Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3729 40 пікір 22 Ақпан, 2023 сағат 15:35

Имекең өткізген екі кездесу. Біз не түйдік?

Иманғали Тасмағанбетов жаңа жылдан бастап ҰҚШҰ-ның бас хатшылығына кіріскелі бері елді елең еткізетін екі кездесу өткізді. Ақпанның 14-інде Беларусь басшысы Лукашенкомен кездессе, күні кеше Ресейдің қорғаныс министрі Шойгудың қабылдауында болды.

Бұл кездесулер тең дәрежелі кездесу дегеннен гөрі есеп беруге ұқсап кетті. Шойгуден Путиннің мен-мендігі анық аңғарылды. Алдында Батька да: "Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты өзіне қатысы жоқ деп ойлап, үнсіз отыра беру деген болмайды. Белгілі бір позицияны ұстанатын уақыт жетті", - деп ұйымның тізгінін жаңа ұстаған Имекеңе жол-жорық беріп, дікеңдегендей болған. Кешегі кездесуде де Имекең орыс әскерінің бас қолбасшысына ұйым жұмысынан, Батькамен кездесуінен есеп берді.

"Қыркүйек айында "өзара іс-қимыл-2023", жедел әрекет ету ұжымдық күштерімен оқу-жаттығуы, "іздеу – 2023" және "Эшелон – 2023" барлау күштерімен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерімен арнайы оқу-жаттығу жоспарланғанын, Ұжымдық күштердің басқару жүйесін, атап айтқанда, байланыс саласын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын" баяндады, Тасмағанбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы салауатымен Шойгуге..

Орыс әскербасына да керегі осы екені анық. Путиннің аталмыш арнаулы операциясына жыл толды. Жеңістің ауылы алыс екені айдай анық болды. Батька бастап, Шойгу қостап, бас хатшымен кездесу ұйымдастырудағы мақсаттары қаңтар оқиғасында қайта жан кірген әскери ұйымды көз-көз етіп Батысқа дөң айбат көрсету, бізде әлі де қауқар бар дегенді жеткізу ғана екені мәлім.

Соны ескерсек Қазақстанның санаулы ұлтжанды қайраткерінің бірегейі саналатын Тасмағанбетовтің геосаяси жағдай ұшыққан, күллі Батыстың дамыған мемлекеттері Украинаға қолдау білдіріп, Ресейдің басқыншылығын айыптап жатқан өліара кезеңде, "Варшава шарты ұйымын" еске түсіретін, Ресей ықпалындағы ұйымға жетекші болуы елге де, Имекеңнің жеке өзіне де абырой әпермесі анық. Ел талқысына түскен екі кездесуден соны түйдік.

Еңбек өтілін оқытушылықтан бастаған Имекеңнің Назарбаевқа жағып, биліктің биік баспалдағына көтерілгені белгілі. Тұңғыш президент оны отқа да салды, жанбады, суға да салды, батпады. Керек кезінде қорғаныс саласын да басқарды. Қоғам оянып, саяси талап күшейіп, билік транзитін талап ете бастағанда, елші болып кете барды, артынан бір-ақ күнде зейнеткер атанды.

Имекең Назарбаев билігіне адал болып келсе де, халық оны өзі атқарған лауазымдардың көлеміне сыйдырмайды, жоғары бағалайды, биік көреді. Өткен қарашада өткен президент сайлауында да оны президенттікке кандидат ретінде көргісі келетіндердің қарасы мол болды. Бірақ ол басқа жолды таңдады. Елді Тоқаевты қолдауға шақырып, артынан қазақ елінде жек көрінішті ұйымға бас хатшылыққа сайланды. Бұл ол кісінің жеке таңдауы емес екені бесенеден белгілі. Кремльдің ұлтжанды тұлғаны халыққа сүйкімсіз етіп көрсету, беделді тұлғалардың халықпен бірігіп, нағыз ұлттық мемлекет құру күресінің жолын кесу әрекеті болуы мүмкін.

Путиннің Украинаға басып кіргеніне жыл толғанда, әлемдік геосаяси жағдайдың беталысы, кімнің жеңімпаз болатыны айқын біліне бастады. Кеше Байден кезінде Кеңес билігі Шығыс Еуропа елдерін күштеп кіргізген "Варшава шарты" ұйымының бас штабы болған Польша астанасында Путинге қарсы сөз сөйледі. Бұл әрекетінің саяси, символдық астары бар екені айтпаса да түсінікті. Тасмағанбетовтің ҰҚШҰ-ға бас хатшы болуы Қазақстан үшін де, Имекеңнің жеке өз басы үшін де дұрыс қадам болмағанына көз жеткізетін кез алыс емес деген сөз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

 

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345