой ұры, қойшы өтірікші» ұсақ өкпе ренішке толы болады. Бір екі күн келген қонақ оны сезбейді.

Үйсін тауының күнгейі мен Аттауы шоқысының теріскейіндегі мидай жазық Балықсу жайлауы деп аталады. Балықсудың басы Шабыртыдағы саз балшықтан басталып, шығыстан бастысқа қарай ирелеңдеп ағып, Қаратөбенің түбіндегі құйғаннан Текес өзеніне құяды. Судың әр иірі шабақ балықтарға тола. Жергілікті қазақтар үлкен ағынды су балығы емес деп, аузына салмайды. Бұл маңға маусымның басында келген ел қазанға дейін жайлайды. Судың екі жағын жағалай ақ шаңқан киіз үйлерге толады. Масатыдай құлпырған жазық, мал мен жанға таптырмас мекен. Балықсу жайлауында жаз бойы қыз қуар, теңге ілу, палуан, жамбы ату, көкпар т.б, жайлау қызығы еш таусылмайды. Су ішінде үйір-үйір жылқы шұрқырасып, шыбындап бастарын изектейді де тұрады, су жағасындағы желіде қатар-қатар тиектелген құлындар анда-санда бір кісінеп қояды да жамбастап жатып басын жерге гүрс еткізіп тастай салады. Қойшылар қымыздан кекірелеп, кепенің сірнесіне тойып, суға бір сүңгіп, қойына қостан көз салып, порқырап ұйқыға басады. '' Шөп шабатын уақыт болмаса екен’’- деп жігіттер мен келіндер тамыз таяған сайын, таңның атқанын еш қаламайды. Жігіт ағалары шөптің алдында Талдысайға, Қотырқайға, Атзавытқа және Ұзынбұлақ пен аудан орталығына бір барып, масаңдап үйлеріне зорға оралады. Онысы бір айлық шөп шабысққа асау нәпісін көндірген түрі еді.

Балықсудың көпрінен өте қалмақтардың құдай (бұрхан) шоқысы тағы бар. Әр жылы көктемде жерден шыққандай моңғолдар құдайларына сиынып, малын сойып, қалың шүпіректі тау басына байлайды. Ол жалаулар алыстан мен мұндалап әлі тұр. Бөктерімен ат жол керлеп асады, аржағы «көп жасардың бұлағы». Сол бұлақты жайлаған ел ұрпақтары ұзақ жасайды. Содан жұрт солай атайды. Алайда бүгінде оны қадірлеген ешкім жоқ, қасиеті тайған.

Балықсудың көпірінен өте қайқайған жол Батпақтының болмашы асуынан  асады. Жол жағасы саз, қамыстары желмен бірге шайқалып, ызыңдай ән салып тұрады. Жол ирелеңдеп отырып, Талдысай асауының ең биік жотасына шығады. Асудың үстіне шыққан адам бір демалып, ақындар өлең оқиды. Жотаны жайлап Абдырақынның қыстауы жап-жасыл пұлыс меккен болып, қараған жанды тамсандрады, белуардан келетін шөпке аттан түскен жан қып-қызыл бүлдіргенге тойғанша жеп талай уақытын жоғалтқанын сонда біледі. Ара бағатындар мен әк тасын қазатын ханзу жолдастар ол жерге ақы төлеп жалға алып жаз біте қайтады. Шөп шабыста бұл мекенге абдырақынның алпыс ата жетпіс жездесі жиналып мәресәре шөп шабады. Күнде той, түнде той шөп бір айға жақын жалғасып қоңыраулап қаз ұшқанда аяқталады. Алыс жақынға шөптер тасылып мая-мая болып өзі тұрғандай тізеледі. Әне-міне дегенше таудың қатпар-қатпар қойнауына жүргіншілер сүңгіиді. Қия бетті кесіп жасаған кер жол көп айланба қабат болып, төмен құлдайды. Бала жүргізуші жанындағы тіс қаққан ағасына тізгінді ерксіз ұстатады. Үш мың метрдей төмендеген көлік Орыс ананың ұлы Мұхтардың қыстауын жолға тастап Мүсілімнің қыстауынан кейін жатағанға ілініп, еңістей береді, еңістей береді. Талдысайдың аузындағы Ақдала ауылдық окургіне барып бірақ тіреледі. Төрт көшеде цемнтпен жалатып жазылған «зиялы жастар магзині» деген маңдайшалқтағы таға тәріздес еңселі жалғыз қабатты құрылыс құшағын жая қарсы алады. Жоғары оқу орнын бітірген студенттердің ақ саусақ, шыбық тимес шыңық етерлігі ұнамаған Мау көсем оқу бітіргесін туған аймағынан алыс ауылда екі жыл өндірстік практикаға жіберіп шынықтырған, солар өз қолымен салған дүкен осы. Қысы-жаз осы төрт көшеден адам үзілмейді, аталар талдың түбінде астарна картон қағаз салып карта ойнап отырса, қолы бос жігтттер топ-топ болып әңгіме дүкен құрады, анда санда бастарын көрте аспандата бір күліп қояды. Ауыл әкімшілігі, почта, копратив бірлестігі, банк барлығы да осы маңда.

Ақдалада Моңғұлкүре бойынша алма пісетін, қарбыз өсетін жалғыз ауыл, жазы ыстық, қысы суық, аяздың күштілігі сондай комунистерден үйреніп тік тұрып шаптыратын жігіттердің кіші дәреті жерге түскенше буы бұрқырап барып, әп-сәтте қатып ұзын ақ жіпке айналады. Зулап бара жатқан тазылар қатып өледі, сондықтан да малшылар түлкі алатын тазы итін үйіне кіргізіп ұстайды. Жатарда атқа шөпті екі жігіт салды, бірі үймектен шөп босатып қолын ауына тыға қашса, екіншісі дайын шөпті басын тырналап жүріп зорға салып келеді. Суық қыс пен жайлы жаз қыздарды сұлу, жігіттері сұңғыла жасаған. Тауда кекілік пен борысық, суыр көп болса, тоғайда қырғауыл қырқылдап оңай қолға түседі. Шыңғыс Айтыматовтың Сарөзекте жортқызатын түлкісі де Ақдалада аз емес, мен пақыр монғол тілінде суырлы деп аталатын Қотрқайда кіндік кесіптім сосын да туған аймағымды аз кем жаздым.

Мүңғұлкүреде кезінде Қайса, Жапар, Әзімбай, Талғат, Бақытов, Ершат сияқты жақсы әкімдер кезек-кезек тақта отырған. Әр әкімнің тұсы бөлек бір әңгіме. Ауданының №1 ауылы Қонақай, онда Қазақ, Ұйғыр, Тартар, Дүңген, Сібе, Солаң тұрады, негізінен сауда мен айналысады, аудан қалашығына тиіп тұр. Балалар өз ауылдарында сегінші сынпқа дейін оқып, толық орта мектепке аудан қалашығына жиналады. Ол елде сегіз жылдық міндетті оқу, одан кейінгі оқу еркіті. Тоғызыншы сыныпқа келетіндер өз ауылдарының мықтылары.  1991 жылғы тоғызыншы сыныптың төрт класында 150 бала оқыдық. 9-жылдық 1 класты Төлеу, екіншісін Ділман, үшіншісін Тоқтарбай, Төртіншісін Нұржан алды.

Нұржан химия. Төлеу (марқұм) Әлгебіра, Бағила Парһат тағы бір класқа химия. Фанар кеңістік синометрия. Тоқтарбай геуметрия, Сержан (тайпақ қара) Хан тілі, Бақыт ( қара домалақ) Жағарапия, Толымбек (марқұм) физика, Мүнира физика, Айнұр Әкімбек бір топқа хан тілі. Ершат дене шынықытру, Қызайбек әдебиет. Барат әдебиет, Нұрбүбі Химия, Камила (әдемі сары апай) әдебиет. Бақытжан (өлген ханзуды тірілткен) тарих. Саясатты Тоқташ. Тойеке(шақмат шемфионы) Әлгебыра. Гүланда Лабарант. Ысқақ күзетші. Нәсіп  директор.

Әр мұғалім өз пәнінің білгірі, сол заманның мықты зиялылары, көп мұғалім сабақты күйіне жақсы өтіп, қысқа сөйлеп тез түсіндіретін. Ол кезде бізге ұстаздарымыз үлкен кісідей көрінуші еді, бүгінде ойласақ 20 мен 40 тың арасындағы жалындаған жас қыз-жігіттер екен. Оқушыларына ізгі өнеге көрсеткен абзал жандар екенін біздер енді түсініп жүрміз, әр бірі өз кластарындағы балаларға әкедей қамқор, шешдей мейрбан болды. Деседе әр адамның оқыту методы әр түрлі, мінезі мен тұр тұлғасы есімізде қалды.

9 да бірдің Төлеу мұғалымы өте сабаз, ақырын жүріп, анық басатын бір тоға жігіт ағасы. Әдемі киініп асықпай баптап сөйлеп, батырып айтатын,  ойландыратын, ішіңнен өртендіріп ұялтатын, кейде өткір тілімен орып жіберетін де мінезі бар еді. Доскаға сандарды жазғанда өте ретті жазып, еш өшірмей сағат біткенше жыпырлатып толтырып тастайтын.

Ділман аты алыстарға кеткен тұлға, оны білмейтін адам жоқ, аудандағы жалғыз тамада, қыршаңқы тілі өзіне ғана жарасқан. Тереңде жатқан шүңірек көзі қараған адамның өңменіне өтіп сай сүйегіңді сықырлатып жібереді. Одақ комитетінің секратары болған ол бір сынып емес барлық мектептің талай-талай қисық оқушыларын түзейтін. Күндізді қойып түнде Ділман ағай шарап дүкендері мен дискатикаларды аралап мектеп оқушылары ащы су ұртап, жаман жолға түсіп кетпесін деп алаңдайтын. Содан да солай болған екен-ау дейміз генгруша жай түсінген біздер. Үзілісте кешігіп кірген оқушыдан сабақ сұрамай отырғызбайтыны тағы бар еді.

9 да үштің Тоқтарбай ағайы табиғатынан мұғалімі мінезді, әу бастан адам жанының инжинері болуға жаратылғандай, әр баланың болашағын топшылап, талай тұманың көзін ашқан үлкен мақсаттармен қадам басқан биязы да ибалы жан, шашын артқа тарап әдемі киініп, өзіне құп жарасқан жұбайы Ұлбосын апайды қолтықтап қатар басып келе жатқан жүрісі сондай әдемі, әр кез жымыип жүретін бейнесі, жайдары жүзі «жақысы да жаттық жоқ» деген сөзді еске салады.

Ал 9 да төрттің Нұржан ағайы әр аптаның дүйсенбі күні кллас жиынға қонжиып келеді. Мен қолымдағы бағалау дәптерін оқи бастаймын. Онда әр баланың апта бойы жиған баллы бар...  қол көтеріп белсенді сабақ айтса 7 бал, мұғалім сұрағанда сабақ айтса 6 бал қосу, артына қараса 4 бал тарту, сыбырлап сөйлессе 5 бал тарту, кешіксе 5 бал, сабақ айта алмаса 7 бал тарту деп кете береді... әр оқушы өзінің апта басындағы 60 балын не көбейтіп, не жоғалтып минусқа кетеді. Тыңдап болған соң ағайымыз минусқа түскендерді орнынан тұрғызып жақсылап таңқиттап, артынан «осы апта жақсы оқимын» деп ауыздарынан сөз алғанша кетпейтін.

Ол кезде мүғалімдердің үйінде көктемде картоп айдау, күзде қазу, ұраға салу, су турбасын тарту бәр-бәрі оқушылардың мойнындағы шаруа болатын. Ол кездегі мұғалімдерді өз оқушыларын үйіне ертіп барып еңбекпен тәрбиелетін, директорда, ата-анада барша қоғамда көз жұма қарайтын. Уатсаптың іші күнде сан түрлі әңгіменің ошағы.

Ортамызда Ділмәнның класында оқыған Нұржігіт Нұртайұлы деген ақынымыз өлеңмен өрді өз ойын.

Дос құрбы сабақтастар бармысыңдар?

Осы топты бастаған Бақытханға,

Айтатын мың мәртебе алғысым бар.

Бір кездері жас едік алып ұшқан ,

Көздерінен от ойнап жалын ұшқан.

Күндер зулап, ай аунап жылдар өтті,

Балалық қайта оралмас, сағым ұшқан !

Отыз жыл отыз күндей өткен екен,

Отыз жаз, отыз күз, қыс, көктем өткен.

Есіме бірі келсе, бірі келмес ,

Көп істер ұмытылып кеткен екен!

Бәріңде өткен күнді еске алыңдар!

Ойлансаң еске түсер достарың бар,

Көбейіп тобымызда келе жатыр,

Мырзалар хош келдіңдер, ханым қыздар.

Жәнгелді мырзаменен Ерған дос бар,

Сурет жолдап келтірдің көңіл хошын.

Ханымдарда шығыңдар сырласыңдар!

Әрине уақыт болса, қолың босың.

Нұрсерік Нұрболат пен Жақсыбегім ,

Нұрхалық сен ортаға жақсы келдің ,

Қарымды қаламыңыз, найқалмасын!

Жақсы атыңыз мәңгіге шыға берсін- деп тілерім.

Бахар, Бақытхан, Гүлбәршін сұлу қыздар.

Отбасына береке жылу қыздар.

Нұрбұбы Зора ханым амансыңба?

Күнде бір аман сәлем қылыңыздар!

Төлеген доста келді қарсы аламыз,

Қосайық қалған тағы кіміміз бар?

Ал енді әңгіме дүкен құрыңыздар!

Осылай қоржынының аузы енді ашылып, сабақтастардың ыстық-суығы басылмай уатсаптың ішінде әңгіме гулеп жатқанда әйелдер мерекесі жетіп келді де ортамызда «қара мысық» жүгірді. «Қыздар мерекесін патшадан бастап «әйелмен әлем әдемі» деп бұндағылар ел көлемінде асыр сала тойлап, аспандатып өткізуге дайындалып жатты. Қытайда қыздарға мерке құтты болсын десең "мен әлі айел болған жоқпын" деп бұртия қалады. Қазақстанда қыз-келіншектер барша қоғамнан, еркек атаулыдан гүл мен жылы сөз дәметеді. «Ебін тапса қыз бетінен сүйдірген» деген халық өлеңіндегі сияқты қыз-келіншек еркелегісі келеді. Ал біздер болсақ сол орта мектептегі бейнеге тәнімізбен де рухымызбен де енгенбіз, бүгінде қыздар төрт баланың анасы болсада оларды қыз деп қимаймыз, мереке кұтты болсын деуге аузымыз бармады.

Сабақтастарымен уатсапта болсада бас қосқанына қабағат қуанып жүрді. Бірақ мынау мерке бұларға томпақтау болды.

Мен елдегі мемлекеттік және дәстүрлі мерекелер туралы талай жыдан бері ойлап бірдеңелер түртіп жүруші едім. Дерлік ескі сәбеттік жүйемен тығыз байланысты, тұнып тұрған сол дәуірдің иделогиясы. Жаңа жыл келіп шыршасын отбасыларға дейін таратып, дерлік ел роеждестваны тойлайды, орыс аяз ата, қазақ қызын қолтықтай келіп орысша әуенмен, балаларды алдайды. Тіпті орыстармен бірге суға тоғытылып ғұсылын жаңартады аязда.

8 науырыз гендірлік саясат, әйел теңдігі деп бөтен еркектің өзі көзіңше келіншегіңді бетінен шөп еткізе сүйіп «өркениет» деп кетеді. Еркек болғысы келетін әйелдер ол күні биліктен рұқсат алып көшеге шығады. 1 сәуір балаларға өтірік айтуды үйретеді, 1 мамыр халықтар достығы деп,- қазақ халқын басқа ұлттардан төменге қойып, оларды қонақ деп төрге отырғызып марапаттайды. 9 мамыр қып-қызыл жеңіс дабылын қағып, ұлы отаның Ресей деп, қазақ елдігі жөнінде ештеңе айтпайды. Мереке деген ұлттық идеологияның босаған шегелерін шыңыта түсуі керек. 16 желтосқанда бір ыңғайсыз мереке, құран оқып желтоқсаншылар рухына бағыштайсың ба, әлде азаттық таңы деп тойлайсың ба білмейсің....

Ал мына 8 науырыз көктемнің алғашқы күндері келіп делебеңді қозыдырады, сабақтастарының басын қосып, қыз-келіншектердің меркесін дүрілдетіп өткізіп беруді ойласамда ол ойымнан селт етіп, тезден өзімді жинап алдым. Нұрсерік 7 науырызда қыздар мерекесін орыс жазуымен құтықтады, 8 наурызыда  Нұржігіт, Жанкелді өз сөзідерімен мереке құтты болсын айтты, Нұрлан меркелік құтықтау жіберді, қалған Жақсыбек, Бейсен, Серікжан, мен үнсіз басымызды құмға тыққан түйе тауықтай жаттық. Қыздардан Баһар, Бақытқан, Нұрбұбі жігіттерге рахмет айтып уатсапта меркелерін құтықтасты. Бар болғаны осы. Басқа Бейсамқан бастаған Гүлзия қостаған қыздар да үнсіз қалды. Ойдың өзгеруі....Сана сілкінуі....жаңа қазақстан....

Соңғы он жылдан бері осы мереке туралы ғаламтор мен ақпартта неше түрлі қаңқыу сөздер тарады. «Қазақ намысы» дейтін жігіттер тобы таратқан талай видионы көрді. Англияда 1875 жылы өздерінің халыққа қызмет көрсетуін заңдастырып беруді үкіметтен талап етіп көшеге шыққан жеңіл жүрісті қыз-келіншектердің ереуіл батыстағы талай елде дүркін-дүркін жалғасқан, ондағы бастаушы әйелдердің аты-жөнімен қоса деректі құжттар тізімін жарялап елді терең ойға қалдырған. «Қандай қауымның мерекесін тойласаң кейін солармен бірге тірілесің деген ғалымдар сөзі құлағында жаңғырды тақуалардың. Әнеу күні бір блогер көшеде кетіп бара жатқан апаның алдын кес кестеп, «мерекеңізге қандай сыйлық алдыңыз» деп сұрағанда "біз үшін бұл күн ешқандай мереке емес, сәбеттік мұрағттан да бұл мереке туралы көп дерек табылып жатқан жоқ па? Деп" блогердің өзін састырғаны бар.

Мүйзі қарағайдай білмейті тек жердің астындағана қалған ақ бас ғалымның аузынан бір жетінің алдында естіген Ленин Францияда жүргендегі көңілдесінің туылған күнін 1917 жылдан кейін одақтас Респбуликаларда үлкен мерекеге өзгерткен дегені құлағына келді.

Иа, адам баласының аузын ашқанда алғаш айтатын сөзі ана, аналар үшін ағылшындар сияқты басқа бір күнді ел көлемінде шіркін мереке деп белгілесе қандай ғаламат болар еді. Мен әр жұма сайын анамның қолын сүйіп үлкен-кіші сыйлықтар беріп қайтамын. Биыл бұл күн жұмаға тұспа-тұс келді, анамның үйіне бармадым.

Адамдар алты айдың ішінде толықтай биологиялық жақтан да, психологиялық жақтан өзгереді. Бұлар кездеспегелі қаншама алты ай өтті. Сан оймен мың мәрте суғарылып барлығы да өзгерген. Әлгі Шерхан Мұртазанның 42 жылғы келіншек атты әңгімесіндегі ғашығы сияқты бұлардың көз алдында сол аудан қалашығында шапқылап жүретін бозамық шақтары. Лу Шүннің туған жеріндегі сыныптасына сағынысыа барып еш сөйлесе алмай тосырқай қайтқаны есіне түскен мен таусылмас шығармашылық әлемімде компютерімді көзге шүқып жазумен отырмын. Қашан біз ұлттық мемлекет боламыз. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа.

Сонымен күнде жылынды біздер бас қосуға дайындықты әуелі уатсаптың ішінде бастадық, бірінші күні Алматы төріндегі бір мейрмханада бас қосып, таудай ет, көлдей сорпаның ортасында мың түрлі салат пен жүз түрлі дәммен аспа-төк дастарханда бас қосуға келістік, ертесі көкке шығып арқан тартып, тақия тастамақ жасап, мылқау таяқ ұру ойындарына тар болмайтын, адам аздау бір тыныш жайлау іздедік. Табаған, Аю сай, Үш қоңыр маңдарына бардық. Асыға күткен күндерімізде алдымызға келді, мамырдың мамыражай түсінде аталмыш тойханада бас қостық, шынмен баяғы балаң жігіт, желкілдік қыздар емес бәріміз қырқыты қырқалап, елуге иек артқан, беттерімізге шимақ жазу жазылған орта жас топтың өкілдері болғандарымызға сене алмай, әлде біреуді күткендей тойхана сыртында жан-жағымызға қарап ішке кірмей аз-кем тұрыстық, иа, өмір өз табын салады, әр адамның беті іші мен сыртында болған барлық жағдайының жанды картинасы, оқи алсаң оқисың. Бір-бірімзі аз кем оқыстық. Сөйлеспей-ақ қастың қағысымен, жүректің соғысын түсіндік. Дүрсілдеген сезімдер әлде қашан басылған, біздер ғашық болған қыздар қарсы алдымызда бетімізге қарап отыр, кезінде қол жетпес асыл армандай болған олар бүгінде кемпірлікке бет алған, жігіттер әлі бір тырнағын ішіне бүгіп ештеңе білдіргісі келмейді, бірақ 40 тан соң адам күші мен ажары жыл санап азайатыны белгілі. Енді қанша ғұмыр сүретінімізді бір Жаратушы Өзі ғана біледі.

Нұржігітті қолқалап өлең оқыттық. Көкдек Маралбай атасы сияқты Мұңғұлкүренің жаңбырындай төгіп-төгіп жіберді.

Заман өтіп барады, заман өтіп.

Жастығымды өзімен ала кетіп.

Арт жағыма қарасам келеді екен,

Балапан мұртты жігіт боп балам өсіп.

Жылдар өтіп барады жылдар өтіп,

Кетіппіз қырық деген қырдан өтіп.

Қызығына тоймаған қайран жастық,

Бір күнгідей кетіпті- ау зырлап өтіп!

Айлар өтіп барады айлар өтіп,

Бұл өмірде жүрмыз-ғой сайран етіп.

Арты елес, алды бұлдыр қайран өмір,

Біліндірмей барасың қайда кетіп?

Күндер өтіп барады күндер өтіп,

Бір қуаныш бір мүңмен ілмелесіп.

Тарыдайын шашылған асылдарым,

Құтты болсын бас қосу! ал енді ашыл бәрің.

Дстархан басталды, дүркіретіп тойладық, Құрманәлі күй сандықты сарнатып жанында Нұрсерік қоңыр даусымен әнді әуелетіп түннің ортасына жақындап қайттық. Ішмдіксіз мас болдық, ертесі көкке шығып ұлттық спорттық ойындарымызды айналамызға паш еттік, Нұржігіттің жазған гимин сабақтастар бас қосуында қормен орындадық.

Тоғысқан бір арнаға тілектері,

Аузын ашса көрінген жүректері.

Біріксін әр кездеде білектері !

Алтын қанат, үйсін тау түлектері.

қайырма:

Балапан едік сары ауыз,

Бір ұйядан ұшып түледік.

Туған жерден алыстап ,

Ата жұртқа кеп едік .

Аяулы сабақтастар қыймастарым,

Дос құрбы ағайынсың сырлас бәрің.

Құлын тайдай тебіскен құрдастарым,

Бірге жаз бақытты өмір жыр дастанын !

қайырмасы:

Алдыңда ұзақ жол жатыр,

Сәтті болсын сапарың !

Көңілде қайау болмасын !

Сиремесін қатарың !

Сабақтас алтын жанды ақ көңілді,

Хабарсыз өткіздік-әу талай жылды.

Тоғысқан бір арнаға тілектері,

Аузын ашса көрінген жүректері.

Біріксін әр кездеде білектері !

Алтын қанат, үйсін тау түлектері.

қайырма:

Балапан едік сары ауыз,

Бір ұйадан ұшып түледік.

Туған жерден алыстап ,

Ата жұртқа кеп едік .

Аяулы сабақтастар қыймастарым,

Дос құрбы ағайынсың сырлас бәрің.

Құлын тайдай тебіскен құрдастарым,

Бірге жаз бақытты өмір жыр дастанын !

қайырмасы:

Алдыңда ұзақ жол жатыр,

Сәтті болсын сапарың !

Көңілде қаяу болмасын !

Сиремесін қатарың !

Сабақтас алтын жанды ақ көңілді,

Хабарсыз өткіздік-әу талай жылды.

Ширек ғасыр өткенде дидарластық,

Туыстай өткізейік қалған күнді !

қайырмасы:

Еселеп артсын қашанда,

Ынтымақ ырыс берекең !

Аман- сау болсақ бәріміз ,

Бақыт деген сол екен.

Солай қимай-қимай шашлық жеп, қуырдаққа тойып кеште үйге оралдық. Біздерді әйеліміз қызығада, қызғанада қарсы алды.

***

Жақында Нұрлан деген сабақтасымыз ұлын үйледі, ғаламат той жасады, бұл жолы жұбайларымызбен бәріміз бардық, жігіттің үш жұрты болса төртінші жұрты сабақтастар екенін елге көрсеттік. Алда тағы көрер қызығымыз көп болсын. Ұл-қыздарымызды үйлеп, ойнап күліп өмірдің бал дәмі таңдайдан кетпей жүре берейік. Біз бір дәуірде жасағанымызға бақттымыз.

Мен ойлаушы едім елдің бәрі қолфонның ішінде тұншыға өмір сүреді деп, менің сабақтастарым ондай топтан емес екен, қоңыр тірлігін кешіп адал еңбегімен отбасын асырап отырған ізгі жандар. Иа, ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген біздің мұғалімдер жақсы болған. Ортақ чатта сүйкімсіз сымайлік, сауда, бос сөз тағы басқа нәрселер жоқ, қағытпа сөз,  артық тістеуік қалжың, мысқыл, сайқы-мазақ атымен жоқ. Содан-ақ сабақтастардың ішкі жан әлемін байқауға болады. Туған жерді тастап, туған елден алыстап келгенде ел болып жұрт болып жүргенге не жетсін.

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

0 пікір