Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 3851 6 пікір 27 Қаңтар, 2023 сағат 13:20

Стамбол күнделігі

(2022 жылдың қарашасы)

Біраз жүрген жерлерім, елдерім, көргендерім туралы бірер күнделіктер де жазған едім. Сондай жазбаларымда өзіме пір-кумир санайтын Шоқанға еліктегім келетінін де бірнеше рет айтқан болатынмын...

Биылғы жыл маған өте ауыр жыл болды, үш рет ауруханаға түскенім бар, сосын жеке басымдағы жүйкені әбден жұқартатын оқиға, қойшы, сол құрғыр жүйке әбден-ақ сыр берді. Ақыры, асыға күткен еңбек демалысы да келіп-жетіп, үй-ішіммен ақылдаса отырып, мынандай шешімімді айттым: «Шайқалған жүйкенің ең дұрыс емі саяхат, олай болса, мен Стамболға барып қыдырып келемін»... Оныма үйдегілердің «не ағылшынша білмейсіз, оның үстіне ден-саулығыңыздың түрі мынау, алыс жолды көтере алмассыз...» деп шыр-пыр болғандарына қарамайтынымды білдірдім.

Ақыры, турагенттіктен жолдама сатып алып («Маған Айя-Софияға, Сулеймания, және Долмобахчеге т.б. жерлердің атын атап, аралау үшін жақын аудан керек десем, ондағылар, «Бәрін, былай да біліп тұрсыз, неменеге барасыз» деп күлгені бар...), Алматының аэропортына да келіп жеткенімде барып, көңіліме әлдебір күмандар оралғаны рас. Сонда, шығарып салған інімнің болғаны қандай жақсы болды, әйтпесе жүк өткізу, тексерістерден өту, тіркелу т.б. білмейтін мәселелерде қиналып та қалар ма едім (шетелге алғаш ұшуым)?! Әйтеуір, сәтін салғанда күту залына да жеттім.

Енді сол сапарым туралы естеліктерімді, әлдебір сөздіктерге, анықтамалықтарға қарамай-ақ өз көргенімді, құлағыммен естігендерімді шама келгенше баяндап, жариялап шығармақшымын.

...Алдымда тұрған монитордан ұшу картасын тауып алып, қарап келемін, кереметтің кереметі мынау дер едім: 11000 метр биіктікке дейін көтеріліп, 750-950 км/сағат жылдамдықпен ұшқан 6 сағаттық ұшақ жолының тең жарымы қазақ даласына кетті! Олай болса, ғажап демей, не дер едіңіз басқаша! Алматы-Стамбол бағытына «Боинг» 6 сағат ұшса, қайтарда 5 сағаттан сәл астам уақыт ұшады, сірә, ұшу бағытындағы жер бедерінің жоғары-төмен орналасқаны болар! Ал, қайтарда жеңілдейтіндей. Алматыдан кейін Жамбыл-Қызылорда облыстарының жері көрініп, Арал теңізінің үстінен өткен соң, қарт Каспий басталды. Ресейлік Дағыстаннан өткен соң, Грузия, одан кейін Түркие жеріне ендік. Анау деген Кавказды бір сағаттан сәл асқан уақытта ұшып өттік. Қалған уақыт Қара теңіз және Түркие территориясының еншісінде болды. Осыдан-ақ қазақ даласының Ұлылығын түсіне беріңіз!..

Түркиелік авиакомпания қызметкерлерінің күтуінде, адамға деген ықыластарында гәп жоқ, берген тамақтары дәмді (бұл туралы кейінірек тоқтала кетеміз), сұрағаныңды береді.

Стамболда халықаралық үш аэропорт бар екен, соның Европа бөлігіне орналасқанына келіп те жеттік, біз көрген Алматы аэропорты бұның қасында төрттен бір ғана бөлігіндей болар! Аэропорт кейінірек жаңадан салынған, салу үшін орны, ауа-райының қолайсыздығы сияқты мәселелерге бірталай тартыстар орын алып, ақыры, шешім қабылданған деседі. Тексеру, тіркелу т.б. дегендеріңізден бір-ақ рет өтесіз, паспортыңызға белгі соғылды, сосын сенімен ешкімнің де жұмысы жоқ! Ұзағынан созылған эскалатор жолдармен, бұрылыстармен жүре бердік, жүре бердік, тіпті 4-5 шақырымдай өткен болармыз. Әйтеуір, өзіммен сапарлас болып келген бір-екі жолаушылардан қалмай мен де ілесе бердім. Ақыры, таблоға қарап, қолдағы талонмен салыстырып, жүкті қай сектордан алатынымызды да білдік. Мұқият болмасаң, ондай секторды табудың өзі де машақат, қойшы, әрең дегенде айналып тұрған орыннан өз багажымды тауып та алдым! Енді не істеу керек?! Қарасам, бір қазақты сол жердегі балалары қарсы алып тұр екен, соларға турагентствоның жауапты адамына звандатқызып едім, «13-ші шығатын жерге барсаңыз, сол жерде қарсы алатындар тұрады» деді! Онысын да тауып, сыртқа шықсам, шынымен, біраз адамдар әр турфирманың аты жазылған тақтайшалармен қарсы алып тұр екен. Орысша сөйлейтін түрік қарсы алып, асықпауымды, әлі де басқалар бар екенін түсіндірді. Бұл жерде де қызметін ұсынушы таксистер, басқалар жеткілікті, алайда, біздегідей аса жалмаңдап, қоршап, жұлқылап, бір-бірімен керілдесіп, шуылдап есіңді шығармайды! Бұнысы жақсы екен...

Мен барған уақытта Стамболда бірнеше террорлық актілер орын алған болатын, алайда, асып-сасқан ешкімді байқамадым, тек әр-әр жерде сиректеу болса да мұздай қаруланған арнайы бірді-екілі жасақтар айналаны жіті бақылап тұрды. Құдай сақтасын, егер бізде сондай оқиғалар болып жатса, қаланың астаң-кестеңін шығарып қиқулатып, айғайға аттан қосып, елдің зәресін алатыны сөзсіз еді.

Ақыры, адамдарды тізімнен түгендеп алған әлгі түрік, келген микроавтобусқа бәрімізді отырғызып жіберді, біразымыз қазақстандық, және қырғыздар екенбіз. Бұл аэропорт қаладан 50 шақырымдай жерде орналасқанымен жол тамаша, машина қатты жылдамдықпен жүйтки жөнелді, бірақ, қалаға кіре салысымен кептелістерге әбден ұшырадық, қойшы, әйтеуір, түс кезінде түскенімізбен қонақүйге кеш қарая жеттік ау! Әкелген машина әрқайсымызды тиісті жайларға таратып түсіріп кетті. Жүргізуші орта жастағы түрік, көңілді, сұрақтарымызға жауап беріп отырды.

Тіл, ел мәселесі. Бұнда барлығы да өз ана тілінде сөйлейді, тек жастардың ағылшыншаға ерекше құмар екені байқалып тұрады, ал, кез келген түрік бірер ауыз болса да біздерге «давай-давай, хорошо...» деген сияқты орысша қосып қоятыны бар. Құрығанда өзіміздің кей қара көздерімізді айтсаңшы, туыс елде жүріп, орысша сөйлейтіндерін қайтерсің! Оған қарағанда қазақша айтсаң, түріктер ықыластана тыңдап, жауап қататынын біздің кейбір орыс тілді дүбаралар түсінбейді де! Негізі, қазақи адамдарымызды да көптеп кездестірдім, бірдеме керек бола қалса, «Ау, бар ма мында менің қара көздерім...» десең, міндетті түрде қазақтар келе қалады, көбіне батыс және оңтүстік өңірлерден келгендер. Оларға «Әй, қазақтар ауылда жүргенде ғана бір-бірімен ұрсысады, ал сыртта жүргенде ауызбірлікті болады...» деп қалжыңдап қойсам, «Болды көке, не керек айтыңыз, көмектесміз» деп жандары қалмайды! Ал дүбара туыстарымыз сол дүбара, қашқалақтайды, кейін байқағанымдай кейбір африкалық негрлер (бұрынғы колониялық) французша ғана сөйлегендей, біздің соларымыз орысша сөйлеп, онысына еш қысылмайды да ғой, керісінше мақтаныш көргендей...әттең сол әттең-ай! Сондайларға айрықша нұқып бір сөз айтқым келеді: «Оу ақымақтарым, сен үйіңнен шықсаң, фамилияңды көрсетесің, басқа жерге барсаң, қай жерден екеніңді көрсетесің, ал шетелге шыққанда бар еліңді көрсетесің!»... Әй, ұғар дейсің бе!..

Зер сала тыңдасаңыз түріктің көптеген сөздерін ұғасыз да, әсіресе, бұрынғы ескі түркі сөздердің және сандардың түбірі бір екенін аңғарасыз, мысалы, «бұрда, бұйырым, айран, сорпа, балык, тауык...» деген сөздер қазаққа еш қиындық тудырмасы анық. Бұндағылар қызығы, түріңе қарап, алдымен қырғызсың ба деп сұрайды, сосын қазақпын десең, жақсы қарсы алады. Соған қарағанда қырғыз бауырларымыз біздің алдымызда көптеп барған ау деймін.

Түрік ұлтының қалыптасуы туралы аз айтылған жоқ, менің де біраз жазғандарымда осы ұлтқа қызыға үлгі тұта қарайтынымды әлденеше рет айтқан болатынмын. Соның ішінде Осман империясы көптеген иеліктерінен айрылып құлаған сәтте (мысал ретінде салыстырсақ, РФ тарап, жаңа құрылған Республикаға Москва облысы ғана қалар еді дегенім бар), халықтың түріктер саны бар болғаны 34% құрады. Қазіргі күнде бұл көрсеткіш 75%-тей, қалғандары курд, араб, еврей, татар т.б. Ал енді осы көрсеткішке жақындау бола отырып, өзімізді унитарлы мемлекетпіз деп Ата Заңымызға жазып қоя отырып, тіліне ие бола алмаған бізді не деуге болады?!. Сол әттең...

Сонау ертеректегі Европалық ориенталистер жазып кеткендей түріктердің түрлі ұлттардың қыздарын ұрлап, тартып, т.б. жағдайлармен көптеп алып отырғандығы және басқаларды ассимиляциялап, мықты халық ретінде өздеріне сіңіре білгендіктері бұлардың қазіргі ұрпақтарына мол із қалдырғаны сөзсіз (бұл уақытта да аралас некелер жеткілікті, бірақ, олар түрік болады!). Қарап тұрсаңыз азиаттық қара, торы, қоңқақтау мұрынды түріктермен қатар, ақшыл, сары европалық типтес түріктер де көптеп кездеседі. Бәрі де бір түрік!

Тағы бір айта кететін жағдай, бұнда Ресей Федарациясындағыдай елді «лица Кавказской национальности, татарин, чукша, чурка т.б.» деп бөлмейді. Бәрін де түріктер, тіпті, естуімше курдтарды да «таулық түріктер» деп есептейді екен. Біз де қазақстандықпыз, қазақпыз деген күнге жеткізсе ғой деген арман ойға орала берді...

Түріктер патриотты халық деп көп айтылады, оның да рас екені бірден байқалып тұрады. Көрнекі жерлердің бәрінде желбіреген Түрік Туы, ол тұрмақ, шағын ғана дүкендерге де кірсең, Республика атрибутикасының бірін міндетті түрде көресің. Халқы өздерін түрікпіз деп мақтанышпен атайды...

Тарихи жерлер. Мәселенің өзі де сол адамзат тарихынан ойып орын алған Осман Империясының құнды жәдігерлерін көзбен көру емес пе?! Олай болса, мен асықпастан, телефонымның бір СИМ-не сол жердікін салғызып алып (байланыс біздегіден арзандау) жергілікті орысша навигатор-картасын орнатқызып алдым (Осылай істегеніңіз дұрыс, өйткені Роуминг қолдансаңыз аса жақсы хабарласа алмайсың). Содан кейін-ақ көзім ашылғандай болды, турфирманың қымбаттау қызметтерін пайдаланбай-ақ өз бетіңмен жүре бересің, бірінші барған жерім, әрине, әлемге әйгілі Айя-София мен Топкапе болды (картадан біздің қонақүйден 1,5 км екенін білген соң, асықпай аралап жаяу тарттым)! Маған да керегі сол! Бұндағы жан-жақтан, әлемнің әр түкпірінен келген адамдардан көз сүрінеді, кімдер жоқ десеңші, Стамболда! Кімсің, қалай киінгенсің...оған қарап жатқан ешкім де жоқ, тек қана тәртіп бұзбасаң болды, сақшылар мүлде жоламайды да...

Ал енді Айя-София ол Айя-София! Айтпақшы, менің білуімше (олай болмаса түзетерсіңдер) «Черный Иван» атымен жүрген Қажымұқан атамызға Стамболдың шахарбасшысы мен имамы осы жерде «сен орыс емессің, мұсылмансың, түріксің...» деп Меккесіз-ақ, «Қажы» атағын берген!

Жақында президент Ердоғаннның бастама-шешімімен, әлемнің көптеген христиандық бағыттағы топтарының қарсылығына қарамастан музей статусынан қайтадан мешіт қалпын алған бұл орынға кірудің өзі бірталай төзімді қажет етеді, кезектегі адам сапы да, саны да бітпейтіндей, ұзын-сонар!

Айя-Софияны одан кейін Айя-Иринаны таңырқай аралап, көріп болған соң, әйгілі Топкапеге аяңдадым. Дәл осы жерде Империяның 25 сұлтаны әлемнің жарымын басқарды емес пе, олай болса, еріксізден, таңқала қарайтының сөзсіз! Бұндай әлемдік тарихи жәдігерлерді керемет қалпында ұстап отырған түрік ағайындарға қандай құрмет болса да жарасып тұр! Айя-Ирина христиандық собор, алайда, күтімі керемет...

Топкапеден шыққан соң Айя-Софияға қарай аяңдап келе жатсам, әйгілі Стамбол мақамымен азан шақыру басталды! Сонда барып, бүгін жұма екені есіме сақ ете қалғаны, осылай құдай оңдап, аяқ астынан әлемге әйгілі Айя-Софияда жұма намазын оқып, жақындарымның амандығына арнап дұға жасаудың сәті түсті! Әумин, шүкір делік!

Айя-София қайтадан мешіт болғалы жамағаты өте көбейген екен, оған шетелдіктерді қосыңыз! Бәрін ішке сиғызу мүмкін емес, келген жұрт әркім өзіне ғана емес, топтала қолданатын жайнамаздарға сыртта тұрып-ақ намаздарын атқарып жатты. Жалпы алғанда, Стамболда мешіттер саны жеткілікті, барлығы да тамаша күтілімде, тағы бір байқағаным, біздегідей садақа тастайтын орындардың болмағаны, неге екенін (пысық түріктер ондайды қалай жіберіп қойғандарын)?!. Көптеген жерлерге кіру, көру тегін...

Ертеңіне Сүлеймания мешітіне тарттым, ол қонақ үйден 2 км жерде. Сұлтан Ахмет ауданынан шыққан соң, бір-екі үлкен көшелерден өтсең, атақты Стамбол Техникалық Университетін көресің (оның ішіне кірмедім), соның атшаптырым аумағын айналып өтсең (Университет айналасы жап-жасыл бау тәрізді, малынып тұрды), Сүлейманияға тірелесің.

Сүлеймения дегеніміз қазақ көрермендеріне «Сулейман Великолепный и Хюррем султан» телесериалы арқылы жақсы таныс Сүлеймен Сұлтан Канунидің мешіті және жатқан жері. Мешіт архитектурасы керемет! Одан шыққан соң, отыз метрдей жерде Сұлтан Сүлейменнің қабірстаны, ішіне кірсеңіз, өзі және бірнеше балаларының, қызы Михримахтың табыттары орналасқан. Осы әлемдік тұлғаға арнап дұға жасап, болған соң, «Өмір өтпелі-ау, қаншама патшалар өтті дүниеден» деген ойға қалдым. Айтпақшы, біздің қазақ (кейбірі шатасады) мысал етіп айтатын, яғни «...сүйегімді ең атақты дәрігерлер көтерсін, бір қолымды кебінімнің сыртына шығарып қойыңдар...» деген мысал дәл осы Сүлеймен патшадан қалған (Бұл тарихи тұлға туралы ел біршама біледі ғой, менің де Шыңғысханмен екеуін салыстыра жазған арнайы мақалам бар еді... тәптіштеп айтпасам да болар).

Осы арадан аса алыс емес жерде Сүлеймен заманындағы өнертапқыш, ғалым, атақты Синан сәулетшінің қазіргі күнде жақсы сақталған оқыту орны бар. Бұл да сұлтан Сүлейменнің кезінде ғылымға, өнерге деген өте оң көзқарасы екендігінің белгісі (белгілі телесериалды түгел көрмесем де, бұл сәулетші туралы айтылғанын, көрсетілгенін байқағам).

Одан жиырма метрдей жерде әйгілі Хюррем сұлтанның (түріктер патшайымдарын да сұлтан атаған, біздің қазақта ондай атақ тек ерлерге ғана бұйырған) бірнеше балаларымен бірге жерленген қабірстаны. Ішіне кіргенімде өзімді біраз жайсыз сезініп, бір бұрышқа барып отырдым (бұндағы тарихи орындарға кірсеңіз, бөлектеу отыратын орындар табылады, мешіттерде де басқаларға кедергі келтірмей дұға жасайтын арнайы орындар қарастырылған). Өзіммен бірге алып жүрген суымнан ішіп, бір жарым сағаттай отырып қалыппын. Негізі, тарихшылардың бұл әйел туралы пікірлері әртүрлі ғой, қалай болғанда да аты аңызға айналып, дүние жүзі халықтарының есінде қалған тұлға! Талай ойларға батып, дұға жасадым.

Одан шығып жүріп келе жатсам, керемет базарға тап бола қалғаным, не жоқ десеңші! Мен саудаға жоқ адам болғанмен де біраз жерін аралап та көрдім. Үлкен-Гранд базарыңыз осы екен. Тура алтын қатарына түсіппін, елде түрік алтыны деп көп айтылады емес пе, білмесем де, біраз бұйымдарды қарап та көрдім. Ұққаным, шынымен түрік алтыны өзіндік ерекшелігі бар екен және итальян технологиясымен бірдей деседі. Бұл деректерді сатушылардың өз ауыздарынан естідім, келе жатып саудаласып тұрған қыздың қазақ екенін көріп, тоқтай қалып, амандасып, бірге қарап тұрдым. Екі еркек және біздегі оңтүстіктің солтүстіктің жігітіне тұрмысқа шыққан жерлесіміз, бар нәрсені тақылдатып, сатушы түріктеріңнің есін шығармаса, жеңіліп тұрмады. Алтынның да пробасы, грамы, түрі, оның теңгеге шаққандағы грамм бағасы дейсің бе, әйтеуір, неше түрлі сипаттары болады екен ғой! Соның бәрін жерлес қызымыз талдап тұрды. Қызығып, түріктер берген шайды (мені де солармен бірге десе керек, жалпы, сатып алушыларға сатушылар құрметпен қарайды, тегін шайларын береді, әңгімеге тартады, саудаласады...әйтеуір затын алсаң болды) ішіп, мен де қарап, тыңдап отырдым. Қызымыз жарап тұр, қазақшасы, түрікшесі бар араластырып, айтарын аналарға түгел түсіндіріп шығады...

Демалып, тамақтанып алған соң, қайта Сүлейманияға қарай қайта шығып, теңіз жағалауына түстім. Босфорды, Азия мен Европаны жалғап тұрған көпірлерді, су саяхатын көрмей кете алмайсың ғой! Ерінбей көпірмен (бұндай көпірлер бірнешеу) біраз жеріне дейін көтеріліп үстінен, бұғазды тамашалаудың сәті түсті, неше түрлі шетелдік түрлі-түрлі алып кемелер де өтіп жатты. Ондай кемелерді астынан өткізуге арналған көпірлердің биіктігі кемінде 120 метрден кем болмауы тиіс екен. Керемет әсер аласың!..

Бұғаз, ойласаңыз, Түрік еліне құдайдың берген сиындай емес пе, өтіп жатқан шетелдік түрлі кемелер, ішкі саяхатта жүрген өз кемелері ел экономикасына қомақты қаражат әкеп жатқаны сөзсіз! Әлемдік саясаттың да бір бөлігі осы жерде!

Көпірден соң, саяхат кемесіне мініп, Стамболдың Бұғаз жағалауының бірталай жерін (түгелдей деу мүмкін емес) аралап шықтым. Саяхат құны 150-170 лира, алып бара жатқан қымбат та емес (осы кезде біздегі демалыс орындарының өте нашар сервисіне қарамай, бағаны аспандатаны еске түсіп, қынжылып қалдым). Кеме ішінде шай, сусындар, керек болса жеңілдеу тамақтар тарату да қарастырылған және бағалары сол жағалаудағымен бірдей ақ! Ұмытпасам, Азия мен Европа бөліктерінің алты-жеті тамаша жерлерін көрсетті. Жағалаудың көрнекті жерлерінде желбіреген Түрік тулары қайда жүргеніңді көрсетіп тұрғандай. Бұғаз суы, кәдімгі теңіз суындай өте ащы, айнала қаптаған шағала! Барлық ыңғайлы дейтіндей жерлерде балық ұстап, қармақ сап отырған елді көресің (айтпақшы түрікше де балық, бұғаз, қайық т.б.!). Бұғаздың ені әртүрлі бір-екі км шамасында, тереңдігі 100 метрден астам (нағыз теңіз деуге де болады).

Босфорда жүзсең көз алдыңа атақты Түрік Көкжал капитандары, осы арада болған талай-талай қанды-драмалы оқиғалар, әрине, теңіз жағалай қыдырған бақытты жандар да көз алдыңа еріксізден елестейтіндей... Өкінішке орай уақытыма байланысты бұл жолы, капитандардың капитаны атағы жер жарған Капудан паша Хайреддин капитан-бейлербейдің мешітіне және жатқан жеріне барудың сәті түспеді...

...Сүлеймен Канунидің (Кануни Заң шығарушы деген сөз) бас уәзірі (қазіргіше премьер-министр), қолбасшысы, досы т.б., ақырында өзі өлтірткен атақты Ибрагим паша мен Сүлейменнің қарындасы Хатидже сұлтанның кереметтей екі қабатты сарайы тура сол қалпында сақталғандай (әрине, бірнеше реставрациядан өткен) әсер етеді. Бірден қарап қалғанда терраса-балкон-лоджиялардан (біздегідей аударма жасап мазақ болмай, түрікше балкон және лоджия екенін айта кеткім келеді) сұлтанша қарап тұрғандай күйге енесің!

Ол сарайдың алды үлкен тас алаң, ортасында маяк қызметін де атқарған биік мұнара. Сарайдың өзі осы күнде музей ретінде қолданыста, экспонаттары өте тартымды! Ибрагимнің прогрессивті көзқарастағы адам болғаны белгілі, сарайға кіре берістен-ақ арыстан мүсіні, т.б. баррельефтер көздің жауын алады. Әйел жандылар сұлтаншалардың (осылай жазғым келеді, түрікше әйелді де сұлтан демей) көйлек-киімдері, ыдыс-заттары т.б. қолданған бұйымдарына қызыға қарап, қасынан кете алмай қалады. Сарайдың төменгі жерастықабатын (негізі, зындан) да түріктер шеберлікпен аяқастына әйнек арқылы көруге мүмкіншілік жасап қойыпты. Ойланасың, қарайсың!.. Суретке, видеоға түсіруге тиым салынғанмен де, кейбіреулерден қалыспай мен де біраталай жерін оңашалай беріп, түсіріп үлгердім.

...Бағдарламадан қарап отырып, 15 долларлық қалаішіндегі турға тапсырыс беріп едім, барлығы да дайын, орыстілді бастаушысы да бар микроавтобус ертемен жетіп келді. Қаланың талай жерін араладық-ау! Ал жалпы алғанда Стамболды түгел білем, түгел көрдім деу мүмкін емес нәрсе, тек Босфордың ұзындығы 32 км астам, соған қарап-ақ қаланың үлкендігін, алыптығын бағамдай беруге болар. Ескі қорғандардың сол кездерде, қосымша қызметі акведук екенін де көзбен көрдім.

Бұл аралауда бірден есте қалғаны, Стамболдың ең биік жеріне президент Ердоғанның (халық арасында ел басының беделі өте жоғары екені сезіліп тұрады) бастамасымен салынған керемет, айшықты, бай дүниелі үлкен мешіт екені сөзсіз. Мешіт биік төбеде тұрғандықтан жол бойынан бастап эскалаторлар екі бағытта зырылдап тұр, көтерілсең, үлкен, жарқыраған мәрмар төселген алаңға шығасың, оның ортасында 72 терезелі зәулім мешіт. Неге олай дегенімде гид, «өйткені Түркиеде 72 ұлт өкілдері тұрады» деді. Мешітті асықпай аралып, дұға жасадым. Бұнда (басқа қасиетті жерлерде де) келген сан түрлі нөпір халықтардың әйелдері бастарына жамылғыш салып, бірден тәртіп сақтайтыны көрініп тұрады. Аяқ киімді шешкің келмесе тегін бахилдер есік алдында тұр, киесің, шыққан кезде тастайтын орын көрсетілген. Керемет мешіт орналасқан жер шынымен ең биіктегі орын-ау, көзің талған жерге дейін Стамболдың әр шеті мұнарланып көрініп тұрды.

...Алдында айтқан Топкапеден 26-шы сұлтан жаңа өмірге лайықтап салдырған Долмобахче-Патша сарайына алыстау болған соң трамвайға міндім, тексеріп жатқан ешкім жоқ, бәрі де автоматтандырылған. Бірақ рет мінетін болған соң, толық жол картасын алғым келмей тұр еді, шешімі тез табылды. Бір саусағымды шошайтып мінем дегендей ишара жасап едім, тура сыған типтес жас балаң жігіт жетіп келіп, болар болмас пұлға өз картасымен кіргізіп жіберді (солай еңбек етіп тапқан пайдасы шығар).

Патшалар сарайына да кіру адам көптігінен бірталай уақыт алады, кіру ақылы, (жалпы ақылы жерлердің ең қымбаты осы жер сияқты, ал негізінен басқа көптеген орындарға кіру тегін).

Дүниежүзілік саясат-халықтар-жер т.б. мәселелер кезінде тура осы жерде шешілгендігін ойласаңыз, Патшалар сарайына тамсана қарайтының сөзсіз! Өзі де сұсты да, сұлу да тартымдылығымен мысыңды басқандай кейіпке түсіреді. Патшалар сарайы, негізі сарайлар деген дұрыс болар, бір-бірімен террассалар арқылы жалғасқан бес-алты еңселі екі қабатты ғимараттардан тұрады. Орналасқан жері керемет, ауласының бір жағында теңіз жағасында қыдырып келсең де болады.

Кіретін алаңнан бастап неше түрлі ғажап экспонаттарды көре бастайсың, әсіресе, сол кездегі дүркіреп тұрған Осман империясына әр елдердің берген тартулары (әрине, ең керемет дүниелерін жіберген) сол заманның жетістік үлгілері екені сөзсіз (Ағылшын королінің – аспалы шамдары, Венецияның – шынылары, Қытайдың – фарфорлары, Француз – жихаздары т.б. т.б.).

Сарайлардың іші қазіргі күнде сол заман қалпына келтіріп қойғандығымен құндылана түседі, шетел елшілерін қабылдайтын сұсты залдар; Қонақтар қабылдайтын зәулім де сәнді асханалар; Музыка-өнер залдары; Жатын бөлмелер...тіпті жуынатын жер, хамамдар т.б. кәріз жүйесі... бәрі де, бәрі көз алдыңда! Керемет жихаздар, аспаптар, т.б. толып жатқан бұйымдар қаз-қалпында сақталған! Сол заманды көз алдыңа елестеткендей әсер береді.

Кейбір өту коридорлары неге екенін тарлау салынған, барлық жерлерге айналар қойылған, суретке, видеоға түсіруге болмаса да, кейбір кісілердің түсіріп жатқанын көріп, мен де қалыспай біраз дүниелерді түсіріп үлгердім.

Сол заманғы ғылыми-техникалық жетістіктердің барлығын да қолдана отырып салынған зәулім сарайлар, нағыз Патшалар сарайы деуіңе әбден болады. Сарайлардың байлығы да, барлығы да, әдемі-сұстылығы да көзге ұрады, қанша қарасаң да, көз алмай қарай бергің келеді...

Стамбол географиясы. Стамбол Азия мен Европада бірақ орналасқан, арасын Босфор бұғазы бөліп жатқанын баршаңыз білесіңдер. Орналасқан жері төбелі-қыратты болып келеді, естуімше басында үлкен жеті төбе болған деседі. Бұнда жер тапшылығы бірден көзге ұрады, салынған үйлердің бір-біріне жақындығы сондай, арасына ине шаншар орын қалмаған. Өкінішке орай, кейбір тарихи, ескі құрылыстар жаңадан салынған зәулім үй-ғимараттардың тасасында қалып қойып та жатыр екен.

Осы жерде бір нәрсені түсіндіре кеткім келеді, көпшілік ел Стамболды бұрынғы Константинополь деп ойлайды! Алайда, ол толықтай олай емес, расымен, Шығыс Рим Империясы құлауға айналғанда ол қамал (қорғанның айналдырған ұзындығы 42 км) түрік мемлекетінің толықтай қоршауында қалған арал сияқты болатын. Ондай достық емес көзқарастағы анклавты сол қалпында қалдыру, саяси болсын, экономикалық жағынан болсын, Османдарға тиімсіз болғаны және оның алынуы, бар жағынан алғанда өзінен-өзі қажет дүние болып тұрды! Алынды да, ол оқиғаны бар түрік мақтанышпен естеріне алады, тіпті ол қамалды Шыңғысхан әскері де ала алмаған деп қоятындары да бар...

Ауа-райы теңіз жағасындағыдай қоңырқайлау-жанға жайлы, біздегідей қатаң континентальды емес. Ертеңгісін тұрғанда өгіз шағаланың қиқуынан оянасың. Олар бұнда құстар әлемінде толықтай қожайын сияқты, әншейіндегі қаптаған қарға-торғай-кептерлер көрінбейді, солар ығыстырып жіберген болар. Жалпы алғанда жан-жануарға түріктердің қамқорлық-ықыластары ерекше. Бізде бір теуіп қуып жіберетін даланың ит-мысықтары адамнан қорқуды білмейді. Мешіт, басқа да айтулы орындардың айналасында толып жүргенін көресің, семіздіктен жүруге ерінеді (тіпті кейбірінің сырғаланғанын да байқадым). туристер еркелетіп, тамақтандырып жатады.

Жолдар мен көліктер. Сыртқы жолдарға, үлкен көшелерге айтар сөз жоқ, жақсы күтімде, сапалы (сірә, евростандарттарға сәйкес те шығар). Ал қаланың ескі бөлігіне келсек, міне, қысылыстың көкесін сонда көресің! Көшелер қиқы-жиқы, өте тар, тротуар дегенің бар болғаны жарты метрдей ғана. Олардың көпшілігі асфальттелмеген, баяғы тастан өрілген қалпында. Жаяу жүргіншілерге арналған тас баспалдақтар бар, әйткенмен, жоғары-төмен жүре берсең біраз ығырың шығып, алқынып қаласың.

Дәл сондай иқы-жиқы жерлермен ызғытып жүрген түрік жүргізушілерін нағыз шеберлер деуге болады. Жеңіл-желпі жүк, пица-почта жеткізуге шағын электрлі скутер-мотолар көптеп қолданылады. Олардың күні-түні тыным таппай зырылдатып жүргенін көресің. Қонақүйдің терезесінен ер балаларға арналған жатақхана көрініп тұрды, көрініп тұрғандай сол жерге тоқтамастан жаңағыдай тасымалдаушылар қатынайды. Бұндай сервис өте жақсы жолға қойылса керек. Жалпы алғанда, көшелерде алып бара жатқан қымбат, үлкен машиналарға қарағанда орташа-шағын эконом-класты автомашиналар көп. Көліктердің көбі жаңа, жапон-неміс маркалары, меніңше өздерінде құрастырылатын сияқты.

Үнемді көлік жөнінен алғанда түрік ағайындар біздің даңғойлыққа қарағанда әлдеқашан түсінген сияқты! Жанар-жағар май бағасы біздегіден әжептеуір қымбат, дизель көліктері көбірек. Туристерді таситын автобус-микроавтобустарды жүргізушілері өте таза ұстайды. Көшеде бірен-саран болмаса айқайласып, боқтасып жатқан жүргізушілерді байқамайсың. Сондай қиын жерлерде жүре тұра жол апаттары тіптен кездеспейді де деуге болады. Бұлары жақсы екен. Жолдардағы, көшелердегі қозғалыс әр мегаполиске тән сияқты күні-түні тоқтамайды.

Жалпы логистикаға келсек, Стамболда ол мәселе толықтай шешілген сияқты, автокөліктерден басқа, трамвай, метро желілері де бар. Таксистер (ол енді барлық жерде де бірдей-ау), көбірек пайда тапқысы келіп тұрады. Долмобахчеден шыққанда өзімді біраз жайсыз сезініп, таксиге отырмақшы едім, алғашқысы 500 лира деді, оған телефонымнан картаны көрсетіп, 5,5 км жерге ондай сұрағаның ұят деп қойдым! Екіншісі бірталай түсірді, ал үшіншісі құлаққа нанымды бағаны айтып, зырылдатып алып келді. сондықтан такси жалдағанда байқау керек, ең дұрысы қонақүй қызметшілеріне айтып, солар арқылы тапсырыс бергізген абзал.

Тамақтану мәселесі. Стамболда тамақтың қай кезде болмасын түр-түрін көресің. Көше бойы қаптаған шағын болсын, орташа болсын толып жатқан кафелер. Негізі, көбіне сүт тағамдарын (түрлі сыр-ірімшіктер, құрт тәрізді творогтар, айран, иогурт т.б.) түрлі көкөністер (теңіз, басқа да капусталары, қызанақ, қияр т.б. көкшөптер), сан түрлі жемістер, шұжық-сосискалар, тауық-құс еттерін көбірек пайдаланады. Шауырма, донерлердің түр-түрін көресің. Шайдың да сан түрі толып жатыр, оған міндетті түрде көптеген тәттілер, крем, пасталар беріледі. Шағын ыдыс-пакеттерге салынған печенье, торт т.б. жеткілікті. Нандарының біз білетін лаваштан басқасы да толып жатыр.

Қасапхана деген жазуды көріп, ішіне кіріп көрдім, сиыр-қой еттерін сұрыптап орап жатты (еттің мраморлық түрі), арырақта біреуі әр сүйектен қызылдың дымын қалдырмай сылып жатқанын байқадым.

Кафелерге жандары қалмай шақырып тұрады, тіпті, біреуінің қызметі сол шақыру болса керек, көшеден-ақ асты-үстіңе түсіп күтеді. Оның міндеті жалпы тәртіпті қадағалау да болса керек, бірде (алғаш рет көрдім, сыған ба, курд пе) біреулер қайыр сұрап қасыма келіп еді, әлгілерді шақырушы зекіп қуып жіберді. Ал негізінен алғанда, қайыршыларды, мастарды көрмейсің! Кей жерлерде түрік тағамдарын пісіріп жатқан өзбек, ұйғыр аспаздарын да байқадым, біздерге жандары қалмайды. Тағы бір байқағаным, өзі шағындау кафеде қызметшілерінің көптеу екендігі! Бір даяшы жететіндей жерде, екі-үшеуі жүреді, олардың бір үлкені болады. Неге екенін түсінбедім, әлде туыстар ма?! Аспаздардың, қызметкерлердің дені еркектер, бұндайға бұрын біз қазақ баласы күле қараушы едік, қазір өзіміздің де балалар сондай жұмыстар істеген соң, үйреніп те кеттік қой. Өмір заңы...

Даяшылар не сұрасаң тауып береді, бірде өңшең қуырылған, қақталғандарды жегім келмей, сөзіме ымдарымды қосып, сұйық тамақ ішкім келетінін айтып едім, сол сәтте даяшының  «сорпа ма» дегені! Біздің сөзді естіп қуанып та қалдым, ал сорпасына келсек, бұршақтан езілгенше қайнатып жасаған сұйық быламық, өте дәмді және өте арзан.

Түріктердің тағы бір сүйікті асы балық екені сөзсіз, оны дайындаудың да нағыз шеберлері. Ұсақ сүйегі көп тұтастай шағындау табан балықты жеп көргенімде содан сенсең, қылтанақ байқалмайды (сірә, алдын-ала дайындау-маринадтаудың түрлері, сосынғы қуыру-пісіру-булаудың әдістері көп-ау). Гарнирлері түрлі көкөністер, бұршақтәріздестер, соус, міндетті түрде лимон беріледі. Тамақ соңынан шай, түрлі шырындар, қалағаныңды іше бер...

Туристерге көзқарас. Бұл әлемнің талай жерін, елін билеген, жаулаған Османдардың қазіргі ұрпақтары елге туризмнен ақша құйылып жататынын жақсы ұққан, сезінген. Сен кімсің, қайдан келдің, мақсатың не...оған қарап жатқан ешкім жоқ! Солар саған адам емес, ақша-пұл ретінде қарайтындай-ау осы. Негізі, өте дұрыс қой! Тек қана тәртіп бұзбасаң болды, түн ортасында ма, күндіз бе қай жерде болсын еркін жүре бересің. Қыдыңдап кеп тиісіп, тексеріп жатқан сақшыларды да көрмейсің. Шын еркіндік орнағандай күйге енесің.

Туристерге жағдай жақсы жасалған. Арзанқолды отельдерінің өзінде адамды күту, сыйлау жоғары орында. Қай уақытта болсын,  тегін (парасыз) шайлары асты су, үсті шайнек ыдыста бұрқылдап қайнап тұрады. Қызметшілері себепсіз мүлде мазаламайды.

Стамболды маршрутпен аралаған турда ескі, тарихи жерлермен қатар, заманауи киім тігетін фабрика, тәтті комбинаты сияқты жерлерге де апарды. Келісіп қойғандары белгілі, асты-үстіге түсіп қарсы алып жатыр, әрине, біраз саудалары да жүрді. Соңынан балық жеуге ресторанға апарды, онда да жік-жапар болып қарсы алып, тіпті тамақтан соң, қонақүйлерге өз есептерінен таксимен жеткізіп те салды...

Бізде де тарихи орындар жеткілікті, туризмді дамыту туралы жылдан-жылға кереметтей бағдарламалар қабылданып, қаражат бөлініп те жатады! Алайда, сол жұмсалған қаржылардың қайтарымы қандай, қаншалықты тиімді жобалар іске асты, ол жағына және жергілікті тұрғындардың басқаға деген көзқарастары өзгермей сол ел экономикасына өте жақсы пайдалы әсер ететін осы маңызды саланың дамып кетуі де мүмкін емес қой. Қашан түсінеміз...бұл ретте түрік ағайындарымыздан алатын үлгіміз жеткілікті-ақ...

...Турагенттіктің машинасы қонақүйге уақтылы келіп, аэропортқа апарып тастады да, ары қарай ұшу әрекеттерін бастадым. Аса қиналған жоқпын, сататын заттарын сүйреткен бірге ұшатын жерлестер кездесе кетті де, солардан қалмай жүріп отырдым...

...Қайтар кезде, біздегі университетте түрікше-қазақша сабақ берген досыма (Бурсада тұрады) телефон шалдым, «Алған әсерлеріңіз қалай?» деп сұрап жатыр, мен: «N-бей, біздің қазақта көрген де арманда, көрмеген де арманда деген сөз бар еді, түрікшесі қалай екен?..» деймін. Ол «Курган да пұшайым, курмаған ям пұшайым ғой» деп күліп жатыр. «Оу, пушайымыңды біз де түсінеміз, бірақ, пұшайман деп айтамыз, солай ма...» деп жылы қоштастық...

Азкен Алтай

Жетісулық

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282