Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3329 14 пікір 20 Қаңтар, 2023 сағат 12:36

Назарбаев көшесі - Қаңтар көшесі бола ма?

Бүгін «Қанды қаңтар» оқиғаларының басты эпицентрі болған Алматы қаласындағы Назарбаев көшесін (авт-бұрынғы Фурманов көшесі) «Қаңтар» атына ауыстыру туралы қалалық Қоғамдық кеңестің жиыны өтетін болған.

Бұл туралы экономист, энергетика саласындағы сарапшы Әсет Наурызбаев өзінің Facebook әлеуметтік желі парақшасында жазды. Бірақ артынша жиынның кейінге қалдырылғаны мәлім болды.

«Алматы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтеді. Шаһар тұрғындарынан Назарбаев көшесіне «Қаңтар» атауын беру туралы көптеген ұсыныс келіп жатыр. Сол себепті, осы мәселені көтеретін боламын. Дауыс беру нәтижелерін жариялаймын», - деген еді қаржыгер.

Алматы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, жеке адамның есімі белгілі бір нысанға берілген күннен бастап кемінде 10 жыл өткеннен кейін қайта ауыстыруға болады. Өйткені, Тіл туралы Заңның 25-5-бабы 4-тармағында осылай деп көрсетілген.

Жеті шақырымға созылған Алматының алып көшесінің біріне экс-президенттің аты берілмей тұрып, ол ұзақ уақыт бойына революционер Дмитрий Фурмановтың есімімен аталды. 2017 жылы 30 қарашада өткен Алматы қаласы мәслихатының VI шақырылымында даңғылға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Мұндай шешімнің қала тұрғындарының ұсынысы бойынша, сондай-ақ қалалық және республикалық ономастикалық комиссиялардың келісімі бойынша қабылданғаны айтылды.

Ендеше, заң бойынша, Назарбаев көшесінің атын ауыстыру 2027 жылға сәйкес келіп тұр. Көше атауын «Қаңтарға» ауыстыру жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтылған. «Оян, Қазақстан» белсенділері наразылық акциясын өткізіп, көшенің аты жазылған тақтайшаны алып тастап, орнына «Қаңтар» атауын ілген болатын.

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өңірлерде тұрғындар экс-президенттің аты берілген даңғылдардың атауын өзгерту мәселесін көтеріп жатқанын айтқан болатын.

«Біз өңірлерге барғанда, тұрғындар бұл мәселені көтереді. Өйткені әр облыста Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген даңғылдар бар. Менің ойымша, бұл мәселені жергілікті деңгейде шешу керек. Көшенің атын ауыстыру үшін мәслихат шешім қабылдауға тиіс. Жалпы тұрғындар мәселеге қатысты өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр, - деді Ерлан Саиров.

Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстан басшылығына Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін, елдегі облыс орталықтарының негізгі даңғылдары Назарбаев атауын ала бастады.

Айжан Темірхан

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415