Сақалды құрылыстың «сайтандары»
«Жол екі айрылса, бұралқы иттің басы қатады». Тантық Жантықовтың әділдіктен үміт үзіп, «аспан жаққа» көзін сүзіп, жан баласына сене алмай, бір шешімге келе алмай, әңкі-тәңкі күйге түскеніне де біраз жылдың жүзі болған еді.
Бірақта бұл кісі көрінген көшке еретін қайқы құйрық күшік емес, білдей бір компанияның басшысы. Басының қататыны да сол – бас тықпайтын жерге басын тығып, бастық болғандықтан. Бұл күнде өзін сүйреп тұрып директор қып кеткен «піріне» сыртынан айтпайтын қарғысы жоқ. Қарғайтыны, басшы болғалы алған алғысы жоқ. Қазір төбесінен тоқпақ кетпей жүр. Төбесін көрінде тоқпақтағырлар, мұны не ақтап кетпей жүр, не істі бір жайлы ғып соттап кетпей жүр. Тантықтың алдында екі таңдау ғана бар тәрізді. Бірі – сот, бірі – от (оқ). Күйініп, күйреп жүрген, төпілиін көзімен сүртіп, әрең сүйреп жүрген күндер еді.
Кенет...
Осы жерден сәл тізгін тартып, таныстыра кетейік. Тантекең ұстаған қалағына, ұрттаған арағына мәз қатардағы көп құрылысшының бірі еді. Жақсы жері – басқалардан аз ұрлайтын, жаман жері – басы бір «ауырса» жарты айсыз жазылмайтын. Сайтан алғыр Содыр Сойқанов, қай «қасиетін» ұнатқанын итім білсін (дәу де болса иі жұмсақтығын ескерген болар), соңғы жылдары мұны жиі иектей бастады. Сойқанов жиі иектеген сайын, Тантықты жын иектей бастады.
Әуелі делебесін қоздырып прораб қылды. Бұл прораб болысымен онсыз да оңбай тұрған құрылыс, мүлдем тұралап тынды. Жұрт мұны көр де тұр «сотталады», немесе орнынан түсіп, «охрана» боп қалады» деді. Алайда, Содыр Сойқанов елдің бәрін таң қылды. Көп өтпей өзіне әуелі «зам», содан соң орынтағын тегін тастап, «сам» қылды. Арқадан қағып төрін, түйенің табанындай мөрін берді.
– «Саспа, «басбухың» – бажам, орынбасарың – құдам. Оң қолың – ұлым, сол қолың – қызым. Көмекшің күйеу балам болады, қиналғанда сүйеу, панаң болады. Солардың айтқанымен жүре бер, «күл» десе – күле бер, «үр» десе – үре бер, «түс» десе – түсе бер, «мін» десе – міне бер. Сонда айың оңыңнан, жұлдызың соңыннан туады» – деген еді қалыңдығы екі қарыс құжаттарға қол қойдырып тұрып.
Осылайша Тантық Жантықұлы атауы ағылшынша бір компанияның директоры боп шікірейіп шыға келді. Бар бәле содан кейін басталды.
Сойқановтың кезінде салынып жатқан нысанның «мұрты» бар еді. Жантықов келгесін сақал шықты. «Содырға ерген сорлайды, оған ерген оңбайды» деген мақал шықты. Сонымен не керек, тендерден «шоталы» оталып келген қаржыдан ұлы ұрлапты, қызы «жырлапты», күйеу – сүйеу емес, күйе бопты, бажа мен құда да біраз мүлікке «ие» бопты. Қолында бардың бәрі қарпып қалыпты, соңында сорлап Тантық қалыпты.
Тексеріс те тексеріс, бұлтарайын десе, бар жауапкершілік құжат бойынша мұның мойнында. Оның сыртында жұмыскерлер жалақысын сұрайды, үлескерлер ұлардай шулайды. Тантық не бұ дүниенің сотына барарын, не о дүниенің тозақ отына барарын білмей, асылып өлуге асығып, жарық күннен үміті кесіліп біткен-ді.
Қашанғы тығылады, қаша беруден де қажып, қауқиып тұрған құрылыстың тоғызыншы қабатынан қарғып кетуге бекінді. Көз жұмар алдында әлеуметтік желіде бар шындықты жариялап, «арты былықтардың» «артын ашуға» шешім қабылдады. Телефонын қоса бергені сол еді бейтаныс нөмірдің қоңырауы безілдеп қоя берді.
– Алло, бұл «SodyrSoiqan» holding» директоры Тантық Жантықұлы ма? Марапатыныз құтты болсын, – деді жылан түгілі, кобраның жүрегін жібітердей жылы дауыс өзін таныстырып жатып.
– Қа-қа-қаааайдааағы ма-ма-мааарапааат? – деді түк түсінбесе де, күпті көңілі күрт еріген Жантық кекештеніп.
– Сізге және сіздін компаниянын 20 адамына медаль бар! Сүйінші ағай, – деп сызылды сиқыр қыз шолжаңдап.
– Мазақ қылып тұрсың ба, қайдағы медаль? – деп мәңгірді Тантық.
– Сенбейсіз бе, + 40 құрылысшыға «алғыс хат».
– «Алғыс хатты» атасының басына ала ма?
– Туу, ағай, серьезно айтам.
– Сонда... Бұл не деген батпан құйрық?
– Енді директор емессіз бе? Значить, сол үшін аласыз...
– Директор болғанда... не ғой, мен «сақалды құрылыстын» директорымын ғой. Ынғайсыз емес пе? – деді Тантық та тілін қалай бұрап қойғанын аңғармай.
– Біздін қоғам да «сақалды құрылыс» сияқты ғой. Басқалардын да қатырып жатқаны шамалы. Бірақ барлық директорлар алып жатыр, –деді хатшы қыз да қалыспай.
– Мен директор болғанда не қарық қылдым? Құрылысты күйреттірдім, өзім де күйреп тұрмын. Сенген жұртты құрдымға сүйреп тындым, – деп зарлай бастаған Тантықты хатшы қыз тыйып тастады:
– Тфу, ағай, басты қатырманызшы. Сүйретесін бе, күйретесін бе, болмаса билетесін бе, это ваше проблема. Бізге «тағасын!» деді ме, – тағамыз. Сізге «аласын!» деді ме, – аласыз! Қазір тізімін жіберем, ертенге дейін толтырып қойыныз. Сенбі күні салтанатты марапаттау! Министр өзі келеді. Так что, екі сағат ерте барып тұрасындар! Біле жүрініз ағай, қазір әрбір қазақстандыққа төрт медальден келеді. Кейбір «семіздер» сегізден тағып жатыр. Ал, сіздер, сонғы екі жылда бір де бір медаль алмапсыздар. Бұл не сұмдық!
Үзіліп қалған байланыс Тантықты жарық жалғанмен қайта жалғап кеткендей болды. Сол сәтте оның санасына «құрылыстың құрдымға кетіп жатқаны марапаттың мардымсыздығынан емес пе екен?» деген сайтан ой сап ете қалды. Жарықтық, Содыр Сойқан мырза айына алты медаль, жылына он орден алушы еді...
Тантық өзін кемесі апатқа ұшырап, кездейсоқ аман қалған Робинзон Крузодай сезінді. «Аралға шыққан сияқтымын, шүкір» – деді де, етегінің шаңын қағып, баспалдақ бойлай төмен жүгірді.
Сандығының түбінен сары костюмін тауып алған ол, сенбі күні сәске түсте болатын жиынға таңғы сегізде барып тұрды.
Көпшілік алдында министр Тантық Жантықұлының кеудесіне «Қазақстан құрылысын дамытуға қосқан зор үлесі үшін» медалін тақты. Оған қоса «Құрметті құрылысшы» атағы берілді. Ал, айлығын ала алмағаны үшін арыз жазған ең белсенді бригадирлерге «Екпінді еңбегі үшін» төсбелгісі таратылды. Момындарының салбыраған ұрты «алғыс хатпен» «ұрылды».
Сол күні сақалды құрылыстың ауласында ұлыжіңгір той болып жатты. Алау-далау от жағып, палау пісірген, кәуәп шыжғырған, «ән салып» шыңғырған құрылысшылардың қуанышында шек жоқ, ербең-ербең етеді. Сыртынан қарағанда сақалды құрылыстың ауласында сайтандар билеп жүргендей елестейді. Ішімдікті іші кепкенше ішіп, беттерін былшылдата сүйген олардан бақытты адам табу қиын сияқты. Үздіксіз тост көтерген марапат иелері, төстері жарқ-жұрқ етіп, «SodyrSoiqan» holding» компаниясының негізін қалаушы Содыр Сойқановтың денсаулығы үшін ішуді де ұмытпады!
Абылай Маудан, Қостанай қаласы
Abai.kz