Жексенбі, 13 Қазан 2024
Жаңғырық 3064 7 пікір 25 Қаңтар, 2023 сағат 13:07

Мұрат замандасқа хат...

Басы: «Ұлылық ауруының» жаңа көрінісі...

Жалғасы: Қазақы сандырақтың бірі...


Қадірлі замандас, Мұрат Мұхтарұлы бұл жолдар бұдан 12 жыл бұрын менің «Күнделіктерді парақтағанда» атты ой-толғаныстарым бойынша қағазға түскен еді.

Енді қайта оқып отырсам, мен көтерген ділгір мәселелер сол баяғы қалпынан  онша өзгере қоймапты. Әйтсе де «Қара жорға» биі жөніндегі Қытай мен өз еліміздегі соңғы жылдар жаңалығы білген, білгісі келген адамға әбден түсінікті болатын шығар деп те шүкіршілік етемін.

Мұрат бауырым, осы жазбаны өзіңе жіберіп ой бөліскім келді. Сол арқылы «Жаңа Қазақстан» құруға құлшынған Қасым Жомарт Тоқаев пен оның жаңа буын жас көмекшілерінің назарын руханиятымызда шешуін күтіп келген ұлттық-мемлекеттік проблемаларға аударғым келді.

Сен қалай қарайсың, қандай ақыл-кеңес бересің? Мәдениеттанушы ғалым ретінде айтарың аз емес екеніне  кәміл сенемін.

*****

Осы жазбамен бірге 1994 жылы «Жұлдыз» журналының 5-6 номерінде жарияланған «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу мақаламды 70 жылдық Қазақ совет әдебиетіне талдау жасаған кезімде  ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай» эпопеясындағы  Әттеген-айлар жөнінде де тоқталған болатынмын мына қысқа үзінді сол мақаладан алынған. Сенше қалай, бұдан 30 жыл бұрынғы менің критерийлерім жөніндегі көзқарасыңды да білгім келеді.

Құрметпен Әлімғазы Дәулетхан.   


30.10.2010.

Мұрат Әуезов, Қытайдың басқа ұлттар мәдениетіне көзқарасы жөнінде айтқаны:  ...Вот такой пример хочу привести, проводиться шоу, которое по китайской логике должно свидетельствовать о расцевете культуры казахов в Китае. Садят вместе на огромную площадь тысячи домбристов и они в это немислимав оркестре исполняют кюй. И нет организаторам шоу дома до того, что домбра у казахов инстумент индивидиуальный, он выражает мысли и чувства только одного исполнителя, так происходить подмена возникает некая масс-культура эпохи истинно китайский полюс множественности хотя, как мы знаем, только одной домброй можно вечно донести нужную мысль до сотен тысяч людей. Но вот это –то  как раз китайцам и не понять.

****

Мен осы уақытқа дейін Мұрат досымды толық түсініп болмағаныма ыңғайсызданып қалдым. Орысша оқып, орысша, қытайша білім алған шала қазақ екеніне сенетінмін. Ал, оның қазақтың қасиетті қара домбырасында, онда да жеке орындауда ғана орындалып, мыңдардың құлағы арқылы жүрегіне жол тартатын күй өнерінің құдіретін осылайша ұғынатынына тәнті болдым. Шындығын айтар болсақ, домбыра күйдің сондай қасиетті киелі талғампаз, шікәмшіл жаратылыс екенін сол өнерді кәсіп етіп жүргендердің бәрі солай түсінеді деу қиын-ақ.

Қадірлі, Мұрат, ойды ой қозғайды демекші, өзің ойлашы, қазақтың дәстүрлі күйлерін оркестрмен орындаудың кешегі және бүгінгі деңгейімен аспаптар құрамындағы теңсіздікті осылайша сақтап тұра беруге болмайды ғой, үлкен әрі тәуекел қадамдар жасау керек. Жаңғыру, жаңғырту керек дегенге қалай қарайсың?! Өз тарапымнан мынадай ұсыныстар айтқым келеді:

1. Өзіміз, оның ішінде халқымыздың дәстүрлі ән-күй өнерін зерттеп-зерделеп жүрген өнертанушылар мен осы қасиетті мұрамызға ие болып нан жеп жүрген күйшілер мен ұстаздар күй өнерінің ешбір халыққа, ешбір бөгде аспаптар дүрмегіне жақындығы, ұқсастығы жоқ феномен екенін көкірек көзімен танып жетуі әрі перзенттік жауапкершілікпен мойындауы керек.

Өнер  үшін, өнерді қастерлеп бағалай білетін сезімтал рухы сергек жандар үшін қызмет ететін текті жанр екенін мойындайтын уақыт жетті ғой, «өнерде шекара жоқ, өнер халық үшін (қара тобыр үшін)   қызмет етуі керек» дейтін коммунистік сайқал алдамшы үгіт-насихаттан арылуға тура келеді.       Домбыра қазақтан басқа халықтар үшін, әсіресе менменсіген еуропа мен қырық қылаудан құралған америалықтар үшін экзотикалық жабайы бір аспап қана.

Ал, оның екі ішегімен 21 пернесінен төгілген әсем үн, нәзік діріл оң қолдың бес саусағы ойнатқан сыйқырлы шанақтың күмбірі, тумысынан музыкант болып жаралған менің сүйікті халқым – қазағымның ғана 62 тамырын иітіп, жан тебіренісіне түсіре алары адамға да, Аллаға да аян.

Орысша ортада, орыс мәдениетімен тәрбиеленген Мұрат міне осы  бір ұлттық-қазақтық нәзік сырды – күй өнері сырын жете түсініп жеткенде, күй жанашырлары басты бір сілкіп тастап, қайта ойланып көрсе қайтер еді.? Солай бола қалғанда келесі сұрақ былай көлденеңдеп шыға келуі әбден мүмкін.

2. Кезінде, нақтылап айтқанда Академик Ахмет Жұбановтың орыс музыка мектебінен алған білімі мен өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс пролетариат диктатурасы апшысын қуырып есін шығарған қан-қасап қызыл қырғын тұсында иесіз-бассыз қалған қазақты орыстандырудың бір құралы ретінде жаппай жүргізілген «Мәдени революцияның» кермек  жемісіндей болған балаң сахна өнері – бұқаралық тобырлық өнердің дүлей екпінімен орысша жасақталған Құрманғазы оркестрінің аспаптық құрамы нәзік те киелі күй мұрамызды насихаттауға оның ұлттық бояуын көмескілемей айшықтап жеткізуге мүмкіндік бермеген сияқты болады да тұрады.

Осы бір тарихи шындықты шарасыздықтан көзіміз де, құлағымыз да үйреніп кеткендей болған нақты өмір шындығын мәрттікпен ұлт алдындағы, оның киелі өнері алдындағы жауапкершілікті мойындауға ерік-жігеріміз жетер ме екуен?

Біздің бұл ойымызды жатырқап жаны түршіккендей тыжырынатын, өнерді әкесінен қалған мүліктей жекешелендіріп алған кейбір лауреаттар мен профессор ағайындар «Сенің не жұмысың бар, сен не білесің» - деп дүрсе қоя берерін де білеміз. Дөңайбаттан гөрі ортақ ісімізге аталы сөз арнап, ақыл қосқанға уәжі болса ортаға салып біздерді иландырғаны жөн болар еді.

3. Жоғакрыдағы ой-пікірлерден туындар басты түйін бүгінгі Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінде ойналатын үрмелі, ыспалы, ұрмалы аспаптардың қазақ күйлерін орындауда домбыраға әлімжеттік жасағандай болатын түрлерін алып тастауға, немесе оның санын азайтып, «Отырар сазы» оркестрі қолданып жүрген ұлттық аспаптар үлесін арттыру арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге болмас па еді деген ізгі тілекке назарларыңызды аударғым келеді.

Әлемдік-еуропалық классиктердің шығармасын қаз-қалпында орындау дегенді сылтауратып қазақ өнерін оған жығып бергендей болатынымызға намысың келеді екен.  «Симфониялық оркестр» деген бар емес пе? Онымен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі деп аталған ұлттық оркестрдің арасында көзге ұрып тұрған өзгеше ерекшелік болуы керек емес пе?

Әй, қайдам-ау, қайдам... «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты жығылғанның үстіне жұдырып боп» дегендей «Жаһанданудың» алапат сунамиі бүгінгі барымыздан айырып, ұлттық қадір-қасиетімізді қашыра бастаған тұста біздің бұл сөздерімізге накзар аударар, құлақ тігер зиялылыр табыла қояр ма екен?!  Әйтсе де, домбыраның киесімен, күйдің жәй-күйінен хабардар қазаққа айтқан бір базынамыз деп ұғыңыздар.

Бұл ойлар Мұрат Әуезовтың Валерии Новиков деген автормен болған «Живя у горы, знай реки, текущие сверху» деген сұхбатын оқығаннан кейін қағазға түскенімен негізгі толғаныстарым одан көп бұрын пайда болған еді. Нақтылап айтқанда, Қытайда пәлең мың адам қатысқан «Қара жорға  биін» билеп шыққаны, пәлен жүз күйші шаршы алаңға шығып күй орындап шыққаны жөніндегі қытайлық қитұрқылықпен қазақтың назарын бүгінгі жанып тұрған өзекті проблемалардан басқа жаққа аударып әкету үшін ойлап тапқан даңғаза Шоуы екенін түсінбейтін отандастарының ешбір ойланбастан «Қара жорғаның» дүбіріне дүрмек қосып іліп әкеткеніне таң тамаша болып жүрдім.

Комсомолдық ұрдажық науқандарға төселіп алған біздің бүгінгі әр дәрежелі басшы-қосшылар ешнәрсенің байыбына барып зерттеп-зерделеуге мүлде қабілетсіз, құлықсыз екенін тағы бір рет көрсетті

Алдымен айтарымыз, «Қара жорға» бүгінгі айтылып, орындауында тек сауық сайранмен, той-томалақтың қажеті үшін шебер құрстарылған аралас жанрлы бір музыкалық туынды. Оның әуені Қытайдағы қазақтардың бәріне  белгілі «Сал күрең» дейтін күйдің ритмін сәл өзгертіп, оған «жар-жардың» үзік-жұлығын қосарлаған жаңаша аранжировкасы ғана. Дегенмен бүгінгі шоу кештерінің қажетін өтеуге жарайтын сәтті туынды екенін мойындаймыз.

Бірақ «Қара жорғаның» би екенін, құрметтей нәзік күрделі әрі аса байыпты байсалды халықтық мұра екенін естен шығармауымыз керек еді.

Біз білетін «Қара жорға» биінің домбырада орындалатын арнаулы күй сарынды әуені бар болатын. Әрине әзірде бар. Бірақ ол бүгінгі «Қара жорға биі» әуенінен мүлде бөлек.

Ол әуен баяу орындалады. Ал би біртұтас желіге құрылған бірқанша бөлімнен тұратын, берік композициялы, нағыз буын биі.  Алдымен, бұл би неге «Қара жорға» аталды дегенге назар аудару керек еді. «Қара жорға» қазақы тұрмыстың, ұлттық болмыстың төл туындысы. Атап айтқанда қазақ бұл биді екі жағдайда көңіл көтеру үшін билеп, тамашалайтын болған.

Қысты күндері қыстауға жайғасып соғымның  сүрісін жеп, сүзбе немесе малта езіндісі қосылған сарала сорпаға тойған қазақтар алқа қотан  жайғасып «Қара жорға биін» тамашалаушы еді.

Ол үшін бір қарулы мығым  жігітті ортаға қара жорға ретінде шығарып атша төрт аяқтатып тұрғызып қоятын. Сосын биді жақсы билей алатын бір жасөспірім баланы немесе бозбаланы ортаға шығарып қол соғатын.

Домбырашы дәстүрлі «қара жорға» би әуенін тарта бастағанда бишіміз атқа – қара жорғаға билей жақындап алдымен аттың кекілін, құлағын, жалын сыйпап барып ноқта,  сосын жүген салу рәсімін жасайды. Сосын арқасын сауырын сыйпап жүріп атты ерттеуге кіріседі. Ішпек, тоқым-ер салып, құйысқандауға келгенде ат үркіп теппек болып мінез көрсетеді. Оның өзі бір рахаттана күлуге себеп болады.

Ат ерттеліп болғаннан кейін биші жігітіміз атты айнала  көпшіліктің алдында буын биінің  небір нәзік қимылдарын жасап өнерін көрсетуге барын салады. Осыдан кейін бидің ең күлминациялық әсем де қызғылықты сатысына куә боласыз.

Бишіміз ерттеулі аттың төрт аяғын тағалау жосынын жасап неше түрлі қимыл әрекетке толы би ырғағына басады да «Қара жорғасына» қарғып мініп, атүсті қозғалысының ең күрделі де әсем биіне басады.

Аттың қолтығына  аяқтарын өткізіп алып шалқайып, еңкейіп, оңға-солға аунай аттың бауырына түсе билеп жұртты қыран-топан күлкі қызығына  батырады. Егер қонақтар арасында жас күйееулер болса «қара жорға солардан таңданып бишінің небір қитұрқы аяқ-қол қимылын еркін әрекеттенуге мүмкіндік тудырып ойын қызығын қыздара түседі.

Бұл бір рахаттана күлер, көңіл көтерер әрі жастарды би өнеріне баулып, шынықтырар тамаша орай еді. «Қара жорғаның» осы бір тұтас қимыл-қозғалысын түгел қамтып, осы заманғы қуыршақ фильмдер жанырана үйлестіре фильм түсірсе  тамаша балалар қуыршақ фильмі шығар еді.

«Қара жорға биі»  малшы қазақ жаз жайлауға шығып қымыз бен бағлан етіне тойынған шағында кәдімгі ат үстінде билейтін, бүгінгі акробаттарша өнер сайысына түсетін ойын-тамашаның гүліне айналатын болған.

«Қара жорға» биінің шығу тарихы тым ерте заманға меңзейді. Ежелгі хұн-үйсін-қаңлы, найман-керей хандықтары тұсында атты әскерлер ұзақ жорықтарда жүргенде, үзілістерде, алқа қотан тұра қалып жаппай би билейтіні жөнінде ертедегі қытай жазбалары мәлімет береді. Қытай жазбаларында  ол биді  «Ма-у  -    ат  үсті биі биі»  деп жазады.

«Қара жорға биін» тек қазақтар ғана билемейді. Оны өз әуендерімен моңғол малшылары да билейді. Қазақ қара жорғасына ұқсайтын  қимыл-қозғалыстары да бар. Демек бұл би малшы қауымдарға ортақ өнер деп қарауға болады.

Олай болса, біз осынау халықтық өнерді насихаттаған Қытайды неге кінәлап сөйледік? Оның мынадай себептері бар болатын:

Қара жорға биі алдымен нәзік өнер туындысы. Олай болса оны айдап, иіріп әкелген мыңдаған тобырдың елең-селең, ербең-сербең ермегіне айналдыруға әсте болмайды. Өнермен өнер адамдары айналысуы керек емес пе еді. Ал, егер оны жалпы халықтық спорт түріне айналдыру керек болса, оны мамандар зерттеп, саралап, жетілдіріп, ортаға бейімдеп барып жалпыластыруға неге болмасын. Әзір  «қара жорғаны» қайсы маман биші үйретіп жүр? Ол өзі кімнен, қалай үйреніпті? Көрмегенге көсеу таң болып жүрген жоқ па?

Егер  осы бетімізбен  «ура – қара жорғамен мектеп оқушылары мен студенттерді  алаңға айдап апарып келсін-келмесін құнжыңдата берер болсақ, көп өтпей жұртты мезі қылып алып «қара жорға – күштеу-зорға» балама болып қалама деп алаңдаймын. Әсіре қызылдың тез оңарын, «алға комсомолдың» барар жерін көріп-білген ұрпақ емес пе едік.

Қытайға керегі қазақтың «қара жорғасын» жаңғыртып, қазақ өнерін, қазақтың жас ұрпағын ұлттық дәстүр бойынша тәрбиелеу емес, халықтық асыл өнерді у-ду, даңғазаға, қарабайыр шоуға айналдырып қадірін кетіру, тоздыру, жастарды ығыр қылудан басқа ешнәрсе де емес.

Соңғы он жылдан бері, әсіресе кейінгі бес жылдан бері қытай өкіметінің арнаулы қаулысымен бүкіл қазақ, ұйғыр мектептері қытай мектептеріне қосылып аралас мектепке айналды. «Аралас мектеп» дегеннің не екенін басқа білмесе де кешегі тайқы маңдай қазақ жақсы біледі.   Бір жарым миллиард қытай еліндегі «аралас мектеп» жүз пайыз қытай мектебі екеніне не дәлел керек. Ал, бала бақша дегеніңіз жүз пайыз қытайша тәрбие береді. Оның үстіне бір отбасына қалада 2, ауылда 3 баладан артық бала тууға мүлде жол жоқ. Туған балаң көзін ашқаннан қытайша тәрбиеленіп, әр қазақтың үйінде екі-үш қытай тілді  ұрпақ өсіп жатқанда, енді 10-15 жылдан кейін сенің «қара жорғаңмен» домбыраңа ие ие болар қазақты қайдан таппақсың?

Қытай өкіметі қазаққа жақсылық жасағысы, қазақ өнерінің көсегесін көгерткісі келсе, соған ие болар ұрпақты ұлттық тілінде оқытып, ұлттық дәстүрі бойынша тәрбиелеуіне қамқорлық жасар еді ғой. Ал, бүгінгі өмір шындығы – бәріміздің көзімізге шұқып тұрып көрсетіп жатқан қаны сорғалаған ащы шындық бүтіндей басқа ғой.

Соны көріп-біле тұра біздің «Гинес кітабын» парақтағыш жалбағай журналистеріміз Қытайдағы мән-мағынасыз шоуға таңырқай сүйініп, жарыса жарнамалауын қояр емес. Қазақтың дарақы дырдуға, әуес көрсеқызарлығын жақсы білетін алыс-жақындағы көршілеріміздің іс-әрекеттері «құлды бәрекелді өлтіредінің» кебін кигізбей тоқтамай ма деп қорқатын болдық.

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

7 пікір