Сенбі, 23 Қараша 2024
Ой түрткі 3371 2 пікір 16 Қаңтар, 2023 сағат 13:05

Қазақы сандырақтың бірі...

Басы: «Ұлылық ауруының» жаңа көрінісі...

Ғылымда жаңсақ айту, жеткізе айта алмау дегендер болып тұрады. Оны дер кезінде сезініп, мойындап, түзетіп отыру ұят пен ардың ісі. Ал, білермендікке салынып, тізеге салу немесе қасақана бұрмалау, ғылымға құрметсіздік, әрі өзіне де құрметсіздік. Бір өкініштісі – бізде сондай ұр да жық, «мен айттым, сол боладылар» көбейіп барады.

Бұл - бүгінгі қазақ қоғамдық ғылымдарының үлкен соры. Ғылымға ГПТУ-СПТУ түлектері мен Партия тарихы институтының дипломанттары жөн сілтеп, ақыл айтатын Қазақстанда бәрі де таңсық болмай қалды ғой, өкінішті-ақ.

24.08.2006 жыл. Тараз.

***

Бүгін, сонау 9-қараша, 2006 №45 «Түркістан» газетінде жарияланған Жаңабек Шағатайдың «Диогеннің бөшкесі немесе жағымпаздық бізге қайдан келді?» атты мақаласын оқи қалдым (мен талайдан бері газет-жорнал оқуға уақыт таппаған соң «керек-ау» дегендерін қаттап жинап қоятын болғам).

Мақала жақсы жазылыпты. Қазақтың дерті, айыбы, соры, құлғанасы аяусыз шабақталған екен. Бұл дерт – кемшілік әлемдегі барлық ұлтта, халықта бар, бірақ, кімде, қаншалық бар дегенмен ғана парықталады. Мен білетін  қытай мен ұйғыр, өзбек пен татарда т.б. ол нұқсан жетерлік-ақ, әйтсе де сөз өзіміз туралы ғой. Біз мықты болсақ өзімізді жөнге салып алайық та, жығылып жатып қисайғанға күлгенді қояйық.

«Қазақстан Орталық Азия барысы, Қазақстан Орталық Азия елдерінің көш басшысы...»  дегенге әлде қалай болып, соған өзіміз де сеніп қалатын сияқтымыз. Қазақ мұндайға «құлды бәрекелде өлтіреді», - деп аяныш білдіруші еді.

Жағымпаздық! Бұл жеке адамдардың бойындағы мін ретінде айтылып келген жиіркенішті сөз.   Алайда, бұл күндері біздің қазақ қоғамы жағдайында одан әлде қайда алқып, асқынып, тамырланып, балалап, кернеп-кеулеп кеткен ұлттық-мемлекеттік дертке айналғанын көріп жаным түршігеді.

Жағымпаздық дегеніміз – жекелік-мекемелік-ауылдық-рулық-кландық, партиялық-мемлекеттік-патшалық, соның нәтижесінде халықаралық сипат мазмұн алып кетті.

Күштілерім сөз айтса бас изеймін шыбындап. Президентің жағымпаз болғанда, басқалары кім болады? Ол орысқа янкиге, қытай-шүршітке тізерлеуден арланбайды, ал өз халқын тізерлетуге келгенде жүзі жанбайды. Сөйте тұра халыққа- қазаққа зіркілдеп зекігенде айбаттанып көрінгісі келетінін қайтерсің.

Кешегі көсеуші, қазаншы, комсомолдың жағымпаз жандайшабы, коммунистік партияның елтеңбай мүритінен басқаша нәтиже күту де орынсыз-ау. Ал, жетесіз, тексіздігі, жарымаған, жалшымаған тақырлығы өз алдына қасірет. Өзі тоймай мә демейтін жоқшылықтың татасы әбден өтіп кеткен батырақты басына шығарып тайраңдатқан қазақ саған не дейін?! Өзіңе де сол керек деп табалайын ба, жоқ өкініштен өксіп жылайын ба? Өкіріп жылау қауіпті. Саққұлақтар мен жағымпаздар естіп қалса тұншықтырып өлтіреді ғой.

Бірақ, бір жұбанарлық, әлемдік ақиқат, бұлжымас тарихи шындығы барын ойлағанда «Сап, сап, көңілім» деп, Абайша өзіңе өзің тоқтау айтасың. Уақыт емші, бәрін уақыт шешеді. Туған  - өледі, жас – қартаяды, бас – аяқ болады, аяқ – бас болады. Бұл уақыттың өзгермес заңы.

Назарбаевтан құтылар күн де алыс емес. Мені сол ғана жұбатады. Тек ертерек келсе екен сол мүбәрәк күн. Қазақ ертерек еңсе көтерер ме еді, кім біледі. Екінші патша бұдан да сорақы болуы немесе қуыршақ хан болуы, мейлі оған да ризамыз. Өйткені тезірек құтыламыз. Одан құтылу, қиын да болса оңай...

Ал, одан кейінгі үшіншісінен де үлкен үміт етіп кетпеймін, әйтсе де ол халқыма бет бұрудың қарлығашы болуы,  сол үшін ұзақ отыра алмауы мүмкін. Иә, сонымен төртінші патшадан зор үміт күтемін. Ол орыстармен, жағымпаз космополиттердің қарсылығын аяусыз басып, қазаққа жол ашуға саналы немесе инерциялық екпінмен баруға тиіс.

Сонда оны қанша уақыт күтеміз. Кемінде 10 жыл, немесе 15-20 жыл. Бірақ мен бір нәрсе білсем, ол болмай қоймайды. Мен бұл түйсікке бұдан 7-8 жыл бұрын келгенмін. Мен қателесіп, ол жақсы күндер ертерек келіп жатса, бәлкім біз де көріп, көзайым болсақ, бұл жазбаларымды қаз-қалпында жариялар едім-ау!

11.01.2007.

***

Қазақы сандырақтың бірі...

...5 қазан күні (2007) теледидардан берілген  жаңалықтарда Страсбургта өткен бір кездесуде қазақ халқының төлеранттығы туралы айта келіп біздің елдің өкілі: ...Біз тарихымызды оқытқанда ұлт-азаттық көтерілістер туралы, еліміздің тарихында болған трагедиялар туралы айтпауға тырысамыз»- деді.

Неге дейсіз ғой? Өйткені олар: «Адамдарды лаңкестік әрекетке ұмтылдыруы мүмкін», - деп түйіндейді  әлгі шешенсымақ. (Тоқанев)

***

Бұл жолдарды Арман Жұмәділдің «Тарих – ұлт рухының  алтын қоймасы» атты 25.10.2007.№43 «Қазақ әдебиеті» газетінен алынды.

Назарбаев бастаған орыстың  малайлары 16  жылдан бері жүргізіп келе жатқан ұлтсызданған идеологиясымақтың шын бет-бейнесі енді ашылғандай. 16 желтоқсан сияқты ұлт-азаттық көтерілісінің жалынын өшіру мақсатымен сол күнге туралап «Тәуелсіздік күнін»  белгілеу тарихтағы «Алаш Орда өкіметі» құрылған күнді көмескілеу үшін әдейі істелгенін мен талай рет айтып келемін. Оған көп адам мән берген емес. «Тың игерудің 60 жылдығы» деген даңғаза да, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысына нақты тарихи, саяси баға бермеу де, 32-33 жылдардағы қырғын да, 37-38 жылдардағы зобалаң да,  41-45 жылдардағы   қазақ жігіттерін оққа байлап берген зұлымдық та зз бағасын әлі алған жоқ.

Аталған оқиғаларды көмескілеудің шын себебін ақымақ зиялысымақ байқамай әшкерелеп алыпты. Шетелде не айтсам да өз еркім, ақымақ қазақ не біліп жатыр деген надан топастық та бой көрсетеді.

***

Андрей Битов:  «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады.»

Андрейдің бұл сөздерінен-ақ оның ақылды адам екеніне көзің жетеді. Назарбаевтың  «алдымен экономика, содан кейін саясат» дейтін сандырағы өнерсіз, әдебиет, мәдениетсіз – ұлттың мүддесінен тыс істелген әрқандай істен оңды нәтиже шықпайтынына қаратылып айтылғандай.

***

«Тасжарған»  (17.01.2008) санында Жасарал Қуанышәлиннің  «Бәріне  Назарбаевтың қазаққа қатысты саясаты кінәлі» атты мақаласы басылған екен. Осы бір қазақтың қайсар азаматы болмаса диктатор қазақтың атын атап, айыбын бетіне басар қайраткер жоқтың ар жақ бер жағында екен. Ол өз мақаласында  Рахат Әлиевтің  «2001 жылы жерді сатуға болмайтынын, жерден айрылған қазақтың ұлттығынан айрылып қалатынын мен Назарбаевқа айтқанмын, ол мені «сен қазақты жақсы білмейсің, қазаққа жағдай жасасаң мойныңа мініп алады.  Қайта қазақтарды басқа ұлттар басып, жаншып отырса билік мәңгілік қолыңда болады» деп тыйып тастады деп жазыпты.

Бұл үзіндіде қаны сорғалаған шындық бар. Мен өзім Рахат Әлиев дегенді иттің етінен жек көретін адамның бірі болсам да Әлиевтің айтқанына сенуге мәжбүрмін. Назарбаевтың ондай сөзді айтары сөзсіз,  өйткені оның 20 жылдан бергі  сөйлеген сөздері мен іс-әрекетінен одан басқаша Назарбаевты кездестіре алмайсың. Әттең, оның 1985-1991 жылдар аралығында сөйлеген сөздерін, баяндамаларын тізіп шықсаң оның жексұрын бейнесін, опасыздығын, орыстың, мансаптың құлы екенін айдай әлемге дәләлдеп беруге болар еді. Осы дәптердің қарсы бетінде  «Қазақы сандырақтың» түп төркіні, иесі кім екеніне енді көз жете түседі. Қазақтың соры қандай қалың еді?!

18.01.2008.

Қазақты жерден айырып, дінге қосу шарасы   

29.01.2007 жыл. «Түркістан» газеті

Әйгілі Алаш ардагері Телжан Шонановтың 1923 жылы Орынборда жазған 27 тараудан тұратын «Қазақ жер мәселесінің тарихы» атты еңбегінен үзінді берілген.

...1912 жылдың 5,26 сәуірінде болған святейши сход     кеңесінде мынадай қаулы алынды: «Қазақтарды отырғызғанда қазақ бөлек ауыл болмасын, орыспен қоңсы болсын, орысқа қазақты қоңсы қылғанда қазақтан орыс саны басым болсын. Орыс саны әр ауылда кем дегенде екі есе артық болсын сол кезде сходта қандай мәселе қаралса да орыс дауысы басым болады.  Сонда православия иісі сіңіп қазақ тез шоқынады».

...Орал, Торғай переселен жұмысын басқарушы подрайондарға  осы бұйрықтың 1912 жылдың 27 маусымындағы  №9373 көшірмесін «қия баспай орыңдаңдар деп жазып жіберді.

Осы жолдардың ең басында автордың мынадай талдауы тұр: «Ескі үкіметке поптар, әкімдермен,  ақсүйек- байлармен, жемтіктес, телімдес, бірін-бірі көтермелеп, бірінің қас-қабағына бірі қарайтын еді. Орыс поптарының «Бақия» елі қанша көбейсе қалтасы да сонша томпаймақ.»

****

О. Тоба, ғасырға жуық уақыт өтті, содан бері де қаншама саяси әлеуметтік астан-кестеңдер, формациялар болып өтті. Қаншама аяқ бас болды, бас аяқ болды. Билік ауысты, жарлы байыды, бай қайыршы – көзтүрткіге айналды. Былайша айтқанда дүние қаншама өзгерді.

Бірақ, өзгермей, сол күйінде сазырайып жаулығын, жауыздығын сақтап қалған қазақтың–мұсылманның ата жауы поптар мен әкімдер , байлар» ғана  екен. Аты, аталуы, түр, сырт пішіні қалай өзгерсе де іші. Ниет ынды өзгермеген күйі ХХІ ғасырда қазақтың қарсы алдында, жүрер жолында мелшиіп тұра қалыпты. Мұны қайтпек керек?

Жалғасы бар...

Әлімғазы Дәулетхан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354