Дидар Амантай. Атыңнан айналайын, Қарқаралы
Қарқаралының шөбі шүйгін, суы мол, орманы қалың, түнде жайылған жылқы алысқа ұзамай, жусап жата беретін құйқалы жер.
Төңірегі қу медиен дала. Құдай сөйтіп жаратыпты. Іргесінде Мәдидің Үшқарасы, кейінгі уақ геологтар суырдың ініндей - түрткілеп, шұқылап - тесіп тастаған Кент таулары бар.
Аты аңызға айналған Шайтанкөл де сонда, Қарқаралыда.
Елге асыққан жаңа автомобиль асфальт жолда ұзақ жүріп, алғашқы қарқынын сәл азайтқанда, тағы бір шоқыдан соң, маңдайы жарқырап Шаңкөз, Жетіқарақшы, Ақтерек, Жиренсақал арсалаңдап, қуанып, еркелеп қарсы алдыңнан көрінеді. Сол кезде: «Қарқаралы, мен саған қайта айналып келе жатырмын», - деп күбірлеп сөйлеп кетесің.
Қарқаралы үнсіз тұрады. Танауыңды қышқылтым дәмді, майы бетіне қалқыған қымыздың жұпар иісі тесіп бара жатады. Адасып, қайдан қаңғалақтап келгені белгісіз, кеңсірігіңді - жарады. Бір жақтан келіп жатқан қымыз иісі жоқ, елтітіп, желіктірген, еліктіріп, желпіндірген - кешегі балалық шақтың елесімен жадыңа қайта түсіп жатқан сол таныс иістер. Тобылғы иісті қымыз, кәдімгі тобылғы ше, жылдамдата жүрсең, қаудырап етегіңді ілетін. Таңсық болып кетіпсің, тобылғы иіс.

Көп нәрсені есіме түсіріп жатырсың, Қарқаралы. Мәди деші, Арқаның аспанында шарықтаған Мәдидің асқақ, қайсар әнін шырқашы, қайран зор дауыс сенің биік жартас, қойнау-қолат, тік шатқалына қонақтап, мәңгілік қамалып қалған шығар, шығарып жіберші, әуелеп жоғары кетсінші, есіне салшы мыналардың, қазақ жері деген қастерлі ұғымның қанымыз бен терімізге суарылғанын жеткізші, айбынды менің Қарқаралым.
Халқың жүдеу екен. Не болды, не көрінді, қазақ оязға жарымай қойдың ғой, қазағың атын қаңтарып қойыпты, қайдан келдің, түнгі жортуылдан ба, айналысып жүргенің ұрлық емес пе, кешегі қасиет қайда, әйелдің ары қайда, еркектің намысы қайда, атаның абыздығы қайда, кішінің қарыздығы қайда?
Қайда кеткен бәрі. Ұшты-күйлі жоқ, ертең қазақстандық Қарқаралы боласың, қазақстандық қазақ атанасың, қазақстандық Бұқар жырау деуге көшеміз, сонда сонау жылдары оң қолтықтан аю қысқанда, екінші бүйіріңе жолбарыс қонғанда, қарақұсқа түркінің бір тармағы жебе тартқанда, сол ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама жылдары қай қазақстандық қасыңнан табылыпты, үш жүздің қазағы болып көтерілмеп пе едің. Солай болса, қазақ жері деп айтуға неге қаймығасың, қарға тамырлы данагөйім.
Ұрлыққа көшіпсің. Қазан-ошақ басындағы жеңгеміз Бұқар жырау даңғылына қашан ауысқан, Қарағанды шаһары қай кезде қазақтың көсегесін көгертіп еді, көп болса, бір-екі жыл сандалады да, беліне қыстырған баласын қолына алып, жылап-еңіреп аптал азаматын ғарышқа ұшырған қараша ауылына қайыра қайтар.
Ауыл иесіз, ағаның қайда тентіреп кеткенін көктегі Тәңір білмесе, төмендегі мен білмеймін. Әженің кебежесін отқа жағыпсың, саған сұмдықты жасатып отырған кім?
Ағам ез болып шықты. Ауылды сақтай алмады, жиендерім босып кетіпті, нағашы жұрттың орнында - ошақ-ошақ қоқсыған күл, кезінде әкеме көлігін омыраулатып, киіп-жарып, әкіреңдеп қоймайтын коммунист-директор қайда, жиырма жылда жегені аз болғандай, ауыл ырзығының біразын меншіктеп алған ба, менің немере інімнің аузынан жырып әкеткен сол бір уыс бидай жонына май шығарса, ала берсін, бесікте біреуі өсіп келе жатыр, бесігіңді түзеп ұста, жеңгей, бас жағына қанжарды, немесе қайшыны қой, жын-шайтан жоламасын, бесікке көсеуді қыздырып бас, олар түтіннен де қорқады.
Қорықсын жын-шайтандар. Барлық жақсылық осы жас алашпен келсін. Ез болған әкесіне тартпасын, қалада қалып, туғанын ұмыта бастаған мәңгүрт ағасына тартпасын.
Бас жағына, қанжарға қатарластыра Мәдидің өлеңдерін тастай салшы. Кім біледі, бұл ұрпақ әлі де болса бір нәрсеге үлгерер.
20.09.1996.
Abai.kz