Лукашенкоға: «Бұл біздің қақтығыс емес!»
Беларусьтің Ресейге экономикалық жағынан тәуелділігі оның саяси, соның ішінде, геосаяси тәуелділігіне алып келгенін барша жұрт біледі. Украинаға қарсы соғыс ашып, әлемдік бойкот пен санкцияларға ұшыраған Ресейдің ең жақын әрі ең сенімді одақтасы дәл осы Беларусь екенін әлем жұртшылығы күнде көріп отыр.
Басқасын айтпағанда, Ресейдің әскери маневрлеріне де орысқа бауырлас бұл ел тікелей қатысып отыр.
Жә. Ол Беларусь басшылығының саяси таңдауы деп таниық. Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар. Бәлкім, Лукашенко сол тұрғыдан ойлап, шешім қабылдап отырған болар.
Бірақ өзінің ұстанымын басқа елдерге таңып несі бар екен?
Кеше ғана ҰХШҰ-ның жаңадан тағайындалған бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовты қабылдап отырып, ол:
«Егер де біреу Украина ме Ресей арасындағы қақтығыс – біздің қатығыс емес, бір жерде тып-тыныш отырып-ақ, құтыламыз деп ойласа, мүлдем олай емес, олай болмайды. Уақыты келеді, ол алыста емес, ертең-ақ келеді, сол кезде әркім өз позициясын анықтауы тиіс. Өзінің ұлттық мүдделеріне қарсы болсын деп тұрған жоқпын. Бірақ өзіміздің одақтық кемшін тұстарымызбен бірге біз бірлесе қимылдауымыз үшін өз саясатымызды, өз бағытымызды нақты анықтап алуымыз керек».
Меніңше, онсыз да Ресейдің басқыншылық саясатын ашықтан-ашық қолдап келе жатқан Лукашенконың дәл қазір, дәл сол жерде, дәл осылайша көсілуінің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, өзінің ағасы һәм әріптесі – Путинге вассалдық сигнал беру: «мен басқалардай емеспін, мен Сізге адалмын, соны біліп жүріңіз!». ҰХШҰ-ға мүше елдерінен осылайша ақыл айтып, жария түрде белсенділік танытып, көзге түсіп қалуының артында тағы да Ресей жағынан қаржылық және басқа преференциялар дәмету тұр ма, кім білсін. Ең бастысы – өткен президент сайлауының қорытындысымен келіспей, бүкіл беларусь халқы көтерілгенде, Лукашенко режимінің бірден-бір кепілі дәл осы Путин болған.
Екіншіден, мұндай сөзді Лукашенконың аузына Путиннің өзі салып отыруы да ғажап емес. Он күннен кейін Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқанына бір жыл толмақ. Ал кез келген атаулы дата не істеп, не қойғаның, қандай жетістіктерге жеткенің туралы есеп беруді талап етеді. Кремль қандай есеп бермек? Бір-екі аптада Киевтен бір шығамыз деген блицкриг жоспарының күлі көкке ұшты. Санкциялар мен басқа да тыйымдарға тап болған экономиканың жағдайы анау. Шетел шоттары мен виллаларынан айрылып, ол жаққа шыға алмай қалған бизнес және саяси элита іштен тынып, жарылайын деп отыр. Оның өзі сарай төңкерісіне алып келуі әбден мүмкін. Телепропагандамен санасы әбден уланып, алдында «Крым наш!», - деп малақайын аспанға лақтырып қуанған халық та біртіндеп көзін аша бастаған сияқты. Осындай жағдайда Путин мырза өз көршілері мен одақтастарын бір сынап алғысы келгендей. Айтпақшы, ол сөзді өзі де жыл басында айтқан жоқ па? ЕАЭО төрағалығын өз қолына алған ол «ЕАЭО саяси жағынан да ынтымақтаса түсуі қажет» дегендей үндеу тастаған-ды. Енді, міне, Лукашенко оның сол сөзін одан әрі дамытып отыр. Алдын-ала келісілген сценарий емей не?
Үшінші мәселе ҰХШҰ мүшесі – Қазақстанға да тікелей қатысты. Биліктегі біздің білгіштер де ҰХШҰ туралы әңгіменің дәл осы жаққа ойысатынын алдын-ала болжаған болар. Қазақстанның түпкі мүдделері мен халықаралық ахуалды ескере отырып, арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін жауапты әзірлеп жатқан шығар. Оның негізінде президент Тоқаевтың ДНР мен ЛНР-ды мойындамайтынымыз туралы мәлімдемесі жатуы тиіс деп санаймын.
Сол ұстанымнан айрылмасақ, Лукашенко айтып отырған, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың бізге еш қатысы жоқ боп шығады!
Өйткені, ҰХШҰ Жарғысының 4 бабына сай ұйымға мүше елдер бір-біріне әскери көмекті «ол елдің хауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығы мен егемендігіне әскери шабуылға ұшырағанда ғана бере алады».
Әзірше Ресей аумағына шабуыл жасап жатқан ешкім жоқ! Соғыс Украина жерінде өтіп жатыр.
Әміржан Қосан
Abai.kz