Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4444 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 11:00

Ұлт ұйытқысы

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, ғалым

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, ғалым

Ұлттың ұйытқысы бір тамшы мәйектен байланады. Қазақ ұлтының ұлттық идеясын «Қазақ» газеті қалыптастырды. Ал сол идеяны кешегі жетпіс жылдан астам уақытқа созылған кеңестік тылсым (ваккум) кезінде Грэм Гриннің «Момақан америкалық азаматы» іспетті «ақы­рын жүріп, анық басқан» қазақтың қарапайым «қаратаяқтары» (қазақ оқыған зиялыларын, оның ішінде, Алаш қайраткерлерін де кезінде осылай атаған) қараңғыдан сүзіліп өткен сәуле сияқты бізге жеткізді. Сондай жанкешті «момақан қаратаяқтардың» сіңірген еңбегін әр кез және «Қазақ» газеті басылымының шыға бастағанына 100 жыл толуы орайына орай әсте есте ұстауымыз керек. Солардың бірі және ұйытқысы - кәсіби қазақ журналис­тикасы ілімінің мәйекті тұлғасы, қалам ие­лерінің көбінің ұстазы, профессор Қайыржан Бек­хожин марқұм еді. Өйткені, біздің кеше, бүгін және ертең де пайдаланатын көне газет тігінділерін, соның ішінде, «Қазақ» газетінің барынша толық басылымын Омбы, Троицкі, Орынбор, Қазан, Уфа, Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) қалаларынан, академик Әлкей Марғұлан куәлік бергеніндей «вагондап тасып», ұлттық кітапхананың сирек қорына тапсырған қормал осы профессор Қ.Бекхожин болатын. Кейін бұл топқа Ә.Жиреншин, Ү.Сү­б­ханбердина, С.Сауытбеков, Т.Кәкішев сияқты ғұламалар қосылды. Оған осы аталған ға­лым­дардың естеліктері дәлел бола алады.
Осы ғұламалардың қормалдығының және жетекшілігінің арқасында біз сол басылымдармен танысып, Алаш идеясын ұйыту бары­сын­дағы Алаш ардақтыларының пікірімен танысу­ға мүмкіндік алдық. Алдымыз профессор, ғылым докторы, ғылым кандидаты атан­дық. Кейінгі толқындар да сол дегдарлар мыс­­қалдап, Әлекеңше әсірелеп айтсақ, «вагон­дап» жинаған тігінділерді әлі талай жылдар бойы таным азығы ететін болады. Олар жинақ­тап қана қойған жоқ, сәтіне сай сенген шәкірт­теріне зерттетіп, Алаш идеясының кеңес тылсымынан сүзіліп өтуіне мүмкіндік жасады. Мысалы, 1969-1970 жылғы оқу маусымында Қазақ журналистикасы пәнінен дәріс өткен профессор Қ.Бекхожин А.Шәйімовке «Айқап», Құрманғазы Бексайыновқа «Ақ жол», Нұрқасым Әмірғалиевке «Жаңа мектеп» пен «Әйел тең­дігі», маған «Қазақ» басы­лы­мындағы публицис­тика туралы курстық жұмыс қорғатып еді. Со­ның ішінде «Айқап» және «Қа­зақ» газет­те­рін­дегі жер мәселесінің көтерілуі» туралы Ленин­нің туғанына 100 жыл толуына арналған студенттердің республикалық конкурсына арнайы жұмыс жаздырғаны есімде. Аталған басылымдарда Алаш қайраткерлерінің ық­палы зор әрі мақалалары жиі жарияланып тұр­ғанын ескерсек, профессор Қ.Бекхожиннің «үндемей жүріп» қандай мақсатты көздегені бірден түсінікті. Біз қал-қадерімізше ұста­зы­мыздың сол үмітін ақтауға тырыстық. Ал ол кісі біз арқы­лы өзінің ұстаздары Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұр­сынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов сияқты ұстаздарының аманатын орындады. Ұрпақ, идея, мақсат, күрес жалғастығы деге­ні­міз, мүмкін, осы шығар.
Бүгін ұстазымыздың сол аманатын еске түсіре отырып, осыдан қырық жыл бұрын бізге арнайы тақырып ретінде курстық жұмыс жаз­дырған «Қазақ» газетіндегі үздіксіз жария­лан­ған бір-екі мәселеге ғана тоқталып өтуді жөн көрдік.
Қазақтың ұлттық идеясының мәйегі «Қазақ» газеті:
бірінші және ең бастысы - қазақ тілінің жазылуы мен емілеcін тұрақтандырды;
екінші, қазақ әдеби тілінің негізін қалып­­тастырды;
үшінші, қазақ кәсіби журна­листи­ка­сы­ның негізін орнықтырды;
төртінші, қазақтың саяси көзқарасын оятып, біртұтас Алаш идеясын қалыптастыр­ды.
Міне, мұның барлығы тура сол тұстағы қа­зақтың талмалы тұсы болатын. Соның ішіндегі ең бейбіт мәселенің бірі, дәл бүгінгі күндегі сияқты әліпби мәселесі еді. Өйткені, дәл қазір ықпалы залалсыз көрінгенімен де, сол бір жол айырығы тұсында ерекше мәнді жер мәселесі мен әліпби, грамматика, термин туралы татар көпестерінің демеуімен шығып тұрған. Соған орай қазақтарды татарлардың көз­қара­сын ұстануға қарай қақпайлаған, татар тілі - исі түрік жұртына ортақ тіл болу керектігі жө­нінде тікелей талап қойған «Айқап» журналымен арадағы пікір-таластары арқылы қазақ идеясының өміршең екендігін дәлел­деді. Өздерінің түпкі мақсатына жете алмайтынын «Қазақ» газетінің ерекше бедел алып, енді мойынсұндырмайтынын білген «Ай­қаптың» «иплаштары» біртіндеп демеушіліктен бас тарт­ты. «Айқапты» көтермелейтін қазақ көпесі әлі қалыптаспаған еді. Сондықтан да жабылып тынды.
Осындай нәзік мәселенің өзінен жол таба білген және бүгінгі қазақ әліпбиінің толысқан нұсқасын өмірге әкелгені үшін де біз «Қазақ» газетінің және оны шығарушылар Ә.Бө­кей­ханов пен А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, демеушісі Оразай Ахмедтің алдында тағзым етеміз.
Кеңес тұсында да, кейінгі кезде де, қазір де «Қазақ» газетінің 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­теріліске көзқарасы үнемі екіұшты түсін­діріліп келеді. Иә, Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы пулеметпен, зеңбірекпен қару­ланған патшаның жазалау әскеріне қарсы шоқпармен, сойылмен, шиті мылтықпен қарсы шабатын «барымта соғысының дәуірі» өткенін, босқа қасапқа түсетінін, сондықтан да әуелі қарудың тілін меңгеру қажеттігін ашық жазды. Арандап босқа қы­рылып қал­мау үшін және қазақ халқын қалай­да за­манның қару-жара­ғының ті­лін білуі үшін 1916 жы­­лы ақ­пан айында Ә.Бө­кей­ханов (бір Дума мүшесі екеуі, де­пу­таттың атын ұмыт­тым) Ресейдің Қор­ға­ныс минис-
т­рі­не арнайы жо­лы­­ғып, мынадай та­лап­тар қойды:
а) Қазақтан әс­кер алынсын. Оны қазақ елі қостайды. Бі­рақ қара жұ­мыс­қа, окоп қазу­ға ғана алынып, зеңбіректің оғына қасап болуға қарсы. Сондықтан да қазақтардың өз еркімен әскер­ге баруы үшін:
ә) Қазақтарды әскери іске баулитын арнайы қысқа мерзімдік әскери курс ашылсын.
б) Жеке қазақ атты әскер батальеоны мен дербес полк құрылсын.
в) Әскер құрамына қазақ өкілі әскери комиссар міндетін атқарсын.
г) Жасақтарды ауылды жерде өзіміз жасақтап, ат пен және қаржымен қамтама­сыз етеміз.
д) Дін өкілі ішінде болсын.
ж) Бақауыл да (артқы қосын - шаруашылық бөлімі, ас дайындайтын, кір жуатын, т.б. қыз­меттер) - қазақтардың өзінен жасақтал­сын. Сонда қазақтардың башқұрттар мен қал­мақ­тардан, Кавказ халықтарынан бір де кем түс­пейтініне көзіңіз жетеді әрі оған ант бе­реміз, - деп жазды.
Өкінішке орай, олардың бұл пікірін патша үкі­меті мүлдем теріс қабылдады, қазақтар да байыбына бармады. Соның салдарынан ха­лық­аралық деңгейдегі арандатуға ұшырады. «Аранға» түсудің басты себебі, Бірінші дүние­жү­зілік соғыс кезінде Ресей жеңілістен кейін жеңіліс тауып жатқан. Ұзаққа созылған соғыс­тан титықтаған патша үкіметі одан құтылып шығудың амалын қарастырады. Ол амал табылады. Сөйтсек, ғалым Қайрат Сақтың айтуынша, соғысқа қатысушы «Антанта» мемлекет­терінің шарты бойынша: соғысқа қатысушы бір елдің ішінен бүлік шықса - ол ел соғыстан шығады екен. Қазақ пен Орта Азия халық­тарынан тыл жұмысына адам алынса, олардың сөзсіз көтеріліске шығатынын алдын ала білген. Осыған орай, өздерінің майданда ойсырай жеңіліп жатқанына қарамастан тек қана Жетісу өңірінде жазалау жорығын жүр­гізу үшін жергілікті жандармерияның әс­керінен тыс 35 рота, 3900 қылышты 24 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет ұстаған (Т.Елеуов, «Қазақ­стандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс», А. 1955). Батыс Сібір мен Орынбордан шығуға тиісті жазалау әскерінің саны мұнан да көп әрі соғыс тәжірибесі бар жинақы жасақ. 1916 жылы құпия жасақ­талып, тылдағы дайын тұрған жазалау отрядтарын Алаш ардагерлері біліп, барынша ашық мәтінмен «Қазақ» газеті арқылы ескерткен. Көтерілістің қанды балағы сіз­дерге белгілі.
Міне, осы тылдағы жұмысқа алынғандар ел көріп, саясатпен танысып, қарудың тілін бі­ліп, заманның аңысын түсініп, елге қайтқан соң ел ісіне араласты. «Алашорда» үкіметі ке­зін­де Троицкіде, Семейде арнайы қысқаша әскери курс ашылды. Онда: капитан Тоқ­та­мышев және ақ гвардияның офицерлері са­бақ берді. Соның ішінде Т.Құнанбаев, Ж.­Ай­­мауытов, Саниязбек Медеуов, Жетісуда С. Аманжолов, Ж.Күдерин, т.б. болды. 
Ж.Аймауытов пен Абдолла Байтасовтың Орын­­бордағы қызыл әскерлер курсына дәріс беруі де соның ықпалы. Осы курстар арқылы әскери тәжірибеден өткен, майдан көрген Алаш әскерлері 1920 жылы Мұхамеджан Тынышбаев пен Ораз Жандосовтың ықпалымен, Сарқандағы Алаш жасағы таратылып, шұғыл түрде Әулие-Ата қаласына астыртын жө­нел­тіліп, онда тұңғыш қазақ атты полкін құрды.
Қазақ ұлтының ұлттық идеясын ұйытқан «Қазақ» газетінің көтерген мәселелері әлі де толық зерттеп, астарын ашуды қажет етеді. Оны тереңдеп зерттеген сайын ұлттық құн­дылық­тарымыздың мағынасы ашыла түсетіні анық.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292